Киікқырғын
01.06.2018
1058
0

 

 

 

 

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ


Бетпақдалада тағы да киіктер қырылып жатыр

…Далада бұрын-соңды көз көріп, құлақ естіміген қасап қырғын басталды. Адамдар аяушылық дегенді ұмытты. Өзендердің асау арыны басылып, күрең түске боялды. Ауаға өлексенің күлімсі иісі қаптап, қолқаны қап­ты. Адамзат баласының көзіне қан толды, ештеңе көрмеді. Олар қашқанды да, бұққанды да аямады. Көк жүзін күлгін түсті тұман торлады, аспанда күн тұтылды.
Адам қолымен жасалып жатқан мына сұмдықтан тау-тас тебіренді. Қара жер теңселді, көк аспан күңіренді. Шыңдар шайқалды, теңіздер ыңырсыды. Ормандар қара шашын жайды…Осы бір оқыстан келген қан қасаптан Ұлы ананың жаны түршікті, нақақтан төгілген көз жасына іштен үнсіз тұншықты.
Аспанда ай жоқ, көкте күн жоқ. Олар баяғыда отқа балқып, жалынға оранған әлемнің құшағына еніп кеткен. Құс жолында күншығыстан күнбатысқа, күнбатыстан күншығысқа қарай қидай болып шашылып жатқан жұлдыздар қып-қызыл шоққа айналған.
Өнімсіз әрекеттен қажыған киіктер жерге сұлап-сұлап түсті. Олар енді ешқашан тұрмайды, ешбір дыбыс шығармайды, ешкімге шағынбайды, баяу азаппен өледі. Бұл – киіктің серті. Ғұмыр бойы ажалына қарсы жүгірген сертшіл аңның өзіндік ұлы құпиясы.
Күллі әлем – таулар да, қара жер де, көк аспан да қып-қызыл от құшағында. Ұлы ана аспанға атқылаған жалын астында жер бауырлап жатып алған.
Дүниенің бәрі өрт. Өлім елесі…
Кенет әлдеқайдан, со-о-нау алыс түкпірден адасқан желдің сыңсып жылаған үні естілді. Көне сарын. Көне жыр. Көне жырдың үзілмей жеткен сарқыны. Осы сарқынның шығуы мұң екен, дел-сал күйде сұлық жатқан тамам дала әулеті оқыс басын көтеріп алды. Құлағын сыңсып жылаған көне жырға тікті. «О-о-о-о-о, у-у-у-у-у!..».


БІРІНШІ ӨЛЕҢ

Жырымның әлқиссасы киікқырғын,
Қырды екен шыққыр көзі қиып кімнің?
Сарсыған сар даланың у мен зарын,
Басына жүрегімнің жиып тұрмын.

Жүрегім күлдір ме екен, жіңгір ме екен,
Күйін сап көкейімде күмбірлетем.
Қалдырып тау-тау өлік жон арқада,
Келерін бұл қырғынның кім білді екен?

Соңында қорым қалып, мола қалып,
Даланың әз еркесі барады ағып.
Безерген бедеу құмда жатты-ау сосын,
Теңкейген өлекселер домаланып.

Талдырып тұмашадай қарашықты,
Ішінен суырылып дара шықты.
Киіктер адам құсап жылайтұғын,
Соншама ажалына неге асықты?

Далам-ай, қанға бөгіп қансыраған,
Боз қамыс бозға бітіп, таң сұлаған.
Бейнесі жануардың кетпей қойды,
Көзінен қара түнек тамшылаған.

Көзінен қара түнек көшіп өткен,
Ажалы болды оның не себептен;
Қырылды қандай жұмбақ қасіреттен,
Кімдердің Отаныма өші кеткен?

Сұрақ көп, бірақ та жоқ нақ жауабы,
Бір көкем «стреллез» деп ат тағады,
Бір көкем «гиптил емес» деп сендіріп,
Бір көкем «саясат» деп ақталады;
Шәниген жоғарыда кілең дөйлер,
Осылай қырқылжыңбай боп барады…

Болса да елім басқа, жерім бөлек,
Былғады дос тұтқаным төрімді кеп.
Сол досым айтыпты-мыс: «Бұл драма –
Қазақтың ажалына көрінді» деп.

Зулаған зымырандар, протондар,
Білгенге мұның бәрі жын-апандар.
Киіктің киесінен қорықпайтұғын,
Мізбақпас бұл неғылған «братандар»!

Сілкінтіп, қалжыратып қырда тағы,
Жел емес, жел орнына у борады.
О, Ресей, өзің айтшы ақ-қарасын,
Қырылған киіктердің кімде обалы?

Тербеген боз даламды мың ғасырдай,
Қойды ғой жан ырғағым бір басылмай.
Селдетіп құйып жатқан қара жаңбыр,
Киіктің соңғы төккен көз жасындай.

Зарымды кімге айтамын аңыраған,
Зарпымды кім тыңдайды жамыраған,
Бетпақта буаз шібіш сұлап жатыр,
Артында лағы жоқ маңыраған…

ЕКІНШІ ӨЛЕҢ

Киік саған не деймін, адам құсап жылаған,
Адам саған не деймін, киік құсап жылаған.
Заман саған не деймін, арылмаған күнәдан,
Жұртым саған не деймін, жоқтан-бардан құраған.
Жерім саған не деймін, бомба жарып сынаған,
Өлім саған не деймін, кеудеме кеп құлаған.
Елім саған не деймін, көзін жасын бұлаған,
Қубас саған не деймін, жолы болған бұралаң.
Билік саған не деймін, құлақтарын бұраған,
Аллам саған не деймін, болсақ деген дін-аман.
Қарғам саған не деймін, жүрегінде мың алаң.
…Құзғын шоқып қаңсыған қу басыңды көтерші,
Бір серпіліп қалайын, сосынғысын сұраман!

ҮШІНШІ ӨЛЕҢ

Ұйытқыған желдей боп киік кетті,
Сөйтіп көңіл көнішін биіктетті.
Құралайдың салқыны түсісімен,
Қара жаңбыр Бетпаққа құйып өтті.
Қара нөсер далаға құйып өтті,
Айналаны әп-сәтте құйын етті.
Ажал айдап әкелген ойда-жоқта,
Кім шақырды мынадай жүгірмекті?
Тандыр желін, тас емшек дала мына,
Сұм ажалдың айналды-ау аранына.
Киік көрдім қырылған үйір-үйір,
Ұшыраған заманның зауалына.
Сонда түсіп тағдырдың талауына,
Уақыт болды осындай ала-құла.
Қара жердің жүрегін солқылдатқан,
Менің қара қобызым, ал, аңыра!..
Сен жылайсың, неге киік болмадым деп,
Мен жылаймын, сені аялай алмадым деп.
Кел жылайық, қосылып екі зарлық,
Көне жырдың қос мұңлық толғағы боп.
Менің салған сырнайым үрмелі еді,
Ол үрлесе, біледі бірдемені.
Киік деген даланың киесі ғой,
Қорлағанға киені кім көнеді?
Қайырмасы жырымның киікқырғын,
Шер толтырыпкеудеме, күйік қылдың.
Киік деген қазақпен бірге туып,
Бірге өскен егізі ед – соны ұқтырдың.
Көзден тізіп тасыраңғасырларды,
Ресей, қашан қоясыңтасынғанды?!
Қыр үстінде қырылған киіктердің,
Құзғын шоқып қаңсыған басы қалды.
Ресей, Ресей! –
Жаһанның топалаңы,
Кімдер кек қып өзіңе бата алады?
«Киікқырғын» дейтұғын қасапхана,
«Қазаққырғын» деп және аталады.
(Сан ғасырлар түске еніп осы сурет,
Жегідей жеп жанымды жатар әлі).
Мосқал Мәскеу берер ме бір дерегін:
Салар екен қашанғы дүрбелеңін?
Жоғарыға жетсе егер – білер еді;
Жетпей жолда қалады-ау бұл өлеңім.
Иттер шулап, қатқанда абалай үн,
Жон арқасын тосады дала-дәйім.
Өлік иісі қолқамды қауып жатыр,
Өлекселер жерленген моладайын.
Дархан Арқа кең пейіл төрім еді,
(Жоқтан барға көңілім семіреді).
Өмірем қапқан өліктің иісінен,
Соры қалың сезеді елім нені?
Бедеу құмда бір есіп, бір есіліп,
Бебеу қағып тулайды күй есіріп.
Құралайдың өтеусіз көз жасының–
Ей, пенделер!
Кетпесін киесі ұрып…

ТӨРТІНШІ ӨЛЕҢ

Киіктің көзіндегі жұмбақ жазу –
Бақ пен сор,
Ақ-қараның ұлы өлеңі.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.

Бетпақдала. Арқаның мыртық белі,
Осы белді айналып бұлт кетпеді.
…Көзіндегі киіктің жұмбақ жазу –
Айтпақ болып тұр бізге сыр қып нені?

Қасарысқан бұл өмір қасқа ма еді,
Қинайсың-ау, қинайсың босқа мені.
Киікқырғын кешегі еске түссе,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді.

Талас-тартыс, тар жердің сынағы көп,
Қара боран, өкпек жел тұрады үдеп.
Шыбын жанын даланың шырқыратып,
Ащы дауысы киіктің шығады кеп.

Тыңдар құлақ болса егер дүр-ақынын,
Айтамын ғой, айтамын бір айтуын.
Содан бері боп алдым, астапыралла,
Өңім түгел, түсімде жылайтұғын.

Жылайтұғын боп алдым содан бері,
Ұйықтамайтын боп алдым неге екені…
Киігі өлген далада сән қала ма? –
Осы нала жанымды сел етеді.

Сел дегенім – бұлт қой лек-лек,
Қара құрттай баратқан қырға өрмелеп.
Екеумізді ежелден тәңір қосқан,
Тәңір қосса, бірдеме білсе керек.

Осылайша ұстасқан өлімменен,
Бейбақ аңның көзінен өмір көрем.
Киік деген қазақтың өзі емес пе,
Әуел бастан еншісі бөлінбеген.

Киіктердің – (асыққан ажалына),
Қаламын деп қорықпай ма обалына?
Тұла бойы қалшылдап сұм дүниеден,
Түс көргендей боп жатыр дала мына.

Заман болды айнығыш, құбылмалы,
Көкте тағы «Протон» суылдады.
Киігі өліп – айырылған киесінен,
Туған жердің тұнығын кім улады,
Тыныштығын даланың кім ұрлады?!

Еске түссе безерген бел кешегі,
Бедеу құмда безбүйрек жел көшеді.
Киік деген болмаса мұнша сұлу,
Мұнша сұлу ажал да болмас еді.

Мөлт-мөлт етіп көз жасы тола тұрған,
Сұлулықтың сорына бола туған,
Киік деген қазақтың өзі емес пе,
Бауырынан даланың жаратылған.

Айтылмаған киіктің көп наласы,
Оны айтуға байғұстың жоқ шарасы.
Көз алдымда тұрып ап кетпей қойды,
Дір-дір еткен бейнесі… Жалт қарасы…
Жануардың ішінде бейшарасы!

БЕСІНШІ ӨЛЕҢ

Қызыл шоқтай жайрап жатыр қанды алап,
Сол алаптан жол шығады сан тарап.
Жанарымнан ағып түсті бір киік,
Көне жырдың көз жасындай сорғалап.

Содан кейін ойлар қамап күшіген,
Сіңіре алмай дүр шекемді ісірем.
Жылт-жылт еткен өмір көрем өзгеше,
Жасаураған сол бір көздің ішінен.

Біле алмадым жалғаншы кім, анық кім?
Шөліркеген нарша құмдай зарықтым.
Шыр айналған шарасынан байғұстың,
Көз жасы емес, қап-қара қан ағып тұр…

Адам болып тумағанда егер мен,
Киік болып туар едім лағы өрген.
Жануарды кім ойлаған, құдая,
Дәл осындай болады деп өлермен.

Түз қадірін білем десең, біліп көр,
Киіктерше сүргін өмір сүріп көр,
Киіктерше туған жерді сүйіп көр,
Олар жүрген жолдарменен жүріп көр,
Тірлік заңын көкейіңе түйіп көр,
Дәл солардай емешеңді иіп көр,
Киіктерше тағдыр уын уыстап,
Киіктерше көз жасыңды құйып көр.
Киіктерше қансорпаңды төгіп көр,
Киіктерше қабырғаңды сөгіп көр,
Киіктерше қарсы шауып өлімге,
Ажалыңа қарсы атылып өліп көр!..

Кіріс солай, бас айғайға қаттырақ,
Сен білмейтін,
Мен білмейтін көп сұрақ.
Киік өлді – өлді сосын ұлы жыр,
Ауызынан аппақ көбік атқылап.

Қара желін долы дауыл жаланды,
Сұрқы қашқан сұр қасқырға таланды.
…Достық деген ұлы тудың астында,
Өлім сеуіп, улап жатыр даламды.

Біздің доспыз дегеніміз осы ма?
Тас құдай боп тасырқанба, тасыма.
Менің далам көрген соқыр зауалды,
Досым түгел, тілемеймін қасыма.

Мыртық қоғам мізбақпайтын мылқау шақ,
Жүрегімде от ойнайды, бұлт аунап.
«Протон» емес,
«Гептил» де емес,
Сен енді,
Удан да ащы жырларымды тыңдап жат:

О-о-о, у-у-у-у-у!..


P.S.: Әлдеқайдан, сона-а-ау алыс түкпірден сыңсып жылаған желдің үні бірте-бірте бәсең тартып, түнге сіңіп, алыстап бара жатты. Бір кезде көмейінен ақ көбік атқылаған жер бетіндегі ең көне жыр өмір сүруін осылай мүлдемге тоқтатты. Содан қайтып тұяқ серіпкен жоқ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір