ҚАРҒЫС
22.06.2018
2837
3

Есболат АЙДАБОСЫН


(Шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлер өмірде болған)

Шынар апа қайтыс болды. Тұп-тура 99 жыл, 9 ай өмір сүріпті. Күл­лі ауыл күңіренді. Бірақ ешкім «жүз­ге келді-ау жарықтық, арты той ғой» – демеді.

***

Қаралы хабар ауылға қою қа­раңғылықпен қолтықтаса кірген. Көшедегі ойбайлаған әйел дауы­сын ести сала ел-жұрт: «құдай ра­қым етсін», – деп ерін жыбырла­тып, бет сипады. Артынша сү­ріне-қабына сыртқа жүгірді.
– Қараң қалғыр тағы кімнің басын жұтты екен,– деді бірі.
– Қара басыңа көрінгірдің дауысының аштысын-ай тегі, – деп екіншісі қоштады.
– Бәрімізді жалмайтын болды-ау, е құдай, ер-азаматымды сақтай көр! – деп тілек қылды бәрі.
«Ойбай бауырымдаған» дауыс бірте-бірте айқын естіліп, ауылға жақындай түсті. Ол жақындаған сайын елдің дегбірі қашты.
Әдеттегідей ауыл кеңесіне
та­рт­қан. Иттер шуылдап, жамырай ұлыды, кемсеңдеп кемпірлер ілес­ті, кебісін сүйретіп шал-шауқан қо­сыл­ды. Өзінен бұрын сөзі жү­ре­тін қатын-қалаш та қарға­нып-сіленгенін доғарып, дауыс салып, салпақтап келеді. Кеңсенің ал­дына бірсыпыра адам жиналыпты, қоршау шетіндегі қарақшыдай қалқиып, состиып-состиып жо­лын тосып тұр. Жақындай бер­ген­де ойбайын үдетіп, жеделдете бас­ты. Сол екпінмен келіп алғаш­қы көріскен төртпақ кісіге төрт бұрышты хатты ұстата салған. Жұрт хатты оқу үшін жапа-тарма­ғай жарыққа қарай ұмтылғанда, шетке сытылып шықты да иығына ілген қапшығын ақтарды. Бұл жо­лы саусағына төрт бұрышты емес түйілген тұмардай үш бұрышты хат ілікті.
– Шүкір-шүкір, тәубе-тәубе, –деді күбірлеп. Жас толған көзі ме­зетте жайнап кетті, қабағына қатқан қырау еріп түсіп, езуіне күлкі боп тамды.
Өзгелер шейіт болған боздақ­ты жоқтап, қаралы үйге тобымен аттанғанда ол көшенің сыртына ширақ басып шықты да келесі ауылға бет түзеді.

***

Жарықтықтың бітімі бөлек, сүйегі асыл еді. Бойы бір тұтам, қи­мылы ширақ. Қатарластары таяқ­қа сүйеніп екі бүктеліп жүр­генде аласа кеудесін асқақ ұстай­тын, мәсі, галошын ешкімнің кө­ме­гінсіз, ештемеге сүйенбей-ақ өзі киіп-шешетін. Буырыл шашы орамалға сыймай, бураның шуда­сындай болып самай тұстан ду­ды­рап тұратын. Үстінен көнетоз кам­­золы мен қара көйлегін таста­мады. Қыстыгүні жасыл пүліш ша­панын киіп, беліне сары ора­малын белбеуше тартатын. Өңірін өмірі жапқан емес, қақаған қыста да жаурамайды.
– Суық тиіп қалмасын, – де­ген­дерге: – «Біздің кеуде көрікше жайнайды, көжедей қайнайды, жарығым», – дейтін әзілдеп.
– Киім жаңартпайсыз ба, апа-ау, – десең
– «Жалмауыз Шынар қашанғы шыдар,
Бір күні әзірейіл келіп жанын сұрар.
Көзім кеткенде сүйегіме түс­кен­дер алсын деп,
Қу кемпір, барлығын сандыққа тығар», – дейтін тақпақтап. Оны­сын айттыру үшін қайта-қайта сұрайтынбыз, әрбір жауабына ырзалық танытып күлетінбіз.

***

Екі ауылдың арасы үш шақы­рым­дай жер. Үш бұрышты хатты ұстаған күйі құстай ұшып келеді. Сыртында айдақ-сайдақ жазуы бар. Кімнен келгеніне қараған жоқ. Қарағанмен қара танып, оқи да алмайды. Әйтеуір төрт бұрышты емес, соның өзі дәтке қуат.
– Қағынған қатындарды қуан­тып шәйін ішейін, тыққан-пық­қанын тартып жейінші бүгін, – деді шаттанып. Өткен аптада ғана төрт бұрышты хат әкеліп, алпыс үйлі осы ауылды азан-қазан қы­лып, ұлардай шулатқан. Жалғыз ұлынан айрылған Күләйша кем­пірдің наласы әлі құлағында тұр.
– Өспегір, өнбегір неме, кеше түсіме кіріп едің сумаңдап,– деген ашынғаннан бүкіл запыранын төгіп.
– О баланың не жазығы бар, Күләйша, сабыр сақта, – деп басу айтпақ болған Төленді шалдың өзі­не атырылды. Әппақ қудай шашының өрімін тарқатып жібе­ріп, бетіне қос қолдың он тырна­ғын қатар салған. Шерменде кем­пірдің сай-сүйектен өтер сұң­­­­қы­лын естігісі келмей, құлағын басқан күйі ауылдан ұзады.
– Жүйелі қарғыс жүйесін та­бады, жүйесіз қарғыс иесін та­бады,– деген былай шыға бере, қа­зір де сол сөзді қайталады. Ауыл­­ға жақындап қалыпты. Қа­рауытқан талдар, ағарған тамдар, сығырайған шамдар анық көрінді. Жұрт әлі жата қоймаған секілді.
– «Сүйінші, үшбу хат келді, хат келді! Ай-хай-ай!.. Естимісіңдер, хат келді», – деп бар даусымен айқайлады. Өткен аптада өзі жы­латып кеткен бейшараларды бүгін қуантуға асыққандай алақайлап, даланы басына көтерді. Көйлегінің етегін шалбарлап алып, далақтап жүгірді.

***

Шынар апа таңмен таласып тұра­тын. Шал-шауқандар құм­ғанын алып, қақырынып-түкірініп қора айналғанда ол тауға тарта­тын. Бір қарасаң ауыл сыртындағы қара жолда жаулығы ағараңдап көрінсе, енді бір көз салғанда қара жондағы зиратқа кіріп бара жа­тады. Ал сәс­кенің кезінде бөктерлей жортып, Талды­бұлақтың төбесінен түседі. Қатар жатқан Ырғайты, Талды­б­ұлақ, Арқарлы ауылдарын түгел аралап, мал өрістен қайтар қызыл іңірде тоқал тамына жетіп құлай­тын. Шаңырағында қазан көтеріп, ас қамдаған емес, ырзығы ел арасына шашылған. Мұнысын жастар жағы жалғыз басты кемпірдің ерік­кені, әңгіме, өсек іздеп зерік­кені деп топшылайды. Ал ескі көз­дер: – «Ә, қыдыру оның қыз­меті ғой, ауру қалса да әдет қалсын ба», – дейтін де қоятын.

***

Аудан орталығында жүргеніне бүгін үшінші күн. Не үш бұрышты, не төрт бұрышты хат келмеді. Ел аузындағы жел сөз – ақпанның бо­ранындай бағыт алмастырып, ұйтқи соғады. Іркіліс ішкеріде болған, «пойыз жолы бомбаланып­ты, хат-хабар тиелген вагон ауда­ры­лыпты», – деседі.
Әскери комисариаттан алған екі парақ қағазды дорбасынан шы­ғарып алдына жайды. Бүктелген тұстары қырқылып, жазуы өше бастапты. Екі бетте алпыс адам­ның аты-жөні тізілген. Түзелбайы елу үшінші болып тұр. Тарамыс саусағын тізімнің басынан аяғына қарай баяу жүргізіп, санай бас­тады.
– Бес ондық*, бес ондық бір, бес ондық екі, бес ондық үш… (Бе­сон­дығы елу дегені. Бұл ауылда Елубай, Алпысбай, Жетпісбайлар көп. Ауыл қатындары елуден асқан соң-ақ ат тергейді).
Елу үшке келгенде қолы діріл­деп кетті. «Тузелбай Кожагелдиев» – деген орыс жазуын өшіріп алатындай ақырын ғана сұқ сауса-ғының ұшымен аялай сипады.
– Жарық дүнием сол,– деді даусы тарғылданып. Кірпікке ілін­ген тамшыны сулығымен сылып тастады.
Түзелбай, айына бір хат жаза­ды. Соңғы хабар екі апта бұрын келді. «Жағдайым жаман емес, аяқтан жараланып ауруханаға түстім, бірер аптада құлындай ой­нақ­тап шығамын. Командирім мал­дың арасында өскенімді еске­ріп, әскердің аттарын бағуға қала­сың, – деп отыр. Енді соғысқа бар­майтын секілдімін, азық-түлік­ті қамдаушы бөлімшемен бірге жылжып, жылқы бағамын. Алаң­дамаңыз, біздің әскер немістерді тырқыратып қуып барады, гер­ман­ның жеріне тақап қалдық, біз жеңеміз», – депті. Бұл хабарды естігенде екі езуі екі құлағына же­тіп, балаша шаттанған. Мұғалім қызға қайталап оқытты да сауса­ғындағы күміс жүзігін суырып беріп, алып-ұшып ауылға тартты. Сол күнгі кеш, сол күнгі көңіл-күй, адамдардың ыстық ықыласы керемет еді. Рас, күндеп, күңкіл_дегендер де болды. Күйеуінен қара қағаз келген Қатипа мен Ұлжан ел қуанып жатқанда, дәмнен ауыз тиместен босағада безеріп отырды. Үш ұлы бірдей соғыста өлген Сай­рагүл кемпір де сызданып кеткен, былай шыға бере-ақ жарылыпты.
– Ауданға барғыштап жүріп, бастықтармен әуейі болған ғой бұл қар… Сөйтіп баласын жақсы жерге ауыстырған. Ал іздеуі жоқ, сұрауы жоқ біздің байқұстарды жауған оққа, жанған отқа айдады әне­кей, – деп өсек таратқан.
Ол сөз ел арасында жатпастан, қызыл іңірде құлағына келіп қон­ды. Түнімен өкіріп шықты. Ерте­ңіне дорбасын мойнына іліп, ау­дан­ға тартты. Жол жөнекей еңіреп жылап барған еді, қайтарда да жылап келді.
Сол күні ауылдың екі бірдей азаматынан қара қағаз келген.

***

Шынар апа, қыз күнінде сөзге шешен, жезтаңдай әнші болған деседі. Күйеуі Қожагелдімен он бес жасында отау құрады. Он үш құрсақ көтеріпті, соның үшеуі адам болған, қалғанын қызылшақа күйінде қара жерге берген. 37-нің зобалаңында отағасы жалалы бо­лып итжеккенге айдалыпты, содан хабарсыз. Үш баланы жалғыз бағып, енді жеткіз­дім бе дегенде соғыс басталады. Екі қыздың ор­та­сында бұлғақтап өскен Түзел­байы майданға кетеді. Жұрт жаппай колхоз жұмысына жегіл­генде, жергілікті басшылар Шынар­дың аяқ-қолы жеңіл деп пошта қыз­ме­тіне салады.

***

Тізімге қайта шұқшиды. Қара қағаз келгендердің тұсына тырна­ғы­­мен кертіп із салған. Сол бел­гі­лер күн сайын көбейіп келеді. Ана­жолы санағанда жиырма шақ­ты еді, қазір тұп-тура отыз бес бо­лыпты.
– Ой, сұмдық-ай,–деп жаға­сын ұстады. Қателесіп кетпедім бе деп қайыра санады. Жоқ, жаңыл­мапты. Бұл отыз бестің көбісін жыға танымайды. Бірақ барлығы­ның қара қағазын жеткізіп, өлгенін естірткен өзі… Арасында Түзелбай секілді өрімдей жастар да бар еді.
Алғашқы суық хабар Бекбер­ген­нен келді. Жігіттің төресі еді марқұм. Жиын-той онсыз өтпей­тін, домбырамен ән салғанда қыз-келіншекті былай қойып, базары тарқаған бәйбішелер таңдай қа­ғып, тамсанатын. Өзі көкпаршы, палуандығы және бар. Тоқпақта өткен бір бәйгеде қырғыздың Қызылай деген қызына аңсары ауып, ақыры алып қашып, отау құр­ды. Ашаршылық жылдары қайынжұртын сағалап, жілік­майын үзген жоқ. Бертінде елге қоңды келген. Айнала отырған үш колхозды құруға атсалысып, белсенді болып жүрген, соғысқа өзі сұранып кетіпті. Жыл өтпей шейіт болды.
Арыстай азаматтың өлгенін ес­тігенде есеңгіреп қалған. Аудан орталығынан ауылға баратын соқпақты бойлап жүре беріпті. Жүріп келеді, жылап келеді. Жо­лай арбакеш қазақ жолығып, ауыл тұсынан түсіріп кеткен. Бекбер­ген­нің үйі шеткеріде болатын. Кеш­кі апақ-сапақта жетіп келген бұған Қызылай таңырқай қарады.
– Әй қатын, немене босағада тұрсың, төрлет,– деген қуырған би­да­йын кепсермен көсеп. Қызы­лай көрікті ғана емес жайдары, қал­жыңбас еді. Сол мінезімен күллі ағайынға жаққан, біреу келіп қырғызсың деп бетіне басқан
ем­ес. Қолы епті, әрі шаруақор. Күй­е­уі соғысқа барған кейбір әйелдер қожырап кетеді, ал бұл күтім-кү­йін тайдырмапты, үйдің іші тап-тұйнақтай. Екі ұлы төрде асығын шашып, ханталапай ойнап отыр, Бекберген кетерде туған кенже қызы бесікте былдырлап жатыр. Дүние әлемді жайлаған соғыстың салқын лебі бұл үйге кірмегендей… Бейқам, бейбіт те берекелі шаңы­рақ. Тап қазір соның быт-шыты шы­ғады, бұл әкелген хабар найза­ғайдай жарқылдап бейбітшілік аспанында бұлт қайнатады, мына бір жайсаң жанның жүрегін жара­лайды, ана бір бейкүнә бала­қан­дардың көзіне мұң салады, бесікте жатқан нәрестенің тыныштығын бұзады. Не істемек керек?!
– Әй, сенің басыңнан құс ай­налып кеткеннен сау ма? Түзде көп жүресің тыртаңдап,– деп Қы­зылай қайыра сөзбен қаға бергенде төрт бұрышты хатты ұстата қойды.
– Бұл не?
– . . .
Жауап қатпады. Бекберген белсенді кезінде Қызылайды да қызыл үйге беріп, оқытып алған, әжептеуір хат таниды. Бастапқыда соғыстағы күйеуінен келген ке­зекті хабар шығар деп қуанып қал­ған. Жалма-жан ашып жіберіп, көз жүгіртті де біреу сойылмен ұр­ған­дай сылқ етіп отыра кетті. Түрі бір қошқылданды, бір қуарды. Әлден уақытта «аһ» деп күрсініп, қисая берген… Талып қалыпты. Жалма-жан су бүркіп, тұрғызды да қолтықтап далаға алып шықты. Көрші-қолаң да қайдан естігенін кім білсін, екі-үш адам үрпиісіп жиналып қалған екен. Қызылай, бірден дауыс салып жылаған жоқ. Көңіл айтқан кісілермен үнсіз көрісті де ауыл сыртына бет алды. Соңынан қос келіншек ілесті. Әлден уақытта алыстан аңырап-боздаған әйел дауысы естілген. Қызылай, балаларды шошыт­пайын деп аулаққа барып шер тар­қат­қанын жұрт түсінді. Зар­ланып салған жоқтауы талып ес­тіледі, оның даусын естіген ел-жұрт танауын қорс-қорс тартып, қосыла егіледі. Ет пісірім уақыттан соң ғана екі әйел Қызылайды қол­тықтап алып келді. Жылай-жылай әбден қалжырапты. Көзінің жасы таусылғандай, әйтсе де іштегі шері тарқамаған, кеудесін селкілдетіп өкси береді. Тарқатылған қос бұрымын келіншектің бірі жинап, екіншісі жаулығын тартып, үйіне сүйемелдеп кіргізді. Қызылайды содан екі ай өткен соң бір-ақ көр­ген. Көңілсіз амандасты. Бетіне әжім түсіп, едәуір шөгіп кетіпті.
– Тағы кімді өлтіріп келе жатсың?– деп қағытып өте шықты.

***

Шынар апаны, соғыс жылдары ауыл қатындары «қара қарға» атапты. Әкелетіні қара қағаз, ес­тір­тетіні ер-азаматтың өлімі…
Шашын жұлған жесірді, аңы­раған ананы, шырқыраған баланы сан мәрте көрді. Мұң мен нала­ның, шер мен қарғыстың сан түрін естіді. Үш бұрышты хат келсе қуа­нып қайтады, төрт бұрыштыны көргеннен ботадай боздап, жоқтау айтады. Кей күндері орталықтан құр қол оралады. Ондай кездері үш ауылдың тұрғындары кезекпен кісі салып, елегізіп, тыпыршиды.
– «Хабар-ошар жоқ па екен, ауданға тағы бір барып келсең қайтеді?», – деп қолқалайды.
Қара жұмыс қажытқан, жаны жаралы жұрттың сөзін жерге тас­тамай, буынып-түйініп жолға қам­данады. Ары-бері отыз шақы­рым жүріп, соңғы ақпарды алып қайтады. Кейде кештеу шығып, қараңғыда қалып кететін. Ондайда жапан даланы басына көтеріп ән салатын. Бұл бір жағы ит-құсқа сес, екіншіден өзіне демеу… Әннен қуат алып, шер тарқатады. Ерте айрылған жолдасының құсасы, бейкүнә шағында шетінеген сәби­лердің зары, қан майданға кеткен жалғызының уайымы, жұртқа жексұрын болған өзінің шарасыз хәлі, бәрі, бәрі, бәрі де көмейінен ащы зар болып төгіліп, көкірегін қайғыдан тазалайды.

***

Бекбергеннің қазасын естірт­кен күннің түнінде дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Күйеуі Қо­жагелді түсіне кіріпті, қасында өзінен аумайтын өрімдей қыз-жігіт­тер бар. Барлығы әлденеге алаңдаулы күй танытады. Сөзге тартып еді, тіл қатпастан тұрды да құбыланы бетке алып, батқан күннің қызыл арайына сіңіп кетті. Ертеңіне иіс шығарып, жеті шел­пек пісірген. Қожагелдінің қасын­дағы жастар – жөргегінде шетіне­ген ұл-қыздарым шығар деп топ­шы­лады, бірақ олардың қылы­ғын неге жорырын білмеді. Ауыр ойдың құрсауынан құтылмаған күйі колхоз төрағасына барды.
– Жұмысым көңіліме жақпай жүр, босатыңыз! Шөпшілерге қо­сы­лайын,–деп өтініш айтқан. Бі­рақ көнбеді. Алдап-сулап, арқа­сы­нан қағып шығарып салған.
– Тек, бұдан былай қазаны беталды естіртуші болма! Дауыс шы­ғарып кеңсенің алдына кел, өзім хабарлаймын,– деген маңғаз­данып. – Әрі күндіз келіп елдің жұ­мы­сына бөгет қылма, мал қора­лан­ған соң жет! Бізге әрбір адам қым­бат әрине… Дегенмен әрбір ми­нутымыз жауға қарсы атылған оқ екенін де ұмытпауымыз керек, – деп шегеледі.
Тізімдегі адамдарды тағы бір тү­гендемек болды. Басынан ая­ғына қарай ежіктеп санай баста­ғаны сол еді, әлдебір салт атты тасырлатып шауып өтті.
– Көшенің шаңын аспанға шы­ғарған бұл қай әпербақан,– деп артынан сөзбен бірге көзін жүгіртті. Әлгі адам қамшысын бұл­ғап, әлдене деп орысша айқай­ла­ды да аудан ұлықтары отыратын бас кеңсеге кіріп кетті. Осы кезде орталық алаңдағы үлкен радиоқа­был­дағышқа тіл біткен. Үнемі осы­лай өкпесі сыр берген адамша қа­қалып-шашалып, ғыжылдап барып сөз бастайды. Көбіне қоңыр дауысты еркек әлденені орысша самбырлап, хабарлап жататын, кейде жанға жайлы ән шырқалады. Хат-хабар күтіп отырып оны да талай мәрте тыңдаған. Хабаршы­ның сөзінен ештеме ұқпаса да, мұңлы әуендер жанына жағатын.
Радиоқабылдағыш баптанып болам дегенше отыз қаралы адам жиналып қалды. Орысша ұқпаса де бірдемеден құр қалатындай ен­телей жетті. Әдеттегі дауыс сөйлеп кеп берген. «Москва», «совет», «ар­мия» дегендерін ғана түсінді. Бір кезде жиылған жұрт араның ұясындай гүжілдеп тұрды да, ала­қайлап шулап кеткен.
– Е, не деді? Не айтты? – деп бір-бі­рі­нен сұраған ауыл қазақ­тары алақ-жұлақ етіп әркімнің аузына қарайды.
– Победа, – деп айтты. Ура! Жеңіс! Біз жеңдік! – деп әскери киім­ді балдақ таянған қазақ айқай салды.
– Не дейді көтек?!
– Жеңіш жеңеше, жеңіш! – деп басын дәкемен таңып алған сақау жігіт қапсыра құшақтап, бетінен сүйіп-сүйіп алды. Жұрт «жеңіс», «жеңіс», – деп айқайлап жан-жаққа жаппай жүгіре баста­ғанда ол да қозғалған. Бес жыл бойы өзі тоздырған ескі соқпақпен аяқ-аяғына тимей безіп келеді. Екі көзден аққан жас та екі аяқпен жа­рысқа түскендей, ағыл-тегіл ақ­та­рылып жатыр. Ара-тұра «же­ңіс, жеңіс»,–деп қояды да жеңі­мен көзін сүртеді. Жыра, жота­ларға келгенде айналмаға түспей төтелей тартып, жол қысқартты. Жолсызда өскен тікен, шөптер көй­легінің етегіне жармасып, жырымдап жыртып тәбәрік алып қалды, жаулығы да бір бұтақтың қолында кетті. Ешбіріне қараған жоқ. Үсті-басы жырым-жырым, шашы дода-дода болып жүгіріп келеді. Сол кейпімен, сол екпін-мен ауылға кіргенде «Шынар бей­шара жынданыпты», – деп жұрт жағасын ұстады. Алқынып тұрып айтқан сөзін де бастапқыда ешкім ұқпаған.
– Жеңіс, жеңіс, – деген екі ауыз сөзді екі иіннен дем алып тұрып жеткізгенде жұрт түсінбей:
– Не дейсің әкем-ау? – деп қайы­ра сұрады.
– Соғыс бітті. Біз жеңдік, – деп сылқ етіп құлап түскен.

***

Шынар апаның соғыстан кейін­гі өмірі көз алдымызда өтті. Жал­ғыз ұлы Түзелбай майданнан аман-есен оралып, үйленіп, шаңы­рақ кө­терді. Ауылдағы тері ком­бина­тының сол кездегі «авто­базасы» – «конный дворға» бастық болып, жорға мініп, жоғары қыз­меттер атқарды. Екі қыз да өсіп-жетілді. Бірақ, сол бір бақытты дәурен келте қайырылған. Алды­мен үлкен қызы Жанымхан 29 жасында қай­тыс болды. Артынша келіні, соңы­нан 41 жасында Түзелбай көз жұм­ды. Араға жыл­дар салып кен­жесі Бүбіхан да ал­пыс­қа қараған шағын­да ауыр сыр­­қаттан жарық дүние­мен қош айтысты.
– «Мен не деген жалмауыз едім, бір баламнан бір уыс топырақ бұйырмады», – деп зарлаған апаны күллі ауыл жұбата алмады.

***

Бөктердегі ауылды бұрынғыдай бозторғай шырылы, тауық-қораз­дың шуылы оятпайды. Құзғын сә­рі­ден таңның атқанын азаншы хабарлады. Бес уақыт парызын өтемесе де таң намазына қатысу шағын мешіт салынғалы дағдыға кірді. Намаз оқып болған соң
бо­йы сергіп, ойы жеңілдеп қала­тыны бар, әрі көкейдегі арман-тілегінің бәрін намаздан соңғы дұғада ұза­ғынан толғайды. Содан әрі әдет бойын­ша тау етегіне қатар қонған үш елді-мекенді адақтап шығады.
Бүгін де құманға су жылытып, дә­ретін алды да далаға шықты. Күннен хабаршы келгенмен түн жамбасын жерден алмай қырсы­ғып жатыр. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Ауада аздап дымқыл бар, тұман түскен секілді. Көшенің бас жағынан жалғыз жарық сығырая­ды. «Түнімен қыдыратын қағын­ған балалар», – шығар деді ішінен. Есіне немерелері мен тентек жиен­дері түскен. Кеше ғана келіп кет­кен, әлден сағына бастапты. Өт­кен күндерге ой жүгіртті.
Қарап отырса өмірі мұң мен зар­ға толы болыпты, жылаған күндері көп, қуанған кездері аз… Жанының жалауын жығып, Жа­ным­­хан дүние салды әуелі. Шаңы­рақ­тағы алғашқы қаза қабырғасын қайыстырса да құдайдың салға­нына мойынсұнды. Түзелбайым аман болса, кем-кетігім түзелер, кеткенім келер, барыма құдай бе­реке берер,– деп үміттенген. Бірақ көп ұзамай Түзелбай да қайтпас сапарға аттанып кете барғанда жанын қоярға жер таппаған. Жа­на­ры суалып, етегі жасқа толға­н­ша жылаған, даусы қарлығып, сөзден қалғанша жоқтау айтқан. Ақырында оған да көнген. Ар­тын­да қалған жалғыз қарасы бар, сол көзге қуаныш, көңілге жұбаныш деп өзін-өзі алдаусыратты. Құлақ етін жеп жүріп, ол немерені де ерте үйлендірді. Қаланың тікбақай қызын болашақ келініңіз деп жетектеп келгенде қушиған рәңін жаратпап еді, айтқанындай-ақ жалғыз құрсақ көтерген соң дәрігерлер екінші рет тууға рұқсат бермепті. «Бұ қалай болды?», – деп көп ойланатын. Түзелбай атадан жалғыз еді, одан туған жалғыз тұяқтан да жалғыз ұрпақ өрбіді. Он бала тапсаң біреуі ғана адам болатын біздің заман өтті, қазір дүние оңалды ғой, неге қамдан­байды, неге емделмейді?! Тіпті болмаса екінші әйел алсын! Арғы аталары үш қатын алған болыс емес пе еді?! Кіші қызы Бүбіханмен оңаша бір сырласқанда осыны айтқан.
– Ой мама, жастардың арасына килікпе, өздері біледі. Әрі-беріден соң біздің мұндай күңкілімізді жақтырмайды, келінің естісе рен­жиді. Ендігәрі ондай сөз айтпа! Жалғыз немереңмен араластырмай тастаса қайтесің, – деп басып тастады. Сөйткен Бүбіш те пай­ғам­бар жасына жетпей көз жұмды. Оның артында үш қыз қалды, бі­рақ жиен ел болмайды, желке ас болмайды. Қанша бауыр тартсаң да Түзелбайдың шаңырағын тігіп, түтінін түтеткен жалғыз ұлдың жөні бөлек!
Бүбіш қайтқанда апта бойы азалап жатты.
– «Ей, Құдай, не жаздым саған? Құзғындай ұзақ жасауды сұрадым ба? Үш баласын жұтқан жалмауыз атанғанша осы қазір жанымды алшы», – деп Жарат­қанға наз айтып, шамырқанды. Төсектен тұрмаған күйі жөнеліп кетсем деп іштей бекініп, өлім сұраған. Бірақ біреудің бауырын­дағы баласын алып аңыратып, біреудің анасын жалмап шырқы­ратып жүрген әзі­рейіл маңайлай қоймаған. Оның үстіне асты-үстіне түсіп, зыр жүгіріп жүрген жиен, немере­лерін көз қимады. Солардың ер­келеген қылығы – еңсесін тіктеді. Ол кезде барлығы мектеп жасында болатын. Қазір ұлы ержетіп отау құрды, қызы бойжетіп, өріс ұзартты. Бар­ған жерлері жақсы, тұрмыстары да жаман емес.
– «Айтпақшы солар не деп кет­ті кеше?» – деп күбірледі. – «Қыркүйекте тойыңды жасаймыз, жүзге жеткен бар, жетпеген бар»,– деді емес пе?! – Апыр-ай бұ қалай болар екен?– деп тап қазір айнала­сында жұрт қарап тұрғандай тоқ­тай қалып, төңірегін көзбен сүзді. – Қай бетіммен той тойлаймын. Ел не дейді? Үш баласын бірдей жұт­қан мына құзғын несіне қуа­нады десе, біттім ғой, біттім… Тірі­дей өлтіргенше, ала салсаңшы жанымды жаратқан ием!
Аспанда құдай қарап тұрғандай басын көтеріп, көзін көкке қада­ды. Қалың тұман тұмшалап, еш­теме көрсетпеді. Алыстан мешіттің сәуле шашқан мұнарасы көрінді. Қараңғы көшеде соны темірқазық қылып тура тартты.
– Неге мен өлмеймін осы?–деп өзінен-өзі сұрады. Бұл сұрақты ауданнан келген дәрігерге де қойған.
– Денсаулығыңыз қырықтағы келіншектей, апа!– деген ол іш-құрылысы мен қол-аяғын түгел тексеріп болған соң… – Отырып алып өсек айтатын апашкалар сізден үлгі алса ғой, көбірек қи­мыл­дау керек десең де құлақ ас­пай­ды-ау солар. Сіз өлімді ойла­маңыз, жүрісті тоқтатпаңыз, әлі шөбере, шөпшек сүйесіз – деп сөз соңын қалжыңға жеңдірген. Кө­зіл­дірікті дәрігердің сөзіне күлген де қойған. Баяғыда шал-кемпір­лер: «көп жаса, көтен аса», – деп бата беріп жататын, бәлкім солар­дың тілеуі қабыл болды ма екен деп өзінше кесіп-пішетін кей кезд­ері… Анабір сыған қатынға да сенбеп еді, ол албасты да дәл ай­тып­ты-ау. Апақ-сапақта Ырғайты мен Талдыбұлақтың арасында жолыға кеткен жалмаңдап.
– Болашағыңды болжаймын, – деп жата кеп жабысты. Амалсыз алақанын ұстатты.
– «Әй дебышка, ұзақ жасай­сың, долго-о-о-о будешь жить»,– деген алақанын ұстап отырып, екі иығы­нан асыра екі рет түкірді. – Но балаларың… Осыны айтқанда сыған қатынның түрі өзгеріп кет­кен.
– Балаларыма не болыпты?–деп бұл шап ете қалды.
– Балаларыңа бал аштыру үш­ін тағы ақша ұстат,– деп сай­қал­дана қалды.
– Тә жоғал әрі, – деп қолын жұлып алып жайына кете барды. Бірақ балалар туралы не айтқысы келді деген ой көпке дейін мазалап жүрді. Ал «өзің ұзақ жасайсың» де­геніне ол кезде шынымен қуа­нып қалған.
– «Бекер-ақ қуанған екен­мін», – деді. Кебісі аяғынан түсіп қал­ған екен, түртпектеп жүріп әз­ер тапты. Қайта кимек болып ең­кейіп жатып – «ел қатарлы жет­піс-сексенімде кете берсем, бүгін­де селкілдеп жүрмес ем, осындай қайғыны көр­мес ем», – деді өзіне өзі сөйлеп…
Құлағына гүжілдеген әлдебір дыбыс жетті. Жақыннан, тура қасынан естілді. Кебісіне байпа­ғын сұғып, басын көтергенде өзіне төніп келген жалғыз көзді көрді.
– Ә, келдің бе? – деп айтып үлгермей көзін көлегейлей берген. Гүрс еткен дыбыс шықты да дүние төңкеріліп кетті.

***

Күздің көңілсіз бір түнінде Шы­нар апа қайтыс болды. Тұп тура 99 жыл, 9 ай өмір сүріпті. Күл­лі ауыл күңіренді. Бірақ ешкім «жүз­ге келді жарықтық, арты той ғой» – демеді.
Өмір бойы тыным көрмеген құйтақандай кемпірдің кәрі жүрегі аурухана төсегінде мәңгілікке дамылдады. Дәрігерлер қарияның жүрек соғысы жақсы, жанын ара­шалауға болар еді дейді, тек өзі өлімге мойынсұныпты.
– «Инадо, инадо», – деп ешбір ем-домға келіспей, ешбір дәріні ішпей тістеніп жатып алған. Бақ­ұлдаса барған немерелеріне: – «шо­пырдың жазығы жоқ, кешірім беріңдер», – деп аманаттапты.
Араға екі-үш жыл салып Шы­нар апаның Алматыдағы немересі мен шөбересі қайтыс болды деген хабар жетті ауылға. Түзелбайдан қал­ған шаңырақтың ошағы құлап, оты сөнгенін бейшара кемпірдің көрме­гені жақсы болды десті көпшілік.

ПІКІРЛЕР3
Мейрамгүл 24.06.2018 | 19:19

Есболат, еңбегіңіздің жемісін көріңіз! Жылаттыңыз ғой! Сондай жып-жинақы екен. Соғыста хабарсыз кеткен үлкен əкем мен нағашы ағамды іздеп жүрмін əлі.

Аноним 05.05.2020 | 11:17

Неткен қасірет😢😢😢

Аноним 21.08.2020 | 15:25

Шынайы!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір