Көзкөргендердің естеліктері
М.Әуезов «Абай жайын зерттеушілерге» атты мақаласында: «Абай уақытында үй-іші тұрмыс қандай? Көп қатынды, бәйбіше-тоқалды тұрмыстың кескіні қандай, – оны да жазып алу керек. Онан соң қыстау, көктеу, жайлау, күзеу бар. Осындағы мал баққан көшпелі шаруаның не түрлі өзгешелік мерзім машығы, тәжірибе тәртібі бар, – оларын да мысалдарымен жазу керек… Фотографиялар қалған жоқ. Ендеше, Абай отыратын жазғы, қысқы үйлердің ішін түгел сипаттау, бар бұйымын түгендеп, қай орында қандай нәрселер тұратынына шейін жазса, – ол да мейлінше қажет. Қысқы-жазғы киетін тысқы киімдер қандай, әйел не киеді, бала немене, – бұл да тегіс керек. Міне, осы айтылған, тағы осыған ұқсаған талай-талай жайларды құрастырсақ, біз Абай заманын көп сынық айнаны жамап барып танығандай, дұрысырақ таныр едік», – дейді. Мұнан автор Абай өмір сүрген дәуір және сол қоғамдық ортаны жете танытатын этно-мәдени бұйымдарды, дала шаруашылығын толық зерттеу арқылы Абай тұсындағы қазақ халқының жалпы өмірін танып-білуге болатындығын алға тартады.
Орталық ғылыми кітапхана мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорында хакім Абайдың өміріндегі әр алуан істерінен сыр шертетін көптеген естелік-әңгімелер сақталған. Бұл мәтіндер Абай тұсында өмір сүрген, Абайдың жақсылығын көрген, түрлі дау-шарлармен Абай аулына барған кісілердің айтуы бойынша хатқа түскен. Соның бір мысалы, «Абайдың қамқорлығы» атты әңгімеде:
«…Бұл кезде Бибіш Абайдың қолында болған кездерінде Абай 34 жаста еді. Бұл 1879 жылдарында. Қайнағам Естемір Игембай баласы жылқысын бақты, күйеуім Шынтай қойын бақты. Мен үй шаруасына айналыстым. Жиыны – Абайдың өзімен, оның балаларының қолында 13 жыл болдым. Ең алғаш барғанымызда малымыз жоқ, қамқор адамның қарамағында барған едік. Он үш жылдың ішінде бізге 500 қой бітті. Мен Абайдың қолына барғанда 19 жаста едім. 32 жасымда өз еркіммен қайта көштім» деген әйел адамның естелігі айтылады. Ішер ас, киер киімге жалданып, күнелткен сол заманғы кедей шаруалар үшін бар-жоғы он үш жылдың ішінде мұндай малдың бітуі әрине қол жетпейтін қиял секілді көрінетін. Көкбай ақынның Абай туралы айтқан бір әңгімесінде: «Өзі шаруа басқарып, қырда малдың санын, қалада ақша пұлдың санын ескерген емес. Қыр шаруасында ескерсе, жылқыны ғана ескеріп, жақсыдан айғыр салып, тесе мініліп, ер батып кеткен арықтары болса, сол жағын ғана ескеретін. Малшысына еңбек ақысын толық қылып беріп, мықты малшы салуды ескеретін» дейді. Мұнан Абайдың өзінің шаруа адамдарына деген қамқорлығын, жанашырлығын көруге болады. Дәулетияр Бітімбаевтың есінде қалған «Абайдың қойшы Көкшемен әңгімесінде»: қыстың күні Семейге кетіп бара жатқан Абай кіші әйелі Әйгерімдікіне түседі. Шай ішіп отырғанда басында тысы жыртылған елтірі тымағы бар, үстінде жыртық қой жүні шекпен, аяғында киізден сырған башмақ, алқам-салқам тоңған кісі кіріп келеді. Сонда Абай Әйгерімге:
– Мынау кім?, – деді. Әйгерім:
– Бұл менің қойшым. Өзі – Көкше. Қыстай қой жаюға жалдап алып едім, –
еді. Абай:
– Әй, Әйгерім, сен қойды жақсы көресің. Қой баққан кісіні жалаңаш қоясың. Тоңған, ашыққан адамда ақыл-қайрат бола ма? Бұ да өзіңдей адам емес пе? Мен осында үш күн қонып, Семейге жүремін. Мен жүргенше мына қойшыңның киімін бүтінде! – деп тапсырма берсе, Қойшы шайға тойып, терлеп кейін барып отырған соң Абай, Көкшеден әңгіме, ертегі айтуын сұрайды. – Абай аға, кедейде ертегі бола ма? Не айтамын? – дейді. Абай онан кім кедей қылғанын сұрағанда, қойшы: «Құдай-дағы», – деп жауап береді. Сонда Абай: «Міні, біздің қазақтың көбінің сөзі осылай келеді. Бұл – зор адасқандық. Жас шағынан жалқаулыққа салынып алады ма, талап қылып, талпынып, алысқа барып, еңбек қып мал таппайды. Сол жалқаудың қырсығынан өз еңбегін өзі бағаламай, мына Айгерім сияқты малды жақсы көретін малқұмар адамға жалданады. Мұндай адамдар ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды, жоқшылықтан арылмайды», – деп жалқаулықты, надандықты сындайды. Абай кім де болса адал еңбек істеуді, кәсіп, өнер үйренуге, орысша білім алуға үндейді. Ескіше діни сауаттық білімнен аспайтын қазақ балаларына өзі қолжазба кітап жазып, молдаға беріп, балаларға оқытуын тапсырған. Кімде кім әділетсіздікке ұшыраса, Абай соның жағынан табылады. «Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұрыны болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны. Шындыққа, дұрыстыққа құмарлығын билікте анық көрсетіп жүрді. Билікке келгенде, Абайдан әділ, таза, дұрыстығы күшті биді тобықты іші бұрынғы заманда көрген жоқ деп айта аламын», – дейді Абайдың қасында жиырма бес жыл жолдас болғандағы көрген, түйгенін баяндаған Көкбай ақын. Осындай Абай әділеттілігі жайында тағы да: «Абаймен кездескендері жөнінде есте қалғандарынан», «Абай әділетті еді», «Ырыздықбай Тілеуберлин ақсақалдың әңгімесі», т.б. әңгімелерді атауға болады.
Артық мінез, өтірік дінді бала жасынан-ақ ұнатпайтын Абай Семей медресесінде оқып жүрген кезінде, Құнанбай елге дін туралы үгіт-өсиет айтқызу үшін Семейден бір молданы шақырып, арнайы үй тіктіріп, қайыр-садақаны мол қып жинап бергізеді. Ауыл-аймағына молданың үйіне рұқсатсыз, дәретсіз кірмеуін талап етеді.
Бір күні таңертең шай ішіп отырғанда Абай сол үйге сәлем беріп кіріп келеді. Құнанбай баласының дәретсіз, рұқсатсыз кіріп келгенін жаратпай, баласына ұрсады. Сонда Абай:
– Менің имамнан сұрайтын бір ауыз сұрағым бар еді, рұқсат болса, – депті. Имам:
– Сұра? – депті. Сонда Абай:
– Біз құлшылықты кім үшін істейміз? – депті. Имам:
– Әрине, жаратушы бір Құдай үшін, – депті.
– Тақсыр, ол жаратушы Алла Тағалла тыста ма, жоқ, осы үйдің ғана ішінде ме? Біздің тысқарыда, өз үйімізде дәретсіз қалай отырып-жүруге құқықты болып, бұл үйге ғана дәретсіз кірмейтініміз қалай? – депті. Сонда Құнанбай ашуланып, баласын қуып шығыпты. Соңынан имам:
– Құнанбай, мына балаң жанып тұрған от екен, келген жерінің қиынын-ай! – депті.
Абайдың шешендігі кімді де болса ықтырып отырған. Халық ақыны Болман Қожабаевтың айтқан әңгімесінде: «1873 жылы Омбыда ақындар бас қосқан айтыс өтеді, – біздің ортамызда жас Абай қияға қылыш ұрған қыран секілді еді. Әзілмен бір-бірімен ашусыз айқасып отырса да, Абайға батып ешқайсысы сөз қата алмады. Ол кезде Абайдың шешен сөзге, шеберлік жағынан Ұлы жүз бен Орта жүзге атағы әйгілі еді», – дейді. Ақынның тілінің күштілігі оның сөзінің дәлдігінде, дәлелдігінде. Нысананы дөп басып, тауып айтқанында жатса керек. Осының бір мысалы, Ғали Дүйсековтің Әбдірахманнан жазып алған «Абайдың Жылтыр ақынға сыны» әңгімесінде айқын көрінеді: Абай он төрт жастағы кезінде, Құнанбайға амандаса Жылтыр ақын мен Бозай төре келеді. Бозайдың күмістелген шақшасынан Жылтыр кезектесе насыбай атып отырады. Осыған көңілі ауған Абай Жылтырдың ақындығын сынамақ болып, осы бір сәтті өлеңге қосып айтып беруін өтінеді.
Сонда Жылтыр ақын былай деген екен:
– Қызылсу Шарға құймай тасымайды,
Әркімнің бір жары бар басыбайлы.
Аңырып отырғанша, ермек болсын,
Бозеке, бері таста насыбайды, –
Құнанбай мен Бозай: «Бәрекелде, өлең-ақ!» – деген екен. Жылтыр ақынды мадақтай бастағанда, Абай Жылтырға:
– Сізді ақын десек, жамаушы екенсіз ғой, – деді.
Құнанбай қадірлі сый қонағын баласының мінегеніне қысылып:
– Өлең-ақ, қай жерінде жамау бар? – деп баласына қадалды. Абай:
–Тіпті жамаушы ғана емес, өтірікші екенсіз, – деді. Құнанбай Бозайдан қысылып, Абайға қадала:
– Сөзіңді дәлелдеп бер, әйтпесе қайтып ал! – деді. Абай:
– Өтірікші дегенім, «Қызылсу Шарға құймай тасымайды», – деді. Қызылсу Шарға құймайды, өз бетімен Ертіске құяды, бұл – бір. Екінші, «әркімнің бір жары бар басыбайлы», – деді. Әйелдің жалған байы болса, басыбайлы бола ма? Ал жамаушы дегенім, осы бір ауыз өлеңге Қысылсу, Шарды, әркімнің жарын әкеп қосудың қажеті не? Бір ауыз өлең Бозекеңнің айналасынан табылмай ма? Бозай:
– Ал, Абай шырағым, өзің айтсаң, қалай айтар едің? – деді. Абай:
– Мен айтсам былай айтар едім:
– Қараша хан қасында басыбайлы,
Қарасыз ханның көңілі тасымайды.
Ақыры отырғанша, ермек болсын,
Бозеке, бері таста насыбайды, –
дер едім. Бозай төре де, Жылтыр ақын да, әкесі Құнанбай да дәлелді сөзге тоқтаған екен. «Абайдың Жылтыр ақынға сыны» әңгімесінің бір нұсқасы алғаш О.Қаймолдаұлының «Ұлы сахара» атты мақаласында жарық көрсе, кейінен С.Қорабаев пен А.Бисенғалиева құрастырған «Абай әзілдері» (1995) атты жинақта «Көкбай әңгімесі» атауымен жарияланған болатын. Алайда, оқиға сюжеті Абай мен Көкбай ақын арасында өтеді.
Ақынның бойындағы мұндай қасиеттерін паш ететін әңгімелер өте көп. Алайда, Абай да жүйелі сөзге тоқтай білген, жеңілгенін мойындай да білген. Небір күшті шенді-шекпенділер мен азуын айға білеген ақындардан, би-шешендерден сөз сайысында жеңілмеген Абай халық ішіндегі қарапайым адамдардан кейде сөзден ұтылып та қалады. Бұған: «Абайдың «әйелден тоқтадым» дегені», «Абай мен келіншек», «Абай мен Мұса мырза», «Абай мен Құнанбай туралы», «Абай мен Қиясбай» сынды әңгімелерді жатқызуға болады. Әсіресе, Абаймен замандас әрі рулас Қиясбай жайында көп әңгімелер айтылады. Ол өзінің тапқырлығымен, күлдіргіштігімен, әзілімен атағы шыққан адам болса керек. Абай оның осы қасиеттерін терең бағалап, қатты сыйлаған. Қиясбай әр кезде Абайды өзінің әзіл сөзімен, тапқыштығымен жеңіп отырады. Соның бірінде Қиясбай қысқа көже-қатық сұрай Абай ауылына келеді. Абай оны жақсылап қонақ етеді.
Қиясбайдың тапқырлығына қызыққан Абай әдейі сөзге тартып, аттанарында оның бұйымтайын сұрапты. Қиясбай балаларына көже-қатық сұрай келгенін айтады. Сонда Абай бәйбішесіне:
– Мына Қиясбайды етханаға кіргіз, қалағанынша ет алып шықсын, – дейді. Етханада біраз кідірген Қиясбай қойдың басы мен төрт сирағын ғана алып шығады. Бұған таңданған Абай оның мәнісін сұрағанда, Қиясбай қолма-қол:
– Басы, төрт аяғы бар қой жетекке жүре бермей ме? – деп жауап береді. Сөзден жеңілген Абай:
– Ендеше қорадан таңдап бір қой ал, – дейді. Қиясбай қорадағы қойды ол шетінен бұ шетіне бытыратып қуа береді. Бірақ ешқайсысын ұстамайды. «Мұнда бір мән бар шығар» деген оймен Абай оны тоқтатып алып, себебін сұрайды. Сонда Қиясбай:
– Алдыма салып айдап әкетемін десем, жалғыз қой отардан шығатын емес, –
деген екен.
Сонша малдан жалғыз қой ұсынғанына қысылған Абай:
– «Сөз тапқанға қолқа жоқ», – деп, сол жолы Қиясбайға айдап кететіндей оншақты тұяқ беріпті. Бұл біріншіден Абайдың сөзге тоқтай білгені болса, екіншіден мырзалығын, жомарттығын көрсетеді.
Осындай әңгімелердің бірінде Абай Ақмолаға барады, бір жағынан Мұса мырзамен кездесу ойында бар. Айтбек деген қажы екеуін сөйлестірмек болып үйіне шақырады. Сонда Мұса қолын қалтасына салып жүр екен, кіріп келген Абайды байқамай қалады. Абай сыртынан тұрып:
– Делбе болған жылқыша сенделіп жүрген бұл кім? – дейді. Сонда Мұса қарап тұрып:
– Қалмақ бетті, қатын көтті мынау кім? – дегенде, Абай: – Ұялып қалдым, – депті. Әңгіме Абай мінезінің бір қырын, сыншылдығын, айтқыштығын көрсетсе, Мұсаның да тапбермеде тапқыштығын анық байқауға болады.
Сонымен бірге осы Абай жайындағы әңгімелерде Абай ауылының үй тұрмысы, киім-кешегі, істеткен ыдыс-аяқ, т.б. қатарлы этно-мәдени бұйымдар мен киіз басу, киіз үй жасау және оның мерзімі тағы сондай дүниелер шынайы баяндалады. «Уәсила Абай қызының есте қалғандары» атты әңгімеде Абайдың жазғы-қысқы киетін киімдері жайында былай дейді: «…Жазды күні әкем американ дейтін көзелден кебіс, мәсі киетін, қара драптан шалбар киетін, ақ репестен бешпент, желетке киетін, басына тақия, оның сыртынан дөңгелек елтірі бөрік киетін. Атқа мінгенде мәлескеннен шапан киетін, жағасын барқытпен қайыратын. Тобықты еліне көп таралған осы қайырма жаға шапан еді. Үйде отырғанда көйлек-дамбалмен отыратын, көйлек, дамбалы ақ жолақ жібек болатын. Шымқай ақ көйлек кимейтін.
Қысты күні саптама етік, шалбар бешпент, желетке сыртынан мәуітімен тыстаған түлкі ішік, түлкі тымақ киетін. Ауылда жүргенде әдемі сары тон киетін. Жағасына, айнала етегіне қара құлын терісін ұстайтын».
Мұндай деректер әсіресе, Абай туралы театр қойылымдарында, деректі фильм, кино түсіру кезінде таптырмайтын материалдар деуге негіз бар. Сондай-ақ бүгінгі және болашақ ұрпаққа Абайды танып-білуге аз да болса көмегін тигізер әсері мол деуге болады.
Тіпті, бұл әңгімелерде Абайдың сөйлеу мәнері де қалыс қалмаған. Мәселен, Төлеу Көбдіковтің ел аузынан жазып алған «Абай мақамдары» атты әңгімеде: «Абай мен көргенде екі түрлі мақаммен сөйлейді екен. Бір түрі – сыбырлап сөйлегеннің аз алдында баяулатып, қоңыр майда үнмен сөйлейді. Екінші түрі – көтеріңкі, күңгірлеген, адамға не қатты емес, не ақырын емес, құлаққа біртүрлі жайлы тиіп, қоңырлатып сөйлейтін еді» деген айтушының көзімен көріп, құлақпен естіген сөзі де ұлы ойшылдың сөз саптау мәнерінен құнды дерек береді.
Ақынның мінез-құлқы туралы Көкбай ақын: «Абайдың өмір бойғы әдеті осындай еді. Біреу өзіне келсе, келген жерден: «Жұмысың не?» – деп сұрайды да, сол арада шаруасын бітіріп, содан кейін өзінің әңгімесіне кетеді. Алғаш сұраған жерде шапшаң айтып жіберген кісі болса, ырза болып қалады. Басында айтпай, артынан «пәленім бар еді» дегенге ашуланып қалатын. «Бағана неге айтпадың?» деп ұрысып, тыңдамай да қоятын», – дейді.
Абай әңгімелерінің бірінде даланың кемеңгер ойшылы болашақ жайлы да сөз қозғайды. Әңгіме Абайдың алмалы-салмалы тіс салдырғанынан өрбиді. Абай ауылына Мырзақан деген замандасы келеді. Шай ішіп отырғанда Мырзақан бәкісі мен тістеуік темірін шығарып алдына қояды. Абай онан: Мырзақан анау көкбеңбек темірің немене? – деп сұрақ қояды. Мырзақан өзінің тісінің жоқ екенін, тістеуігімен қантты шағып, бәкісімен бауырсақты жарып жейтінін айтады.
– Тіс неге салдырып алмайсың? – деді Абай.
– Тісті қайтып салады? Тіс салына ма? – деді Мырзақан таңырқап.
– Тіс салынады. Мен салдырып алдым, – деп жалған тістерін көрсетті Абай оған.
– Оны қалай салады? Қанша ақшаға салады? Кім салады? – деді тағы да Мырзақан Абайдың бетіне қарап.
– Оны Семейде салады. Мен тоғыз тісім түсіп еді, тіс салушыға барып: «Тіс салып бер!» – дедім. Тіс салушы: «Тоғыз тіске он теңгеден берсең, салып берем», – деді. Мен: «Оның үстіне бір теңгеден қосып, жүз теңге берейін, бірақ жақсы ғып салып бер!», – дедім (Жүз теңге ол уақытта жүз тоқтының құны). Отырғандар бұған қатты таңданады. Сонда Абай:
– Сіздер мұны тамаша ғып таңырқап отырсыздар. Бұл тіс деген ұсақ нәрсе. Адам баласының табатын өнері, білімі әлі көп. Құдай Тағаланың адамнан асыл жаратқан мақұлығы жоқ. Адам баласына жансызға жан салуға ұлықсат жоқ, одан басқаның бәрінің кілті бар. Өнер-білімнің кілтін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Әлі балықша суға жүзіп жүргенін де көресіңдер. Құс болып, қанат қағып, аспанда ұшып жүргенді де көресіңдер. Және дүние мұнымен тұрмайды, өзгерісі болады. Адам баласы осы күнгі балалардың мал өсіріп, «сенен мен артық бай боламын» деп таласқан бәсеке байлығындай, өнерге сенен мен артылам деп өнер арттыруға таласады. Мал байлық бәсекесі болмайды, өнер-білім бәсекесі болады. Осы күні көз салатын да бар, бұлардың бәрі де ұсақ өнер, келешектегі болашақты әрбір тәжірибеден көріп, сезіп отырмыз. Бірақ кейіндеу болады, оны біз көрмейміз. Біздің баламыз, баламыздың баласы көрсе көрер, – дейді.
Қорыта айтқанда, Абай туралы әңгімелердің кейде ел аузында айтылып жүрген көп нұсқалық сипатта келетін түрлері де бар. Бұлай болуы заңды құбылыс. Ауызша әңгімелер ауыздан-ауызға таралу барысында әңгімелеушілер, жеткізушілер жағынан өзгеріске ұшырауы мүмкін. Алайда, бұл әңгімелер куә болған оқиғалар негізінде хатқа түскендіктен, шынайылығымен құнды деуге болады.
Нұржұма Елесбай,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының ғылыми қызметкері.