Танылудың таңғажайыбы
Абай – біздің барымыз, ол – адамзатқа ортақ тұлға. Оны руға, елге, жерге бөлудің өзі орынсыз екенін ұғынуымыз керек. Әр адам өз перзентін өздігінше еркелетіп, өздігінше аялайды, өздігінше өбеді, өздігінше маңдайынан иіскейді. Хакімді хакім ретінде қабылдап, оның теңіздей телегей мұрасын зерттеуді өзімізге мақсұт тұтуымыз керек. Қазақ та өз Абайын аялап, оны қаңқу сөздерге жығып бермесе деп тілейсің Жаратқаннан. Шығыс өңірінде: «Айтылған сөздің бәрі Құнанбайға тиеді» деген сөз бар екен. Сол секілді, шығармалары «басқа біреудікі» немесе «оны басқа біреу жазып берді» деген жалған сөз естігенде, жүрегің қан жылайды. Шайырдың туған күнін барша қазақ болып, мемлекеттік деңгейде тойлағанда ғана ұлт ретінде қалыптасып келе жатқандығымызды аңғартатын шығармыз. Соғыс, аштық, геноцид, ашаршылық, отаршылықты көрген қазақтың бағына Абайдың бұйырғанын айтсаңызшы.
Үш тұма бұлақ – Батыс, Шығыс және қазақ әдеби-мәдени мұраларымен сусындаған ақын адамзаттық ойларды айтқан алғашқы қазақ есебінде тарихта қалды. Абай адамзатты қазақша сүйе білді және өзгелерге де қазақша сүюдің қандай екендігін көрсетті. Құнанбай перзент күткен уақыттан бастап бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі аралықта Абайша ойлау, Абайша сөйлеу, өзіңді Абайша ұстау, Абайша сезіну, Абайша көре білу дегеннің өзі бір категорияға айналатын мерзім өтті. Құдайым бұйыртса, болашақта Абай табиғат лирикасының негізінде мультфильмдер жасалып, поэмаларының негізінде философиялық кинолар түсіріліп, ғақлияларының негізінде пьесалар жазылады деген сенімдеміз. Өзімізді жоғары бағалағанда ғана шетелдіктер Абайға қызығып, оның өлеңін өз тілінде оқып, ұғынуға талпынады. Тың ойлар, жаңа орамдар, бай образдар, шұрайлы тіл, ерекше екпіні бар поэзия қазақта бар екенін мына Әлем біле ме екен?! Қазақ рухани төлқұжаты ретінде Абайды алып, оны барлық тілге аударсақ, ұтылмасымыз анық. Біз Гомер, Байрон, Бернс, Шиллер поэтикасындағы шындықтарды ешбір оқырманнан кем сезініп жатқанымыз жоқ. Ал Абай ғаламындағы ғарыштық кеңдікті алдымен өзіміз ұғынуымыз қажет. Сен әлем классиктерімен қатар тұрсың, қазақ әдебиетінің Жомолунгмасы!.. Данте ежелгі латын тілінің негізінде итальян тілін түзсе, Абай қазақ жазба әдебиетін қалыптастырды. Шекспир театрдағы трагедияға деген көзқарас өзгертсе, Абай табиғат лирикасына деген ұғымды орнықтырды, Ду Фу әлем поэзиясына өзгеріс алып келсе, Абай әдебиетке «сегізаяқ» өлшемін енгізді. Христиан әдебиеті «Әке, Ұл және Қасиетті Рух» түсінігінің негізінде жазылса, Абай шығармаларында исламияттағы Алла, ар, адам және Табиғат төрттігі көрініс береді. Мектеп партасында отырып жаттаған: «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау, танымас тірі жандыдан» бастап «өлеңмен жер қойнына кірер денеңге» дейінгі поэтикалық һәм рухани эволюцияны қаншалықты байқай білдік? Абай және әлем классиктары деген тақырыпта кішігірім мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз…
Франкфуртта туып, Веймарда дүние салған Гете әлем әдебиетіне Вертер, Эгмонт, Фауст, Мефистофель секілді кейіпкерлерді сыйлады. «Жас Вертердың азабынан» кейін замандастары оны «пессимизмге толы туындысы» үшін кінәлады. Бұл шығарманы оқыған көптеген жастар өздеріне қол жұмсап, бас кейіпкердің күйін кешті. Вертер сол кездегі бюргерлік Германиядағы қоғамға өзін-өзі өлтіру арқылы ғана қарсы шығып, жан азабын жеңе алды. 1981 жылы алдымен гетешілдер, кейін вертершілдер қоғамы құрылды. Бір қызығы екі ұйым бір-бірін аса жақтырмайтын көрінеді.
Вертершілдер Гетені жауыз әрі «жас жігітті сонша азапқа салғаны» үшін айыптаса, гетешілдер қарсыластарын Вертердің әлсіз адам екенін беттеріне басатын-ды. 1998 жылы бұл екі бірлестік қосылып ірі әдеби орталыққа айналды. Немістердің ұлттық мерекесі кезінде Фауст пен Мефистофельдің арасындағы ірі қақтығыстарты көрсететін сахналар қойылады. Көлемді шығарманы жатқа айтқан адамға Гете атындағы Оқырмандарға берілетін сыйлық тапсырылады. Гете жасы ұлғайған шақта жас қызға ғашық болып, оған хат жазады. Бірақ оны өзінен басқа ешкім оқымайды. Жас қыз ақсақалды көзге де ілгісі келмейді. Кейін ғұлама дүние салған соң гететанушылар сол аруға жазған хаттарын «махаббат табиғатын ашатын әлемдегі ең ғажап жазбалар» деген баға береді. Содан бері немістер арасында бір-біріне сезімін білдірер кезде Гетеның хаттарын үзінді оқып барып, үйлену туралы ұсыныс жасайтын бейресми заң пайда болды. Германияның мемлекеттік сыйлығы Гете атында екенін ескерсек, оны неміс әдебиеті пен мәдениетіне, неміс өнеріне және Гетеге деген құрметі үшін береді. Неміс жұрты жыл сайын ақынның Веймар қаласындағы үйінің алдына жиналып, өлеңдерін оқып, сахналық қойылым қойып, суреттерін салады екен. Оған Еуропадағы алыс-жақын елдерден көптеген қонақтар келетінге ұқсайды. Сол кеште Гете шығармалары румын, поляк, чех, италян, испан, ағылшын, хорват, француз тілдерінде оқылады. Соңында қоладан құйылған ескерткішке гүл шоғын қойып, неміс ұлтының амандығын тілейді!.. Гетенің құрметіне Меркуридеги ойыққа және минералға (гетит) Гетенің аты берілді. Бәз бір деректерде Берлиннің Орталық алаңында бүкіл кітаптарды өртеткізген Гитлер «Фаустты» оқып, қызыл жалыннан аман сақтап қалған деп келтіреді. Бұл әдебиеттің фашизмды мойындатуы еді! Гете, Гете, Гете…
Италиялықтар айтуынша Данте дүниеге келгенде «Флоренция аспанынан жұлдыздар ағыпты». Дәл бұндай поэтикалық әсірелеуді тек қана Алигерьи ғана лайық. Ал ұлы ақын дүниеден өтер алдында: «Періштелер мені Көкке көтеріп кетеді. Мен сонда боламын! Келіп тұрыңдар. Мен енді мәңгілік өлең жазып өтемін…», – деп сандырақтапты. Кейін Рим қаласының басшылары Питти атты мүсіншіге қос періште ақынды Ғарышқа көтеріп бара жатқан үлкен бейнесін жасатыпты. Жас ақындар жаңадан жазған өлеңдерін сол ескерткіштің жанына қойып кетеді екен. Егер жел парақтарды ұшырып кетпесе, онда бұл Данте жас періге батасын беріп, жақсы деген бағаға лайық екендігінің белгісі. Халық поэзия рухына, Әдебиет құдайына сенеді. Өз уақытында Италиядағы саяси ахуалға байланысты ақын елінен де қуылған болатын. Бокаччоның сөзіне сенсек, ақын сақал-мұрты қауғадай болған. Бірақ ақын барлық суреттерінде жүн-жұрқа атаулысынан ада күйінде бейнеленген. Өйткені, «Крест жорығынан» кейін сақал-мұрт жауыздықтың символына айналғандай. Өз Дантесін қаскүнем ретінде ешкім бейнелегісі келмепті. «Құдіретті комедия» Комедия бөлімін Беатриче арнаған-ды. Ерекше ынтық болған ғашығы дүние салған соң онсыз да аз сөйлейтін ақын тіл-ауыздан айырылғандай болыпты. Модена қаласының әдебиетсүйер қауым ақын ескерткішінің жанына сұлу әйелді қосыпты. Хәл үстінде жатқан Алигерьи: «Беатриче, мен сені сүйемін! Енді екеумізді ешкім ажырата алмайды…», – деген сөзі жеті ғасырдан кейін граниттен ойылған мүсін түрінде жаңғырыпты!..
Пушкин жазғы демалысын нағашы апасы Мария Ганнибалдың жанында өткізетін-ді. Апасы ертегісін бастап кеп жібергенде кітап оқып отырған бала бірден құлағын түріп, тапжылмай, тыңдаудан шаршамайды екен. Кейін осы дүниелер өлең күйінде түрленіп, орыс әдебиетінің алтын қазынасына айналады. Гоголь Пушкинді: «Орыстың – ары!..» – деген болатын. Николай I: «Еркін ойлылардың көшбасшысына айналмаса жарар еді. Кейін артынан халық ереді» деп ақыннан сескенген. Пушкин шығармашылығының халықтық, ұлттық сипат алуы да тегін емес. Ақынның рухани түлеуі, күшеюі Фонвизин, Вяземский, Жуковскийлардың жас буынға, жаңа әдебиетке орын босатып беріп жатқан кезіне дәлме-дәл келді. Орыс әдебиетіндегі барлық жанрға қалам тартқан сирек шоғыр болса, соның бірі – Александр Сергейұлы еді. Гений қатардағы кавалер Дантестің есімін тарихқа өз қанымен жазды. Моцарт пен Сальери аналогиясы бар сияқты, Пушкин мен Дантес арасындағы қайшылықтың өзі бір дастан. Сталин естелігінде: «Біз ауылда Пушкин – Дантес болып атысатынбыз. Бәрі Пушкин болғысы келетін. Дантестер…», – деген еді. Шетел асқан Бунин, Бродский, Довлатовтар Отанын – Ресейді сағынғанда ақынның таңдамалы бір томдығын қайта-қайта оқыған екен… Манифест жариялағандардың көш басында тұрған Маяковскийлер шайырды «тақтан тайдырған» болатын. Кейін онсыз алысқа шаппайтынын түсінді…
Шекспирдің туған күнімен, өмірден өткен күні бір күнге сай келеді екен. Осы датаға байланысты ағылшындар неше түрлі алып-қашпа әңгімелер шығарған. Солардың бірі – Шекспир туғанда өзі өлер күнін болжаған дегенге саяды. Алан Чествик деген өнертапқыш «Шекспир» және «Гамлет» деген интеллектуалды ойын шығарған. Әр кезеңді өткен сайын ақынның кітаптарын ұтып аласың. Ал «Гамлет» деген ойын мүлде қызық. Бар мен жоқтың арасында жүрген ойсоқты болған дат ханзадасы сізге философиялық сұрақтар қояды. Жауап бермесеңіз, онда өміріңізде бір нәрсені өзгерту керек деген сөз. Яғни, жастарды өмірді, дүниені тануға талпындыратын ойын. Шекспир айналасындағы дауға әлі күнге дейін нүкте қойылған жоқ. Әркім әртүрлі ой айтқан. Шекспир деген адам дүниеде болмаған, «Шакспир» атты кедей жігіт болған немесе оның шығармаларын Марло, Бэконға телиді (Ол кездегі Англияда лордтар мен графтарға өлең жазуға тыйым салынған). Қалай болғанда да «Глобус» театрының негізін салған Шекспир әлем әдебиетінің классигі екені шүбәсіз шындық. «And cvrst be he yt moves my bones» (Сондықтан Шекспирдің сүйегін қозғамай-ақ қояйық). Кезінде театр отқа оранғанда ағылшындар өз қаржысымен мәдени ошақты қайтадан қалпына келтірген. Өз туған Иоркшир маңында саябақ бар екен. Ол жерден Ричард III, Ромео мен Джульетта, Король Лир, Гамлет, Юлий Цезарьларды табасыз. Шекспирға дейін романтиканы трагедияға лайық нәрсе ретінде қарамаған. «Быть или не быть?..».
Либайдың (қытайлар Ли Бо дейді) досы Ду Фу патшаның кеңесшісі де, саяхатшы да, кезбе де, сопы да болды, бірақ оның мына жарық дүниедегі ең негізгі қызметі ақындық еді. Оған Қытай әдебиетінде «шишэн» атағы берілді. Көзі тірісінде дүниенің барлық алдамшы тіршілігінен баз кешіп, Янцзының жағасындағы лашығында жатып өмірдей ащы, шекердей тәтті, таңғы шықтай мөлдір, қылыштай өткір, қылшықтай нәзік, Айдай сұлу, Күндей жарық, Ғарыштай кең, мұхиттай терең өлеңдер жазды. Поэзияны патша сарайында емес, жоқшылықта, кедейшілікте жүріп жасағанды жөн көрген Шығыстың ұлы шайыры Ду Фу Батыс ақындарының рухани ұстазына айналғалы қашан. Дегенмен, Ду Фу поэзиясына капитализм призмасымен қарау қиындау шығар. Бәз бір аңыз бойынша Ду Фу ұрпағы қиналған сәтте түстеріне жалғызмүйіз түсіпті. Жануар таудың басында, тұмсығын жоғары көтеріп, тұяғымен жерді тарпып тұр екен. Қытай дүниетанымындағы жалғызмүйіз молшылықтың, жақсылықтың, татулықтың, тыныштықтың, алтын ғасырдың нышаны-тын. Бұл 589 жылы Солтүстік пен Оңтүстік Суй династиясының құрамына кіріп, таққа залым қатын-патша У-дың келген кезі. Ду Фудың үрім-бұтағы басына ауыртпалық түскенде Янцзы өзеніне келіп шайырдың өлеңін оқиды. Келесі күні әулетте оң өзгеріс орын алады. «Ойланбай оқуға және оқымай ойланбауға» болмайтындығын Конфуций ерекше айтқан болатын. Ду Фу әр сөзді, әр жолды терең ой үстінде отырып жазғанын, жаңбырдың тырс-тырс жауғаны, бұлттың көшуі, желдің соққаны, қамыстың сыбдыры, жұлдыздың ағуын ақын ерекше қабылдап, толғана жазатын-ды. Табиғат-Анадағы өзгеріс ақын жанына әсер етпей қоймайтын. Жанының нәзіктігі соншалық, құстардың даусын естіп жылайды екен. Бұрындары қытайлықтар бір немесе екі жолдан тұратын өлеңдерге қатты ынтық болатын-ды. Ақындар сезім ырғағын, дәуір өзгерісін дәл беру үшін күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өткізетін (Бір деректе Жянь деген ақын бір жол өлең жазу үшін бір жыл уақыты кетіпті деген әңгіме бар). Ал тұтас өлең жазу қаншалықты қиын десеңізші. Сондықтан шайыр шығармалары тасты тескен мүктей, еңбекпен, қиыншылықпен, ізденіспен келетіндіктен қытайлықтар алғашқы жаңбырға «Ду Фу жаңбыры» деп атау берген. Шығыста адамды жаңбыр (тазалық) теңеу – теңдессіз марапат, сыйлық, мәртебе.
Әлібек Байбол.