Рабик Исмайилов
Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті мен баспасөзі, ғылымы ауыр қазаға дұшар болды. Үстіміздегі жылдың 24-ші маусымында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әдебиеттанушы, публицист, аудармашы, филология ғылымының кандидаты Рабик Изимұлы Исмайилов 84-ке қараған шағында дүниеден озды.
Рабик Исмайилов 1934 жылдың 2 қыркүйегінде Алматы облысының сол кездегі Шелек ауданының орталығы Шелек ауылында дүниеге келген. 1953 жылы туған ауылындағы орыс мектебін бітіріп, ҚазМУ-дың философия-экономика факультетіне оқуға түседі. Жарты жылдан кейін Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс факультетіне ауысады. Бұл білім ордасын 1960 жылы үздік тәмамдайды және оқу орнының жолдамасы бойынша еңбек жолын Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтынан бастайды.
1963 жылы қазіргі «Мектеп» (сол кездегі «Учпедгиз») баспасы ұйғыр редакциясына қызметке ауысып, корректор, редактор, аға редактор, 1979 жылдан құрметті демалысқа шыққан 1994 жылға дейін 15 жыл ұйғыр тіліндегі басылымдар редакциясының Бас редакторы болып қызмет атқарады.
Бұл жылдар Рабик Исмайилов үшін шын мәнінде әдебиеттегі, әдебиеттанудағы өз орынын табу, іздену жылдары болды. Ол 1973 жылы «Ұйғыр драмартургиясының дамуы мен қалыптасуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, жетекші әдебиеттанушы ғалымдар қатарынан орын алады. Ондаған оқулықтарды, ғылыми еңбектерді, әр түрлі жинақтарды баспадан шығарды. Оның авторлығындағы алғашқы әдебиет оқулығы 1964 жылы жарық көрді. Содан кейінгі өткен жылдар ішінде Рабик Исмайилов 9 және 11 сыныпқа арналған «Ұйғыр әдебиеті» оқулықтарының, «Ұйғыр әдебиетін үйренудің кейбір мәселелері», «Іздену жолында», «Заман және қаһарман», «Уйгурская драматургия от «Анархана» до…» атты монографиялардың, «Ұйғыр пьесалары», «Жалынды жылдар», «Ұмытылмас есімдер», «Қаламын өз халқына бағыштағандар», «Бәрінен де Отан қымбат» атты жинақтардың авторы және құрастырушысы. Сондай-ақ, ұйғыр әдебиеті, мәдениеті және қазіргі дәуірдің өзекті проблемаларын сөз еткен 300-ден астам мақалалары, очерктері ұйғыр, қазақ, орыс, өзбек және неміс тілдеріндегі газет-журналдарда жарық көрді.
Рабик Исмайилов соңғы 30 жылда қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, қомақты үлес қосып келді. 1993-1997 жылдар аралығында республикалық ұйғыр мәдениет қоғамын басқарып, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Тәуелсіздік жылдары халықаралық ұйғыр «Пен клубының» құрылуына да ат салысып, оның белсенді мүшелерінің бірі болды.
Рабик Исмайиловтың ұзақ жылдық еңбегі бағаланып, Қазақстан КСР Жоғары Кеңесінің және ҚХА-ның Құрмет грамоталарымен марапатталып, «КСРО баспасөз үздігі», «Қазақстан Білім Беру саласының үздігі» атақтарына ие болды, «Илһам» сыйлығының лауреаты атанды.
Бүкіл өмірін еліне адал қызмет етуге арнаған Рабик Исмайиловтың жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы.
Мен Рабик ака мен 1985 жылы танысқан едім. Шәкірті ретінде біз, жастар, ол кісіден көптеген тәжірибелерді үйрендік. Ағаның жұмыс істеу қауқары, әсіресе жазу қарқыны бізді таң қалдыратын. Ол ұйғыр, орыс тілдерінде бірдей сауатты жаза алатын және орыс тілінен ұйғыр тіліне һәм керісінше қиналмай-ақ аударатын майталман тәржіман, қаламы жүйрік, тілі өткір публицист еді…
Рабик Исмайилов жұбайы, танымал ақын және ғалым, марқум Патигүл Сабитовамен бірге Қазақстан Халық жазушысы З.Самади, Һ.Искәндәров, М.Зулпиқар, Ғени батыр, Ә.Илиев, Й.Мухлиси, Һ.Абдуллин, Җ.Босақов, Х.Һәмра, И.Бәхтия, Д.Ясин, А.Дөләтов,
М.Һәмраев, Ғ.Сәдвақасов, Қ.Ғоҗамияров, А.Ахмадий, Ә.Дугашев, Р.Турдиев, М.Насиров, А.Саттаров, А.Арзиев, А.Машуровтар сияқты көптеген көрнекті ұйғыр ғалым-қаламгерлері, өнер және еңбек адамдарымен өте тығыз, қоян-қолтық араласып өтті. Апай екеуі көпшілік, әсіресе жастар үшін өте өнегелі, зиялы отбасы еді…
Рабик ака сонымен бірге сонау жалынды студенттік шағынан өмірінің соңына дейін қазақ, өзбек, орыс халқыныңда көптеген майталман қаламгерлері, ғалым, зиялы қауым өкілдерімен тығыз шығармашылық және адами, отбасылық қатынаста болып, шынайы достықтың, адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Ол бауырлас халықтар қаламгерлерінің шығармаларын ұйғыр тіліне аударып, олардың асрасындағы шынайы достық, бауырмалшылдыққа көпір болды. Бұл орайда М.Қаратаев, Ә.Марғулан, Ш.Елеукенов, Қ.Мырза-Әлі, Ф.Оңғарсынова, О.Сулейменов, Мурат Әуезов, М.Сқақбаев, Ж.Нұсқабаевтар сияқты қазақ ғалым-қаламгерлерін, атақты қырғыз жазушысы, қоғам қайраткері Ч.Айтматов, Н.Карим, Н.Фазилов, А.Арипов, Э.Ваһидов тәрізді өзбек жазушы-ақындарын, Д.Ф.Снегин, А.Л.Жовтис, И.П.Щеголихин, Г.Бельгер, Ресейлік танымал журналист Ю.Зейнуктер секілді орыс зияли қауым өкілдерін ауыз толтырып атауға болады.
Иә, жалған дүние демекші, кеше ғана бірге жүрген, сырласатын, ақыл сұрайтын ағаларымыз бүгін жоқ. Жоғарыда сөз еткен Рабик ағамызда өзінен үлкендерге ізетті іні, өзінен кейінгілерге болса қадірлі аға, ұстаз, дос бола білді. КСРО және Қазақ КСР-нің Баспасөз және баспа саласының үздігі, көрнекті ғалым Рабик аға Исмайиловтың қазасына орай оны бала-шаға, бауыр-туыстарына, жақындарына көңіл айтып, сабырлық тілейміз. Қаламгер ретінде марқұм ағамыздың шығармашылық екінші – мәңгі ғұмыры енді басталады. Ана тіліміздің, ұйғыр тілінде білім беретін мектептеріміздің қамын жасап өткен Рабик Исмайилов туралы әлі де көптеген естеліктер жазылар…
Қош болыңыз, қадірлі ұстаз! Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннатта болсын!
Рахметжан ҚОЖАМБЕРДИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.