Құдайшылық – бір көмбе
Жанат АХМАДИ,
жазушы
Жақында ғана Жазушылар одағында жыл сайынғы дәстүрлі әдеби жыл қорытындысы өтті. Жаңа төраға сайланғалы Одақтың хатшы мүшелері толық бас қосқан жиынға қатыстық. Поэзия жанрынан баяндама жасаған ақын Жарас Сәрсектің, прозаны талқыдан өткізген Нұрлан Қами және аударма жөнінен Дәулетбек Байтұрсынұлы секілді баяндамашылар барынша қапысыз дайындалып, сақадай сай болып келгені анық көрінді. Бір таңырқағанымыз, жайшылықта сөзуарлығы жоқ, момақан Жарас ініміз небір ойға келе қоймайтын әшекейлі штрихтар қолданып, сөз өнерінің көркемдік жағын жайнатып жіберді.
Құдайшылық сөзімізді айтар болсақ «терең өзен бұлқынбай ағады, терең адам алабұртпай жағады» демекші, мінезге бай Ұлекең – Ұлықбек Есдәулет кейбір ағаттау сөйлеушілерді де, қабақ шытпай байыпты пайыммен қабылдады. Және сахнада бой көрсеткен барлық сөзгерлердің, ешбірінің тізгінін қағып тосқауылдамай, ойларын бөлмей, адами көрегенділік сақтап отырғанына ақын-жазушы қауым іштей ризашылық байқатқаны белгілі болды (айтар сөзін бөлгенді кім жақсы көреді дегендей ғой). Осы орайда, қыстыра кетер бір сөз, осындай беделді жиын болатынын газетке ғана хабарлап қоймай, ғимараттағы бөлмелер сайын отырған қыздарымызға телефондатып, айтқызып отырса құба-құп болар еді. Өйткені, газетті ақын-жазушының бәрі бірдей ала бермейді ғой. Жиын өткеннен кейін әңгіме болғанда «естіген жоқпыз» деген бірнеше жазушыға ұшырастық. Залда адам аздау болғаны да содан. Кінәні «Қазақ әдебиетін» уақытында алып тұрмаған өзінен көрмей, өзгені жазғырушылар кездесті.
Тақырыбымыздың аты «Құдайшылық бір – көмбе» болғандықтан, осы орай пайдаланып, қаламгерлік парызым ретінде жалпы халық үшін тағы бір ой қоса кетсек, әйелден жолдары болмай жүретін біреулер өзінен көрмей, оларды төмендеткісі келіп «әйелден пайғамбар шыққан ба еді?!» деп бүкіл әйел қауымын бір шыбықпен айдағысы келеді! Бір жақтан Күнді батырып, бір жақтан Айды тудырып, ұйықтап қайта тұрғаныңша, Күнді орнынан шығарған және жұмыр Жерді ұршықтай айналдырғанның өзінде күншығысың – күншығыс, күнбатысың – күнбатыс етіп, миллиардтаған жылдардан бергі қалпында Жаратқан құдірет Иесі Алла ер мен әйелді жаратуда «жаңылысып» кеткендей сөйлейді. Шариғатымызда әйел-аналардың бір жолғы толғағының жапасынан бала өмір бойы құтыла алмайды дейтін тұжырым бар. Олар өмір бойы сағат, уақытпен есептеспейді. Және онысын ешкімге міндет етпейді. Әсіресе, өзін былай қоя тұрып «ұзынды ұл кисін, қызылды қыз кисін» деп өзі солардан артылған тамақты жегеніне қанағат етіп, бар ықылас-мейірімін перзентке төгеді. Сол жолда өзі біреудің қызы екенін ұмытып та кетеді. Оны да бір ата-ана «аяғыңа кірген тікен маңдайыма кірсін» деп әлпештеп өсірді ғой. Ол ғана емес, бірде – кең, бірде – тар, бірде – көл, бірде – шөл еркегінің қабағына қарап, отбасының таразысын сақтайтын да көбінше әйел жазғандар. Құдай оны сөйтіп жаратқан, таусылып бермейтін бейнетқор ғып қойған (ол онысына да риза).
Қазақ «ұл туасың – ұлағатын бірге тумайсың, қыз туасың – қирағатын бірге тумайсың» дейді. Іштегі перзентін тоғыз ай белі үзіле көтеріп, оны иегінің жігі ажырағандай болып босанып дүниеге әкеледі (Адамнан адам шықпақ оңай емес). Алла Тағала оған соны жүктеді. Егер пайғамбар қоям десе, еркектен ақыл, мінез жағынан он орап кететін әйелдер жоқ па?! Бірақ оның басынан асып жататын ажырғы міндеті бар етіп жаратқан. Бірақ соның өзінде рахметі жоқ, көзге көрінбейтін жапа-машақаттың иесі де болар, сол жұмақтың төрінде болғырлар. Ал енді осының бәрін жинап қойғанда, әлгі 124 мың пайғамбар жарықтықтардың біреуіне көп емес, бір айдай күнара кір жуғызып, күйелі қазанның бес баттам майын жуғызып қойсаңыз, екі қолын төбесіне қойып қашар еді. Қысқасы, әйел-ана көп жасағырлар ақыры дүниеден өткенде де, арт жағында ең болмаса бір жуатын кірі артылып қалады. Алла оны солай жаратқандықтан пайғамбар қойып қайтеді.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» деген зерттеу мақаласында адамзаттың алғашқы отбасылық қоғамдасу кезеңінде еркектері тау-таста жүріп, таспен ұрып алған аңын алдымен тойғандарынша өздері жеп, содан артылса ғана қатын-баласына әкелетін болғанын, ал әйелдер тапқанын балаларына әкеп, бөліп жейтінін айтқан. Сол пиғыл кейде күні бүгін жоқ емес десек, ешкім ренжімейтін шығар. Әйелдер базардан 5 теңге арзан жерін іздеп, жүріп алады. Ал еркек «шонжарлар» әйелдің әлгі жылдар бойы үнемдеген 5 теңгесін жолдастарымен бір жолғы бас қосқанында жылан жалағандай етеді. Қолындағы тиынының шып-шырғасын шығармай үйіне әкелетін тастай қатты пысықтар жақсы ма, дос-жолдастан барын аямайтын қолы ашықтар жақсы ма, білмеймін…
Хош делік. Осындайда айтпаса болмайтын тағы бір сөз, ақын Алмас Ахметбек «Көк тудың желбірегені» деген патриоттық-жанпида өлең жазды. Асылды асыл танитыны білініп, оған марқұм Ермұрат Зейіпхан ән шығарды. Бірақ мәселе онда емес… Айтпағым, жеңіл ауыз бір таныстарымыз:
Таласқа түссе жан мен Ту,
Жан емес, маған керегі,
Көк Тудың желбірегені, –
деген жерін ұстап алып «жан мен Ту өлімге шынымен таласса, Алмастың қылышқа мойнын төсейтіні рас па?» деп жүр. Оу, айналайын-ау! Осы әнмен қаншама ұрпақ тәрбиеленіп жатқан жоқ па?! Әскердегі жауынгерлер гимн ретінде жорық әні – марш әні етіп айтады. Құдайшылығын айтыңдар, қыз-жігіттер хормен жаңғыртқанда адамның делебесін қоздырып, өзіміздің заманымызға деген ынтызарлығымызды зәрулікке ұштастыратын ән туған жоқ па. Оның үстіне бұл табыс оралмандардан Отанға деген зор үлес болып қосылып отыр. Көп көрмейік. Соның өзін егеменді еліміздің рухани мүддесіне қосылған олжа деп білейік. «Мақтамасаң мақтама, аузыңның сасығын тарт» деген бар. Көк Ту үшін жүрегі жарыла қуанған Ермұрат пен Алмастың анық шынайы азаматтық әуенін өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге етейік.