Табыстырған құшағы көк пен жерді
22.06.2018
1164
0

 

 

 

Мұхтар СЕРЖАН


 

БОЗДАҚТАР

Желкені құлап жетесі сынып,
Жез құман ғұмыр қайнаған отта.
Боздаған зарға шекесі сіңіп,
Мұңайды дала батыры жоқта.

Оранған гүлге пейішті нұсқап,
Орманын өрттен сақтаған елді.
Бақытты байтақ уысында ұстап,
Талапшыл жанға уақыт келді.

Ұлықтап ұрпақ дәстүрін елдің,
Тұтатып арша аластап бесік.
Арқаны осып араны шердің,
Білімсіз адам кілті жоқ есік.

Ұлиды аспан ұланын жоқтап,
Жетімек жанның жарасын шетіп,
Ажалы жетсе жүрегі тоқтап,
Даланы сүйді құшағы жетіп.
Боздақтар!

Біз кездескен сәт қас қағым,
Ал біз мәңгілікке қоштастық…

ЖАНЫМ

Балалық қалды қос қолын бұлғап,
Балауса дауыс естілмес бүгін.
Үзіліп жеткен үніңді тыңдап,
Көтерем нәзік жүректің жүгін.

Жүретін едің қатемді түзеп,
Қатерлі мынау өмірдің жолы.
Иіліп тұрдың көрсетіп ізет,
Ұсынып бақыт сезімге толы.

Кездесіп едік көктемде біздер,
Көсілтіп көкке желкенін арман.
Санамда қалып өшпейтін іздер,
Бұйдасын үзді бұйыртпай жалған,

Жолаушы қаңбақ тал белін қармап,
Көңілді алдап сұлулық біткен.
Көзіме түсер көркімен арбап.
Жаураған жаным жылылық күткен.

Ғашықтың мұңы жасылдың оғы,
Ғасырда құлап түнерген түзге.
Періште сөйлеп жасырдың нені?
Тұнығың батып тұңғыйық түнге,
Тағдырға айтшы обалың кімге?..

КӨБЕЛЕКТЕР

Ақшаға арын сатып ебелектер,
Ақылға құлақ аспай көгеректер.
Кеудеме жарық шашқан ұмтылады
Түндегі қанаты жоқ көбелектер,

Ажарын ақ ұлпамен түрлендіріп,
Жаныңды сөздің құрты кірлендіріп.
Айтайын өткеніңнен естеліктер,
Көктемдей сары күзді бүрлендіріп.

Қылықтым сен өзгеден көрікті едің,
Талас жоқ талғамыңа ерікті едің.
Алсада қала түні құшағына,
Үп еткен желге еріп желікпі едің.

Анаңа уәдеңді беріп пе едің,
Қиырға қанатыңды керіп пе едің.
Бой жетіп ой түзеген мезеттерде,
Бұрымға ұятыңды өріп пе едің.

Сүріндің неден қалқам қателестің,
Үлгі ең өзің қатар тетелестің.
Құмартып азғындықтың шырынына,
Іліктің жетегіне жат елестің.

Қонасың гүлден гүлге тұрақтамай,
Кезігер алдыңнан жүз сынақ талай.
Теңгенің жолын іздеп тентірейсің,
Жүресің үйіріңнен жырақтамай.

Құларсың сенде бір күн биігіңнен,
Қадалар ар қанжары бүйіріңнен.
Қамқор жандар сен үшін жанын кесер,
Намыстың ел алдында күйігінен.

КӨКТЕМ КЕЛДІ

Балғын тәні балбарап көктем келді,
Ақ көрпеден арылтып көп белдерді.
Мұз астынан көктеген балаусаның,
Табыстырған құшағы көк пен жерді.

Таңды таңға армандар жалғастырды,
Бақ ішінде Баянды қолдастырды.
Өзгергісі келмеген қыс қаһарын,
Қыз көктемнің шуағы алмастырды,

Өткен уақыт белгісі күндерімнің,
Қолым жетпей үзілген гүлдерімнің.
Мұңға көміп балалық іздерімді,
Шырақ жаққан тұңғыйық түндерімнің.
Айғағы сенсің қыз көктем …

Жас шыбықтар мәуелеп бүршіктесе,
Балақ тістер ызғары жүр тістесе.
Сай саланы ерітер күннің көзі,
Обалына ақ қардың түршікпесе.

Теңбілденіп көрінер жердің төсі,
Кең жайлауға ағылар елдің көші.
Қоныс шалса құр атпен ел ағасы,
Мың сан үйге толығар көлдің шеті.

Бұлақ үні арудың күлкісіндей,
Қызыл күні аспан тау түлкісіндей.
Иіп тұрған төліне ақ сүт беріп,
Уыз толы желіннің үрпісіндей.
Келді көктем…

Көктем келді құстары өлеңдетіп,
Өнер сүйер құлақты елеңдетіп.
Ару қыздар жазбаған бұл жүректі,
Әнмен досым қайтайық жүр емдетіп.

Жел иіскеген даланың ақ тамағын,
Сұлу еткен тәңірім қас қабағын.
Көктем келді адамдар аялаңдар
Көңілінің кірлетпей ақ парағын.

СӨЗ

Сүйектен сөзді өткізіп,
Қасамын ішіп егестің.
Нөсерін жырдың төккізіп.
Уақытпен тел өстім.

Заманның зарын жеткізіп.
Көңілден күдік ақтарсам.
Шекпенін мұңның шешкізіп,
Жылдарға көркем хат жазам.

Жоғалған жырдың жұрнағы.
Жолымнан шықса қол бұлғап.
Арыма батқан тырнағы,
Еңсемді басты ай-жылдап.

Шыңырау шындық терең сөз
Күмбірлеп төгіл шанақта.
Көк ала үйрек өлең-сөз
Кеудеме келіп қонақта.

Жазайын тағдыр арпалыс,
Таймасын таға мұз беті.
Майданда әр бір қалтарыс,
Ерліктің салған суреті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір