Әдебиетте жетім жанр жоқ
29.06.2018
1789
0

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
сатирик-жазушы


Бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақта сатира жоқ» деп шулайды да жатады. Ерте туып, кенже да­мы­ған жанр ретінде қарайтындар да бар. Әдебиетте жетім жанр жоқ. Ал оны шеттететіндер қашан да та­былады. Сондықтан, «қазақ әде­биетінде сатира жоқ» дегендерге сену­ге болмайды. Бұл – бос сөз. Орын­сыз дақпырт. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына деректерді келтіре кеткенді жөн санадық.
Еліміздің бас басылымы – «Еге­мен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл», «Қазақ әдебиеті» га­­­­зетінде «Қалжыңқалта», «Ай­қын­да» «Жатыпатар» және «№5 жатақхана», «Алматы ақшамында» «Біртүрлі бет», «Жас Алаш» газе­тін­де «Сүзеген сөз» атты әзіл-ос­пақ отаулары, ал басқа газет-жур­нал­дарда сатиралық мүйістер мен бұ­рыштар бар. «Ара-Шмель», «Ара.кз», «Әзіл әлемі» атты сати­ра­лық басылымдардың жарыса шы­ғып жатқаны белгілі. «Ара-Шмель» журналы Үкіметтен бір тиын да қаражат алмай, тендерге тел­мірмей маусымына бір рет шы­ғып келеді. Соған қарамастан қа­зір­гі қазақ сатирасының жоғын жоқ­тап, барын насихаттап, оның өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Осы ретте басылымның Бас ре­дак­торы Қазыхан Әшеннің осыдан бес жыл бұрын «Қазақ сатирасы­ның ан­тологиясы» атты жинақ шығар­ға­нын тағы да ерекше атап өтке­ні­міз орынды. Аталған анто­логияға сатира жанрында қалам тербеген 103 қаламгер кірген бо­латын. Олар­­дың ішінде Қазақстан Жазу­шы­лар одағының мүшелері де, мүше еместері де бар. Тағы бір ерек­шелігі, жинаққа сатирик­тер­дің суретімен қоса, өмірбаяны жә­не шығармалары енгізілген. Бұл – ерлікке пара-пар игі іс. Ол үшін Қазыхан Әшеге алғыстан басқа ай­тарымыз жоқ. Қазақ елінен та­ра­латын телеарналар мен ра­дио­лар­дағы сатиралық бағдарламалар дүйім халық, мұқым елге күлкі сый­лап келеді. Оған әлеуметтік же­лілердегі парақшаларды қо­сыңыз. Олардың тұрақты автор­ла­ры, оқырмандары, көрермендері бар. Әр ауыл-аймақтағы телеар­на­лар мен басылымдарды атар бол­сақ, олардың атынан да, санынан да жаңыламыз. Жыл сайын мем­ле­кеттік тапсырыс арқылы қанша­ма сатиралық жинақтар жарыққа шығып жатыр. Бұдан бөлек, ав­тор­лардың жеке қаржысымен тас­қа басылып жатқан дүниелер де бар­шылық. Осы орайда, еліміздегі жиырмаға жуық әзіл-оспақ отау­ларының өз көрермендерін күлкіге қа­рық қылып жүргендерін айтсақ та жеткілікті.
Әдеби жыл қорытындысына баян­дама жасау барысында біздің қо­лымызға жалғыз-ақ кітап тиді. Ол «Теріскей терісқақпайлары» деп аталады. Авторы – Әбдінағым Кө­шер. Жинаққа бір сатиралық по­весть пен бірнеше әзіл әңгімелер жә­не сықақ өлеңдер енгізіліпті. Тіпті, кей шығармаларына «Паро­дия», «Фельетон» деп ат қойып, ай­дар тағыпты. Бірақ ол туынды­лар сатира талаптарына жауап бе­ре алмайды. Айтар ойы солғын, ұй­қастары әлсіз, тақырып атау­ла­ры шұбалаңқы. Мәселен, «Би­пыл – Выпил» немесе «Қотыр ат­қа – со­қыр ат», «Біреудің қаң­сығы – бі­реу­ге таңсық» немесе «Ішпесең «Похмель» атаңның басына керек пе?», «Сайлау қарсаңында» немесе «Есек­тің артын жу да мал тап» деп ке­те береді. Шығармалардың бү­кіл атауы осындай. Негізі, туынды та­қырыбының өзі оқырманды оқу­ға шақырып тұруы керек емес пе?! Ал шығарма жұдырықтай жұп-жұмыр боп өрілуі тиіс. Ол үшін авторға сатира теориясын қай­та бір қарап шығуға кеңес бе­рер едік. Оның үстіне, кітаптың по­лиграфиялық сапасы да сын кө­термейді. Туындылар қа­лай болса, солай берілген. Сон­дық­тан, кез келген автор кітап шы­­­­ғарарда оның сауатты да са­па­лы басылғанын қаперге алғаны аб­зал.
Қазіргі қазақ сатирасы туралы сөз қозғағанда, сонау шырайлы Шым­қалада шірене жатқан Мұх­тар Шерімді аттап өтуге болмайды. Ол – қазақ сатирасының өсіп-өр­кен­деуіне сүбелі үлес қосып жүр­ген сатириктердің бірі де бірегейі. Соң­ғы жылдары әзілсүйер қауым­ға болымды да толымды төрт том­дық жинақ ұсынды. Кезінде Бейім­­бет Майлиннің шығар­ма­ла­рын оқи отырып, біресе күліп, бі­­ре­се жылап, сол зар заманның ке­рі көрінісін көз алдымызға елес­тет­сек, Мұхтар Шерімнің туын­ды­ла­рын оқи отырып, қазіргі заман­ның кейіпкерлерімен кезігесіз. Олар­мен көшеде жолығып қал­саңыз, жазбай танисыз. Оның са­тиралары сайттар мен пор­тал­дар­да жиі жарияланып келеді. Со­нымен бірге, «Алматы ақшамы» га­зетінің «Біртүрлі бетін» жүйелі түр­де жүргізіп келеді. Алдағы уа­қыт­­та «Талқы» сайтының «Күлкі мер­ген» бетін жүргізуді қолға ал­мақ. Айтпақшы, оның «Фейсбук» әлеу­меттік желісінде «Қышқыл сөз», «Мистер Мұхтар»» атты па­рақ­­шалары бар екендігін де айта кет­кеніміз абзал.
Мұхтар Шерімнің біздің қо­лы­мыз­ға тиген жинағы «Общым, адам емес екенсіңдер!» деп атала­ды. Кітап 2016 жылы жарық көріп­ті. Жинаққа автордың әзіл-сықақ әң­гімелері топтастырылған. Кө­ле­мі – 12 баспа табақ.
Қанағат Әбілқайыр – соңғы жыл­дары сатира саласында өнімді де өндіре жазып жүрген сықақшы­лар­дың бірі. Оны сонау әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­си­те­тінде оқып жүрген кезінен біле­мін. Алғашқы шығармаларын сол кез­де өзім редакторлық еткен «Жас Алаш» газетінің «Біртүрлі бет» деп аталатын сатиралық қо­сым­­шасында жариялап тұрдық. Кейін «Айқын» газетінің «Жа­-
ты­п­а­тар» сатиралық бетінде де оның бі­раз туындылары жарық көрді. Оның болашағынан көп үміт күт­кен болатынбыз. Сол үкілі үмітіміз ақ­талды. 2013 жылы әдеби жыл қо­­рытындысында жасаған баян­дамамда Қанағат Әбілқайыр­ды Жазушылар одағына қабыл­дауды ұсынып едім. Араға жыл салып өті­нішіміз орындалды. Ол осы уа­қытқа дейін үшінші кітабын шы­ғарып үлгерді. Біздің қолы­мыз­ға тигені – «Тырнақ­шаның ішін­де­гі әңгіме» жинағы.
Бұл кітап 2016 жылы тасқа ба­сы­лыпты. Жинаққа сексеннен аса са­тиралық әңгімелер енгізілген. Ол шығармалардың барлығы да са­тира талаптарына сай жазылған. Тілі тартымды да шұрайлы һәм ой­нақы. Әзілге тартып, оқырман­ды күлкі шақыруға дайын тұрады, диа­логтар да өте шымыр құрылған. Сө­зіміз дәлелді болу үшін бір ғана мы­сал келтіре кетейін.
«Шамамен өткен ғасырдың 90 жылдары Ауылдың денсаулығы қатты сыр берді. Тынысы тарылып, бір орнынан қозғала алмай жатып қалатынды шығарды. Ешқайда бара алмайтын, ешкіммен қа­тыс­пайтын мүскінге айналды. «Жы­ғыл­ған үстіне жұдырық» болып, кей­де бір қинала қалғанда бас сұ­ғып, дамылдап қайтатын Аурухана мен Дәріхана деген егіз қызы көз жұмды. Онсыз да денсаулығы бол­май жүрген қарт осыдан кейін қат­ты теңселіп кетті. Көп ұзамай, Мә­дениет үйі қайтыс болды. Ол кей­де осы үйде отырып, ақжарқын ұлы­ның әндерін тыңдайтын, әр­түр­лі киноларды қарайтын, кә­дім­гідей көңілі көтеріліп, желпініп, кеңк-кеңк күліп қайтатын. Енді мі­не, екі иығы салбырап, сақалы­нан тарам-тарам жас тамып, оны еш­кімге көрсеткісі келмей, шал та­ғы бір ұлын о дүниеге шығарып салып тұр. Мәдениет үйімен тете өс­кен Кітапхана да аға-әпке­лері­нің ізімен аттанып барады. Әкей мүл­де тұралап қалды. «Жұт жеті ағайынды» деген емес пе, осы үй­дің еркесі һәм кенжесі Балабақша да бір-ақ күнде шетінеп кетті. Дәл осы қаза қабырғасына қатты батты ма, бұған дейін сыр беріп, үн шы­ғар­маған ақсақал «Кенже де кетті. Мен­де болашақ бар ма, жоқ па?» деп кемсеңдеп тұрып жылады».
Міне, осы шағын ғана үзін­ді­ден өліара шақтың олқылықтары мен тұралап қалған қоғамның тар­шылықтарын көресіз. Орынсыз ой­бай салу, жылап-сықтау, дабыра қылу жоқ. Жай ғана баяндап оты­рып, сол кездің шынайы өмірін көз алдыңызға алып келеді.Тығы­рық­қа тірелген тар заманның за­рын айтады. Сатираның негізгі мін­деті қоғамның кемшілігін қо­парып айту емес пе?! Ендеше, автор өзі өмір сүріп отырған қо­ғам­­ның олқы тұстарын майдан қыл суырғандай етіп, өте әдемі түр­де әшкерелеп отыр. Оның жи­нағында мұндай шынайы да шы­мыр жазылған шығармалар көп кез­деседі.
Нұрлыбек Жұбатқан – таныс­тыру­ды қажет етпейтін есім. Ол 1996 жылы Ақтөбе қаласында «Қо­жа­насыр шоу», 1998 жылы «Екі езу» атты күлкі клубын құрды. Сон­­­дай-ақ, 1999-2000 жылдары «Екі езу» атты сатиралық газет шы­­ғарды. Оның мұрындық болуы­­мен 2002 жылдан күні бүгін­ге дейін «Айтқыштар – Ақтөбеде» атты республикалық әзіл-сықақ бай­қауы екі жылда бір рет өткізіліп ке­леді. Бұл жоба талай талантты жастардың тұсауын кесті.
Қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосып жүрген «Өнер қыран­дары» театры да осы байқауда бас жүл­дені қанжығаларына байлады. 2009 жылы «Қазақтың қалжың ән­дері-ай» атты жоба дүниеге кел­ді. Ұмытылып бара жатқан қазақ­тың қалжың әндері осы шара ар­қы­лы жарыққа шықты.
Мұның бәрін тізіп неге айтып отыр­мыз? Бүгінгі әдеби жыл қо­ры­тындысын пайдалана отырып, Жазушылар одағының басшылы­ғы­на өз ұсынысымды айтпақпын. Осы­дан бес жыл бұрын дәл осы кие­лі шаңырақта әдеби жыл қо­ры­тындысының баяндамасын жа­са­ған едім. Сонда талантты да талап­ты алты жас сатирикті Жазушылар одағына қабылдауды сұрап едім. Олар­дың үшеуі мүшелікке өтті, үшеуі қабылданған жоқ. Оларды биыл да Одаққа мүшелікке қабыл­дау­ды сұраймын. Олар – Нұрлыбек Жұ­батқан, Ғалым Смағұлұлы, Үміт Зұлхарова. Бұл жас талант­тар­дың туындылары мерзімді бас­па­сөз беттерінде үзбей жарияла­нып келеді. Алды екі-үш жинақ шы­ғарып та үлгерді. Ал белгілі су­ретші Ғалым Смағұлұлы бірне­ш­е халықаралық байқауларда топ жа­рып, бәйге алды. Олардың та­лабын ұштап, Қазақстан Жазу­шы­лар одағына мүше етіп қабылдасақ, бұлақ­тың көзін ашқандай сауап іс бо­лар еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір