Бір сапардан түйген ой…
Исраил САПАРБАЙ
«Көрмесең, білмесең – жат боласың».
(Халық мақалы).
Стамбұлдан хабарласып тұр: дауысы үзіліп-созылып есітіледі: «Түркі дүниясы… шайырлар фестивалі…» Арғысын ұғып болмаған соң мен де үзіп-созып түрікше білетін ұлыммен хабарласу керек екендігін ежіктеп, аты-жөнін, ұялы телефонының нөмірін бердім. Ұзамай ұлым хабарласты: Стамбұлда «Түркі дүниесі ақындарының фестивалі» өтеді екен, сол шараға шақырылыппын. «Шақырған жерден қалма…» дейді қазақы үрдіс. Алты сағаттық аспан төрін еңсеріп, дер кезінде жерге қондық. Күтіп алды. Жайғастырды. Онжеті елдің онжеті шайыры. Қандас, қардаш, арқадаш… Сонау Батыс төңірегіндегі румын, болгар, молдова, босния елдерінен де «ат арытып, тон тоздырып» келгендер біршама. Түркі тұқымның шарламаған, шашылмаған жері бар ма, дені түріктер десе болады. Бізді қайдам, олар мұндағылармен тез тіл табысып кете барды. Ал біз… Біз дегенім – татар, түрікпен, өзбек, тәжік, қырғыз, қазақ қандастар. Бір өзеннің екі жағалауы десек те тілімізде, қарым-қатысымызда әжептәуір айырмашылық бары байқалады. Содан ба екен, ұғысу, түсінісу «жылқы кісінескендей» рәуіште бола қойған жоқ. Аралықты бірді-екілі тәржіман әдіптеп жүргенімен, әсіресе, өлең оқылған сәттерде әлгі алшақтық әжептәуір айқындала түсті. Діл құрметінің Тіл құдіретіне еріксіз кіріптар екенін сонда сезіндік. Шақырушылар жағы осы бір кірпияз тұсты не елемеген, не естен шығарып алғандай…Мүмкін, жүре келе түсінісіп, ұғысып кетер деді ме екен?.. Ауызекі сөзді ыммен, ишарамен жеткізе аларсың, ал көркем дүниенің жайы-күйі, әй қайдам, бұған көне қоюы қиын-ау. Солай болды да. Айтпақшы, шақырушы жақ бірер апта бұрын бізден бес-алты өлең мен қысқаша өмірбаяндық мәліметті сұраған. Оны алдын-ала жібергенбіз. Ылдым-жылдым жинақ та шығып үлгеріпті. Теңізден тамшы демекші. Латын әрібімен түрікшеге аударылған соң тұщыну былай тұрсын, түсіну қиынға соқты. «Қалқам-ау, сен қайдағы, мен қайдағы?..» Түркі текті түбі туыс ағайын болсақ та арамыз қаншалықты алыстап, алшақтап кеткен десеңші… Содан ба екен, аптаға жуық созылған игі шараның иі қанбай, үздік-создық бірер кездесу, жүздесулерді місе тұттық. Өз басым, басқаларды қайдам, екі-ақ жерде сахнаға шығыппын: ресми сипаттағы алғашқы күні және қыздар лицейінде. Соңғысы, меніңше, екі жаққа бірдей әсерлі Һәм қызықты өтті ғой деймін: әлгіндегі айтқан тіл мүдіріс-кідірісі әдірем қалды! Жыр да оқылды, ән де айтылды. Сұрақ та сәуір саңырауқұлағындай жан-жақтан жамырап қоя берді. Сыртқа шыққан соң да әлгі жинақты қолына ұстаған шәкірт қыздар қолтаңба алуға аулада қаумаласты.
Айта кетелік, «Түрік дүниесі шейірлері» тақырыбындағы дәстүрлі жыр мерекесі осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Мұның алдыңғысы, өздеріңізге мәлім, Түркістанда шерулеткен болатын. Екеуін салыстыра келгендегі байқағанымыз – айтарлықтай не айырмашылық, не ерекшелік көрінбеді: кәдуілгі алмакезек жыр оқу, аралықта қаланың айшықты орындарымен танысу. Ізгі қонақтар, ілкі шайырлар арасындағы ілкім сәттегі ілтипатты сырласу, қоянқолтық ой бөлісулер жоқтың қасы. Екеуіне де кінәлі–қалыпты ресмилік, қасаң бағдарлама. Фестиваль тақырыбынан тыс қайсыбір шаралар керек те шығар, бірақ негізгі өзек Өлеңде, Шығысшалап айтсақ, шербетті һәм шерлі, мумтаз һәм мұңлы Шейірде емес пе?! Сауатты да салауатты, толғамды да толыққанды Тәржіма тағылымы қайда? Ниет оң болсын-ақ делік, бірақ оңжамбасқа келетін оңтайлы тұстар аз ба? «Біткен іске сыншы көп» дей көрмеңіз, мынау аумалы-төкпелі әлем, оның ішінде Түркі дүниесі аман болса, осы тектес шаралар әлі талай-талай рухани қарым-қатыстың есігін айқара ашар-ау…Бұл орайда, кешегі посткеңестік кезеңде екі жаққа да тиімді іс-тәжірибелер қалыптасып үлгерген еді. Топтамасы бар, жеке-дарасы бар, аударма дүниелер алдын-ала қолымызға тиіп, ортақ игілікке жарап жататын. Одан кейінгісі – талдау, талқылау, пікір алмасу, ой-пікірді ортаға салу сияқты түрліше пайдалы іс-шаралар, нақты нәтижелер, түйінді, тұжырымды қорытындылар…Бұл менің фестиваль барысындағы жол-жолайғы жеке пікірім. Өзімсінбей, өгейсінбей ақыл-кеңесті ортаға салар болсақ, алдағы жылдардың жемісі аз болмауға керек…
«Өзімсінбей, өгейсінбей…» деп отырғанымда мәніс бар. Бұл моральдық, психологиялық тегершік (теңгермешілік емес) қайда барсақ та, өкінішке қарай, алдымыздан шығатын болып жүр. Біреуде кем, біреуде артық дегендей. Әсіресе, өзін болдым-толдым, өндім-өстімге санайтын, өркениеттің бел өркешінде жүрген елдерде бұл қауіпті синдром кейде ашық, кейде астарлы рабайда аңғарылып қалады.
Рас, Түрік жұртының жағрапиясы да, жамағаты да Евразия кеңістігінің белорталық белдеуінде тұр. Ел еңсесі елеулі, халқы да сексен миллионнан асып жығылады. Көрген, көз жеткізген кісіге бұл, сөз жоқ, моральдық-психологиялық әлеует. Бір Ыстамбұлдың өзінде 17 миллионнан астам халық тұрады. Біздегі жалпы жұртпен шамалас. Мемлекет ішіндегі мемлекет десе болғандай. Біз жетпіс жылдың әсіре әулекі әуресінде жүргенде бұлар «Дас-Капиталдың» дәрісіне әлдеқашан дәндеп үлгерген. Шын мағынасындағы мәдени-рухани, шынайы ұлттық шырайын қайдам, саяси-әлеуметтік, экономикалық хал-ахуалы көп елдерден көш ілгері. Ал біздің ой өлшеміміз бен ұғым-танымымыздағы мемлекеттік кемел, сыр-сипат осы екеуі бірігіп-кірігіп кеткенде ғана үлгілі үрдіске лайықты болмақ. Кім білсін, аталмыш фестивальдің түпкі мақсаты осында жатқан болар ма?
Әдетте, құтты қонақ, әз мейман аз отырып, көп сынайды. «Әз қонақ» демекші, қазақы ұғымда оның астар-сыры әлімсақтан әйгілі. «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Құдайы қонақ», «Қонақкәде», «Қонақ қойдан жуас…» қанатты сөздерінің қай-қайсында да кәдуілгі кәделік, қонақжайлық, қалаберді, ұлттық ұғым-танымдардың үрдіс, үлгісі менмұндалайды. Қазақ – сонысымен қазақ, қарапайым да ұлы, кішіпейіл де кірпияз. Анам марқұм сонау алмағайып ашқұрсақ жылдардың өзінде бір жапырақ етін жарты-жарым қап ұнның ішіне бізден жасырып, үнемі сақтап жүретін. Сөйтсек ол таңдайға татым талғажау тәңірасы екен ғой! Содан бері де, құдайға шүкір, аштан өліп, көштен қалып көргеміз жоқ… Бәріне көніп, бәріне шыдап келеміз. Осы орайда бір мысал ойға оралып отыр. Артық болмаса, айта кетейін. Түн қатып, түс қашырған Жолаушы ұзақ жол жүріп, жұпыны ауылдың шетіне әрең ілігіпті. Шеткі үйдің жарығы өшералды өлімсірей жанып тұр екен, «құдайы қонақпын» деп үзір сұрапты. Сөйтсе жамау лашықтағы жалғыз кемпір алдындағы аталасын ауызға енді алғалы отыр екен. «Кешіккен өзің, дәмнен ала отыр…» депті кейуана қонаққа. Әлден кейін әл жиған қонақ тілге келіп, былай депті: «Не ерте келмейсің бе, не ертең келмейсің бе?» деп тұлданғаның да бар ғой, мына қайқы қылышпен басыңды қақ айырып тастар едім, шүкіршілігің бар екен, құдай сақтап қалды сені!..» депті оң жағында жатқан зұлпықарына көз салып. Кемпір де есесін жібермей: «Қонақтың аты–қонақ, ерте келсін, кеш келсін, қазан көтермегендігің қай өнегең?» деп ашу шақырғаның да бар ғой, мынамен басыңа бір қояр едім…» депті жанындағы оқтауды көрсетіп. Сөйтсе, әлгі әз қонағымыз, кәдімгі, Мұхаммед пайғамбарымыздың күйеу баласы – Әзіреті Әли екен!.. Резюме: барға – қанағат, жоққа – салауат…
Мен мұны неге ауызға алып, алға салып отырмын? Себебі жоқ емес. Әлгінде ғана түркі елдері Мәдениет орталықтарымен танысып, түскі асқа оралғанбыз. Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан орталықтары бір-біріне иық тіресе көрші орналасқан екен. Көргенімді қайтейін, көңілге қаяу түсті. Себебін жолы түсіп осы Орталыққа бас сұққан ожданды, арлы қазақ өзі-ақ біле жатар. Көрер көзге қиянат, ұлтқа нұқсан ұят. Кінәрат өзгеде емес, өзімізде. Барды бағалау орнына жоқтың жойқын жосынына тап болғаным қинады, азаптады. Өз өртеңімді өзім өшіре алмай, дастархан мәзіріне әзер жеткенім осыдан. Жұрттың соңын ала отырдым. Жасымды да, басымды да бұлдар халде емеспін, ішім әлем-жәлем, түсім әлемтапырақ. Бір кезде төргі бөлмеден әуелі домбыра, сонсоң ән әуезі есітілді. «Жұлдызым» әні. Әлдеқашан халық әніне айналған дүние. Әрине, мәтіні менікі. Сонан соң «Қазақ қызы» шырқалды. Оның да сөзі… Әрі қарай шыдамның шегі үзілді. Қаласын-қаламасын, төргі үйден бір-ақ шықтым. Қаракөз қандас бауырларым мені көре сала құшақтап, құрақ ұшып жатыр. Әзіз меймандардың көңілін әнмен көтеруге арнайы шақырылыпты. Ішкі эмоция еркімнен тыс сыртқа тепті. Келесі әнді өзім айттым. Ақын кейде бала, кейде дана. Екеуін қосқанда еркіңнен тыс сөз ауаны ауызға ілігеді екен: «Біздің қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр», одан қалса «Алыстан алты жасар бала келсе, үйдегі ақсақал алдынан күтіп алады» деген аталы сөз бар. Қонақтарыңыз ауызғы үйде, ал сіздер, игі жақсылар, төрге отырып алыпсыздар… Бұл әдет пе, әдеп пе?» – дедім. Әкімі бар, әкімге жақыны бар, арқадаштарым аз-кем аңырысып қалды. Береш інім, (ән айтушылардың бірі) сөзімді іле-шала тәржімалап, менің жамбасыма көпшік қойып жатыр. Түрікшеге тайпалма жорға екен! Әкімнің оң жақ, сол жағында отырған екеу кеу-кеулеп мені төрге отырғызбақ болып әуреге түсті. Айтылар сөз айтылды. Жалған ілтипат жанға шипа бола алмайды. Бәрібір іште дық қалды… «Қонақ қойдан жуас» деп отыра беруге де болар еді, бірақ, құдайға мың мәрте шүкір, мен Ақынмын ғой! Ақын болған соң да арнайы шақырылып отырмын ғой!..
Бұл фестиваліміздің үшінші күні болатын. Төртінші күні кешке Береш бауырым үйіне шақырды. Танысу жалғасты, ән айтылды, әңгіме шертілді. Түн ауа бергенде Береш әлдекімдерге телефон шалып жатты. Сөйтсем, мені үйге қондырып, таңертең қонақүйге жеткізбекші екен. Онысы болмады. Келесі күннің кестесінен қалып қоймауымыз керек екен. Қайран, қазақы көлпар көңіл-ай десеңші?! Амал жоқ, қалаға шықтық. Мезгіл түнжарым. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ…», көшеден көше кезіп, ең кемі екі-үш сағаттай адастық. Береш ыңғайсызданады, мен қуанамын. Ыстамбұлды аралаудың сәті түскенін көрмейсің бе?! Түнгі Ыстамбұл… Әлем-жәлем, көзақы дүниеден мүлдем аулақ, көзайым көрініс, тыныш та тынымсыз тіршілік тынысы. Береш рөлде, ал менің көлпар көңілім әлдебір әлемді кезіп кеткен: осыдан кемінде он ғасыр бұрынғы тағдыр тәуекелі… Атажұрттан ауа көшу… Анадолыға тұрақ тебу, табан тіреу… Опалы, ожданды Осман империясы… Иылдырым Баязид (Қайсар) баяны… Әйгілі «Анкара шайқасы»… Бары мен жоғынан айрылып бақилық бола жаздаған Батыс жұрты… Көз салған адамға көненің көзайым көмбесі, дұрысы қабырғасы, қаңқасы анадайдан қарауытады…
***
Тақырыбымыздан ауытқып кеттік білем. Көктем ала, ұйқы шала. Біз келгелі бері аспан бұлттан арылмай қойды. Таңғы салқын, түскі жылымық, кешкі шала-пұла жауын-шашын. Үстіңе не ілеріңді білмей далсың. Бүгін бесінші күн. Кемемен теңізге (нақтырағы бұғаз) шығып олай-бұлай кезбек ниеттеміз. Ыстамбұлға деген ықылас, бейіл арта түскендей. Асты-үсті үш қабатты үйге бергісіз, біздің бүгінгі байшыкештеріміздің фасонды фазендесіндей әппақ кеме бұйығыңқы бұғаздың бүйірінен түрткілегенімен, арқадаш ағайын асығар емес. Мамыражай күннің әсемпаз ауаны «Ойжайлаумен» үндесіп, бой балқытып барады. Қала ішіне еміне еніп кеткен бұғаз жас баланың емізігінен аумайды, ен жайлаған екі жақ ернеу былайғы жұртты елең қылудан қалған білем–егіз періштедей табиғат ананың уылжыған үрпін таласа еміп жатыр… Есіме Есенин өлеңі түсті. Ақиық ақынның арманда аңсары:
Мен Босфорда бір рет те болмадым,
Болмаған соң ол жайында айта алман.
Көздеріңнен көк теңізді болжадым
Шамадан тыс шамырқана шайқалған.
Бағдатқа да кіре тартып бармадым,
Тасығам жоқ жібек пенен хынаны.
Гүлдеп, бүрлеп,
жаңа бүршік жарғаның
және талдай майысқаның ұнады.
Қалай ғана қаперіңе кірмей жүр:
(Шынында да сұлу менің не теңім?)
Руссия деген елде білдей бір
Адамзатқа әйгілі ақын екенім?!
Әншейінде әмбеміз де әншіміз…
Ит те ұлиды, әдетінше, Ай көрсе.
Мақпал мақам, мәйін мінез парсы қыз,
Маған деген мезіретің қайда енше?
Әлде, сенсің,
Әлде, ынтызар тілегім..,
Нендей сиқыр мені мұнда шақырған?
Айдай өңің,
Аққу мойын–білегің
Айырмаса нетті мүлдем ақылдан!
Жалғыздығым бара жатыр жанды илеп,
Шетте жүріп шекпейінші мен қайғы.
Ақыныңды жас балаша әлдилеп,
Айтсаң етті өзің жәйлі, ел жәйлі.
Әнге әуес емес едім мен ерек,
Онсыз да жан оңашада сыздайды-ақ…
Құлай жаным мұңайғаным не керек,
Қайдағы бір қимай қалған қызды ойлап…
Мен Босфорда болмасам да ешқашан,
Ол жайында айтып берем көпке аңыз.
Қалай қиып,
Қалай ғана қоштасам,
Көзіңде анау көшіп жатса көк теңіз?..
…Келе алмаған, көре алмаған сәби көңіл, ақуыз Ақынның «әттең-ай» арзу-арманы маған да маза бермей ме, қалай?..
Күн сәскелік. Аспан әлі алабұлтты. Соған қарамай жұрт қарасы көбейе бастапты. Бірі қара суға қармақ тастап әлек, енді бірі желкемді қайықпен булы бұғаз үстінде желе жүзіп жүр. Дельфиндер шоғыры жағаға жетер-жетпесте аударылып-төңкеріліп, жонарқасын көрсетер-көрсетпесте көзге де, көңілге де жылыұшырайды. Үлкенді-кішілі балық атаулының базарлы һәм назарлы меймана мақұлығы. Су түбіне тереңдеймін деп пенделіктен ада-күде періштеге айналған Пушкиннің әйбат ару Русалкасы!..
Палубада жеке-жалғыз тұрғам. Қасыма Бахшанда жақындады. Осында оқып жүрген өзбек қызы. Тәржіман. «Сизни дастурханга чоқираяпти…» деді қысыла, қызара қымтырылып. «Самарқанд палауининг һидини соғинип турупман…» дедім бет-жүзіне аз-кем көз жүгіртіп. «Мән һәм, – деді мақпалдай мәйін үн Нәй (өзбектің ұлттық музыка аспабы) сазындай бойды алып, – юринг, кутушип қолишдилар…».
Ресмиліктен мүлдем ада жақсы серуен жан сергітті. Көңілашар сәтті түрік аға-
йындардың өзі бастап берді. Иыққа иық, қолға қол жалғап, дөңгелене билеген жігіттердің үркердей үйіріне біз де қосыла кеттік. Шығыс жұртының әдеттегі ырғақты, сазды әуені сүйкімді сүйемелін үдете түсті. Ендігі бір сәтте әр ұлт өкілдері өз шейірлерін ортаға салды. «Даусыңыз жап-жақсы екен» деп менен ән де қолқалады. Бір емес, екі мәрте айтқызды. Өлеңсөздегі қайсыбір кідіріс-мүдірісті заматында шуып-шайып жіберетін ән әлемінің төркін-тегі, шынында да, бөлек қой, шіркін!..
«Қарғыбаусыз қауышу» деген сөз бар еді ғой бізде, ел басшыларынан бастап, елекемдерге дейін ел ішіне енгенситін. Орынтақтарында тас мүсіндей тапжылмай отырып алатын біздегі әкімқараларды осы жолы шын аядым. Өзіне-өзі әлеміш, алдамшы «әлем» жасап алатын әсірқызыл әдет, сірә, «қызыл империядан» қалған жұғымсыз жұғынды-ау деймін… Ал аталмыш шараның басы-қасында жүрген профектура қызметкерлері бізден бір елі ажыраған жоқ. Бесін ауа Бейішшамның жауһар жарығы су үстіне Үр қызының суретін салар-салмаста Ақкемеміз жағажайға жанасты. Кешкілік фестиваль салтанаты осындағы Жазушылар үйінде әрі жалғасты, әрі қорытындыланды.
***
Иә, «Түркі дүниесі шайырларының фестивалі»… Өнер көркінің,
Рух еркінің кеңістігін кемелдікке жалғап әкететін жап-жақсы бастау. Баянды болмағы әуелі әлем тыныштығына, одан кейін Түркілік жұрттың жаратылыстық һәм жағрапиялық жағдаятына, ең соңында қандық кодының жаңару, жасаруына бек байланысты. Әсіресе, соңғысы санаға да, санға да сары алтынға бергісіз салмақ түсіретіні әмбемізге ақиқат. Әлемді саясат билеп-төстеп тұрған мынау мезгілде адым сайын озық елдердің асығы алшысынан түсіп жатпағы, қалық елдердің хал-қадарының тамшы үстінде, қамшы астында күн кешпегі тағы аян. Ал біз кімбіз? Түркі әлемін айтам?..Тарыдай шашылған тағдыр бар, ал тамшыдан теңіз құрамақ талап ше? Бар екен, байқадым. Геосаяси кеңістікте түркі әлемінің үні әлі есітілер-есітілместе. Ел көсемі Ердоған ерте тұрып, кеш жатып осыған елең қағумен жүрсе, ертелі-кеш еккен-тіккен дән-дәреметтің дәмі кермек тарта қоймас деген ниет бойға нәр тамызады. Түркілік текті тамырға өзгенің қамы мен қаны араласса, күндердің күнінде адами ағзаның айықпас ауруға бой алдыруы әбден ақиқат. Саясатпен сен айналыспасаң, ол сенімен айналысады. Демек, сен оны еңсере алмасаң, ол сені теңсерік ете алмайды! Бұл әлімсақтан бергі аксиома. Ал Идеология…Ол–барды бағалау, жоқты іздеу. «Алланы танудан бұрын өзіңді таны» дейді хадис қағидаты. «Өзім, өзім дегенде, өгізқара күшім бар» десе, қазақ мұны тар мағынада емес, кемелдікке бастайтын кең аяда айтып отыр. Әсіресе, бүгін…
Иә, Туркия бізді ең бірінші болып тәуелсіздігімізбен құттықтады. Ресми түрде мойындады. Қайсыбіреулер айтқандай «таныды» емес. Құжаттағы бұл қателік тәржіманның талғамай тапқан «олжасы» ғана. Ал мойындаудың арғы түкпірінде алдымен адамгершілік алыс-беріс, барыс-келіс, бері келсек, бейбіт күннің берекелі бейіл, зейіні жатыр. Мемлекет пен мемлекеттің үлкен-кішісі жағрапиялық және жамағаттық аумағы мен жан санағында ғана, ал сана мен сапа мүлдем бөлек салуат. Ал болып-толу барысында байқаусыз бойға жұқтырған өктемдік, менмендік, астамшылық, тіпті, әпербақандық әсіре әлеуеттер түптің-түбінде жақсылыққа, жасампаздыққа апармайды. Идеологиялық үрдіс пен үдерістің сыр-сипатын өз қалауынша мың құбылтқан кешегі кеңестік кезеңнің кесірлі кеспірі бәрімізге сабақ боларлық тарихтың тағдырлы тағылымы десек болады. Бөлшектену оңай, бірігу қиын. Бөлінгенді бөрі жейді, апшынғанды айдаһар жұтады. Көлпар көңіл мен көлгір көршінің арасы көк пен жердей. Екеуімен де тату-тәтті ғұмыр кешу – сан қырлы саясат пен икемді идеологияның ортақ әрекет-берекеті. Халық үшін, ел үшін.. Біздің дәл қазіргі адами, ғалами өзара қарым-қатынасымыздың әдепкі аяқ алысы мұғдарлы мүмкіншілігіміздің алғашқы әліппесі ғана. Алла жар болсын!..
ЫСТАМБҰЛ – АЛМАТЫ.