Бастаманың басында, жайсаңдардың қасында жүретін…
Жұмабек КЕНЖАЛИН.
– Ереке, – деді Жүкең (Жұмабек Кенжалин) өзіне жарасты сол бір сыпайылық мінезімен, – газетті компьютерлендіруіміз қажет. Қазіргі заман сұранысы солай. (Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болатын).
– Ол үшін не істеуіміз керек?
– Мен бар деген мекемелерге барасың, сөйлес деген адамдармен сөйлесесің.
– Олар мені қабылдай қояр ма екен?
– Тіл табысу – өзіңе сын. Қайткенде де қаржы тауып, газетті компьютерлендіруіміз – міндет. Кешіксек, өзгелерге күлкі боламыз.
– Министрліктен бөлінетін ақша қайда?
– Онда бұл мәселеге тиесілі қаржы қарастырылмаған.
– Жақсы, шама келгенше жұмыс істеуге тырысайық.
– Шаманы келтіру керек.
Сонымен іске кірісіп кеттік. Алғашқы кездесуді даңқы дүркіреп тұрған Алматыдағы Сейфуллин – Әйтеке би көшелері қиылысындағы «Сарыарқа» корпорациясының президенті Еркін ағамыздан бастадық. Түр-тұлғасы Д.Қонаевтан аумай қалған ақсақал екен, ұлтжандылығы мен қазақылығын бірден танытты. Жылы қабылдап, тілегімді қанағаттандырды.
Осылайша қаншама мекемелердің есігін қағып, табалдырығынан аттадық. Бірен-сарандар болмаса, көбі бетімізді қайтара қойған жоқ. Сөйтіп жүріп, жарты жылдың ішінде төрт тұтас компьютерге қол жеткіздік. Бірақ принтерлері – струнный болатын. Сол принтерлер теңгенің құндырақ кезіндегі бағаммен 25-30 мың теңге тұратын. Компьютерлендіру ақпарат құралдары арасында «Жас алаш» газетінде ғана Нұртөре Жүсіптің басқаруымен жүріп жатқан еді.
Арада аз уақыт өткенде Жүкең тағы бір әңгіме қозғады. Бірқанша газет-журналдарды бір орталықта ұстап тұратын акционерлік қоғам құру мәселесі еді.
– Жоба жоғары жақпен келісілді, – дейді.
– Енді не істеуіміз керек?
– Оның Жарғысын (Уставын) жасауымыз керек.
Сонымен тағы да іске кірістік. Көшіріп алып, өңдеп жіберетін алдымызда үлгі жоқ. Мен жасап алып келген қолжазбаны ол сызғылайды. Ол жасап әкелген «дүниеге» мен де шұқшиямын. Ақыры бір келісімді «Қазақ газеттері» атты Акционерлік қоғамның Жарғысы жасалды. Машинкамен үш дана ғып бастырылған нұсқасын қолтықтап ол министрлікке кетті. Содан үш айдай күтті. Ақыры жауап келді, өзін шақырды. Есеп-шот ашуға рұқсат берілген. Ал, «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамын жұмыс істету үшін алдымен жоғарғы жақтың белгілеген мөлшерінде Жарғылық қор (Уставный фонд) болуы тиіс екен. Енді сол істі жүзеге асыру керек болды. Жұмабек іскер азаматтармен, игі жақсылармен үздіксіз байланыста, жақын жанасып жүретін. Үлкенді, кішілердің кез келгенімен тез тіл табысатын. Ана жақты да, мына жақты да жағаттаумен Жарғылық қор да жасақталды. Гоголь, Зенков көшелері, қиылысындағы «Егемен Қазақстан», «Каз. Правда» газеттері орналасқан ғимараттың алтыншы қабатын Кенжалиннің қызметіне тұтас берді. «Қазақ әдебиеті» газетін орынбасары болған Жүсіпбек Қорғасбекке табыстады. Әрине, министрліктің ұйғарымымен ғой.
Енді пыш-пыш көбейді.
– Ей, ол газеттің Бас редакторлығынан бекер кетті. Қоғам деген аты болмаса, министрлік пен редакция ортасындағы қан-сөлсіз буын ғой.
– Бас редакторлық қызметке зар болып, әлі-ақ қаңғып қалады.
– Өзіне де сол керек. Отырған жылы орнынан қозғалып…
Газет редакциясы кабинетіндегі кітап, қағаз, оны-мұныларын жаңа офистегі кеңсесіне жеткізіп алуға машинасын бермей қойғандар да болды. Өйткені, оныкі – ешкімге қажеті жоқ қызмет…
Арада аз уақыт өте « Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыз», «Простор», «Ақиқат», «Мысль» журналдары «Қазақ газеттері» қоғамының қарамағына кіріп, есеп-шоттары жабылды, мөр, мөртабандары күшін жойып, тиісті орындарға табысталды.
Осы тұста «Жекешеленген шаруашылық серіктестігі» дегенді де республикалық ақпарат құралдары арасында алғаш қабылдаған Жұмабек Кенжалин болғанын ауыз толтыра айта кетуіміз керек.
Сөйтіп Жүкең тағы бір бастаманы тиянақтады. Кешегі өсек өрбіткендер оның алдында құрша жорғалады. Жұмабекте қабақ шыту деген болсашы… Газет-журналдардың «Дәуір» баспасына қарыздары түгел өтелді. Бір жарым жылдан асқан шамада Жүкең:
– Уһ-һ-һ! – деді.
– Не тындырдың?
– Қарыз атаулыдан құтылдық. Енді біз алашақпыз.
– Алашағыңды қалай түсінеміз?
– Министрліктен бөлінген қаржы өз игілігімізде. Ұжымның игілігінде.
– Маған бес жүз мың теңге керек еді? (Қайтер екен деген әзіл еді).
– Ей, Еркін (Ереке дейтін), сен мені орға жығайын деп отырсың ба?
– Игілігіміздегінің қызығын көрейік дегенім ғой…
– «Судың да сұрауы бар» демекші. Енді айлық, қаламақы уақытынан кешіктірілмейді. Пәленбай уақыттан бері тиесілі тиын-тебендерін қолдарына ала алмай, қаңсыңқырап жүргендерге бұл аз сый ма?
Жаңа жылдың алды еді.
– «Қаңсыңқырап» дегеніңдей, қиналып жүрген жұртыңа бір-бір айлық сыйақы (премия) жасап жібермейсің бе?
– Соны өзім де ойлап, ретін іздестіріп отырмын.
Иә, ретін келтірді. Өліара кезеңде басылымдардың жазылымын өткен жылғы деңгейде сақтап қалғандары үшін деп, тайлы-таяқтарына дейін қалдырмай барлығына бір-бір айлық сыйақы бергізді.
Қиянатқа аяғын аттап баспайтын еді ғой марқұм.
Жүкең ұстанған ұстанымынан еш қайтпайтын. Қаншама газет-журнал редакцияларында қызмет атқарды. Басқасы басқа, тіпті, жүргізушісін де (шофер) ауыстырмайтын. Серігі, сырласы болған Бақыт Әжіғалиевты адалдығы үшін жақсы көретін. Қандай жиын, отырыстарға барса да Бақытты дастарханынан қалдырмайтын. Әрі қызмет бабындағы шаруалар болмаса, үй жұмысына жолаттыртпайтын. Сенбі, жексенбі күндері «Неге хабарласпай қойды?» деп бірін-бірі іздейтіндері қызық еді. Бақытты зейнеткерлікке шығарып, өзі сол зейнетақыға жете алмай кеткені өкінішті-ақ!
Жұмабек бет түзеген саласына беріле кірісетін. Ғылымда саясаттануға есі ауды. Ұзақ зерделеді. Ұштығы ұстатпайтын пәле ғой.
– Жүке, қоғамдық ғылымдардың басқа салалары да жетерлік қой. Саясат – салдақы деп жатпаушы ма еді, – деймін құрдастыққа басып.
– Қалай сен күстаналайсың? Бұл ғылым ғой, – дейді шыж-пыж болып.
– Ғылымның да еркек, ұрғашысы болады, – деймін мен қасарысып.
– Ей, сенің шығармайтын пәлең жоқ екен. Сонда еркек ғылымдар қайсысы, айтшы қане, – деп, түрі сұрланып кетті.
– Тіл, әдебиет, тарих, заң, экономика ғылымдары. Оған техника, технология, энергетика, ауыл шаруашылығы, тағы басқа салаларды қосуға болады.
– Олардың еркек ғылым екенін қалай дәлелдейсің?
– Өйткені бұл саланы кезінде еркектер мен еркек мінезділер игерген.
– Бүйректен сыйрақ шығарып жүресің, – деді де машинасына отырып, кетті де қалды.
Екі-үш күннен соң жолықтық. Көкейінде титтей бір кірбің болсашы…
Жұмабек кіндік қаны тамған Торғай өңірін тіршілігінде мақтан тұтумен кетті. Облыс болып бірде бөлініп, бірде қосылып жатқанда Ғафу Қайырбеков пен Жұмабек Кенжалиндей мазасызданғандар сирек.
– Табиғатының сәл жұтаңдығы Жаратушыдан ғой деп, – амалсыздық танытатын. Ел азаматтарын арқасүйер тұтатын. Жүрегінде әрқайсысының орынын бөлек сақтайтын.
Діні бөлек еді. Ойға алғанын орындауға тырысатын. Туысқан, бауыр-туған дегенде жаны тыным таппайтын.
– Шаңырақтың үлкені менмін, – деп жүріп, оқығанын оқытты, ойдағы қырдағыларын жұмысқа орналастырды. Үйлендірді.
Үшінші жылғы студенттік құрылыс отрядының командирі қызметін атқарып қайтқан жылы күзде сүйген қызы Әлима мен екеуінің некелесу тойы өтті.
– Мен әке-шешемді тойдың құрметті қонағы тұтамын. Олардан бір тиын сұрап, қинаған жоқпын, –деді.
Отбасы, бала-шаға көзінің шырағы еді. Жоғарғы оқу орнында оқып жүрген баласына:
– Жолақыға ақшаң бар ма, қиналып қалмайсың ба? – деп телефон шалып жатқан осыны көрдім.
Кіші ұлы Жандос кездейсоқ жол апатына ұшырағанда тұлғалы қызметкер екенін ұмытты. Әке ретінде жанын беруге дайын еді. Дастанын аспанында ұстады. Әлимасын ақ көрпеге «бөлеген» күннен бастап алақанында әлдиледі.
Ал, курстастар дегенде көңіл-қошы өзгеріп сала беретін. Жұртшылықпен кездесу, басқосуларда әрқайсысын асқақтата таныстыратын.
– Әй, пәленшеке қайда? Жағдайы не боп жатыр? Неге іздемейсіңдер? – деп буырқанатын.
«Қазақ әдебиеті» газетінде, «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамында қаншама жыл бірге істедік. Мен «намазды» бұзып қоямын, «тентектік» жасап қоямын. Шіркінде бір қабақ шыту деген болсашы!.. Біреудің соңынан «көку» Жұмабектің табиғатына мүлде жат. Оның алдында күлімдегендерімен көзі жалтара бере сыртынан көкитіндер жоқ емес еді. Қайсыбір үлкенді-кішілі көреалмаушылардың Азаматтық болмысына тиіскендері де кездесті. Жүкең мұртын саумалаған қалпы мысқылды күлкісінен ауытқымайтын. Курстастығымыз бен құрдастығымыз айныған емес, қалжыңдаса беретінбіз.
– Ей, Жұмабек, қызмет десе, қызметің, жұдырық десе, жұдырығың бар, ана «қисықезуді» қайқайтып жібермейсің бе? – деймін етқызулыққа басып.
– Болмашыға былғанып қайтем, Құдай өзі көріп тұр ғой, бірде болмаса бірде сазайын тарттырар, – дейді, әрине, күшене күліп.
«Сол «болмашылар» жинақталып, «моторыңа» күш түсіріп, алып-соқты-ау», деймін Жұмабектің рухымен сырласқан қайсыбір сәттерде.
«Армансыз адам – қанатсыз құс» дегенді кім айтып еді?!. Орнында бардың оңалатынына үміт артасың.
Бастамалардың басында, жайсаңдардың қасында жүретін Жүкең енді жоқ. Ілгергі буындағылар «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деп жататын. Сол үлкен жүректілердің бірі Сен едің, Жұмабек – Жүке! Жазмышқа не шара!..
Еркін ЖАППАСҰЛЫ.