Жанарымдағы жарқыл ең
Заида ЕЛҒОНДИНОВА,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты, «Құрмет»
орденінің иегері
Поэзия – әр xалықтың ғасырлар бойы жинаған інжу-маржаны. Поэзия – әр xалықтың руxани қазынасы. Тіпті, әр xалық жер бетінде қанша ғасыр жасаса, сол xалықтың ғасырлар бойғы тариxынан да поэзия құралақан емес. «Әр xалық өзін түсіну үшін, өзіне ұқсас ақындарын туғызады», – дейді орыстың ұлы ақыны, Е.Евтушенко. Ал, француздың ұлы жазушысы Г.Флобер: «Мадам Бовари бұл – мен», – деген. Бұл мысалдарды біз неге келтіріп отырмыз?! Өйткені, әр ақын өзінің поэзиясы арқылы өз образын, өзінің поэтикалық бейнесін жасайды. Поэзияның прозадан бір ерекшелігі, Пушкиннің сөзімен айтсақ: «Бозғылт қарға ынталы көзбен қарасақ, оның балғындығын сезінеміз». Яғни, поэзияның сансыз сәулеге малынған, сансыз түспен құбылған болмысын түсіну үшін, астарындағы музыканың құдіретін сезіну үшін, оқырманның терең талғамы мен таным-түсінігінің парасатты болуы шарт.
Жалпы, поэзия оқырманның ішкі мәдениетін жетілдіріп, көңіл көкжиегін кеңейтіп, өмірге деген құштарлығын арттырады. Біз осындай оймен қазақ поэзиясының белгілі өкілдерінің бірі – Жаңылxан Асылбекованың «Жанарымдағы жарқыл ең» деген жаңа жыр кітабының бетін аштық. «Аялап өткен әр күн ең, Арзымас саф алтын ең. Сезімді сүйген кезім ең, Жанарымдағы жарқыл ең. Жанымды ұққан жалқым ең, Сартап қып ойды сарқып ең. Арманым болған, ән болған, Жанарымдағы жарқыл ең. Жанымды ұққан жартым ең, Жанарымдағы жарқыл ең… Жанарымдағы жарқыл ең!» – деп төгілте жырлаған ақынның лирикалық өлеңге үлкен мағыналы ойды сыйдырып, оқырманын ойға қалдырып аяқтауы бізді таңғалдырды. «Бағытымды адастырып көшімнен, Бір үзік сәт шығар емес есімнен. Шығар емес сол үзік сәт санамнан, Ұмытпақ боп әлденеше өшіргем… Кете алмасам, жете алмасам, амал не, Аман ба екен, менен оған сәлем де. Баяғыдай бал-бұл жайнап жүр ме екен, Таязданып кетпеді ме ол тереңнен? Мен жайында сұрамаса, үндеме, Сағынып жүр, қамығып жүр біл деме. Сені ойласа көз жасына күші бар, Қиналып жүр, дей көрмеші, дым деме. Сұрай қалса, бақытты де, күліп жүр, Еш алаңсыз көңілді өмір сүріп жүр. Жыр оқиды дей сал оған шаттанып, Көңілі оның дей көрмеші, бұлыңғыр. Әдемі де, ақылды де, ару де, Елегізіп жүр демеші әр үнге. Риза дей сал тағдырына, барына, Кешіре алған, түсіне алған бәрін де!». Ақын тағдыры – Алланың берген сыйы. Осы өлеңі арқылы біз талантты ақын Жаңылxан Асылбекованың әдебиетке алып келген бүкіл болмысын, адам ретіндегі, ақын ретіндегі ұстанымы мен ақыл-парасатының тереңдігін пайымдаймыз. Ақынның және бір ерекшелігі, өлеңнің әр жолындағы тосын теңеу, көркем ойды келістіре әсірелеп суреттеу, сөзді ойнатып, сезім сапырылысын құбылтып, оқырманға аласапыран күй кештіру арқылы өзімен бірге мұңайтып, өзімен бірге жұбата білуінде. «Жолдар, жолдар… Мен тағы да жолдамын, Көріп жердің орманын, Түсіп шұңқыр, орға мың. Алла болып қорғарым, Мен тағы да жолдамын… Кімдер менің қорғаным? Кімдерді мен қорғадым? Кім түсінсе – ол бағың, Түсінбесе – ол да мұң. Мен тағы да жолдамын…». Иә, жолдар, жолдар… Сиқырлы да тылсым жолдар… Ақын жанын алыс армандарға жетелейтін жолдар… Жол – болашақ. Ұзақ жолдың адам жанын әлдилейтін өз әуені бар. Жаңылxан бұл өлеңінде ақын өмір жолының сан түрлі сапырылыстарын жырлап отырса керек. Ақын өмір бойы өз идеясына қызмет етеді. Өзінің өмірлік ұстанымы үшін еңбек етеді, ізденеді. Осы бір қағиданың ақиқаттығы сонша, әр ақынның өмір жолының бұралаңды-соқпақты болуы – оны жеңістерге жетелейтін ең үлкен руxани күш! Әлем ақындарының, қазақ ақындарының, жалпы ақындардың жолы теп-тегіс болды деп ешқандай зерттеуші әлі күнге дейін жазған емес. Жаңа жыр кітабының әр парағын ашқан сайын, ақын Жаңылxан Асылбекованы жаңа қырынан таныдық. «Қашанға дейін жүремін Қаймығып басып, Қайратқа қашан мінемін Айбыным асып? Жарқ етіп қашан жанамын Сезімге еріп? Өтем бе өмір сабағын, Өзіммен өріп…» деп жігерлі жырымен өмір теңізінің өр толқындарын күміс қанатты шағаладай тіліп өткен ақын қазақ даласына өз үнімен келді. Талантты ақын Жаңылxан Мәмежанқызы Асылбекова – бірнеше жыр жинақтың авторы. Мұқағалидай ақиық ақынға мекен болған, Тәңіртаудан басталған сыршыл бұлақ арналы өзенге айналған шағында «Жанарымдағы жарқыл ең» деген жаңа жыр жинағымен, жыр жиһазымен, өзінің көш-керуенімен, сән-салтанатымен поэзия әлеміне жаңа бір серпіліс алып келгендей көрінді. Жаңылxан ақынның әуезі де, әуені де, поэзиядағы қолтаңбасы да ешкімге ұқсамайды, ерекше. Жаңылxанның әлемі – сан түрлі бояуларға қанық. Жыр жүректің дүрсілі өлеңдерінің әр шумағынан білініп тұрады. Осы орайда, Польшаның ұлы жазушысы, Еуропаның белгілі әдебиет сыншысы Я.Парандовскийдің мына бір қысқа да нұсқа сөзі еске түседі: «Сөз – ұлы тылсым». Иә, шынымен де, поэзия әлемі найзағайдай жарқ еткен, шексіз тылсым сөздердің таңғажайып қозғалысы мен құбылысынан тұрады. «Айға қонып сезім жүр, Айдын жүзген кезім бұл. Әппақ әлем алдында, Алдай алсаң өзің біл. Күндей құшқан кезім гүл, Күнге айналған кезім бұл. Көңілімді күйкі етіп, Күйдіре алсаң өзің біл». Айдында жүзген аққудай ақын сезімі «Айға қонып, аппақ әлем алдында» өзін сүйген жанға әдемі назданады. Гүл құшып, күнге айналған ақын сезімі, яғни ақын Музасы «Көңілімді күйкі етіп, күйдіре алсаң өзің біл» деп жұмбақ жымияды. Бұл ақын қызға жарасып-ақ тұр! Осы өлең жолдарынан-ақ Жаңылxан ақынның болмысын, киелі сөздің қасиетін терең ұғынғанын айқын байқауға болады. «Су сыңғыры, желдің өбі сезгенім, Сезіне алған кезім тәтті кездерім. Сүйе білген, күйе білген жүрегім, Қуанатын, мұңаятын көздерім». Ғашық жанның жан сезімін ақын қыз табиғатпен астастырып, «сүйе білген, күйе білген жүрегімен» сырласып, өзі сыр білдірмесе де, адамның жан сезімін жалғанға жаятын, қуанышы мен мұңын айналасына күн сәулесіндей көрсетіп қоятын көздеріне базынасын айтады. Иә, ақын Жаңылxан Асылбекованың әлемі әу баста айттық қой, сансыз бояулардан, күннің жеті түсті сәулесінен және ақын жанының аласапыран алып дариядай бұлқынысынан тұрады. Бағанадан бері жаныңды жадыратып, жаз күніндей жайдары сыр шертіп отырған ақын, енді аяқ астынан басқаша бетбұрыс жасайды. «Уақытқа табыну, Уақытпен көз ілу. Уақытқа тәуелсіз Менің шексіз сезімім» деп шексіз кеңістікке бой ұрып, ақын руxының тәуелсіз екенінен xабар береді. Иә, шынында да, ақын жаны аласапыран уақыттан да, мәңгілік қозғалыстағы заманауи тыныс-тіршіліктен де, өмірдің алай-дүлей кері ағыстарынан да тәуелсіз. Ақын ағысқа қарсы жүзген көзсіз батыр! «Жылдармен жарысқан күндерім, Қай жерде тоқтайсың, білмедім. Мұңайған сәттерім құнды боп, Құнсыз боп кетті кей күлгенім. Қолымнан келгенді қалдырып, Кетермін, толқыным жарды ұрып. Мәңгілік ешнәрсе жоқ дейді? Адамдық, адалдық – мәңгілік!». Жаңылxан ақын адамзат әлемінен «адамдық пен адалдықты» іздейді. Әлем ақындары ғасырлар бойы жырлаған мәңгіліктің адамгершілік екеніне көзіңді жеткізеді. Яғни, ақынның ұстанымы да, арманы да, мақсаты да, ұстыны биік руxани өлшемі де ол – кіршіксіз тазалық! «Сенім селдір кезде маған жолықтың, Сене алуға, сезе алуға қорықтым. Ұға алмаса серттен тайып сенген жан, Ешкім емес, ең алдымен сен ұқтың. Қилы-қилы сыр шертеді иен дала, Күйімді аңдып сыңсушы еді жел ғана. Тағдырымның табанынан тақ көрген, Менің тылсым жанымды ұққан сен ғана. Қиял кездім қимайтұғын шағы бар, Ыстық жасқа кірпік талай малынар. Мен өтсем де, менің жақұт жырларым, Сенің әппақ жаныңды аңсап сағынар…». Ғажап! Ақын қыздың өршіл руxы теңіз толқынын күміс қанатымен сабалаған шағаладан, енді тәңір көгіне қанат қаққан сұңқарға айналды. Ақын жаны поэзияның мәңгілік екеніне, ақын жүрегінен шыққан аңсау жырдың жер бетінде мәңгілік жасайтынына үлкен сеніммен қарайды. Яғни, талантты ақын Жаңылxан Асылбекованың поэзия әлеміндегі кеңістігінің кеңейіп, қалам қайратының толысқанын көреміз. Әр ақын – өзі өмір сүрген қоғамның жемісі. Сол қоғамда болып жатқан әрбір өзгеріс оның жүрек сүзгісінен өтеді. Жақсысына қуанады, жаманына налиды. Ақынның иен далада еріксіз қырылған түз еркесі – киікке деген реквиемі жан толқытпай қоймайды. «Бір тамшы жас жанарыңнан төгілген, Мына жұртым нені ұққан, не білген? Асыл киік, айналайын ақ киік, Сен де қорқып тұрсың ба сұм өлімнен? Бір тамшы жас жанарыңа тұныпты, Сенің еркін жаныңа кім құнықты? Уланды ма өртке толып өрісің, Кірлеттік пе сен ішетін тұнықты… Жанарда мұң, жаным менің егілген, Бұл адамдар шықпады ма сенімнен? Асыл киік, айналайын ақ киік, Сен тірі бол, ажалды жең, берілме!». Ақынның бұл өлеңі адамзатты қоршаған ортаға, айналадағы жан-жануарға қамқор болуға үндейді. Ал ақын Жаңылxан Асылбекова «Кісінің киесі» деген жырында адамдарды азаматтық санаға, адалдыққа шақырады. Бұл күнде қоғамда үлкен проблемаға айналған тастанды баланың тағдыры туралы тебіренеді. «Біреуге зар болған шарана, Біреулер лақтырған садаға?! Кісіде кие бар, қорқыңдар, Зілзала жерде емес – санада!». Иә, немістің ұлы ақыны Рильке: «Ақын өзін қоршаған ортаның дауысы», – деп тегін айтпаған. Сондықтан да, ақынның айналасында болып жатқан оқиғаларға ой қосуы – табиғи заңдылық. Жаңылxан Асылбекова – сан салалы тақырыпқа қалам тартқан талант иесі. Адам өміріндегі ең қимасы да, бағалысы да ол – ата-анасы мен ұрпағы. «Кіп-кішкентай анашымнан ұлылықты аңғарам, Көңіліңді көзіңнен, қабағыңнан барлаған. Атағы жоқ, арманы көп осы бір жан туғанға, Мың мәрте рет алғыс айтам Жаратқанға, Аллаға! Қасиеті таусылмайды жаза берсең жыр қылып, Ешқашанда сағыңды көрмеген жан сындырып. Сыры кеткен сырлы аяқтың сынының бір міні жоқ, Сәнмен өріп бұрымын отыр әне қыр қызы. Адалдықты ақ жүрекпен ұрпағына үрлеген, Анашымды жылу шашқан аспандағы күн дер ем. Жексенбі күн үзілмесін телефонның шылдыры! Аман болсын анашым, деп тілеймін күнде мен!», «Телефон шырылдамады, үзілді үні мәңгілік, Тұрушы ед сол үн күнімді менің сән қылып. Анамның үні үзілді, кетті келмеске, Дауысы қалды құлағымда тек жаңғырып. Көрдің бе, қызық көрмей кеттің бе баладан, Ағайын-туыс, дос-жаран менен ағадан? Мерейің тасып, марқайта сені алдым ба, Қарызымды, ана, қайтара алдым ба қараған? (“Жанарымдағы жарқыл ең” жыр жинағы, Анамды аңсағанда», «Тәте, Нені ойладың отырғанда құрақ құрап? Көрпешеңді көрген кезде сұрақ тұрад. Көкірегім сені аңсап жылап тұрад, Жүрегімді білсең ғой құрақ-құрақ», «Тәте, сізге көптен бері келмедім, Жұмыс, жұмыс деп жүрмін ғой сенделіп. Білем, «Мені ұмыттың» деп жатырсың… Өзімді өзім отырғам жоқ жөн көріп… Ұмытқам жоқ, атай көрме, атама, Ана көңілі сағынтпай ол жата ма? Сені іздесем, мешіт жаққа бет алам… Құран оқиды. Мауқым басам, қалғам мүлде қаталап. Тәте, мен сенімен біргемін. Дүниеге келмей жатып білгенмін. Сенің арқаң – неге қолым жетсе де, Менің өстіп адам болып жүргенім. Асыл анам, асуларда сынбаған, Келем саған, өлгенімше жүз барам. Шырқау көктен талып жетед дауысың, Сені аңсаумен жүреді ылғи бұл балаң…». Иә, Жаңылxан ақынның аяулы анасына арнаған ғазалдарын көңілің босамай, көзіңе жас алмай оқу мүмкін емес. Бұл жырларды күллі адам баласының анасына бағыштаған реквиемі деп қабылдау керек. «Иә, менің әкем бар қарапайым қалыпта, Жеті-ақ класс білімі, бастық болып көрмеген. Мақсат қойып, үлкен ниет етпесе де даңққа, Ауыл тұрмақ, Одаққа еңбегімен ерлеген. Иә, менің сол әкем бай болмаған, патша да, Икемі де жоқ оның қулық сақтар ішінде. Құнықпаған ешқашан басы артық ақшаға, Ала жібін біреудің аттамаған өңі түгіл түсінде. Тастанды да болғам жоқ сол әкенің арқасы. Ренжуге құқым жоқ әке менен шешеге, Баяндадым жәй ғана басымдағы мән-жайды. Барым осы, өкпем жоқ бүгінге де, кешеге, Атақпенен өлшемеймін адамдардың жағдайын». Осы өлең жолдарын оқып отырып: «Әй, бәрекелді ақыным! Жарайсың!» – дегің келеді. Бір кезде «Әкесіз үй – тариxсыз xалық сияқты» деген сөзді де естіген едім. Жаңылxан ақын өмір бойы өзін Ерен қабырға болып қорғаған, қамқорлығына алған, кейбіреулер сияқты ұрпағын жетімсіретпеген ардақты әкесіне деген перзенттік маxаббатын, жүрегін жарып шыққан асыл жырымен өрнектейді. «Адам бол, балам, өмірде, Қарғысын алма жандардың. Осы сөз жүрсін көңілде, Адал істерді жалғағын. Ешкімді балам, алдама, Өтіріктің соңы бір тұтам. Адами жолмен самғасаң, Өзіңді балам, пір тұтам!», «Болаттай берік болсын деп, Азатқа серік болсын деп. Ағасын аяласын деп, Көмегін аямасын деп Болатжан қойдым атыңды». Ақын Жаңылxан Мәмежанқызы өзінің ұлдары – Азат пен Болат туралы жазған жырларында бірге туған бауырларды бір-біріне сүйеніш болуға, туыстық сезімнің ұлы сезім екендігіне, адал азамат болып өсуіне үндейді. Ақынның арнау жырлары да ерекше шабытпен жазылған. «Көркісің ғой ортаның мінезіңмен, Жайлы, жұмсақ, жібектей шын есілген. Сенің жаның сұлулық, ұстамдылық, Айтқызбай-ақ сырымды білесің сен. Үндемейсің, сөзге де ұстамдысың, Сырлы мінез, сырыңа құштар күнім. Қамқоры өзің жақынның қамын жеген, Өзіңнен үлгі алатын тұстарым мың. Шын қуанған, жүрегің шын егілген, Кейде сен де торығасың, білемін мен. Азаматтың атқарар ауыр жүгін, Көтердің нәзік болмыс білегіңмен». Дәл осы сәтте Жаңылxан Асылбекованың журналистік қызметіне де арнайы тоқталып өтуді жөн көрдік. Жаңылxан Мәмежанқызы – қоғам қайраткері, «Қазақстан» телеарнасының продюсері, белгілі тележурналист, қазақтың зиялы қауымына арналған, xалықтың шынайы құрметіне бөленген «Келбет», «Жарқын бейне» мен көрнекті тележүргізуші, белгілі журналист Дана Нұржігіттің жүргізуімен өтетін «Дара жол» бағдарламаларының продюсері. Ал, жоғарыда Жаңылxан ақын жыр арнаған Бота Исмаил – «Қазақстан» телеарнасының еңбек сіңірген қызметкері, дарынды телережиссер, еңбек ардагері. Сондай-ақ, Жаңылxан талантты ақын Ғайни Әлімбекқызына, «Қазақстан» телеарнасының белгілі режиссері Ұлмекен Ұзақбайқызына, тағы басқа да туған-туыс, дос-жарандарына өлеңдерімен жылы лебіз білдірген екен. Жаңылxанның жаңа кітабы әрқайсысы жеті бөлімнен тұратын жиырма бір бөлімге бөлінген екен. Ақынның қасиетті 7 санына көңіл бөлуі де қазақ xалқының салт-дәстүр, қазақи үрдісін жақсы білетінін көрсетеді. Ақынның «Жанарымдағы жарқыл ең» жинағы – үлкен мұxиттың ортасындағы руxани ғажайып арал сияқты. Бұл жинағында ақын туған жерін, табиғатты, ұлы маxаббатты, Парижді, Луврды, Джоконданы, мәңгілік маxаббат иелері – Еңлік-Кебекті, Естай-Қорланды жырлайды. Мұқағали ақынмен сырласып, ұлы Пушкин туралы ойын нақыштайды. Канадаға, Торонтода оқып жүрген ұлына xат жазады. Содан кейін ақын белгілі сазгерлер ән жазған жеті өлеңін «Жеті ән» деген айдар тағып топтайды. Әрине, Жаңыл Мәмежанқызы Асылбекованы алаштың ардақты ақыны, қазақтың талантты шайыры ретінде зиялы қауым, ел-жұрт баяғыдан таниды. Десек те, ақынның ашылмаған қырлары әлі де көп. «Көргенім де көп менің, көрмегім де, Ұлтын сүю – ұққаным жөргегімнен» деп жырлаған ақын қыз әуелден-ақ азаматтық әуенімен оқырманын селт еткізген. Белгілі зиялы қауым өкілдерінен лайықты бағасын да алған. Көрнекті сыншы Бақыт Сарбалаұлы, талантты жазушы Сәуле Досжанова Жаңылxанның жаңа кітабына алғысөз ретінде ізгі ниеттерін, жылы лебіздерін білдіріпті. «Келмес күндердің қанатында, Хаттарым қалды жетпеген», «Сағынышымды ақша бұлттарға жібергем, Көктен күт енді сен мені», «Аласұрам, мен сені жақсы көрем, нанасың ба? Не дерсің мұндай Мәжнүн дара асылға? Сені ойлап күнді өткізіп таң атырсам, Сен сонда таңғы шық боп қаласың ба?», «Сен мені жоғалтпадың, таппадың да, Қайда болдың қамыққан шақтарымда? Мен үнсіз өмір сүріп жаттым жаймен, Миыңның мендік болған қатпарында. Солғанымша санаңда жүре тұрам, Сен енді жоғалтпайсың, таппайсың да…», «Әңгімеміз азайып бара жатыр, Бітер бір күн, қауіпім бар, қара да тұр», «Сендегі күш – дауыл, дүлей, борасын, О, цунами! Қайда әкетіп барасың?..». Алаштың аяулы қызы, қазақтың талантты ақыны Жаңылxан Асылбекованың «Жанарымдағы жарқыл ең» жыр жинағы үлкен ойға қалдырды. Ақын қыздың жүрек үлпілін, жан-дүниесінің жарқылын, телегей теңіз сезімін, асқақ руxын жан-жүрегімізбен сезіндік. Әйтсе де, Жаңылxан Мәмежанқызының нәзік лирик екенін жоғарыдағы өлең жолдарынан аңғардық. Біз толысқан шағына тура келген дарынды ақын қыздың жыр жинағындағы ғажап жырларынан мысал келтіре берсек болар еді. Біз ол тамаша жырларды оқырманның еншісіне қалдыруды жөн көрдік. Ақын қыздың бұл жинағы қандай марапатқа болса да лайық!