Ән – мінәжат, жыр – дұға
Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен әдебиетшілер үйінде Алаш арыстары мен ашаршылық құрбандарына арналған «Ән – мінәжат, жыр – дұға» атты рухани кеш болып өтті. Кешті белгілі ақын Бақыт Беделхан жүргізіп отырды.
Кешке Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Софы Сматаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Есенғали Раушанов, ҚЖО Басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлы, белгілі ақын Жарас Сәрсек, алаштанушы, журналист Болат Мүрсәлім, т.б. танымал тұлғалар қатысты.
Бірінші боп сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Бұл, бір жағынан, жазықсыз құрбандарды қастерлеу күні болса, бір жағынан, сол кісілерді еске алып, аза тұту күні. Қалай болғанда да осы қасиетті қара шаңырақ – Жазушылар одағының бөлмелерінде сол кісілердің табанының ізі, жұтқан ауасы қалмаса да, бәрібір рухы сүйеп, демеп, қолдап тұрғандай. Өйткені қазақтың сол үлкен арыстарының біразы осы Жазушылар одағын құрысқан адамдар.
Совет одағының қызыл террорының жалғасы ретінде «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп асыра сілтеп, халықты аштыққа, қырғынға ұшыратқаны, одан бергі жылдарда Алаштың ардақты арыстарын шетінен құрбандыққа шалғаны, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны, халықтың қаймақтарын қалқып алып, қалғанын тентіретіп жібергендей зобалаң күйге түсіргені, ұлттың тең жарымын жер бетінен жойып жіберу, геноцид, әлі әлемдік тарихтан өзінің бағасын алмаған бұрын-соңды болмаған қырғын күні белгіленіп, осындай тағзым ететін, еске алатын, аза тұтатын, ардақтайтын, қастерлейтін атаулы күнді арнағанының өзіне біз іштей шүкіршілік етеміз», – деді.
Кезекті сөз алған жазушы Смағұл Елубай «Ресми түрде «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп аталды. Мен осының атауының өзінде бір шикілік бар екенін айтқым келеді. Ашаршылық – елу жыл бойы совет идеологиясын үркіткен сөз ғой. Тәуелсіз Қазақстан тұсында да сол заңды қабылдайтын кешегі коммунистеріміз үркіп, ашаршылық деген сөзді алып тастаған болатын. Бұл 1995 жылы болған оқиға. Сөйтіп, қуғын-сүргін құрбандарын ғана қалдырды. Бұл ашаршылықтан қырылған 4 млн. халықтың аруағына жасалған қиянат болды. Бұл, меніңше, қайта қаралуға тиіс. Және бұл апаттың аты «Ашаршылықтан қырылған халықтың жалпыұлттық аза тұту күні» деп аталуы керек», – деді.
Алаштанушы, журналист Болат Мүрсәлім «Мағжанның өлеңі бар ғой, «Сабатаев Сатылған, көшеде жүріп атылған» деген. Сатылған Сабатаев осы Жетісу өңірінен шыққан алашордашы, Алашорда үкіметінің мүшесі болған азамат. Сол кісі Жаркентте оқ тиіп, қаза болған. Мағжанның бұл өлеңі тегін өлең емес. Өйткені сол кезеңде қай-қай қазақтың зиялысына болсын тоталитарлық жүйенің сақтап отырған бір-бір оғы болған. Совет үкіметі ең алғаш құрылған күннен бастап, қанды үкімет болатын. Билікке келуінің өзі заңсыз, қанды жолмен келген. Ленин де, Сталин де соның бәрін заңдастырып отырған.
Қазақ зиялыларының арасындағы топтасу, текетірес – репрессияның басы бұл емес еді. Ол жай ғана кез келген халықта болатын өздерінің зиялыларының арасында болатын текетірес қана еді. Ал оның ұйымдастырушысы – Мәскеу болатын», – деді.
Кеш барысында белгілі жазушы, драматург Софы Сматаев өзінің арнау өлеңін оқыды. Ал Еркін Шүкіман, Сәулежан Тақзия сынды танымал әншілер Алаш арыстарына арналған әндерді орындаса, Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсек, Бағдат Мүбарак сынды ақындар өлеңдерін оқыды.
Кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағының жаңа мүшелері – Мұрат Шаймаран, Сәкен Сыбанбай, Жаңылхан Асылбекова, Ардақ Нұрғазы, Дәурен Қуат, Қойшыбек Мүбарак, Дмитрий Иванов, Ырысбек Дәбей, Ерболат Тұрсынбек, Тоқтарәлі Таңжарық, Дархан Бейсенбекұлы, Мақсат Рамазанұлына куәлік табысталды.