«Ажалсыз әскер»
Қазағымен қайта қауышқан Шәкәрім мұрасы соның жарқын айғағы
Қазір Ұлы Абайдың кемеңгер інісі, ақын ағасының дархан жүрегімен «қайран елім, қазағым, қайран жұртым» деп, туған халқын жантәнімен сүйіп, осы жолда жанпида күрескен Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы айту да, жазу да дағдылы шаруа. Кемеңгер ақын шығармаларын бір оқып шыққан соң, оны сан толғана ойға тоқып, зерделеуге асықпай-ақ пікір түймекке құлшынатындар да аз емес. Бұл үшін, әйтеуір, қалам ұстай білсеңіз жетіп жатқандай: асыл мұрадан үзіп-жұлып, «ана өлеңінде өнер мен білімді дәріптеген, ал, мына бір өлеңінде ар ілімін ардақ тұтады» деген тұрғыда бірқыдыру әңгіме айту оңай. Бірақ, әдебиеттануды бұлайша: үзінділерді «үй дегізе, бүй дегізе» сөйлетіп, тіпті мектеп қабырғасында да оқытуға болмайды. Өкінішке қарай, небір мәртебелі мінберлерден де жаңағыдай жалаң ділмарсуларды естіп қаламыз. Кез келген шығарманы талдап, пікір білдіру, тегінде оның авторының ең басты ұстанымын, яғни шығармашылық мұратын тап басып, танудан басталады. Қалған әңгіме өзің сезіп, түйсінген алтын желі бойымен өріле өрбісе, құба-құп.
Олай болса, Шәкәрім мұрасының ұлттық, дұрысы адамзаттық құндылықтар қазынасына қосылуының, әлбетте өзім түйсінген, бір ғана сыры мен қыры қайсы?.. қолымыз кеш жеткен өкініші де сонда, ендеше келіңіз ой бөлісіп көрелік.
Келешек кеше келсе, кешікпейсің
Шәкәрім қажы өмірінің соңғы кезінде ұлы Ахатқа өзінің азаматтық ұстанымы туралы былай деген екен: «Адам болып тудым, адам атымды ақтаймын, көп үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін еңбек етейін. Кейінгіге үлгі аларлық із-белгі қалдырайын, адам атым өшпесін, тарихқа аз да болса үлес қосайын деген ойда болдым. Арымды сатып бақ алып, мансап тапқанымша, көптің адалын жақтайын, көпке жағайын, көргенімді, білгенімді бар адам баласы үшін жазайын, наданның көзін ашайын, келешектің ойын ашайын деп жаздым… Өз заманым үшін жазғам жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым» (Абай музейінің қоры, КП-6485, Шәкәрімтану мәселелері. 1-том, 191-б). Ұлы даланың дана ақыны сол келешек ұрпаққа үміт арта жырлайды: «Атқа мінген жігіттен үмітім жоқ, Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас» немесе «Көрмесе де көзімді, Білмесе де өзімді, Кейінгі жандар қабылдар Айтылған түзу сөзімді», «Жоба тап, Жол көрсет, Келешек қамы үшін», «Қазақтың жайнар даласы, Жетілер оқып баласы» (Шәкәрім, шығармалары, «Жазушы», 1988 ж., 96-178-267-269-бб).
Ұлы Абай мен Шәкәрім бізге – келешегіне деген аманатын кеше айтып та, жазып та кеткен. Алты Алаштың жаңа жазба әдебиетінің атасы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының ғұлама Мұхтар Әуезов атап көрсеткен «сырлы, сұлу сөз» бен «кең мағыналы, терең ойлары» ұрпақ үшін мәңгілік мұра, баға жетпес қазына. Шәкәрім ақынның «Ажалсыз әскері» (өлеңі мен сөздері – Б.Ж.) біздің ойымызды өлмейтұғын сөзімен қадым замандарға жетелеп, қазақ өнері мен әдебиетінің құнарлы топырағынан нәр алғызады. Бірақ келмеске кеткен КСРО-ның Бас прокуроры 1958 жылы толық ақтаған ресми мәлімдемеге де қарамастан ақынның асыл мұрасымен туған халқының қауышуы тағы да отыз жылға созылып кеткен. Соның салдарынан, қазақ өз кемеңгерін ешқашан ұмытпағанымен, тағы да бірнеше мирасқор ұрпақ көпе-көрінеу жауһар мұрадан мақұрым қалды. Еліміздің қоғам қайраткерлерінің, жалпы әдебиетсүйер қауымның қайта-қайта талап етуімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында («Социалистік Қазақстан», 1988 ж., 14 сәуір) «ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде» мәселе қаралып, оны ел игілігіне қайтару туралы шешім қабылданған соң ғана әділет қалпына келе бастады.
Бұл – 1988 жыл.
Тағы да 30 жыл өткен екен.
Сондықтан Шәкәрімнің екінші мәрте дүниеге келуінің 1988 жылмен байланыстырылуы әбден орынды. Сол жылы «Жалын» баспасы көрнекті ғалым-жазушы Мұхтар Мағауиннің құрастыруымен «Шәкәрім. Өлеңдер мен поэмалар» және «Жазушы» баспасы «Шәкәрім. Шығармалары. Өлеңдер, дастандар, қара сөздер» (құраст. М.Жармұхамедов, С.Дәуітов, А.Құдайбердиев) кітаптарын тиісінше 40 мың және 50 мың дана тиражбен бастырып, оқырман қауымды қарық қылғаны есімізде. Әсіресе, Мағауиннің қабасақал Марксті мардымсытып, шоқшасақал Ленинді лепіртпей, тіпті қаһарлы Компартиямен қорқытпай, ал ең дұрысы, алашордашылардың аруағын мазаламай-ақ өзі құрастырған «Шәкәрім» кітабына жазған алғысөзі шығармашылыққа баға берудің тамаша үлгісі. Ал өнер мұраты сол мәртебелі өнерге қызмет ету екені түсінікті – Шәкәрім дарыны Пушкин секілді даналардың шығармашылығы арқылы сәулелене түседі: «Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін, Қазақтың шағылдырар надан көзін. Ғылымнан көзілдірік кимеген ел, Туралап көре алмас деп күннің көзін».
Асылы, замандас Мағауинға кейбіреу секілді ақынның ана өлеңінен бір, мына сөзінен бір «барымталап», оларды жалпақ тілмен баяндау мүлде жат. Ғалым оқырманды «өзі өлсе де, аты өшпеген», бірақ «ортаңғы, ілгері буындағы санаулы адамдардың ғана жадында тұрған» («Жалын», 6-бет), «бүкіл Түркістан өлкесіндегі ең ғұлама», «сөз патшалығын жаулауға бет қойған» (сонда, 7-бет) Шәкәрім қажының ойшылдықпен астас азаматтық әуенімен тебіренте отырып, құлақ түргізеді. Біз болсақ, Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй… адам баласының бәрі бауырың… адамның баласы – бауырың» деген өсиетіне Шәкәрімнің қалайша имандай ұйығанын көреміз: «Адамның бәрі бір, болмайды аласы… махаббатпен бірлесіп еңбек қылған… Бұл өмір таусылмас, жаңарар адамзат» немесе «Ойласаң, барша адамзат туған бауыр, Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр». Олай болса, кемеңгер ақын тұлғасын келістіре сомдап, оның ой-түйіндерін Мағауин былайша түйіндейді: «Бар бақыт, бар ізгілік өнер-білімде болмай шықты. Үстірт қарағанда ғана «ғылымды елдің сырты таза» көрінеді екен.
Европа білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде, – дейді, империалистік соғыс сұмдықтарынан түршіккен Шәкәрім ақын. Тексере қараса, бұл – бір күнде пайда болған келеңсіздік емес. Арыдан басталған, уақыт озған сайын, жұрт білімденіп, қару-жарақ жетілген соң мүлде шектен шыққан ахуал.
Тамам жан өзін-өзі «мен» деседі,
Өзгелерді жатырқап, «сен» деседі.
«Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың,
Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?!
Күш-қуаты, өнер-білімі шамалас елдер өзара бақ таласса, барлық жаратылыс байлығын әскер ұстауға, қару сайлауға ғана жұмсаса, үстемдікке ұмтылса, ұсақ халықтардың, әлсіз жұрттардың көрер күні қараң… Ақын биіктен барлап, тереңнен толғайды… Адамзат оң жолға – бауырластық, кісілік жолына түсуі үшін «ар түзейтін ғылым» керек… Толстой сияқты «нұр жарықты» перзенттер бар халыққа ортақ, бүкіл адамзат ұстазы», – деп санаға сіңіреді ғалым. Демек, А.Пушкиннің «Дубровский» повесінің өлеңмен жазылған Шәкәрім аудармасы «Октябрь қарсаңындағы қазақ әдебиетінің ең үлкен табыстарының бірі болды… Қазақ тіліндегі «Дубровский» тек ұлттық әдебиет ауқымындағы ғана емес, бүкіләлемдік Пушкинианадағы ең елеулі құбылыстардың бірі ретінде бағалануға лайық».
Абай жолымен «Алланы, адамды, әділетті сүйген» және осы үшеуін «иманигүл» деп қабылдаған дарын иесі ғана ұлт ауқымынан қара үзіп, жалпы адамзатқа ортақ азаматтық ой түйе алады. Бұл жерде бағзы замандардағы үңгір төңірегінде төрт аяқтап жүріп, ру мен тайпа жыртысын жыртып, жүзге бөлінетіндер барып тұрған бейшара. Ондай әумесірлерді жеке тіркеп, жаңағыдай «сырты – бүтін, іші – түтін» мүнәфиқтардың қара бетіне халық түкіретін «қара тақта» ашатын кез баяғыда жетті. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын «халықтың көзін қойып, көкірегін ашуды» көздеген Ұлы Абайдың айналайын Алашты арқа тұта отырып та, барша адам баласын ерекше ардақтағаны ұрпаққа жол сілтер жарық сәуле емес пе?! Алланың осынау ақиқат пен әділет жолынан пендеңді адастырып, ақылды алжастыратын тек қана соғыс деп білеміз.
Шіркін, әділет жолында көз алдыңда – бауырың емес, адам баласы тұрса, ғанибет. Ендеше, «бір уыс» қазақты бөліп, жаратындардың өздері де, ұрпақтары да опа таппайды. Сондықтан Шәкәрім дана Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» өсиеті бойынша өзі негіздеген «Ар ілімін», ең алдымен, туған қазағының бойына сіңіруді мақсұт етеді. Қазағының, барша адам баласының бақытын ойлаған кемеңгер «Сөз жазамын түнімен, Бар ұйқымды қашырып… Мен кетермін, сөз қалар, Ақ қағазға басылып» – дей отырып, түн ұйқысын ұрлаған, қазағының тағдырына деген уайыммен суарылған Сардар сөзін, өз тілімен айтсақ, «Ажалсыз әскерін» сапқа қояды:
«Қарумен қанша қатты ұрса да,
Сөзіме жанның әлі келмейді.
Бұл дүние шыр айналып тұрса да,
Ғаскерім қартаймайды, өлмейді…
Алмаймын патшалықты берсең де,
Қайтейін, өлім тартып алады.
Мен-дағы, ажал жетіп, өлсем де,
Ғаскерім ақ қағазда қалады».
(«Ажалсыз әскер», «Жазушы», 112-б.) немесе «Оқ орнынан біздің ой шыққан маса». Шәкірім байламы бойынша қарулы әскер «бірін-бірі қырады… оққа байлап жастарын» демек, өм ірде сөз бен өнер ғана баянды, оларға ажал жоқ: «Кел, байлар, балаңды оқыт, ғылым ізде, Қазақты бастайтұғын қару сізде»… Ғылым тап жас күніңде буын қатпай, Басында байқамассың дәмін татпай». «Жарқырап нұрын шашып жанады шам, Талайлар пайда алады жарығынан…», «Өлмес, өшпес дәулетім осы қағаз!» немесе «Айттым, жазып, бастырдым, қалды жазу – Мен өлсем де cөз тірі, тек жатпайды».
«Абайға ғана тән сыпат танытады»
Абай шаңырағын отыз жылдан астам басқарған, музей ұжымының арқатірек ақсақалы Ибрагимов Төкен (Төлеужар) Смайылұлының прозамен қатар өлең де жазғанынан, тіпті жанында талай жыл бірге жүргендер де бейхабар екен. Қаламгер ағаның «Оймен оңаша» өлеңдер жинағын оқып отырғанда «Мен Абайды оқи-оқи уланып қалған адаммын» деген сөзіне: «Рас, Сіз Абайды бойыңызға әбден сіңіріп алған жан екенсіз» деп, іштей тілдесемін. Сөйтсем, Шәкәрім қажыдан бастап, Әуезов, Мағжан Жұмабаев және бертінде Қайым Мұхамедханов, Тұрсын Жұртбай, Мекемтас Мырзахметов Абай рухын бойларына сіңірген, ұлы ақын мұңымен уланған ұрпақ.
Міне, Шәкәрім ақын оқырманын сөз-дариямен тербеп, терең де тұнық ой көзімен жол нұсқайды: «Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа, Қазақ жүр құмарланып құр атаққа…» немесе «Ойда жоқ өнер-білім жол табайын, Жалмауға жалықпайды өз маңайын», – деп ішкі ойын ақтарып салады. Әдетте ақынның өлеңдері де, ойлары да Абай шығармашылығымен бауырласып жатады. Ол өзінің «Жұмбақтарында» сөз құдіретін «Өлшеусіз, түпсіз терең бір дария бар, Көрмейміз, құр естиміз анық хабар», – деп дәріптейді. Сөз, тегінде ұрпақтар тәжірибесін тірнектей жинақтап, оны келешекке аманаттайды. Зерлі сөз текке желге ұшпайды, зейінді ұрпақтың зердесіне қонады.
Ақын атамекендегі білім тапшылығына келгенде өзіне де еш аяусыз: «Жас өтті тынымсыз, Өнерсіз, ғылымсыз. Надандық жолымен, Кеттім-ау білімсіз» – деп, жастық шағын еркелікпен «уысынан шығарып» алғанына қынжылады. Сайранды шақтағы қайғысыз, уайымсыз күндері еске ала отырып, бос сенделіспен өткен уақыттарына өкініш аңғартады. «Үш-ақ түрлі өмір бар; бәрі де мас, Бір рәуішті болады шал менен жас. Ең керекті дегенің – ортаншы өмір, Түгел қолың жетпейтін бір жанталас», – дей отырып, «үш-ақ түрлі өмірдің» әрқайсысының қандай көріністе өтетінін даралай айғақтайды. Қалсын десең артыңда адам атың. Өмірдің басы – бала, ортасы – адам, Қартайып, шал болған соң кетті шамаң». Елең-елең етпей күш-қуатының бар кезінде айтарыңды айтып, береріңді беріп, халық алдындағы парызыңды атқарып қал.
Туған қазағын өрге қарай жетелеп өлуге, тіпті өлген соң да жарқын мақсатпен ел-жұртының ойын бөліп, соған жету үшін маза бермей, сөзбен азапқа салуға белін бекем буған Шәкәрім ақын қазағының «мінін қазбалай айтады», бірақ «тіліне көнбеген ел қамықтырып, үмітсіздік зарықтырады». Надандық бұлтын сейілтсем деп қайғырып, ағасы Абайдай «іші у мен өртке толы»: «Ойландым да сандалдым, У жайылды бойыма… Мұңдасуға қамдандым Қайратым мен Ойыма». Ол ақын ағасын тыңдай отырып, әсіресе құрбы-құрдастарына ой сала сөйлеп, оларды ертеңгі көзі ашық өмірге ұмтылдыруға тырысады. Әсіресе, ел болашағы – жастардың келешекте өзге ұлт өкілдерінен кем қалмауын, ілгергілермен үзеңгілесе жүруін армандайды. Білімге ұмтылған жас жеткіншектердің арғы күндері ел тұтқасы болуға ұмтылуын тілейді. Әрине, мансап қуу үшін емес, елі үшін еңбек ететіндей ақыл, ой, сана қалыптастыруын тілейді.
Абай өнерін өнеге тұтқан Шәкәрім ұлы ақынның үлгісімен әр Сөзді міндетті түрде өзінің ой таразысына тартып отырады. Кей-кейде тіпті адам мінезі мен талап-талғамын да көкірек көзінен өткізіп, ой жарыстырып та қояды: «Сандалған түспе ізіме» деген Абай, Жүрсіңдер осы сөзін қалай жорып? «Талас, тап» деп айтатын Абай өзі», – дей келіп, Абай нұсқаған «бес асыл іске» қоса адам баласына тән сегіз жақсы мінезді атап көрсетеді «Өзге жақсы мінездің бәрі-дағы Шығады осылардан түгел деңіз. Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан, Анық төмен болмай ма хайуаннан. Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғағаннан».
Абайдың басындағы туған ұлтының тағдыры, келешегі үшін ұлы уайым Шәкәрімнің де жүрегіне батады. Ақын ағасы «Мен ішпеген У бар ма?» деп өмірден өткен соң, ақын іні де тірліктен түңілгендей хәлде өзіне-өзі сыр шертеді: «Ойландым да сандалдым, У жайылды бойыма», – дейді. Бұл рух тұрғысынан шаршатқан әлеуметтік тұрғыдан әлсіреткен у еді. Ол уды әркім әрине әрқалай қабылдайды.
Шәкәрім осылай улана жүріп те тірліктің бір мәні – білім екенін өзінің «Насихат» өлеңінде жан-жақты ашып көрсетіп, «әбден ұқтырады»: «Білгеніңнің жақсысын қыл, білмегенді біле бер. Білген ердің бол шәкірті, білмегенді қыл шәкірт, – дейді.
Ақын, сонымен қатар күн мен айдың, түн мен күндіздің, су мен оттың, жер мен желдің, бұлт пен дарияның адамға пайдалысын алып, залалынан аулақ болуға үндейді. Шіркін, біз Абай мен Шәкәрімді ертерек оқысақ, бүгінгіден сәл де болса, сәулелі боларымызды бір ғана «Насихат» өлеңі арқылы зерделей аламыз. Бұл жағынан, Абай шыңы болмаса, Шәкәрім тұңғиығының да болуы неғайбыл. Ақын ағаның өнердегі ұлтжанды ұстанымы мен шырайлы тілін ақын-інінің шығармашылығы өз бойына әбден сіңіріп алып, ол «өзінің таным өресі, ой өрнегі тұрғысынан ғана емес, сөз саптау, сөйлем құру, көркемдеу тәсілдері жағынан алып қарағанда да тек Абайға ғана тән сыпат танытады».
Кемеңгер ақын өмір жолында өзі оқып, тоқыған ойларын туған халқына жеткізу үшін өлеңдері және сөздерімен, яғни «Ажалсыз әскерімен» майдан ашып, ел-жұртының қараңғылығына ашына да улана отырып күреседі. Тіпті, тірлік шырғалаңынан аулақ өмір сүруге бел байлайды. Сонда да айналасындағылар ақынға маза бермейді: «Тек отырсам, тепкілеп шыдатпайды, Енді қайтіп бұл елмен жарасамын», «Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып, Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып». Ішкі шерін осылайша ақтарады.
Елбасының Ұлы Абайдың 150 жылдық салтанатында жасаған «Абай туралы сөз» баяндамасында «Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен», – деп атап көрсетуінің мәнін сонда тағы бір зерделей түсер едіңіз. Кемеңгер ақын бізді кемел ой даңғылына салады: ел келешегі бүгін емес, кеше басталмаса, кеш болады екен. Демек, келешек кеше келмесе, кешіккенің, біздің бүгінгі биігіміз – бүрсүгүннің баспалдағы екен. Қазағының ауыр хәлі жүрегіне шаншудай қадалып, оның келешегіне алаң көңілмен өсиет арнаған кемеңгер Шәкәрім сөзі – «Ажалсыз әскер» әлеуетінің біз таныған бір ғана қыры – осындай.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік қорық-музейінің
директоры.