Айдархан Бибасарұлы
11.06.2018
1837
0

82 жасқа қараған шағында Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, белгілі жазушы Айдархан Бибасарұлы қаза болды.
Айдархан Бибасарұлы 1937 жылы 14 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы қазіргі Қожамберді ауылында туған. Қазақтың мемлекеттік университеті­нің журналистика факультетін тамамдаған.
Еңбек жолын ауылда колхозшы болу­дан бастаған. Сол кезде аудандық, облыстық баспасөздерге колхозшылардың тұрмыс-тіршілігі жайлы хабарлар, суреттемелер, қысқа очерктер жазған. 1959 жылы Жаңа­қор­ған аудандық «Екпінді» газетінде корректор, радио хабар таратушы, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде корректор, бөлім меңгеруші, жауапты хатшы, 1981-1985 жылдары Жаңақорған аудандық партия комитетінің саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1985-1998 жылдары «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы болып қызмет істеген. Бірнеше рет аудандық Кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланған.
Сыр бойы сүлейлерінің бірі – Шәймен ақынның өлеңдерін жинап, құрастырып, алғы сөзін жазып «Өмір-дәурен» деген атпен кітапша етіп шығарған. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Төменарық аймағында өмір сүрген Қалкөз, Серқұл, Әбділда болыстардың, басқа да билердің халыққа қамқорлығы жайлы сыр шертетін «Бәйтеректің қос бұтағы», Төменарық совхозының «Еңбек Қызыл Ту» орденді шопаны Тұрлыбек Құлыбаев жайлы «Дала перзенттері», Арқа мен Сыр бойындағы бір қауым елдің қазан төңкерісінен көрген қасіреттерін бейнелейтін «Жылдың соңғы кешінде», «Өнегелі ғұмыр», «Өмір дәурен» атты кітаптары жарияланған. Сондай-ақ «Батырдың ұрпағы», «Тағдыр тауқыметі», «Зобалаңды жылдар елесі» атты кітаптарды әдеби өңдеп, баспаға әзірлегенде Айдархан Бибасарұлы болатын.
Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталған. Журналистер одағының мүшесі. «Еңбек ардагері» медалінің иегері және облыс әкімінің 2008 жылғы стипендианты.
Қазақ әдебиетінен өзіндік орнын алған әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының секретариаты.

_________________________________________________________________________

ӨЛМЕЙТІН СӨЗІҢІЗ – ӨЗІҢІЗ ҒОЙ

Халқымызда «Шын тұлпарлар бой­ын жасырады» деген де сөз бар ғой. Осы бір қанатты ой «Айдархан аға қай­тыс болды» деген суық хабар келіп, елге – Қызылорда өңіріндегі ең түстік аудан орталығы Жаңақорған кентіне жетіп, асыл ағаның жас қабіріне топырақ сал­ған­да да есімнен шықпай қойды. Ол кү­ні кеше арамызда жарқылдап жүр­ген… Тура келген ажалға дауа бар ма бірақ. Мына өмірде шын адам болып жер басып жүрудің өзі жеңіл емес десек, асыл аға, ақылды ақсақал бола білу, ағайынды, ауданды былай қойғанда, бір аймақ халқына аға болу, әділ де тауып айтқан сөзіне келіспей-керісіп, даула­сып жатқан жұрт тоқтайтын нағыз ақ­са­қал бола білу – жүздің бірі түгіл жүз мыңның бірінің маңдайына жазылмаға­нын алға тартсақ асыра айту бола қояр ма екен?! Қаламы жүйрік журналист, қадірлі жазушы, әзіз әке, жақсы жар, абзал Азамат Айдархан Бибасарұлы – міне, сондай аға, абыз ақсақал еді.
Менің қабырғама қатты батқаны – әдебиетке келуіме үлгі, бір себепкер болған осындай Ағадан айрылу еді.
Мектептің жоғары кластарында оқып жүргенде ағамен алғаш танысып, сөзін тыңдағанда мені таңдандырғаны – өзіне ұнаған классикалық шығар­маларды былай қойып, атақты төрт томдық «Абай жолы» эпопеясын тұтас жатқа білетіні, мәнерлеп, әдемі оқиты­ны. Тыңдап отырып еріксіз әйгілі шоң шығарманың ішіне еніп, дара да дана Абаймен жүздесіп, Шыңғыстау алқа­бын аралап кете барасың…
Кейінірек ес кіре араласа бастаған­да таңдандырғаны – ағаның көкірегі даңғыл естілігі, елдік шежірені тарқату­ға жүйрік­тігі. Терең тарих, телегей та­ным иесі… Өзі өкілі болып табылатын ағайындарды айт­пай-ақ қояйын, біздің өңірдің (Шә­кә­рімнің Сырдан тарағанбыз дегенін ес­кермегенде) қазақ қожалары мен су­нақ­­тарының кіндік жұрты екенін алға тарт­сақ, Айдархан аға осы тайпа-рулар­дың да түп-тегін, қайдан шығып, қайда өргенін өздерінен бетер жетік біліп, тара­та­тын еді… Ар­ғын, Найман, Ұлы жүз, Кі­­ші жүз шежі­ре­сіне де екі бастан жүй­рік…
Үшіншіден, ол жас шағынан-ақ ан­да-санда өлең жазса да, ақынмын деп айтып көрмепті. Ол осынысымен әде­биетті ешқашан ет пен терінің арасын­дағы желік емес, Құдайдың өзі қолға ұс­тат­қан қаламның қасиеті деп біле­тінін аңғартып, деректі проза жанрына кеш араласса да, қарымды, қабілетті қалам иесі екенін мойындатты. Ол алуан түрлі кешегі күндерімізді қаузаған сегіз қырлы, сексен сырлы шығармала­ры арқылы Өмірдің – жаза білгендіктен – өнерден асып түсіп жататынын, көркем де көсегелі екенін көрсете білді. Бір-ақ мысалға жүгінсек, орыс пен Ба­тыс­тың бізді артта қалған ел, озықтық қонбаған, өздерінің Олимпиялық ойындары болмаған халық деп келгені мәлім. Бірақ олардың мұнысы – өтірік. Қазақтың үш жүзге сауын айтып, кейде көрші халықтар өкілдері де қосылып кететін, атақты адамдарына өткізетін Астары ше? Сол астарда ақыл мен күш сайысқа, айла мен жүйрік аттары жа­рыс­қа түспей ме? Міне, сондай алаш­тық бір асты суреттегенде Айдар­хан аға мынадай бір ерекше сын-елдік қызық түрін де келтіреді. Алқақотан халық қоршаған Тойтөбе. Тойтөбе басында – жұрттың бәрі алуға ынтық жүлде, ай­рықша сүттей Ақ нар. Осы нарды жас әйел-арулар ішінен кім тыр­жа­лаңаш шешініп, төбеге жаяу көтеріліп, жібін тісімен шешіп алса, жүлде сонікі. Сұмдық сын, алабөтен жарыс емес пе? Әрине, халық у-шу, ду-ду. Ел көптің ішінен ондай жүректі шықпай ма деп дағдара бастағанда, жаңылыспасам, әйгілі Сандыбайдың Ерденінің жас тоқалы ортаға шығады. «Қос анарын екі қолымен қымтап, төбеге көтеріліп, жібін тіспен шешіп, ақ нарды иеленеді. Таңданыста шек жоқ. Ұят көріп, жас келіншекті сөгіп, жаман сөз айтып жатқандар да жетерлік. Сонда өрімдей ару не дейді дейсіздер ғой. «Әй, еркек­тер, мен ұятсызбын ба, жоқ өзде­рің шыққан жерге қарауға қысылмаған сендер ұятсызсыңдар ма?» деп дуыл­да­ған көптің аузына құм құяды. Даналық па? Даналық. Жұмыр жер бетіндегі ешбір елде жоқ аламан ат бәйгелерін айтпағанда, осындай да ойын түрін ұсыну – ұлттық даралық па? Иә, солай. Міне, Айдархан ағамыздың деректі прозасында осындай нешетүрлі сирек байлық, даңғайыр билеріміз аузынан төгілген шешендіктің небір маржан үлгілері бар.
Алып Абай айтқандай, амал жоқ, «қал­дырған өлмейтін сөздеріңізге» қанағаттанамыз. Сол сөздеріңіз де – көзіңіз, өзіңіз ғой. Бізді солар жұбатар.
Бақұл болыңыз, Аға! Алдыңыз – бейіш, артыңыз – кеніш болсын!

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір