КӨРСЕРІК
18.05.2018
1354
0

Бақтияр АЙТАЛЫ


Шағын ас үйде шекесі терлеп шәй ішіп отырған Байболат қо­лын­дағы сырлы кесесін бәйбішесінің ал­дына тақай қойды. Таң атқалы бері үй іші у-шу, салдыр-гүлдір болып жат­қан. Енді тым-тырыс. Баласы мен келіні демалыс күндері осында бо­лады. Немерелерін ата-әжесіне алып келіп, маңдайынан иіскетіп ал­ған соң қалаға қайта жиналып кет­кені жаңа.
«Е-е-е, алданышым осылар екен-ау» деген тұжырымы Бай­бо­лат­тың сүлкінінен байқалады. Далада ас­пан сүркей, бозарған бұлттан айық­пай тұр. Сан-қилы ойдың же­те­гіне көп ілескендіктен бе, Бай­бо­лат мең-зең болып отыр. Осындай құ­лазыған сәтте сырласатын Әжібай ағасынан да айырылып қалған. Бәй­бішесінің жүзіне сұқтана бір қа­рап алды да терең күрсінді…
«Е-е-е, Әжекең жарықтық та ер­те кетті-ау, иманды болғыр! Көзі ті­рісінде мені қатты жақсы көруші еді», – деп топырағы кеппеген көңілі жа­қын ағасын есіне түсірді. Бәйбі­ше­сі тоңазытқыштан туралған етті алып үстелге қойды. Байболат бір ті­лімін алып шетінен кертіп жіберді де:
– Әжекеңді айтам, марқұм анау сал­ған зәулім үйінің қызығын көріп те үлгермеді. Бейнетін сонша тарт­ты, – деп қынжылды. Рас-ау, сол үй­дің салынуы Әжібайдың 5-10 жыл­дық өмірін жалмағандай еді. Құ­рылысы бітер-біткенше жүзі қуа­рып, азып кеткен жүдеу түрі көз ал­дынан кетпейді.
– Есесіне бала-шағасына қалды ғой. Әйтеуір ұлдарына ауыз тол­ты­рып айтарлықтай еңселі үй салып бе­ріп кетті емес пе. Артында түгі қал­май кеткендер қаншама. Әже­кең­нің мықтылығы… Тағанынан ша­тырына дейін өзі көтерді. Ана ба­лаларынан көп қайыр жоқ-ау… – деп көзін бір төңкерді бәйбішесі. Бай­болат шәй үсті әңгімеде бәйбі­ше­сімен шекісіп алатын әдеті есіне түскендей, сәл жымиды да қысыр сөзге көшті:
– Әй, бәйбіше! Алда-жалда мен өле қалсам артымда не қалды өзі? Ана көлік те, мына үй де сенің атың­да. Мен тегі соны бір ойламаппын ғой… Осы менен гөрі сен абыроймен қайтатын шығарсың ана жаққа, а? Бәйбішесі дәм шайнауын баяулатып, қабағын шытып Байболатқа аз қадалып тұрды да:
– Қай жаққа? Кім… мен бе? Ой, ау­зыңнан бір жақсы сөз шықса қай­тер еді. Ал, өтірік пе? Қалдырған еш­теңең жоқ қой. Не қалады сенің ар­тыңда? Айтшы ал, осы жасқа кел­генше не бітірдің? Жұрттың байы­ның салған үйін көрсең, мына жа­ман тамға кіргім келмей қалады.
– Қой, ей!..
– Нені қоям. Сен сол кітаптан үй тұрғызғың келіп жүрген шығар­сың? Анау жатын бөлмедегі өлген орыстай ауыр қораптарыңды жо­ғалт­шы тегі. Бір демалыста сыртқа алып шығып өртей саламын, – деп бұрқылдап шыға келді. Мына күдікті сөзді естіген Байболат күлкісін сап тыйып:
– Өй, өртегені несі, ей! Өлген оры­сың садаға кетсін менің «қағазға қат­талған алтындарымнан». Менің бар байлығым – сол кітаптарым! Сыр­ласым да, досым да солар. Олар бол­маса, мен сорлы құсадан өлетін шығармын, – деп терең бір күрсінді. Бәй­бішесі оның кітапқа деген шын ние­т­пен айтылған сөзіне пысқырған да жоқ. Дауысы одан ары үдей түсіп:
– Иә, досың бар болсын. Қолың бо­сай қалса жатасың шалқадан тү­сіп, кітап оқыдымсып. Одан қалса ұйық­тайсың, кітапты төсіңе төң­ке­ріп. Есесіне бір тіршілік жасасаң қай­тер еді. Әй, бірақ… саған айттың не, айтпадың не…
Байболат шүңкілдесудің соңы бас­қа арнаға кілт бұрылып бара жат­қанын байқады да:
– Ей, қатын, доғар енді, – деп екі алақанымен мұрын үстін сипап, ықы­лас еткендей болып орнынан тұрып кетті.

***
Апақ-сапақ. Ақшам кіріп келеді. Азанның дауысы естілді. Байболат бөлмесінің терезесін ашып сыртқа қа­рап ұзақ ойланып тұрды. Ештеңеге зауқы жоқ. Ұзын-сонар азанның қи­рағатты мақамы да санасын сан­сыратып тастағандай ма, қалай? Әлгі шытырман ойына тағы бір ойдың легі қосылған. Өз-өзіне іштей сұрақ қойды: «Ей, Байболат, жасың болса алпысқа келді. Осы сен неге құдайға құлшылық етпейсің? Күнделікті сәж­деге бас ұрмасаң да, аптасына бір ме­згіл жұма намазға да бармайсың ғой, неге?»
Осы бір сұрақтың тылсымына те­рең бойлаған ол үрейлене бастаған соң кенет артына жалт бұрылды. Шашыраңқы ойын бір жинақтап ал­ды да, түкпірдегі шағын кітап сө­ре­сіне қолын созып Бердібек Соқ­пақбаевтың «Өлгендер қайтып кел­мейді» атты романын алды. Әде­тінше, төсегіне шалқалап жата кетті. Ор­та тұсын ашты да, белгілеп қайыр­ған парақты жазып жіберіп кі­тапқа үнсіз тесіле қарап біраз жа­тыр. Шамалы уақыттан кейін бәй­бішесі айтқандай кітапты төсіне төң­керген күйде ұйқыға кетті.
***
Шәуілдеген күшіктің ащы дауы­сы Байболатты таң бозынан оятты. Сырт­тан «Бәке-е-е!» деген дауыс ес­ті­леді. Далада көршісі Сәбит келіп тұр. Екеуі амандасып хал сұрасып тұр. Жайшылықта жалаң бас жүретін Сә­бит басына кестелі тақия киіп алып­ты.
– Бәке, сіз естідіңіз бе? Бүгін ор­­талық мешітте үлкен жиын б­о­ла­ды екен.
– Қандай жиын?
– Әлгі жаңа келген имам солай деп­ті. Ауыл әкімі де баратын кө­ріне­ді. Жүріңіз кеттік, жиналыңыз. Ба­рып қайтайық.
Байболат «қазір» деді де киінуге кі­ріп кетеді.

***
Міне, екі көрші емен-жарқын әң­гімелесіп, мешітті бетке алды. Жол-жөнекей жиынның мәнісі не бо­лар екен деген сұраққа әр қилы топ­шылау айтып барады. Сәбит өзі­нің ойын електен өткізіп:
– Е-е, молдекең сол баяғы бұ­рын­ғы молданың әңгімесін қай­та­лай­тын шығар. Ысырапшылықты қою керек деп үгіттейді де. Басқа алып бара жатқан не айтар дейсің? Анау әлгі көзі шүңірейген қараторы има­мның әңгімесін қайталайды, көр де тұр… Дегенмен бара көрейік.
Бұларға жол бойы тағы бір қауым ел қосылды. Өңі таныс бір ауылдың адам­дары абыр-сабыр әңгімелесіп, көк күмбезі аспанмен таласқан ауыл ме­шітінің қойнауына еніп барады. Көп­шіліктің бас-аяғы жиналып бол­ған соң Сейітнияз молда оң жақ бұ­рыш­тағы тұғырына көтеріліп, мик­рофонмен сөйлей бастады. Сәл­десі сала құлаш, ұзын ақ шапан ки­ген, кесек денелі дінбасының жүзі бай­салды. Ол бұл ауылға сонау өз­бек­ке жақын бір жерден жуырда ар­найы ауысқан дейді ел. Терең бі­лім­ді. Осы өңірге келгелі 2-3 ай бол­ға­нымен соңғы кездері қайтыс бол­ған бірнеше адамның жаназасын шы­ғарып, бақилық сапарға аттан­ды­рып та үлгерді.
Байболат оны бірден таныды. Әлгі Әжібай ағасын да осы кісі ақ­тық сапарға жөнелткен. Молдекең бір қарағанда өте сабырлы, артық сөзі жоқ, тұйықтау көрінеді. Ал, шариғатты ширатып айтқанда әр сө­зіне жан бітіріп, екпінмен сөй­лейді. Кімнің иманы кәміл дейтіндей дәрежеде тәйірі, молдамен пікір жарыстырар шама қайсы. Жиылған жұрттың басым көпшілігінің басы төмен салбыраңқы тартып, ыңғай­сызданып-ақ тұр. Сәкеңнің дауысы бірде бәсең, бірде күркіреп шығады. Ет пен терінің арасын дызылдатар шақ­па сөздері өзін күнәкар сезінген жан­ды үнсіз шыжғырып бара жат­қан­дай. Жұрт сілейді де қалды. Әл­гінде ауыл ішінде Сейітнияз молда туралы сан түрлі аңыздар тарағаны Байболаттың есіне түсті. Соның бір мынау еді: Қас қарайса болды дүкен жағалайтын, ал, күндіз ағашты кө­леңкелеп жоқтан өзгенің бәрін жуамыз деп сылқиып жүретін аза­маттар осы молдекеңді жиындарда бірер рет тыңдағаннан кейін ішуді мүл­де доғарыпты-мыс. Жұрттың кү­бірлеуі үдей түскенін сезген Сәкең көпшілікке қарап, зор дауыспен:
– Құрметті жамағат! Тыныш­та­лайық. Сабыр етіңіздер. Бүгін сіз­дер­ді осында шақыруымның ерекше себебі бар. Ауылдағы дінбауырластар тұтас жиналмаса да, тең жартысына жуығы осында көрінеді. Келмеген ағайынға айта барарсыздар.
Тәпсірлейін дегенім – «КӨР­СЕ­РІК» мәселесі жайында. Бұл көрсе­рік дегеніміз Алланың өзі мына біз­дерге, яки пенделеріне аян етіп жі­берген бұйрығы. Оны әрбір мұ­сыл­ман орындауға міндетті.
Біз осы уақытқа дейін мәйітті көр­ге салғанда жан тәсілім еткен кез­дегі киімдері мен жуындырған сәт­тегі заттарды бірге көміп келдік. Ен­ді осыған қоса бақилық болған адам­ның оқыған және жинаған кі­тап­тарын да қосып көметін боламыз және оның қасында бір қорап май­шам болуы абзал, – деп бір кідірді. Көпшіліктің күбірі тағы да үдей түс­ті. Сәкең жамағаттың шуылын ба­сып, көпшіліктің назарын өзіне қай­та аударды да сөзін жалғастырды.
– Уа, жамағат, құрметті ауыл­дас­тар! Көрсерік амалын түсінбей абыр­жығандарыңызды сезіп тұрмын. Ол бы­лай, әгәрәки арамыздан бір мұ­сыл­ман қайтыс болса, біз оның өмір бойы жиған кітаптарын бірге көмуге тиіспіз. Сондықтан әркімнің көрін қаз­ған кезде, мәйіттің ақымының кө­лемі меншігіндегі кітабына бай­ланысты кең немесе тар болады. Ал, сіздер кітап неге мәйітпен бірге кө­мі­леді деген сұраққа жауап таппай тұ­рған боларсыздар. Ендеше тың­даңыздар:
– Бұрын да біздің ежелгі ата-ба­баларымыз мінген атын, қару-жа­ра­ғын көрге бірге көмгенін жақсы бі­ле­сіздер. Сонау Сақ дәуірінен жал­­­­ғасқан сол дәстүрдің бүгін де біз­ге еш сөкеттігі жоқ. Ол енді тек жаңа­ша сипат алмақ.
Адамды жер қойнына тапсыр­ған­нан кейін ол өзінің фәни дүниеде жа­саған амалдарына есеп беретіні сіз­дерге аян. Соңғы кездері адам са­ны­ның артуына байланысты ол жақ­та да кезек күтуге тура келеді. Де­мек, Мүңкір-Нәңкір келіп сұрақ­қа алғанға дейін кімде кім болсын әл­гі жиған кітаптарын тағы бір шола оқыса, оның күнәсі жеңілдейді.
Құрметті жамағат! Сондықтан құл­шылық етіңіздер, сауапты іс ат­қа­рыңыздар, кітап жинаңыздар. Ме­нің сіздерге айтпағым осы, – деп имам ағаш тұғырынан түсуге ұмтыла бергенде, көпшіліктің арасынан бір жігіт қолын созып, «Бір сұрағым бар еді, Сәке», – деп саңқ ете қалды. Көп­шіліктің назары әлгі жігітке ауды.
– Сонда діни кітаптарды ғана жи­нау керек пе?
– Жоқ. Оған шектеу қойылмаған. Өзіңіз білесіз.
– Ә-ә-ә, онда дұрыс болды… – деп сұрағына қонымды жауап алған жігіттің жүзінен қуаныш табы ұш­қын­дағандай көрінді.
– Бірақ өзім біледі екенмін деп, әл­гіндей төсектің айналасындағы анайы кітаптарды жинауға әуес бол­маңыз. Ол керісінше, күнәңізді есе­леп жібереді, – деді молда.
Осыдан кейін әлгі жігіт әрі қарай сұ­рақ қоюға талпынбады. Алғашқы жа­дырап тұрған жүзі күрт өзгеріп шы­ға келді.
Молдекең көпшіліктің сұрағына апыл-ғұпыл жауап беріп болды да, күні бұрын шақырылған құдайы та­маққа асығып кетті.
Байболат пен Сәбит көп­шіл­ік­пен бірге үйге қайтып барады. Жол бойы кітап жайында неше түрлі әң­гі­мелер айтылды.
Бір күні ауылдағы дәулеті тасы­ған кәсіпкер азаматтың бірі өмірден өт­кен әкесіне арнап ас беріп, ат шап­тырмақ болды. Астың алдында ауыл­дың мәдениет үйінде бір қауым ел­ді жинап, жақсы адамның өмірі­нен сыр шертетін кітаптың тұсауке­сер рәсімін жасады. Осы топтың ара­сында Байболат та отырған. Оған бұл жиын аса бір маңызды да емес. Жылдық асы берілмекші марқұмды мақ­тап сөйлеуге де құлқы жоқ. Тек екі көзі үстел бетіндегі көк лентамен орал­ған бір топ кітапта. Айналасында отырғандарды жедел бір шолып шық­ты. Адам санын іштей межеледі. Ал, тұсауы кесілгелі жатқан ғұмыр­на­малық кітаптың саны келген қо­нақтан әлдеқайда аз көрінеді. Жа­сы үлкен бірнеше кісі кітаптың лен­тасын қиып жіберген сәтте көпшілік ор­нынан тұра сала, сахнаға қарай жа­патармағай ұмтылды. Кітап тұр­ған үстелге үймелеген жұрттың ара­сынан Байболат та бір кітапты суы­рып алды. Сейітнияздың «КӨР­СЕРІК» жай­лы әңгімесін естімеген ел қал­мапты. Әркім өз меншігіне бір-бір кі­тап алу үшін барын салуда. Тіпті то­пырлаған көпшілік кітапқа тала­сып қызыл кеңірдек болып жатыр.
Байболат діттеген мақсатына жет­кеніне қуанып, сытылып шықты да үйіне қайтты. Ауласына кіріп келе жатыр еді, сыртта өртеніп жатқан қо­қысқа көзі түсті. Жоқ, бұл қоқыс емес, қара жалыны будақтап жанып жатқан кәдімгі өзінің кітаптары. Қа­ғаз қорабынан жазбай таныды. Бәйбішесі ыңғайын тауып, анау бір күні айтқанындай бүкіл кітабын өрт­ке орапты. Байболаттың көзі қан­талап, бар дауысымен айғай салды:
«Ей, қатын! Құрттың ғой мені… ой­бай, қайдасың? Шық далаға, оң­баға-ан!» – деп тамағы қарлыққанша жан дауысымен ышқынды. Өз дауы­сы өзіне алыстан талып естілетіндей ме, далаға жұтылып жатқандай ма… Біреу білегінен тартатын сияқты: – Не болды саған? Ей, Байболат, не бол­ды? Тұрсаңшы енді. Зауал уа­қытта ұйықтағаны несі-ай!..
Көзін ашса мұны бәйбішесі жұл­қылап, оятпақ болып жанталасуда екен. Қара терге малшынып кетіпті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір