Әуелгі әсерлер
25.08.2015
2349
0

15Абай туралы алғашқы мақалаларды оқысаңыз, ұлы ақынның көзі тірісінде жалпақ қазаққа таныла қоймағанын көресіз. Әрі таң қаласың, әрі сенгің келмейді. Баспасыз-ақ, кітапсыз-ақ отыз тістен шыққан сөзді жалпақ жұртқа жайып жіберетін «елдің аузы» күллі қазақ даласына Абайды жеткере алмапты. Абайдан бұрын өтсе де, талыстай Россияға жайылған атағынан аяқ алып жүре алмаған Толстойларды бір ойлап, Шәкәрімнің «Қор елде туды, қорлықпен өтті», – деген сөзі есіңізге түседі. Хәкім атын «Тобықты ішінде өткен Абай деген ақын бар көрінеді», – деген дүдәмалдау сөзге қимай қиналасың. «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез», – деген Абайдың тосын сөзімен тұңғыш ұшырасқанда «көкірегінде көзі бар» Әлихан бастаған жаңа заманның талаптылары қандай күй кешті екен…

Екінші баласы Әбдірахман қалалық учили­щені бітіргеннен кейін Абай оны жылына бірнеше жүз сом қаржы шығара отырып Тюменьдегі реальды училищеге береді. Абай оқу үшін осынша көп ақша шығарған алғашқы қазақтың бірі. Әбдірахман Тюме­ньнің реальды училищесін тамамдаған соң Петербургтегі технологиялык институтка аттанады. Онда бір танысының (Лосевский мырзаның) кеңесімен Михайлов артиллерия училищесіне түседі. Өкінішке орай өз еліне қамқорлығы тиеді деп үміт еткен Әбді­рахман Артиллерия академиясына баруға дайындалып жүрген кезінде, 1895 жылы өкпе ауруынан қайтыс болады.

Орыс әдебиетімен танысу Абайға үлкен әсерін тигізіп, қазақтың ұсақ-түйегінен ау­лақ, оқу мен өлеңге берілген қазақ ақыны болды. Өкінішке қарай өлеңдерін жинамады. Абай айтқан әрбір сөз бен қағаз бетіне түскен өлеңін жастар іле жаттап алды. Әсі­ресе, Абайдың сатиралық өлеңдері қазақ даласының түкпір-түкпірінен кездеседі.

…Абай соңғы кезде қоғамдық істерге араласпады, оның жаулары сонда да оны қудалауын тоқтатқан жоқ.

…1904 жылы мамырдын 14 жұлдызында Абайдың сүйікті ұлы Мағауия қайтыс болды. Кезінде денсаулығының нашарлауына байланысты сүйікті баласын қалалық училищеден кайтарып алған болатын. Бұл қаза Абай­­ды катты қайғыртып, ешкіммен сөйлес­педі, көптен өзін жырақ ұстады. Қырық күннен кейін өзі де дүние салды.

Абайдың өз шығармалары мен Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасаған ау­­дармаларын ұлы Тұрағұл жинап, таяу ара­да императорлық Россияның География­лық қо­ғамының Семей бөлімшесі басып шығар­ды.
Өлеңдерінен көрініп тұрғандай Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ хал­қы­­ның мақтанышы болды. Абай сияқты халық­тың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездес­кен жоқ.

Әлихан Бөкейханов.
Абай (Ибраһим) Құнанбаев.
1909 жыл.

Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмола­мен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандық­тан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естіме­дім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абай­ды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді. Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақ­тамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұл­па­­рынан артық көретін мінезі болушы еді, мақ­тап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сей­дахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім. 1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қара­сам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отыра­сың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын ес­тімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете ал­май қалады. Кей сөздерін, ойланып дағ­дыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан бол­ған кемшілік емес, оқушылардың түсі­нер­лік дәрежеге жете алмағанынан болатын кем­шілік.

…Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған. Абайдың қандай болғанын көз­бен көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз.

…Абай жұрт алдына білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тиме­ген, «Білімнен мал артық болушы ма еді»,– деп, Абай жұрттың онысына көнбей, таласқан.
…Абай сөздері дүнияда қалғаны – қа­зақ­қа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісі­лерге де, сілтеген жолды ылақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары та­лай алғыс берер. Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр тү­гіл, тақтан орын берген. Бірақ басқа сөз­ден өлеңнің таққа мінгендей артық­шы­лығы қандай – оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан бол­ған­дықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, маңызды, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді тыңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетіл­ген. Сол сөзінен Абайдың сыншылығы, өлең жақсы болуға не керектігін білетіні де кө­рініп тұр. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлар­дың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Абай өлең жақсы болуға керек шарт­тар­дың бәрін білген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан да болса толық.

…Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген.

Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек…

Ахмет Байтұрсынұлы.
«Қазақтың бас ақыны». 1913 ж.

Бүгін атақты қазақ ақыны марқұм Құ­нан­­баев опатына дәл он жыл толды. Егер Абай қазақтан өзге оразды жұрттардың бірінің ақыны болса, сегіздегі баласынан сек­сендегі шалына дейін түгел атына қа­нық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйініп, өлгеніне тегіс күйінер еді. Опатына он, жиырма бес, елу, жүз жыл толған сайын бүтін жұрт ескеріп, матбұғаты қайнап, есі­мін мәңгіге шейін қалдыруға өшпес белгілер орнатып, құрметіне неше түрлі ізгі жайлар ашар еді.

Не шара? Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқышының ең төменіне аяқ баса алмай тұр. Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазылар­лық Абай Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында алпыс жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі тобықтыдан басқа қалың қазақтың көп жері білмей де қалды. Осы за­манда үш ауыз сөздің басын құрай білетіндердің жазулары тасқа басылып, ха­лыққа таралып, сынға түсіп тұрғанда, Абай сөзі өзі өлгеннен кейін бес жыл өт­кен­де басылды. Абай кітабы басылғаннан соң да елге көп тарай алмады. Былтырдан бері ғана «Қазақта» Абайдың кім екендігі жайынан жазылған соң, қазақтың әр жерінен сұраушылар бола бастады.

Абай сөзі өзінің тірі күнінде басылмау себебін, өлген соң да балалары неге тез бас­тырмағанын анық білмейміз. 1904 жылы июнь айының басында Омскіге барғанымда, Абай өлендерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді һәм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен, күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып, Абайға сәлем беремін, танысамын һәм өлендерін бастыру жайынан сөйлесемін», – деп. Ахметке Абайды көруге нәсіп болмады. Абай өмірі күзге жетпей, сол июннің 23-інде опат болды.

…Бүгін Абай секілді атасымен қазақ халқы мақтанарлық ақынымызды арамыздан жоғалтқанымызға 10 жыл толуын еске түсіріп, халқымыздың мұндай адамының қадірін білмеуін айтып кана өтеміз.
Абай сынды ақынның кадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды, себебі, қазақ басқа жұрт­пен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай ал­мауы – тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа, бұл талас-тар­тыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондыктан Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмы­тылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қа­зақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей.

Соның үшін жиырмасыншы ғасырдың таңында халқымыздың ұйқыдан азырақ бас көтеруі, жас әдебиетіміздің өсуі, белгілі кісілеріміздің тірлігінде һәм өлген соңында мәңгі ұмытылмастай болуы – біздің бірінші ескеретін борышымыз. Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағы­на­сында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе бол­ған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай.

Міржақып Дулатұлы.
«Абай». 1914 жыл.

«Бір үлкен арман біздің қазақ әдебие­тінің Ғабдолла Тоқаевы жоқ. Қазақ жазба әдебиетіндегі біз білетін өлі, тірі ақындардың біреуі де Тоқаевтың, ширегіне келмейді…

Іштей осылай намыстанып жүрген кезде, жуырда ғана бір қуаныш хабар естідім: бір күні Ғалауетденмен кеңесіп отырып, Тоқаевты айта кеп, қазақта ондай ақын жоғына реніш көңілімді баяндап ем, – «бар, ондай ақын!» – деді Ғалауетден. «Кім?» – дедім мен. «Абай Құнанбаев!» – деді. «Ол кім?» – дедім…
Ғалауетденнің айтуынша Ибраһим (Абай) Құнанбаев Семей еліндегі Тобықты руынан шыққан ақын көрінеді, өзі 1904 жылы 59 жасында уафат болған. Ғалауетден Абайды мақтағанда жер-көкке сиғызбайды, «ол – қазақтың Пушкині» дейді.

Менің дағдым – өз көзіммен көрмеген іске сенбеуші едім. Сондықтан Ғалаует­деннің, Абайды мақтануына елеңдеймін де, өлеңдерін өзім оқып көрмеген соң, сырттай тон піше алмаймын.

Абайдың өлеңдер жинағының бір данасы Ғалауетденде бар екен. Жуырда Әлти хажының баласы Сейтахмет мырза кеп, қолқалап алып кетіпті, оқып әкеп беруге. Жуырда қайтармақ. Егер қолыма түсіп, өзіме ұнаса-ақ саған қолдан көшіріп жіберсем де жеткізем».

Баймағамбет Ізтөлиннің бозбала Сәбит Мұқановқа жазған хатынан.

Сәбит Мұқанов.
«Өмір мектебі», 1-кітап.

Тоқаевтың өлеңдерін қайта-қайта оқы­ған менің есіме, Баймағамбеттің Абай туралы айтқан аз сөзі түседі де, мен іштей, «шіркін оны да оқысам!»деп арман етем…

1917 жылдың басында Сансызбай молда мен Досмағамбет Стапқа жолаушылап кетіп, қайтқанда бір сандық кітап алып келді.
…Шамасы 70-80-дей кітаптардың іші­нен сырты қолдан қатырмаланған жұқа­лау бір кітап менің көзімді ерекше тарта жө­нелді. Оның аты: – «Ибраһим (Абай) Құ­нан­бай ұғлының өләңләрі!..» «Баймағамбет айтқан Абай осы болар ма?» деген ой кеп кетті маған. Сағынған біреуімді көргендей, жүрегім тулай жөнелді… Оқи бастадым!.. Бірінші сөзінен бастап дәмі тәттіленіп барады!.. Сөздері көңіліме қонып, бойымды ерітіп барады!..

Сансызбай молдадан кітапты жалынып-жалпайып екі-үш күнге әрең сұрап алдым да, пәтеріме алып кеттім… Күн оқыдым!.. Түн оқыдым!.. Жатып оқыдым!.. Тұрып оқыдым!.. Үйде оқыдым!.. Түзде оқыдым!.. Оқыған сайын сусай бердім!.. Оқыған сайын дәмдене берді!.. Оқыған сайын ажарлана берді!.. Тоқаевтың өлеңдеріне шалағайлау түсінетін ем. Абайда мен түсінбейтін сөз жоқ. Және оның жазған – өзім көріп жүрген ауылдардың адамдарының тұрмысы…

…«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы», – деген оның өлеңін оқығанда менің есіме: «Базардан алып келген шай тостаған, Тар жерде қиын екен ән тастаған, Анаңнан сені тапқан айналайын, Бәйгеден келген кердей ойқас­таған», – деген сияқты халық өлеңдерінде ұшырасатын балдыр-батпақтар түседі. Сон­да, «өлеңді енді қалай жазу керек!» деген сұрауға «Абайша!» деп жауап берем мен.
…Абай шығармаларының, ішінде мені өте бір қызықтырғандары – орысшадан аудармалары. …Сондықтан да ол аудармаларды Абайдың өз өлеңдерімен бірдей сүйіп, қатар жаттадым… Әсіресе, Татьяна мен Онегиннің хаттарын!.. Ол хаттарды мен жиын-тойларда білген әніме қосып, домбырамен айтып та жүрдім. Сонда олардың тәттілігіне мен ғана емес, тыңдаушылардың бәрі де қайран қап, маған қайталатып айттыратын еді…

Сәбит Мұқанов.
«Өмір мектебі», 1-кітап.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір