Сын – қайрақ
Гүлзия ПІРӘЛІ,
әдебиеттанушы-ғалым
Алдын ала ескертетін бір жәйт біздің қолымызға Бағашар Тұрсынбайұлының 2017 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Тіл мен жүрек» атты әдеби мақалалар жинағы ғана тиді. Одан өзге әдебиеттану мен әдеби сынға қатысты туындылармен танысудың реті келмеді, бізге жеткізілмеді. Көзімізге түспеген өзге де әдеби сын еңбектер болып жатса алдын ала кешірім сұраймыз. Ал, әдеби басылымдар «Жұлдыз»,«Жалын», «Простор» журналдарында да бүгінгі әдебиет, әсіресе әдебиеттану мәселелері жөніндегі мақалалар жиі жарық көреді. Олардың біршама тізімдері жасалып, шолу беріліп еді, баяндамамыз тым ұзап кететіндіктен қысқартуға тура келді. Сондықтан біз осы сын жанрының ауыр жүгін арқалап жүрген «Қазақ әдебиеті» газетіндегі қазіргі әдеби үрдіс пен сын мәселелері төңірегінде сөз қозғаған мақалаларға ғана тоқталуды жөн санадық.
Өткен жылдың шынында да сынға өкпесі жоқ секілді. Жылдың басы көрнекті сыншы, академик Серік Қирабаевтың 90 жасқа толған мерей тойына орай Нұрайлым Батырдың «Өсер әдебиетке төзімді сын керек» деген айқара бетке жарияланған сұхбатымен басталып, онда қазіргі сынның көкейкесті мәселелері қозғалыпты.
2017 жылғы «Тұлғаның» №41-ші саны –қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті сыншы Сағат Әшімбаевтың шығармашылығына арналған. Осы ретте ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Рух ақиқаты» деген
2 беттік көлемді әдеби толғауын, жазушы Мағира Қожахметованың «Сын мұраты»-сәтті туынды» деген резенциясын, Заря Жұманованың сыншының жары, жазушы Шәрбану Бейсеновамен жүргізген «Сәкеңмен өткен 23 жыл- ғұмырымның жазы екен…» деген сұхбатын атап өткен жөн. Өткен жылғы Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысында жасалған 7 баяндама, 4 хабарлама мәтіндерімен өздеріңіз жақсы таныссыздар, тыңдаңыздар, оларда да бір жылғы әдеби үрдіске кеңінен шолу жасалып, әр жанрдың өзекті мәселелері қозғалған болатын, сондықтан оларға да тоқталып уақыт алуды жөн санамадық.
Жаңғара Дәдебайдың «Сын симфониясы және Сайлаубек», Құлбек Ергөбектің «Бағдары айқын Бақыт», Жақыпжан Нұрғожаевтың «Ар мен ақиқат сыншысы» деген эссе естеліктері Сайлаубек Жұмабек пен Бақыт Сарбалаевтың сын еңбектерін бағалап, сыншы мәртебесін көтерген сәтті дүниелер.
Әсіресе, өткен жылы өткір сынымен есте қалған Әмина Құрманғалиқызының «Тепсініп туған текті жыр», «Біржан сал ма, Біржан шал ма?», «Аты жоқ әңгіме немесе айдың арғы беті» деген мақалалары қазіргі көркемдік құбылыстарды танудағы әдеби сынның шоқтығын биіктетті деуге болады. Әмина апамыздың нені жазса да нақты көркем мәтін мысалдарымен нақыштап, айтатынын ашық және дәйекті дәлелдермен , «1.2.3…» деп келетін сандармен санамалап ,түйдек -түйдек ойларға тұжырымдап беретін өзіне тән өткір ой, салмақты сындары оқушысын бей-жай қалдырмайды. Бүгінгі әдеби процестегі жетістіктер мен кемшіліктер төңірегінде толғaқты ой толғaған «Тепсініп туған текті жыр» деген мақаласында ақын Әлия Дәулетбаеваның «Жандауыс» атты өлеңдер жинағындағы стильдік, тілдік ерекшеліктерге ерекше тоқталып пайымды пікір білдіреді.
Поэзияның поэтикасын ашатын тереңдік пен көркемдік кеңістікті жырдағы жүйелі философиялық ойлар мен образдардан іздеген сыншы ақынның өзгеге ұқсамайтын өрнектерін жанрдың жүрек соғысындай өзгеше өң беріп, эмоциялық әсермен де, эстетикалық талдауымен де өміршең етеді.
Ал, «Біржан сал ма, Біржан шал ма?» деген мақаласында халықтың санасында сұлу да сазды әнімен, келісті де көркем мінезімен, ешкімде жоқ ерке салдығымен есте қалған әншінің сол биіктен көрінбеген бейнесін, сал мен серіге жараса қоймайтын қылықтары мен сөздерін, кинодағы кейбір өрескелдіктердің (атүстілік, асығыстық, ұлттық салт-дәстүрді дұрыс дәріптемеу,) көзге ұрып тұрғандығын сыншы өткір шенейді.
Ащы сын, ақиқат ой айтқан Әмина Құрманғалиқызының сын пікірлеріне қарсы жазылған Ербол Алшынбайдың «Сын сындарлы болсын» деген айтыс мақаласында сыншы пікірінде дүрсілдеген, зіркілдеген эмоция мен ызаның бой көрсеткенін, сал мен сері деген әдеби түсініктерді екі категория ретінде қарастыратынына қынжылып: «…Ал, өз жанымыздан қосарымыз, сізге себеп болып отырған Біржан салдың «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Өзім сал, өзім сері кімге зармын», – деген әнін біздің сыншымыз тыңдап көрмегені өкінішті. Сондықтан жарты ақпарат, жартыкеш біліммен өлі аруақты күңірентпей, тарих туралы сөз айтар алдында кез-келген ұстазсынған жазарман сауатын ашып алғаны абзал», – деген кекесін, мұқатулар, жеке бастың намысына тиісу біздің сынымызды өсіре қояр ма екен? Сын авторға емес, тек туынды төңірегінде айтылуы тиіс емес пе? Мұндай мысқылдар сын мәдениетінің төмендігін көрсетсе керек. Және әдебиеттен қара жаяу емес Әмина фольклортанушы мамандардың сал мен серіні екі категория ретінде қарастыратынын жақсы білсе керек. Тегінде, әр көрермен өз ойына қозғау салған туынды туралы әсерін жазуға құқылы емес пе? Көрерменнің қазақ қиялындағы Біржанды, оның әдемі әндері мен көркем кескінін көргісі келгені айып па? Осы ретте «Көркем әдебиетші болудан оның сыншысы болу қиын. Сын-мін тағу емес әрине, өзінің қолынан келмеген іске, сырттан қарап тұрып мін тағу оңай ғана нәрсе. Ол әркімнің қолынан келетін көкшолақ бірақ, әдебиет шығармасына тіл алғыш ұшқалақ қаламды айдап мін тағу мен негізгі тексеріспен толық сын берудің арасы жер мен көктей нәрсе», – деген Сәкен Сейфуллиннің сөзін тағы бір ескермеске болмас.
Әрине, Сәкен ағамыз айтқандай, «сынаймын деген адамның аузына ешкім қақпақ бола алмайды. Бірақ сынды былғамай сынасын, сын шын жолымен жазылған жолдастық сын болсын». «Дұшпанымның жаны шыға жамандағанынан сөзімнің тәуір шыққанын білдім..», – дегендей, Әмина апамыздың қазақ өнеріне деген жанашыр сөзі кино төңірегінде жүрген талайлардың шымбайына батқан секілді. Рухы мықты адамды ешқандай сын сындыра алмасы хақ және сын-қайрақ, ол шыңдайды, қайрайды, қайта қуаттандырады, сонсын «сырт көз- сыншы» бөгде адамның байқағанын автор біле бермеуі мүмкін, сондықтан әділ сынға шамданбай дұрыс қабылдаған да оң болар.
Біздің байқауымызша, Әмина апамыздың мақсаты-барды бар, жоқты жоқ деу, бұлай болса тәуір болар еді деп, жөн сілтеу, жанашырлық таныту. Ал өнердің құдіреті – адамның жан әлемін әсемдікке тәрбиелеу. Әминаның шын жүректен шыққан шынайы сыны, мінезді міні ешкімді мүйіздемейді, сынаса да авторды емес, оның туындысын, ондағы олқылықтарды сынап отыр. Сөз өнері – дерт десек, дауасы жоқ дерттің шипасы сын, шын достың жылатып айтар ақиқаты.
Жалпы сында артық, кем пікірлер айтылуы заңды құбылыс, керісінше түрлі ой таласы, айтыс мақалалар, пікір қайшылығы болған сайын көркем шығарма табиғаты жан-жақты ашыла түспей ме?
Жақсы кітап шықса да, жаман кино шықса да көңіл аудармайтын, селт етіп не жақсы, не кемшін тұстарын айтпайтын бүгінгі бейғам заманда Әмина секілді елгезек, батыл сыншылардың арамызда барына қуанбаймыз ба? Әрбір қаламгер ең болмағанда осы кісі секілді әдеби процеске белсене атсалысып отырса ұтпасақ, ұтылмасымыз хақ. Наполеонның «Когда народ перестают жаловаться они перестают мыслить…» деген сөзі осы сынға арналғандай.
2017 жылғы әдеби сында әдемі ойларымен, жаңа бір формалық ізденістерімен танылған тағы бір талапкер сыншының бірі – Маржан Әбіш. Сындағы жаңа есім Маржанның «Әділетсіз баға немесе көркемдік» атты мақаласында республикамыздағы белгілі әдеби журналдарға («Үркер», «Жамбыл», «Адырна», «Жұлдыз») шолу жасап, олардағы шығармашылық ізденістерге баға береді. Жас сыншы әрбір әдеби басылымдардағы айдарлар санына, соларда жарияланған өнімдерге өз тарапынан талдау жасай отырып, сын мақалалардың аз жазылатынына, бір басылымда жарияланған мақалалардың екінші басылымдарға көп ұзамай қайта жарияланып жататын авторлар этикасына жатпайтын өрескел қылықтардың өріс алуы, т.б. секілді қазіргі әдеби үрдістерде байқалатын олқылықтарды орынды көрсетуі сыншының байқампаздығын танытады. Әдеби үдерістен мол мағлұмат беретін әдеби шолуларды жиі ұйымдастыру да сын жанрын жандандыруға қосар үлесі зор. Осы ізденісін ілгерілетіп, сын жанрында табандылық танытса, Маржаннан талантты сыншы шығады деген үмітіміз зор.
Әдетте әдеби журналдар жаңа шығарманың ең бір шұрайлы бөлігін ғана басып, оқырманды қызықтырып, сол кітаппен жүздесу сәтін ұйымдастыруға ұйытқы болуы, бүгінгі бәсекеге барынша дайын болуы жөніндегі батыл ұсыныстары да оқушыға ой салады.
Маржан Әбіштің «Үшеуден бастадық» деген формасы да жазылу стилі де өзгеше сын хаттары да оқырман назарын аударады. Қазіргі прозалық шығармалар жөніндегі батыл болса да қамшысы батпайтын қиянатсыз, жанашырлықпен айтылған сындары салмақты. Эпистолярлық жанр стиліне тән лаконистік леп, аз сөзге көп мағына сыйдыратын сырбаздық сыншының ізденімпаздығын, жанрды түрлендіріп, стилін сонылауға талаптанатынын көрсетеді.
Мақалада мазмұндау емес, жүйелеу, түйіндеу бар, «Тура биде туыс жоғы» аңғарылады. Сыншы, әрине, көріпкел емес, алайда ащы сын автордың қаламын қайрап, шеберлігін шыңдауға себеп болары сөзсіз.
Соңғы жылдары біздер мерейлі той иелеріне арналған мақалаларды да сын санатына қосып жүргеніміз шындық. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай айтқандай сол мерейтойларға арналған шығармашылық портреттер мен әдеби мақалаларда, эсселерде де атүсті асығыс жазылған дүниелермен қатар ғылыми теориялық талдаулары басым, көркемдік эстетикалық талғамы мен танымы жоғары мақалалар да баршылық. Алайда, газеттің әрбір санында бірнеше мерейтойлық мақалалар жарияланғандығын ескерсек, оларды атап өтудің өзі бірнеше уақытты алары сөзсіз.
«Қазақ әдебиеті» газетіндегі жақсы дәстүр-сөз өнерінің белгілі бір тақырыбы, өзекті мәселесі төңірегінде әдеби мақалалар, дөңгелек үстелдер, пікірлер ұйымдастырып отыру. Осы орайда, басылым тілшілері Бағашар Тұрсынбайұлының «Сөздің реті…», Нұрлайым Батырдың «Бұл «жынды» қай жынды?» резенциясы, Қарагөз Сімәділдің әзірлеуімен жарияланған «Ар ілімі немесе әдебиет ғылымы туралы» деген пікірлер топтамасы, Әлібек Байболдың «Ағым: кеше және бүгін», «Әуесқойлық – әдебиеттің ісі емес», «Бүгінгі мен ертеңгі», «Абыржы. Арал. Адам тағдыры», т.б сынды мақалалары мен «Сынның озығы мен тозығы», Айнара Ашанның «Әдебиет ауылындағы бәсеке», Маржан Әбіштің «Мақтан және біз немесе мақталуға дейін…» деген тақырыптағы дөңгелек үстелдеріндегі пікірлер де оқушыға ой салар тұшымды тұжырым, мол ақпаратымен есте қалады.
Әдеби басылымдардың бірі – «Жұлдыз» журналында жарияланған Айгүл Кемелбаеваның «Аманатқа адалдық. Қасымхан Бегмановтың «Этнографиялық әңгіме» атты кітабы туралы», Жаңғара Дәдебаевтың «Зейнолла Қабдоловтың романдары», Бақыт Сарбалаевтың «Жүректің сөзі-өмірдің өзі», Айгүл Ісмақованың «Ұлы көш туралы роман» атты мақалаларында да бүгінгі әдеби сын, әдебиеттану мәселелері сөз болады.
Өткен жылғы әдеби басылымдардағы әдебиетке, сынға, жеке көркем шығармаларға қатысты дүниелерді бір шолып өткенде байқаған кемшілігіміз – әдебиеттің көркемдік шaрттaрын жүйелеген поэтикaлық әлемді тaнуғa деген тaлаптың тапшылығы дер едік.
Қазіргі әдеби сында көркем эстетикалық және аналитикалық талдаулар аз. Кәсіби деңгей, әдеби көркем сын жанрының шарты мен талабы көбінде ескеріле бермейді. Жанр табиғатын ашатын көркемдік категориялар, әдеби ұғым-түсініктер, ғылыми терминдер қолданылмайды, көбінде көпірме мадақ, сылдыр сөздер, нақтылы туындыны аналитикалық, эстетикалық, теориялық тұрғыдан талдаудан гөрі жалпылама шолу, үстүрт баяндау басым. Нақты сөйлеу, тақырыпты зерттеп, көркем мәтіннің жетістігі мен кемшілігін, көркемдік ерекшелігін жіті байқап, біліп жазу, талдау жетіспейді.
Әр жылдары жарияланатын түрлі әдеби байқаулар талаптарына сын жанрындағы мақалаларға да бәйге жариялап, сынға келген жастарға моральдық және материалдық қолдаулар көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, сыншы сирек кездесетін дарын иесі. Оларға шынайы жанашырлық, қамқорлық болмай кәсіби мамандарды даярлай да тәрбиелей де алмасымыз анық.
Кәсіби сыншы мамандарға әдеби басылымдардан арнайы бағана беріліп, олардың қазіргі көркемдік құбылыстар жөніндегі ой – пікірлері жүйелі түрде ұйымдастырылып отырса, бұл жас сыншыларға бағыт – бағдар берерлік шеберлік мектебі болар еді.
Қорыта келе айтарымыз, қазіргі қазақ баспасөздеріндегі сын мақалаларға ғылыми сауаттылық, терминологиялық дәлдік жетіспейтінін ескере отырып, көркем мәтінді талдауда нақтылық пен теориялық дәлелді ойлар қажеттілігі, әдеби сынның кәсіби деңгейін көтеру мәселелері күн тәртібіне қойылса, әдеби сынның эстетикалық ой мен талғам, саяси-философиялық, әлеуметтік-этикалық таным биігінен табылары сөзсіз дер едік.