Жарыссөз
29.06.2018
2072
0

Темірхан МЕДЕТБЕК:
– Жаңа құрам басшылыққа абыр-сабыр уақытта келсе де дәстүрлі жыл қорытындысын өткізіп отыр, дәстүрден жаңылмай жұмыс істегендеріңізге рахмет! Әдебиет – ұлттың қазынасы. Жыл қорытындысы әдебиеттегі жаңа буынды тану үшін, жаңа шығармалармен танысу үшін, әсіресе, жастарға керек. Жарас Сәрсек те, Нұрлан Қами де, Қанат Қайым да одан кейін баяндама жасаған жігіттердің барлығы да әдебиет туралы жан-жақты айтты. Кемшілік бар екенін біліп отырмыз, көріп отырмыз, бірақ биылғы абыр-сабырда кемшілікті айту артық деп білемін. Әрине, әдебиеттің жұмысы жарты күнде шешілмейді, оған біраз уақыт, қажырлы еңбек керек. Аман болыңыздар, жаңа басшылықпен осы шаңырақтың өсіп-өркендеуіне жұмыла кірісейік.


Исраил САПАРБАЙ:
– Қаламгерлер қауымына белгілі үш атаулы шара бар: біріншісі – бес жыл көлемінде өтетін Құрылтай, екіншісі – пленум, үшіншісі – жыл қорытындысы. Үшеуі де дәстүрлі. Жай күні бір-бірімізді көре алмай жүрген қаламгерлер осындай жиындарда кездесіп, арқа-жарқа боламыз. Мұндай жиындар біз үшін мереке. Диқан егінін күзде жинап алса, біз жыл қорытындысында есеп береміз. Жанрлар бойынша жасалған баяндама – біздің жылдық өніміміз.
Қаламгер тілеуінің орындалуы, олардың шығармаларының таралуы, әдебиеттегі барлық мәселені реттеу – қазіргі басшылыққа үлкен жүк болып отыр. Жаңа басшылық өздерінің шығармашылық еркіндігін ысырып қойып, Жазушылар одағының ұйымдастырушылық жұмысына бел байлап кірісті. Істеріңіз оң болсын! Барлығымыз осы азаматтарға ең болмағанда рухани қолдау білдірейік.
Рухани әлеуетімізді көтеру үшін бізге мәдениет және әдебиет министрлігі керек. Мүмкін алдағы уақытта ол күнге де жетерміз, ол үшін өзіміз күресе білуіміз керек. Осы жолда жұмыла жұмыс істейік.


Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ:
– Жаңа құрамның алғашқы өткізіп отырған жиыны құтты болсын. Оқылған баяндамалар жақсы, баяндамашылардың көбі жастар. Мен бірлі-жарым ғана ұсыныс айтайын: Өткен жылы, оның арғы жылы Құдайға тәуба, қазақ әдебиетіндегі шығармалардың бірқатары әртүрлі тілге аударылды. Осы тұрғыда, жазушылар одағындағы жанрлық секциялар бола ма, әлде бөлек комиссия құрыла ма, шетелге кімді аударуға болатынын шешетін, сараптан өткізетін тәртіп қалыптасуы керек.
Екінші, Жазушылар одағының құрамын жастармен толықтырамыз деп отырсыңдар, ол өте дұрыс нәрсе. Біз базардан қайтып барамыз, жастар базарға келе жатыр. «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналының тиражы азайып кеткені жанымды аяздай қариды. Сол себепті, жаңадан мүшелікке қабылданып жатқан азаматтарға да, бұрыннан осы одақтың құрамында жүрген қаламгерлерге де екі басылымға жазылуды міндеттеген жөн. «Қазақ әдебиеті» газеті әр апта сайын шығады. Әр номерде сол аптаға туған күні сәйкес келген жазушы қауымды арнайы атап, құттықтап отырса, тиражды көбейтуге сеп болар еді.
Бұдан бөлек, Жазушылар одағының үлкен жиындарына қатысудың арнайы талабын жолға қойсаңдар. Сонда біздің ішкі жиынымызға көлденең адам қатыса алмайды.


Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ:
– Баяндамалар­дың барлығы жақсы. Жарас Сәрсек бауырым жүйткіп-ақ тұр екен, тек бір өкінішті жағдайға өзім де себепшімін-ау деп ойлап қалдым. Өйткені, Жарастың баяндамасында кітап аз болды, алыстағы кітаптар жетпей қалды. Сондықтан, егер сіздерде арнайы орын болса қаламгерлердің жаңа кітаптарын бірнеше данадан сұратпай-ақ жіберіп тұрсақ.
Екінші, ҚЖО-нда драма кеңесі емес, репетуарлық кеңес құрылуы керек. Сан жылдардан бері аймақтағы театрлар пьесаға сусап отыр. ҚЖО-ы театрларды пьесамен қамтуды өз міндетіне алса. Қазір әркім театрға көбіне шикі шығарма өткізіп, режиссерлер драматургия жоқ деген ойға қалып жүр.
Үшінші, сатира жөнінде. Ермахан, айналайын, әзіл-сықақ театрларының, телеарналардағы сатиралық хабарлардың дұрыс- бұрысы, кем-кетігі осындай жиында айтылуы керек. Оларға басқа емес, Жазушылар одағы сын көзбен қарамаса, қазір сөздің мәні бұзылды.
Төртінші, Республикалық шығармашылық жарыстан орын алған талантты адамдар бірден ҚЖО-на мүше болуы керек.
Міндетіміз әдебиетті насихаттау болғасын ҚЖО-ның Атырау облыстық филиалы жылына оншақты шара өткіземіз. Биылғы жылы Мұрат Мөңкеұлына арналған Халықаралық шара өткіземіз, оның аясында үлкен айтыс, жыршы-термешілер сайысы жоспарланған. Қазір аймақта қаймықпай топқа қосатын 12 жырауымыз бар. Көптен бері жабық мүшәйра өткізуді дәстүрге айналдырдық, өйткені ашық мүшәйрада «бармақ басты, көз қысты» болмай қалмайды.
Ел ішінде талантты қыз-жігіттер көп. Оларды дер кезінде қолдап отырсақ, әдебиеттің болашағы жарқын болады деп сенемін.


Ерлан ЖҮНІС:
– Қадірлі ағалар, апайлар, қаламгерлер. Сөзімді баяндама­шыларға рахмет айтудан бастасам. Баяндамада байқағандарыңыздай әдебиеттің әр жанры бойынша жастар дүркін-дүркін аталып, жарқын-жарқын пікірлер айтылды. Бұл жастардың есейгенін білдіреді. Ұлықбек ағамыз Одақ мүшелерінің 3-5 пайызы ғана жастар екенін айтты. Олардың жемісті еңбек етіп отырғанын бүгінгі баяндамадан білдік. Күні кеше ғана 20-ға жуық жас қаламгерді мүшелікке қабылдағаны үшін Жазушылар одағына рақмет айтамын. Одақ мүшелігіне өткен жастар оң-солын танып, алды екі-үш кітап шығарды. Бұл қабылдау оларды есейтеді, жауапкершілік жүктейді, қаламын қатайтады, елдің, жердің, Отанның алдындағы жауапкершілікті нық сезінуіне себеп болады деп ойлаймын.


Әмина ҚҰРМАНҒАЛИЕВА:
– Қанат Қайым мүшелік жарна туралы айтты. Меніңше, біз қазір төлеп жүрген мүшелік жарна өте аз. Одаққа зар илеп жүріп өтіп аламыз да, жылына 1500 теңге төлейміз, ұят қой?.. Тым құрығында айына 1000 теңге төлегеніміз дұрыс.
Алматының Түріксіб ауданында тұрамын, онда газет сатылатын 14 дүңгіршек бар, оның бірде-біреуінде «Қазақ әдебиеті» сатылмайды. Неге? Әсіресе, пойызға отыратын адамдардың «Қазақ әдебиетін» іздеп жүргенін талай рет өз көзіммен көрдім. Дүңгіршекте неше түрлі сары басылым толып тұрады, «Қазақ әдебиеті» жоқ, осыны ескерсеңіз екен…
Поэзияда ХХІ ғасырға тән өзінше сарын қалыптасты, оны қабылдадық. Прозада да өзгеріс етек алып келеді, ендеше сында неге өзгеріс болмайды?.. Әдеби әлемде «Сындарлы сын керек» деген сөз көп айтылады. Ау, ағайын! Сындарлы сынның қандай екенін неге ашып жазбаймыз? Біз жағымды образ, жағымсыз образ, мына шығармада мынау туралы, мына әңгімеде анау туралы айтылады дегенге үйреніп алдық. Жоқ! Сыншы не туралы айтылғанын айтпасын, қалай жазылғанын айтсын. Мен неге тырнақ астынан кір іздемеймін, көргенімді айтпасам, менің сыншылығым қайсы? Өткен жолы атақты Жүрсін Ерман «Намазалы ол біздің намазымыз, ең алға жол бастайтын Камазымыз» деді, «Тағдыр деген қағазы туалеттің керегі жоқ жерінен жыртылады» дейді. Бұл жөн бе, поэзия ма?.. Осыны мен айтпасам, не болады? Қазір менің сынымды қабылдай алмайсыздар, өйткені мен аттарыңызды атаймын, соным жақпайды.
Рухани жаңғыру шетелге бару емес, Рухани жаңғыру ауылға барып, ауылдағы халықтың рухани әлеуетін көтер, ондағы жазушыны қатарға қос деген сөз. Елбасының өзі, мейлі өлең жаз, әңгіме, драма жаз, кино түсір ұлттық иммунитетті жоғалтпа дейді. Ұлттық иммунитет деген не? Оны қазір жазушылар өлтіріп жатыр. Қазіргі шығармалардағы әйел бейнесі қандай бейшара күйге түсті? Кейіпкердің барлығын Ұлжан, Әйгерім, Тоғжан қыл демеймін. Сіз Алтай киржак әйелін немесе Донбасс әйелін жазып отырған жоқсыз, қазақ әйелін жазып отырған соң қазақ әйеліне тән негізгі қасиетті сақтау керек қой. Кейбіреулер маған «Сөйлемнің құрылысында неңіз бар?» дейді. Сонау Египетте сын пайда болғанда сыншыны грамматик деп атаған. Олар сөздің құрылысына мән берген. Сол себепті заманға қарай сынның да өзгеруі қалыпты құбылыс. Бүгінгі баяндамалар бұрынғыға қарағанда ілкім жақсы жасалды. Ризамыз.


Жанар ӘБДІШОВА:
– Әдебиетші қауым, бүгінгі жиналыс құтты болсын. Жас күнімізде осындай жиналыстарға қуана қатысатынбыз. Кішкентай ғана КазҰУ-дың әдеби бірлестігінде өтетін кішкентай кеште ақындар арындап өлең оқитын, олардың көбі дүниеден өтіп кетті.
Мен қаламгерді жас-кәрі деп бөлуді аса құптамаймын. Толстой «Қажымұратты» 80-ге келгенде жазды. Ақындардың арыны жас ұлғайған сайын басылатын болар, бірақ прозашылар үлкейген сайын өмірдің қыр-сырына тереңдей түседі. 800 жазушыны Жазу­шылар одағының сарбазы десек, оның 500-і кәрілер екен. Жастарды оқып жүрміз . Қазақ қашан қазақ болады? Қазақтың жері, тілі, отбасы сақталса, саны көбейсе, әдебиетті оқитын оқырман көбейсе, сақталады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір