Цеденбал-Филатова кім?
немесе келген жерін жұмаққа айналдырған келін
2015 жылы қаңтарда «Түркістан» газетінде менің «Басыбайлы бодан болғаннан ашқұрсақ азат болған артық» атты портреттік мақалам жарияланды. Анастасия Федоровна тақырыбын жалғастыру ойда жүрген. Тұрсын Жұртбайдың «Кекті бесік» немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда ұйыған хандық» деген мақаласын әуелде «Жұлдыз» журналынан шолып оқығанмын. Онда хандардың ханымдары туралы айтылатын. Енді қайта айналып соғуға тура келді. Өйткені мен де қырық жыл «хандық тақта» отырған, шынтуайтында бір мемлекеттің билік тұтқасын, тізгін-шылбырын ұзақ уақыт ұстаған адамның құдай қосқан қосағы, жат жұрттық жары туралы жазбақпын.
Аса жоғары лауазымды адамдардың алған жарларының сол елдің немесе мемлекеттің болашақ саяси-әлеуметтік өміріне ықпалды әсері болатыны тарихтан белгілі. Ал бір елдің ең жоғары билігінің жарты ғасырлық ғұмырын уысында ұстаған адамның алған жары басқа ұлттың, басқа ұлт болғанда сол елді отарлаудың жасырын, жабық тәсілімен өзінің ерекше бақылауына алып, ашса алақанында, жұмса жұдырығынан шығармаған, заманында «аға ұлт» деп аталған, «қаны жерге тамбай» тұрған халықтың өкілі болса ше? Оның келін болып келген елінен гөрі, айбарлы, азулы төркінінің күйін көбірек күйтеп кетуі тіпті заңдылық болуы да мүмкін ғой. Осы жағы да есте тұратын. Мен бұдан бұрын да әйел тақырыбына, дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Шыңғыс ханның ханымдары туралы зерттеу мақала жазғаным бар. «Әйел затының үш күйеуi болады, – депті Шығысхан. – Алғашқысы – алтын тақ (елi), одан кейiнгiсi – ар-намысы, ал ақырғысы – алған жары. Алтын елiн ардақтаса, адалдықпен аты шығады. Адал атын сақтаса, алған жары қайда бармақ». Шыңғыс ханның пайымында ерге болашақта жар болатын әйелдің, ол мейлі ханның яки қараның қатыны болсын басты мақсаты күйіп-жанған құмарлық, отты ғашықтық сезім емес, ел тағдыры, айнала қоршаған ортасы екенін, Ер адамның алған жарына қойылатын талаптың тым жеңіл-желпі болмайтындығын меңзеп отыр ғой.
Ал «Орталық Азияның ойранын шығарған ойраттардың» жұрнағы, біз «жойып жібердік, жұтылып кетті» дейтін Жоңғардың тұқымы, Моңғолияны ХХ ғасырда табаны күректей 44 жыл тапжылмай билеген Юмжаагийн Цеденбалдың жұбайы Анастасия Ивановна Филатова кім? Ал Анастасияны кім жетектеп әкеліп қалмақ ұлына қосты? Қандай мұрат, мүдде оны жер түбіндегі Моңғолияға айдап әкелді? Әлде боз далаға бозтайлақтай боздатып әкелген шынымен де ғашықтықтың қуатты күші ме? Әлде ол, кекті бесік тербеткен, кекті жатырлы, кекті қатын ба? «Цезарьдың да (Клеопатра), Аттиланың да (Ильдико), Юстинианның да (Феодора), Таң гаузұңның да (Узы тянь), Шыңғыс ханның да (аңыз бойынша таңғұт ханшайымы), Сайын Сүлейменнің де (Роксалана), Наполеонның да (Жозефина), мәнжу патшалығының да (Чань фыңның жа-мағаты, Фуң зының шешесі Сычи тайху) қыр желкесін қиған осы «ұлы қа-тындар» (Т.Жұртбай) сияқты байына қосып байтағын жалмаған бас кесер ме? Осындай сумаңдаған сұрқия сұрақтардың себебі бар. Биліктің биік басында отырған адамның алған жарының жұбайына, отбасы, үй ішіне ғана емес, ол шеңберден сытылып шығып, елінің, мемлекетінің ішкі-сыртқы саясатына дейін сұғынып, кірісіп, араласып, көп жағдайда оң-теріс ықпал-әсер етіп жататыны тарихтан белгілі. Ал орыс қызы Анастасия ханым кешегі әлемді дірілдеткен Шыңғыс хан құрған Ұлы мемлекеттің ошағын тұтатып отырған бүгінгі Моңғолияның қырық жыл бойы бірінші ханымы болғанда не істеді? «Алтын ұрықтардың» (Шыңғыс тұқымдарының) «атажұртын» аздырдып, тоздырды ма?
Әуелі Цеденбал жайында бір ауыз сөз.
Цеденбал 1916 жылы қазіргі Баян-Өлгий қазақ аймағымен бүйірлесіп жатқан Увс (Убсы – у су – Б.Б) аймағында баяғы жоңғар қалмақтарының жұрнағы, төрт ойраттың төртiншiсi, қазақ «дөрбет» не «дүрбiт» деп атайтын, ауыз әдебиетінде «ұранқай, қазақ дөрбетім, // дөңгеленген келбетің» деп жырға қосқан дөрбөд (дөрбет) текті Юмжаның отбасында он бір баланың бесіншісі болып дүниеге келген қалмақ. 1925 жылы Улаанғом (Ұлан құм немесе Қызыл құм – Б.Б) қаласында ашылған мектепті 1929 жылы бітіреді. Қаршадайынан ерекше қабылетімен көзге түскен. Үкімет осы жылы оны Иркутск қаласына жібереді. Ол Иркутск, Улан-Үд қалаларында 9 жыл жүріп, Сібірдің Қаржы және экономика институтын өте жақсы тәмамдап, қаржы және экономика маманы болып шығады. 1938 жылы еліне оралады. Қаржы-қаражат саласында түрлі қызмет істейді. 1940 жылы, бар жоғы 24 жасында МХРП-ның бас хатшысы, партия басшысы болып сайланады. Осы лауазымды ол 44 жыл, яғни 1984 жылға дейін үзіліссіз атқарды. Арқа сүйегені – Ресей.
Жалпы Ресей патшалығының ағының болсын, қызылының болсын қалмақтарға «бүйрегінің бұруы, болысуы» ата-бабасының салтына айналып кеткендей. XVII ғасырдың алғашқы жартысында жалы күдірейіп шыққан жоңғарды қақ бөліп, бір жартысын түстік сібір арқылы аман да есен ноғай қазақтарының қара мекені Еділге өткізеді. Солар (қалмақтар) арқылы қазақты қос бүйірден қыса жаншып оңбай жеңілген соң Алтай, шығыс қалмақтарын Цин империясы (қытай) жер бетінен жойып жібереді. Дегеніне жетпеген ақ патша Еділ қалмақтарын және екіге жәркемдеп, бір саласын Абылай ханның апанына тастай салады. Соның жұрнақтары Шыңжаң (батыс қытай) өңірінде жасап жатыр. Қандай да болсын күштінің әлде кімнің қолымен жылан ұстату әккі саясатының бірі ғой. ХХ ғасырдың басында Ресей патшалығы Еділдің Дамдижанцан деген тағы бір қалмағын сынақтан өткізіп, тәрбиелеп батыс Моңғолияға жібереді. Ол жендет ондағы қалмақтар мен қазақтарға ойына келген аярлықты істейді.
Қолында билігі бардың қалың бұқараны айтқанына көндіріп, айдағанымен жүргізудің тағы бір тәсілі халықты қорқытып, үркітіп, оның жүрегін алу ғой. Дамбижанцан (халық Жалама атап кеткен) қарсы шыққандардың терісін тірідей сыпыруға дейін барған деген аңыз-шыны аралас әңгімелер де айтылып қалады… Патша ағзамыңыз 1914 жылы сол Дамбижанцанның басын өздері кесіп алып, Санкт-Петрбургтің кунсткамерасына апарып, ертінді ішіне салып сақтап қойды. Осыдан кейінгі таңдау Цеденбалға түскен.
Кеңес үкіметі Моңғолия билігінің келесі мұрагері сөзсіз өздері дайындап, иін қандырып жіберген Цеденбал болатынына күмәнданбады. Алайда, «сақтықта қорлық жоқ». Моңғолиядағы социализмнің барысын бақылап отыратын сенімді бір адам қажет. Ал ол адам оның (Цеденбалдың) «қабырғасынан жаратылған адам болса» құдайдың бергені емес пе?! Сол үшін кішкентайынан көзінен таса қылмай барлық басқан-тұрғанын бақылауға алып, болшевиктік (орыстық) рухта тәрбиеленген Цеденбалдың кімге үйленетініне дейін Мәскеу шешкен. Олар бұл істі Моңғолияның премьер-министрі, маршал Чойбалсанның саяси кеңесшісі Николай Важновқа жүктейді.
Моңғол билеушісінің болашақ жары болмақ бойжеткенге артылмақ жауапкершілік, жүктелмек міндет (құпия) аса салмақты, өте ерекше болғаны сөзсіз. Таудай талаптың талғамы (таңдау, әрине, КГБ тарапынан жүргізілгені белгілі) Рязань қаласының тұрғыны, Николай Важновтың туысқаны генерал Филатовтың қызы Анастасияға түсіпті. Жазмыштан озмыш жоқ, ауыр аманатты мойына алу Анастасияның маңдайына жазылып, пешенесіне бұйырған екен. Тағдыр оны нақ сүйерінен айырып (мүмкін күшпен, ол кезде Анастасия Димитрий деген жігітпен қол ұстасып үлгірген ғой) сәбеттік идеологияның құрбаны болуға шешім шығарса, «адамның обалынан ойыншық жасаған» нарттай империяның дегені мен десіне үкідей үлбіреген бойжеткеннің қарсы тұрар қауқары қайдан болсын? Көнген. Кездесуге барған. Кездестірген. Түр-әлпеті дақсыз, әлде қағаз, әлде там сорған жылы жүзді, жүріс-тұрысы ширақ, Карл Маркстың «Капиталы» мен Лениннің ілімдерін жатқа соғатын, орыс тіліне судай, орта бойлы тығыршықтай жігіт те ұнаған. Николай Важнов Настяның Цеденбалға ұнағандығы жөнінде КПСС-тің ОК-іне «сүйінші хабар» жеткізген. Сәтті қадам. Осы жерде «31 жасқа жеткенше Цеденбалдың ғашықтық сезімі оянбаған ба, жар сүюді пешенесіне жазбаған ба?» деген сұрақ тууы кәдік. Жазғанда қандай, қалқаның (этнос) хас сұлуы екен. Қауесет солай дейді. Тағдыр олардың бір жастықта бастары түйісіп, қосылып, ерлі-зайыпты болуын кешеуілдете берсе керек. Адам тағдырымен ойнау тотаритарлық режим үшін не тұрады, тәйірі. Әспеттей айтылатын «әйел теңдігі» әдірем қалып, Цогзолмаа атты бойжеткен де жарқ дүниеге жарқ етіп бір көрінген де таңғы жұлдыздай шексіздікке батыпты…
Цеденбал мен Филатова 1947 жылы үйленеді. Мәскеуде Цеденбал мен Анастасия қол алысып, құшақтасып, бір-біріне адал жар болуға серттесіп, СССР-дің орақ пен балғасының алдында тұрып ант суын ішкен. Бізге жеткен шолақ ақпар түйіні осы. Ақиқаты Анастасия ханымның ішіндегі алтын сандығы мен КГБ-ның «төтенше құпия» белгісі басылған архивінде ашылмаған күйінде, құлыптаулы жатқаны мәлім ғой. Кремль билеушілері Анастасияны Моңғолияға «кекті қатындардың» рөлін ойнауға жібермегені айқын.
Осылай моңғолдар тұңғыш рет орыстан келін түсіреді. Моңғол билігінің жоғары шыңындағы адамның жат жұрттан әйел алғанына сол тұста наразы, жақтырмаған саяси қайраткерлер болғанымен, Кеңестің кеңесіне кет әрі дей алмайды. Моңғолия билігін түгелімен қолына алған тұста Цеденбалдың өзінде Анастасияны еліне қайтармақ ниеті болғаны жөнінде де сыбыстар естіліп қалатын. Алайда сол кездегі Моңғолияның Ұлы Құралының төрағасы, абыз, ақсақал Ж.Самбуудың ақылымен «аға-бауырлық достыққа» сызат түсіруі мүмкін мәселе пышақ кескендей тыйылса керек.
А.И.Цэдэнбал-Филатова өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ақырынан бастап Моңғолияның саяси өмірінде қандай бір мемлекеттік лауазымға ие болмаса да белсенді һәм ашық түрде көріне бастады. Әуелде билікке тікелей қол сұқпаса да жасы егделей келе мемлекет саясатында ықпалды адамдардың біріне айналады. Елдің өркендеп, дамуына өзіндік үлес қосқан тұлға деп есептелінеді. Әсіресе, оқу-ағарту, өнер-білім, спорт, әлеуметтік салаларда өзінің өшпестей ізін қалдырды. Жасөспірім балалардың, жастардың болашағы үшін өте көп еңбек сіңіреді. Өнер, шығармашылық адамдарын қолдады.
А.И.Цэдэнбал-Филатованың тікелей бастамасымен Азиядағы ең алғашқы ұлттық иниститут болар Балалар Қоры құрылып, 1972-1984 жылдары оның орталық комиссиясының басшысы қызметін атқарады. Осы жылдарда Ұланбатырдағы жастар саябағынының, Жас табиғатшылар үйінің, Пионерлер сарайының, Жас техниктер сарайының және Жастар сарайының бой көтеруіне мұрындық болып, олардың құрылыс істерінің жүйелі атқарылуын бақылауды өз құзырында ұстап, шалбар, куртка киіп алып, іске сылбыр басшы бағыныштыларды бір шыбықпен айдаған. Адуынды әйелдің бетіне тік қарай алмай, алдында құрша жорғалағандар артынан «авғай» (қатын) деп кекетеді. Бұл сөз Анастасияның лақап аты болып кеткен. Құрылыстың жедел әрі сапалы жүруін күн құрғатпай қадағалап отырғандығының арқасында тамаша сарайлар бой көтереді. Ол сол кезде совет елінде атағы дүрілдеп тұрған Сочидегі «Артек», Алтайдағы «Монжироктан» бір кем емес халықаралық «Найрамдал» (Достық) пионер лагерін табиғаты тамаша, нулы-сулы өлке салдырады. Сол лагерде социалистік елдердің озат пионерлерінің қаншамасы жазғы-қысқы демалыстарын қызықты да көңілді өткізгені жөнінде аузының суы құрып айтатын ел ағалары біздің елде де болуы әбден мүмін. Филатованың осы істерін қазір ғана аса ілтипатпен еске алатындар болмаса, кезінде онша бағалай қойған жоқ…
Ел аузында мынадай бір аңызға бергісіз әңгіме бар. 1974 жылы Советтер Одағының басшысы Бреж-
нев Моңғолияға барады. Осы сапарында ол Моңғолия халқына «Неке сарайы мен Жас техниктер сарайын» (А.И.Ц-Филатова өтініші бойынша деседі) сыйға тартқанында Анастасия Ивановнаның «Ешкім де естен кетпес тап осындай ғажайып естелік қалдыра алмас еді» дегені Брежневтің тұла бойын дір еткізгені рас, ал айналасындағылардың бірі «сен қыз, бізге тым қымбатқа түстің-ау» (Элла Фурманская) деген екен.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың басы совет елінде биліктің ұлғайған басшылары бірінен соң бірі өмірден озып, ел билігі әлсірей бастаған шақ. КПСС ОК-нің саяси бюро ішіндегі жастауы М.Горбачев 1981 жылы Моңғолияға барған сапарында Цеденбалдың қауызы қалың, құрсауы берік, тағына тас кенедей қадалған билігінің оңай бұзыла қоймайтын қамал екеніне көзі жетіп қайтады. Ал Цеденбалдың зайыбы, советтік құпия қызмет өздері жетектеп әкеп қосқан қосағы да билікпен мидай араласып, бет қаратпас күшке еніп, енді орыстың емес, ұлы моңғолдың күнін жоқтаушысына айналып кеткендігінен түңіліп кетеді. Осы сапарында ол Цеденбалды қалайда тақтан тайдыру керек екенін іштей түйіп қайтса керек. 1984 жыл. Цеденбалдың басына қара бұлт үйіріледі.
1984 жылы, шілдеде Цеденбал әйелімен Совет еліне келеді. Мәскеуде денсаулығын қаратып, тыңайып қайту мақсаты мақұрым болады. «Аса қауіпті ауруға душар болған, ұзақ уақыт емделуі керек» деген дәрігерлік анықтаманы дереу шығарып, КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің 4-басқармасының бастығы Е.Чазов МХРП-ның саяси бюро мүшелеріне жағдайды толық баяндап, «ақыл-есіне қатысты ауруды» дәлелдеп, сендіреді де Батмөнх бастаған уәкілдермен Мәскеуге оралады. Олар Советтің кеңесімен Цеденбалға «тағын босатудың» қажет екенін жеткізу керек болады.
Осы жайдан хабардар болған Цеденбал сол жерде Совет Одағына, оның коммунистік партиясына адал болғандығын және де ары қарай да адал болып қалатындығын мәлімдеп КПСС ОК-не жеткізуін өтініп қол-хат жазып береді. Бұл хат көмбесіне
жетпей, архивте қалады. Ал А.И.Цеденбал-Филатова болса қатты ашуланып, өліп қала жаздайды. 1984 жыл 20 тамыз күні Филатова КГБ бастығы Чебриковпен жолығып Моңғолияға қайтаруын талап етеді. Алайда, бұл кезде оның сөзін құлаққа ілетін адам қалмаған еді… Өйткені Коммунистік партияға Цеденбал енді керексіз адам, ал ол еліне қайтып барса істің немен тынатыны да белгілі, сондықтан оның мәселесі әлдеқашан шешіліп қойса керек. Ал, Цеденбалдың денсаулығы ұлы Зоригтің айтуына қарағанда емделіп жазылғанның орнына Е.Чазовтың күн құрғатпай салған екпесінен күннен күнге төмендей берген. Цеденбалдың басына күн туған қиын-қыстау кезде қасында болған, 30 жыл қорғаныс қызметінің басшысы лауазымында істеген Л.Нанзад деген генерал. Оны 1989 жылы қаңтарда ғана еліне қайтарды. Ол Цеденбалдың 1984 жылы шілденің 26-нан 1985 жылдың 25-ақпанына дейін Мәскеуда арнайы жерде қамауда болғанын айтып берген. Одан кейін Мәскеу орталығынан төрт бөлмелі пәтер беріп, «мырза қамақта» ұстаған. Осы пәтерде (Москва, Алексей Толстой көшесі, 12- үй, 23, 24 пәтер) Цеденбал өмірінің ақырғы аянышты жеті жылын Мәскеуде, мырза қамақта жары Анастасия Ивановна және немере қызымен өткізген. Өмір бойы мемлекеттік қамқорлықта болған, қызметші ұстаған Анастасия Ивановнаға Москваға келгеннен кейін үй шаруасын игеріп кету оңайға түспесе де ас, тамақ әзірлеу, кір жуу, дүкенге бару сияқты жұмыстарды жедел меңгеріп, өзі атқарғанын көз көргендер айтады. Ол Цеденбалды сүріндірген кезінде сүйеу бола білді, өле-өлгенше қасында болып, атаукересін ішкізді. Тағдырдың жазуымен жат жұртқа күйеуге шығып, сол елге балдай батып, судай сіңіп, алтын елін ардақтап, адалдықпен аты тарихта қалған Анастасия Ивановнадан екі ұл туады. Владислав Цэдэнбал экономика, Зориг Цэдэнбал табиғатты қорғау салалары бойынша тек ғылыми жұмыспен айналысқан.
Қазақ баласының тегін анықтағанда алған жарының (әйелінің) ұлт-ұлысына, ұрық-нәсіліне қарап жатпайды, аталығымен сүйегін анықтайды ғой. «Сүйегі – менікі, еті – сенікі» дейтін тәмсіл-мәтелдердің төркіні де аналық жолының нағашысы ретінде аталатындығында туындаса керек. Оның есесіне әкесі белгісіз шаталарға ерекше шүйлігеді. Негізі бұл дәстүр біздің түп-тұқиянымыздан бері жалғасқан жақсы салтымыз. «Ұлын Ұрымға, қызын Қырымға қондырған» бабаларымыздың ұлан байтақ өрісін, қол ұшы жеткен қонысын көрсетеді. Осындай жер түбінен келін түсіріп, қызын ұзатқан халқымыз нәсілі басқа анадан туған ұлының «шыққан жатырын» тектеп, тергеп жатса не болар еді? Елде бірлік-береке қалар ма еді? Демек қазақтың баласының шешесі кім болғанын тектемейтінің тегі осында, бірлік ұғымына да, бір атаның баласы етіп, «абысын тапқан баланы алалаған – кәпір» (Зуқа батыр) болатындығын ұғындыра тәрбиелеу маңызды екенінде жатыр.
Егер Анастасия Ивановна моңғол жұртына адалдық танытпағанда оның ұрпақтарына немере-шөбересіне деген бүгінгі заман адамдарының көзқарасы мүлдем махаббатсыз, жиркенішті көрініп, моңғолдардың бетіне қарай алмай, именіп, жасып тұрар еді. Онда немересі Анастасия бар даусымен әлемге, дөрбет-қалмақ бойжеткенінің ұлттық киімін мақтанышпен киіп тұрып, «Менің алпыс екі тамырымда атамның қаны, моңғол қаны ағып жатса мен қалай моңғол болмаймын» деп қасқайып тұрмас еді. Анастасия немеренің осы сөзі маған Шыңыс хан айтыпты дейтін мына бір пәлсапаны берік ұстанғанын есіме түсіреді: «Балаң мен бауырларыңа тәлiм-тәрбие үйреткенде ата-тегiн ұмыттырма! Егер, олар жақсыны киiп, дәмдiнi жеп, жақсы ат мiнiп, сұлуға құмар болуды ғана бiлсе бiздiң құрған мехнатымызды ұмытады». Анастасия Ивановна немересінің алдына суретті альбомдарын жайып қойып, атасы, олардың өткен өмірі жайлы айтудан жалықпағанын Зоригқызының естеліктерінен оқимыз.
Анастасия Ивановна Бірінші ханым болса да дүниені оңды-солды шашып, алтын алқа, бриллиант, не бір қымбат тастар тағып, үлде мен бүлдеге бөленген адам емес. 1990 жылы «балалар қорының қаржысын рәсуа еткен» деген айыппен оны «Тойрон хүрээлэгчдийн хэрэг»» (итаршылардың ісі) атты қылмыстық іс бойынша бірнеше рет прокуратура (Моңғолияның) тарапынан сұраққа алғанда совет азаматы болғандықтан ақша, қаржыға жауап бермедім, қаражаттың дені балаларға байланысты мәселерге, құрылыс-құрылымдары мен ойыншықтарға жұмсалғанын, туған күніне орай түрлі естелік, радиоқабылдағыш, магнитофон сияқты заттарды сыйлайтынын, қымбат дүние алып көрмегенін айтқан екен. «Біздің үйде кәдеге келген біраз күміс аяқтар бар еді, оларды басқа адамдарға сыйға беретінмін. Солардан 3-4 күміс аяқ қалған шығар. Цеденбалға алтын ақша, алтын аяқ бергені жайлы естімемпін де білмейді екенмін. Ал маған сыйға келген тастардың жинамасының ішінде таза алтын болғанын білмедім, 1988 жылы елге барғанда сол тастар табылмады» депті. Цеденбалдың отбасы тұрған үйі 1984-1988 жылдары дүние-мүлкімен, үкімет қорғауына өткен.
Саясиланған, желкесінен жендет төнген «махаббатты» адамгершіліктің асқақ арлы сезімімен аялап, «ибалы махаббатқа» (Тұрсынбек Кәкішұлы) айналдырған Анастасия Ивановна Цэдэнбал-Филатова (Анастасия авғай) ұлты орыс болса да аса мемлекетшіл, қаһарман, қалмақ-қалқа әйелінің бейнесін сомдап кетті. Мәскеуде мырзақамақта ғұмырының соңғы жеті жылын аянышты жағдайда, өле-өлгенінше өксікпен өткізген Цеденбал-Филатованың еңбегіне кейінгі толқын әртүрлі баға береді. Солай болса да 2006 жылы Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында оған ескерткіш қойылып, халықаралық «Найрамдал» балалар лагеріне оның есімі беріледі. 80 жасында 2001 жылы 21 қазанда Мәскеуде қайтыс болды. Ваганьковское қабіріне жерленеді.
Бақытбек БӘМІШҰЛЫ,
филология ғылымының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ПІКІРЛЕР1