Көңіліне қондырып бар қазақты…
15.06.2018
1308
0

 

 

 

 

Зейнолла АБАЖАН,
ҚР ақпарат ісінің үздігі.

 


Қолымнан келер ескерткішім
осы болды, Қайратжан!
(Автор).


Ақылдылықты аңғартатын кең, жазық маңдайы мен мейірімге толы, ашық-жарқын ақ жүзі қайдан ұмы­тыла қойсын. Ол әлі де алшаң ба­сып, сәлем беріп, біздің үйге әдетінше емін-еркін кіріп келетін­дей көрінеді де тұрады. Сол әдет­тегідей, «Алтын жеңешем» деп жең­гесінің шай-пайын ішіп, әрқай­сы­мызға бір-екі шумақтан өлең шы­ғарып, бәрімізді риза етіп кете­тіндей. Күнделікті қарабайыр тір­шіліктің қамауында қалған біздерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шат-шадыман етер еді. Әрине, енді ол мүмкін емес, қимас көңіл ғана соны тілеп, соны аңсайды. Оның бұл өмірдегі ойсырап қалған орнын ме­нің жазған шимайымның толтыра алмасын түсінсем де, «Қайтсең де жазуың керек. Бұл – Қайрат Әлім­бектің алдындағы ағалық пары­зың!», – деп өзімді-өзім қайрап, қайта-қайта қамшылауға тура келді. Сондағы бар-жоғы – ештеңе алып-қоспай-ақ, шынайы болған жағдайлар мен бірге өткізген күн­дерден қалған естеліктерді баяндап шығу ғана. Өмірбақи қалам ұстап жүрсең де кейде жазудың өзі қиынға түседі екен. Жазуды айтасыз, Қай­рат­тың бейнесі көз алдыма келгенде ол тап қарсы алдымда отырғандай, іштей күбірлеп, онымен дәп бұрын­ғы­дай әңгіме-дүкен құрып кететін­деймін…


Қайраттың ғарыштық ғұмырға қанат қаққанына да бірталай уақыт өте шығыпты. Ауылда жерленген анасының басына құлпытас орна­тып келе жатқанда жол апа­тына түсіп, мезгілсіз қайтыс болғаннан бері де қаншама көктем келіп, қан­ша­ма күзгі жапырақтар сарғайып, саудырап төгілді. Бірақ оның жар­қын бейнесі көңілден, өзіне ғана тән сәл бәсеңдеу шығатын жағымды дауысы құлақтан кеткен емес. Биыл қыркүйек айында бала-шағасын, туған-туысқандарын, дос-жаран­да­рын зар жылатқан сол бір қаралы күнге де табаны күректей тұп-тура он екі жыл толады екен. Былай қарасаңыз адамның бір мүшел жа­сы. Одан бері де өмірлік жары Қуа­нышгүл Сұлтанқызы көп ұза­май Қайраттың соңынан мәңгілік сапарға аттанды. Артында қалған ұлдары Дәулеткелді мен Алданазар ержетіп, азамат болды.
«Өмірдің өзі ағыс қой…
          тоқтау­сыз ағыс!
Білмейміз оны… Бүгін де,
         кеше де күлдік.
Кетпейді бәрі адамның
        жоқтаусыз алыс,
Сұралар бір күн,
       өйткені өше ме тірлік?!», –
деп алғашқы балаң жырларында жазғанындай, өмір-өзен өз арна­сымен бірде қуаныш пен шаттық әнін шырқап, бірде қайғылы да мұңды күйін шертіп тынымсыз, тоқтаусыз ағып жатыр. Он екі жыл деген де аз емес, одан бері де қан­ша­ма тарихқа, көптеген өзгерістерге куә болдық. Ал ақын аты өшпейді, жоқ­таусыз қалмайды, өйткені, оның өмірін жырлары жалғас­тырады…

«АҚШАМНЫҢ» АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫ

Қоғам өмірінде баспасөздің алар орны мен идеологиялық рөлі ерекше зор екені баршаға мәлім. Кеңестік кезеңде Қазақстан бойын­ша республикалық «Қазақ әде­биеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан), «Ле­ни­н­­шіл жас» (бүгінгі Жас Алаш), «Қа­зақс­тан пионері» (Ұлан) газет­тері мен санаулы журналдарды есеп­темегенде әр облыстың, аудан­дардың өздерінің бір-бір мерзімді басылымдары ғана болатын. Көп­теген аудандық газеттер тек қана орыс тілінде ғана шығатын. Олар­дың бәрі сол кездегі жеке-дара би­лік жасаған коммунистік партия­ның қатаң бақылауында жұмыс істеді. Барлық басылымдар партия­ның нұсқауымен, жіті тексеруінен өтуге тиісті еді. Одан өтпесе газет жарық көрмейтін. Демек, сөз бостандығына белгілі бір өлшемде шектеу қойылатын.
Бір ғана мысал, еліміздің аста­насы болып тұрған Алматыда қа­лалық «Вечерняя Алма-Ата» газеті өткен ғасырдың алпыс сегізінші жылдарынан тұрақты шығып тұрса да, қазақшасы болған емес. Ол тек қана тәуелсіздік алардың алдында ғана «Вечерканың» аудармасы ретінде жарық көріп, кейін жеке шаңырақ көтерді. Сөйтіп, мил­лионнан аса тұрғыны бар қалада өз тілімізде «Алматы ақшамы» газеті шыға бастады. «Ақшамның» ал­ғашқы Бас редакторлығына белгілі журналист Ислам Бейсебаев та­ғайын­далып, оның орынбасары Бақытжан Жиенғалиев болды. Редак­цияға Қайрат Әлімбек, Қанат Қайы­мов, Ертай Бекқұлов, Марат Тұрапов, Жүніс Омаров, Кәдірбек Құныпияұлы, Жексен Алпар, Махамбет Мәшекенов, Мұхтар Наушабаев, Раушан Имашева, Сар­қыт Ысқақова сияқты бірқатар қаламы жүйрік тәжірибелі жур­налистер тартылып, газет ал­ғаш­қы күннен-ақ оқырмандардың на­зарына ілігіп, ықыласына бөленді. Қала тіршілігін, елімізде болып жатқан елеулі өзгерістерді жан-жақты көрсете білген басылым тіпті, республикамыздың өзге да өңір­леріне таралды. Сол кездерде жоға­рыда аты аталған қаламгерлер кө­тер­ген «Ақшамның» туы әлі тө­м­ендеген емес, қадаған уықтары бе­рік болып, шаңырағы бүгіндері биіктей түсті.
Пәтер алу үшін жұмысшы бо­лып, менің журналистикаға қайта оралуым «Ақшамның» ашылу кезеңіне дөп келді. Сырттай бір-бірімізді бұрыннан білгенмен Қай­ратпен осы кезде таныстым. Ап­тасына бес рет шығатын үлкен пі­шіндегі газетті күнделікті ма­териалдармен толтыру да оңай
ем­ес-ті. Қазіргідей компьютер, ин­тернет деген атымен жоқ. Тіпті, мақаланы басатын машинка да тапшы болатын. Сондықтан қол­мен жазып, терімші қыздар машинкамен басатын. Жазғаныңды түзетіп, қайта көшіруге уақыт көп кетеді. Ортамызда Қайрат қана қолмен жазып әуре болмайтын. Жазар негізгі ойы мен тақырып­ша­ларын қысқа ғана бір-екі сөзбен қағазға түртіп алатын да, машинист­каның қасына отырып алып, тіке­лей «диктовка» жасайтын. Онысы біздің жазып, қайта-қайта түзетіп, өңдеп әкелген материалымыздан бір де кем түспейтін, тіпті артық шығатын-ды. Бұл оның, журналис­тің басты қаруы – сөйлем құрау шеберлігін еркін, жетік меңгер­генін, ойлау өрісінің өзгелерден кең екенін көрсетсе керек. Оның осы қабілетіне бәріміз қызыға қараушы едік.
«Болашаққа
           жасайтын хабарлама,
Бар қаруым – өткір ой,
           қалам ғана», –
деген екен бір өлеңінде Қайраттың өзі де. Журналистік шеберлігіне қоса ақындығы да оны ерекшелен­діріп, бәрімізден бір саты жоғары тұратын.

«ТІЛ ДЕГЕНІМ – ХАЛҚЫМНЫҢ ҒАЖАПТЫҒЫ»

Кеңестік кезеңнің күйрер кезі еліміздің тарихында елеулі із қал­дырды. Бір ғана Желтоқсан көте­рілісінің өзі қазақ халқының ғасыр­лар бойы еңсесін езген бодандыққа ашық, талапты түрде қарсы шық­қан, әлемнің алып күшіне айналған қызыл империяға оның құра­мын­дағы жүздеген ұлттар мен ұлыс­тардың ішінен алғаш болып бас көтерген айбынды Алаш екенімізді анық көрсетті. Сол жылдарда ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ана тіліміздің көкжиегін кеңейтуге баса назар аударылып, ауқымды жұмыстар атқарыла бастады. Ұлтшылдықтың белгісі деп біржола басып тасталған Наурыз мерекесі жаппай тойланып, жер-жерлерде «Қазақ тілі қоғам­дары» құрылып, белсенді түрде жұмыс істей бастады. Жай ғана жұмыс емес, тәуелсіздікке, еркін­дікке ұмтылған халықтың ынтасы мен жігерінде шек жоқ еді.
Ол кездер Алматы қаласында ірі кәсіпорындар көп болатын. Зауыт-фабрикалар мен құрылыс алаңда­рында сан мыңдаған адамдар еңбек ететін. Қала тұрғындарының басым бөлігін орыс және өзге ұлттар құ­рағаны да жасырын емес. Жергілікті ұлт көбіне ауылдарды мекендегені белгілі. Сол себепті, алып қалада ұлттық салт-дәстүр­лерімізді қайта жаңғырту мен қазақ тілін кең қолданысқа енгізу көпте­ген қарсылықтарға тап болды. С­о­ған қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылды. Алып кәсіп­орындардың бәрінде «Қазақ тілі» қоғамдары ашылды. Оны қазақ басылымдары жарыса жазып, қызу қолдау көрсетті. «Ақшамның» әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қайрат Әлімбек пен әдеби қызметкері ақын Кәдірбек Құныпияұлы әр нөмір сайын ол туралы тұрақты жазып, кездескен қарсылықтарды сынға алумен болды. Әрбір ашылған «Қазақ тілі» қоғамы үшін Қайраттың қуаны­шында шек болмайтын, ол туралы үлкен шабытпен жазатын. Кездес­кен кедергілерге кәдімгідей күйіп-пісіп, бұлқан-талқан болып, өзіне орын таппай қалушы еді.
Дәп сол кездерде белгілі ақын Жүрсін Ерманның жанын салып ұйымдастыруымен ақындар айтысы қайта жаңғырып, халықтың еңсесін көтергені, ұлттың ұлы мерекесіне айналғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Айтыс кешке басталып, үзіліс­сіз түн ортасы ауғанша жалғасатын. Алып Республика сарайының өзі көрермендерді сиғыза алмаушы еді. Қайрат пен Кәдірбек айтыс туралы көлемі газеттің екі-үш бетіне жете­тін материалдарды таң атқанша жазып, күндіз беттелген «Ақшам», кешкісін кешікпей қалың оқырман­дардың қолына тиіп жататын. Бұл нағыз журналистік ұшқырлық пен қаламгерлік шеберлік болатын. Қазақ тілінің жолындағы қандай кедергіні болсын бұзып өтуге Қайрат қашан да дайын тұратын.
Тіл дегенім –
       ойымның азаттығы,
Тіл дегенім –
      халқымның ғажаптығы.
Баласынан айырылған
     анадай боп,
Аңырадың қанша жыл,
     Қазақ тілім! –
деп жазған екен сол кездер Қайрат тіл туралы бір толғанысында. Ақын­ның өз ұлты мен ана тілін жа­нын­дай жақсы көргенін осы бір өлеңнен-ақ аңғарасыз. Бүгіндер байыппен қарасақ, Қайрат үшін туған халқы, туған жері, туған тілі шығармашылығының шынайы өзегі, нәр алған түп-тамыры болған екен. Оған ақынның жыр кітап­тарын парақтап отырып, қиналмай көз жеткізуге болады.

ҚАЙРАТТЫҢ КИЕЛІ САНЫ – «АЛТЫ» БОЛАТЫН

Тегінде, біз қазақ – ырымшыл халықпыз ғой. Ырым етуден жер бетіндегі көптеген ұлттарды орта жолда қалдыратынымыз да белгілі. «Қазақ ырым етеді, ырымы – қырын кетеді» деп өзімізді әжуалап та жататынымыз бар. Дегенмен, атадан балаға жеткен бұл үрдістің қанымызда бар екенін мойын­дауымыз керек. Оның еш әбестігі жоқ, өмірлік тәжірибе кейде ырым­ның айна-қатесіз орындалатынын, дұрыстығын да дәлелдеп келеді емес пе?
Айтайын дегенім, Қайрат алты санын өзі үшін киелі, құтты санай­тын. Алдымен өзінің туған күні, айы, жылында алты сандарының (16.06.1963) барын айтатын. Оқуға түскенде, кейін оқу барысындағы емтихандарда алты саны бар билет­тер келгенде үнемі жоғары баға алып келгенін, алты саны бар күн­дері қай жұмысты қолына алса да, сәтті аяқталатынын алға тартатын.
Отбасымызбен аралас-құралас болғандықтан Қайрат бізді үнемі жақын тартып жүретін. Менің үй тіршілігі мен кейбір мәселелі жұ­мыс­тарды шешуге қырымның жоқ­тығынан әйелім Әділет Қайратқа қолқа салатыны бар-ды. Біреудің алдына барып, өтініш айтуға кел­генде бетмоншағым үзіліп, кері тар­тып тұратынымды жақсы білетін Қайрат та жеңешесінің айтқанын тап-тұйнақтай етіп, өзі-ақ бітіріп беретін кездері болды. Қолынан келген көмегін Қайрат ешкімнен аямайтын.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасы халыққа тым жайсыз болғаны белгілі. Егемен­дік­ке енді қол жеткізген еліміз бұ­рынғы одақ бойынша қалыптасқан экономикалық байланыстардың бұзылуына байланысты тоқырауға тап болып, тіпті зейнеткерлердің зейнетақысын беретін де қаржы болмай, қиналғаны ұмытыла қой­ған жоқ. Жаппай жұмыссыздық жайлап, соған орай қылмыс атаулы да өрши түспек. Сол кездерде университет бітіріп, қызмет таба алмай жүрген балдызыма жұмыс тауып бергені бар. Жеңешесінен тапсырма алысымен «Жүр кеттік!» деген Қайрат мені сүйрей жөнелді. «Құдайдың күні жетеді, ертең барсақ та болады ғой» – дегеніме қарайтын емес. «Бүгін 26-сы, алты саны бар күні жолымыз болады», – деп сендірді. Айтқанындай-ақ, сол күні мәселені шешіп берді. Мен ойлағандай мектепке емес, жоғары оқу орындарының біріне маман­дығы бойынша балдызым қызметке қабылданды. Бір таңқалғаным, Қайрат сол факультет басшыларын танымайды да екен. Оның кез келген адаммен тіл табыса алатын қабілеті жоғары болатын. Кішіні кемсітпей, үлкеннің алдында жалтақтамай, тең сөйлесетінін ре­да­кция тапсырмасымен сұхбат алу­ға бірге барғанымызда талай көр­генмін. Сол жолы алты саны Қайрат үшін шынымен де киелі екеніне көз жеткізгендей болдым. Бірақ осы күні маған үнемі жолын ашып отыратын сол киелі алты санының тура өзі Қайратты алып кеткендей көрініп тұратыны бар. 2006 жылы Қайраттан көз жазып қалдық. Бұ­дан кейін данышпан қазақтың ырымына сенбей көріңіз…

КӨКЕЙІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙДЫ КӨП ҮНІ

Қайратпен қатар жүргенде мен өзімнің одан бақандай он жас үл­кен­дігімді де ұмытып кететінмін. Алдымен сырлас дос, қатарлас қалам­дас деп қана білетінмін. Бірақ Қайрат бұл жас айырмашылығын ешқашан есінен шығарып көрген емес. Іні ретінде үлкенге ізет көр­сету жағынан жаңылысқан жері болмапты. Бүгіндер қарап отырсам, ол да Құдайдың оның бойына берген, Қайраттың қанында қалып­тасқан, туа біткен адамгер­ші­ліктің, тектіліктің белгісі екен ғой.
Қайраттың ақындар жыр мүшәй­расына қатысқаны болмаса, айтыс додасына түскенін көрген емеспін. Бірақ өлеңді аяқ астынан ұйқастырып жіберетін суырып­салма қабілетіне талай рет куә болғанмын. Қоғамдық көлікте, көшеде келе жатып әріптестерімен жыр жарыстыратын әдеті бар-ды. Қойын дәптеріне түртіп алып, өлең жазылған парақты жыртып алып сыйға тартып жүре беретін. Ре­дак­цияның жұмысы қанша жерден қауырт болғанмен, Қайрат бір-екі шумақ өлеңді өзі бастап беріп, жыр-дәптерді бөлімдерге жағалатып жіберетін. Журналистердің біразы өлең жазады, дәптер Қайратқа қай­тып оралғанда өзіндік бір поэмаға айналып шыға келетін.
…Алған үйі, айлығы, есер лебі,
Асырайтын, асқар-тын осы елдегі.
Зейноллажан зейінді бір сөз айтты:
– Көшкім келді…
        бір жаққа көшем! – деді.

Кейінгілер бұрыннан айлалырақ,
Көшіп кеткен ауыл көп,
        жай қаңырап…
Тарпаң-тағдыр,
        сен көшсең – көңілге көш,
Мен де көшкім келеді…
        қайда бірақ?
(«Қазақ әдебиеті», 17.01.1998 ж.).
Маған арнаған «Тарпаңға тарту» атты осы бір өлеңнен үзіндіні өзімді жарнамалау үшін жария етіп отыр­ған жоқпын. Рас, бұл өлеңді он­даған, бәлкім жүздеген рет қай­тара оқыған болармын. Жаңылыс­пасам, бұл осыншама жасқа келсем де, өзіме арналған жалғыз өлең, біреу түн жарымында түртіп оятса да, жатқа айтып бере аламын. Қанша қайтара оқысам да, бір нәрсеге көңіл аудармаппын. Оны кейін байқадым. Өлеңге қатысты айта­йын дегенім де сол еді.
«…Тарпаң-тағдыр,
        сен көшсең – көңілге көш,
Мен де көшкім келеді…
        қайда бірақ? –
деген соңғы жолдары маған кейін барып ой салды. Қалай ғана бұ­рындар байқамағанмын…
Ақынжанды адамдарға кең-байтақ дүниенің өзі кейде тым тар, соған сыймай жүретін сәттері жиі кездеседі. Шабытты шақтарда тіпті мына шексіз әлемді өзінің бір құ­ша­ғына да сыйдырып жібереді жа­ны жақсылыққа жаралған жай­саң­дар. Қайраттың да жаздай жай­­машуақ мінезі кейде, сирек те болса теңіздей буырқанып шыға келетін кездерін көргенмін. Бірде асаудай арындаған, бірде өлең өртінде жалындаған Қайрат та мы­на әлемге сыймай аласұрған екен ғой деймін өлеңнің соңғы жолда­рын қайта-қайта оқи отырып. Кө­кейдегі күйігімді қалт жібермей қағып алып, өлеңмен өріп, өзінің де көңіл-күйін қағазға дөп түсіріп, жан дүниесінің мына жарық әлемге сыймай, бір жаққа көшкісі келетінін айтып, түйіндеген екен ғой… Енді, міне, көз жеткізіп отырғанымыздай онысы – бақилық ғұмыр болып шықты. Өкініштісі – өмірден тым ерте көшті. Небары қырық үш жастағы жалындаған ақ­ын өмірін жол апаты жалмап кет­ті. Көзі тірі болса, осы маусым айы­ның 16 күні 55 жасқа толар еді. Ол бізге жыр сыйлап, біз оған гүл сый­лап мәре-сәре боп жатар едік қой. Жалған дүние-ай, қатал тағдыр кімді аяған…
«Кете ме деп түс болып өңімдегім,
Көкейімде қап қойды
             көп үндерім…», –
деп Қайраттың өзі айтқандай, қан­шама маржан жырлар жазылмай қалды десеңізші. Жазмышқа дауа бар ма, жанындай жақсы көретін бар қазағын көңіліне қондырып алып, келместің көшіне ілесіп кете барды…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір