«ЖАНКҮЙЕРЛЕРІМНІҢ ЖАНКҮЙЕРІМІН»
18.05.2018
1515
1

Оңайгүл Тұржан


Әр дәуір өз құбылысымен келеді. Ол құбылысты жасайтындар да не­гізінен жеке тұлғалар. Заман соларға қа­рап тағы бір биікке көтеріледі. Адам­заттың даму процесі осылай өр­­биді. Даму дегенде бірден эконо­ми­калық даму көз алдымызға елес­тей қалады. Бірақ, қандай дамуды да жү­зеге асыратын адам баласының ән тыңдамай өткен дәуірі болды ма екен? Тіпті қырғын апаттардың ор­та­сында жүріп те адамзат әнсіз қала ал­мады. Өйткені ән – жүректегі нәр­се. Адам бар ма, ән де бар. Ал бү­гін­гі дәуір – өнердің бағы жанған дәуір. Оны жаққан – Димаш сияқты ән­шілер және тыңдармандар.
Біз шетелдік жұлдыздарға қы­зы­ға қарап, әлемдік жұлдыз болып жа­­натындар тек солардың еншісінде сияқты қараймыз. Немесе осыған дейін солай қарап келдік. Ал қазір бә­рі басқаша болуда. Оған ықпал ет­кен – Димаш Құдайберген.

Бір жарым жылдан бері қазақ өне­рінің аспанында Димаштың жұл­ды­зы жанғалы әлемнің ән сүйерлері оның әрбір қадамын қалт жібермей бақылауда. Біреулері озып кетпесе екен деп, енді біреулері тағы да қан­дай биікті бағындырар екен деп. Ал Ди­маштың осы бір жыл ішінде алған ма­рапаттары мен шыққан биік­те­рі­нің санынан қазір өзіміз жаңылып қал­дық. Оны тізіп шықсам, бір-екі бет­ті алып кетеді. Ең соңғы жетістігі – биыл тағы да 71-ші Канн фести­ва­­лінің қызыл кілемімен жүріп өт­кен­дігі. Бұл қызыл кілем – абырой биі­гінің алтын жұлдызындай жар­қы­рап, талайға арман болған жол. Қа­зақтың да бір баласы сол жолда ерек­ше бекзаттықпен қадам басып ке­ле жатқанын көрудің өзі – зор мақ­таныш.
Димаш туралы айтқанда оның жан­күйерлері туралы айтпау мүмкін емес. Жалпы, өнер жанкүйерсіз өмір сүре ала ма өзі? Әншінің әншілік ғұ­мырының ұзақтығы – жанкүйердің оған деген ықыласының деңгейіне тура пропорционал болатын сияқты. Ди­маштың жанкүйерінің ең кіші­сі­нің жасы нешеде екендігін білмей­мін, ал ең үлкенінің жасы 97-де. Ол – француздық мадам Рекко Жор­жетта.
Жоржетта Димаштың өнерін ұнат­қаны соншалық, баласы Эдгар Рек­коға Димашты көргісі келетін­ді­гін айта беріпті. Ақыры қарт ананың ар­маны орындалды. Димаш осы жыл­дың 9-мамыры күні жоғарыда ай­тылған 71-ші Канн фестиваліне қа­тысуға барғанда Жоржетта ханым Ди­машты әуежайда қарсы алды. Әри­не, баласы Эдгар Рекконың кө­ме­гімен. «Анам Димашты қарсы алу­ға барынша дайындалды. Ди­маш­қа сыйлау үшін даланың гүлде­рін терді және ерекше толқу үстінде бол­ды» деп жазды ол өзінің әлеумет­тік желідегі парақшасында. «Анам­ның алдындағы парызымды қалай өте­рімді білмеймін. Қолымнан кел­генін жасап жүрмін. Ол Димашпен кездесуді армандады. Мен бүгін оның сол арманының орындалға­ны­на анашымнан әрмен қуанып тұр­мын» деп, Димаштың келетіндігі ту­ралы ақпарат беріп отырған дос­тарына, Димаштың Америкадағы «Dimash USA Fan Club» мүшелеріне ал­ғыс айтты. «Менің анамның Ди­маш­ты бір көруге құштар болып, қа­паланып жүргенін Қазақстандағы және басқа мемлекеттердегі Ди­маш­тың фанаттарының бәрі білді. Олар да алаңдап, осы қарт ана Димашпен жүз­дессе екен деп тілектес болып жүрді. Сол үшін барлығына алғыс ай­тамын» деді. Тіршілік те – өзіндік майдан даласы. Талайлар кәріліктің майданында өмір құлатпаса да, өзінен өзі қорыққаннан құлап қалып жатады. Яғни, жүйкесі тозады. Са­рыуайымшылдыққа беріледі. Ал мына 97 жастағы әжейдің ән тыңдап, әнге ғашық болып, тіпті өз аяғымен келіп, әуежайда Димашты қарсы ал­ғандығы – кәріліктің майдан да­ласында жасаған ғажайып ерлігі десе болғандай. Димаштың әні арқылы осындай да ерліктер өмірге келді.
Димаш өзі де жанкүйерлерінің ықыласын жауапсыз қалдырған емес. Сондықтан да ол «Мен – жан­күйер­лерімнің жанкүйерімін!» дейді. Мі­нез дегеніміз – адамның тағдыры. Ди­маштың мінезінен біз қазақтың дәс­түрлі мінезінің бәрін таптық. Үл­кенді сыйлау деген сөздің жаттанды болып кеткені рас. Бірақ бұл – тәр­бие­нің басы. Шетелдерде қоғамдық кө­лікте жастардың үлкен кісілерге орын бермейтіндігі – көптеген шет­елдік адамдардың өздерін қоғамда сон­шалықты жалғыз, жетім сезіне­тін­дігін деп ұқтым. Қоғамдық орта – олар үшін жат орта. Ал біздің тәр­бие­де қоғамдық орта – ол да сенің үй-ішің. Айналаң. Яғни, тобыр емес, өз бауырың, өз жақының. Танымасаң да – өз танысың. Сондықтан да бізде үл­кенге ізет – жазылмаған заң. Жә­не, ең алдымен, өзіңе деген құрмет. Ди­маш біздің осы ұлттық мента­ли­тетімізді күллі әлемнің алдында жар­қырата көрсетіп жүр. Оны осы са­пар­да бір кездесуде залға кірген әлгі Жоржетта ханымға ізетпен орын ұсын­ғанынан-ақ байқадық. Димаш­тың әншілік өнері осылайша адами тәрбиенің де, қазақи тәрбиенің де жар­шысы болып кетті. Шамасы, на­ғыз дарындылық адамгершілік қа­сиеттерден қуат алып тұратын бол­са керек.
Қазақтың көне әндері де жер ша­рының тұрғындарына танымал бо­ла бастады. Мысалы, «Дайдидау» Димаштың дауысында өзінің көне­лі­гімен жарқырай көрінді. Ерекше қуат­ты әрі адам айтса сенгісіз нәзік­тікке ие болды. Оның айтуында біз бұл әнді тек естіп қана емес, көріп тұр­ғандай боламыз. Көзге көрілмей­тінді көрілетіндей ету – шеберліктің Джомолунгмасы. Джомолунгма, яғ­ни, қаіргі атауы – Эверест шыңы – талайға арман болған шың. 8 мың метр биіктіктегі шыңына талай аль­пи­нистер жетеміз деп ажал құшты. Бұл – қателікті кешірмейтін, шыңы­на шығарса да, кейбір жүрек жұтқан­дар­ды қайтар жолда құзынан лақты­рып жіберген сұмдық қатал шың. Мұны неге айтып отырмын? Өнер­дің шыңы – ол да қатал. Ол да кеші­рім­шіл емес. Сәл босаңсыдың ба, біт­ті, құлдырайсың. Әрине, адам ре­тінде өліп қалмассың. Бірақ, мық­ты өнер иесі ретінде қатардан шы­ғып қаласың. Әншілік өнерге де маң­дай тердің шүмектеп аққаны ке­рек. Яғни, бап керек. Бап деген – мау­жырап отыру емес. Бұл – басқа ма­ғынасындағы бап. Дауыстың ұш­қырлығын, Жаратқан Иеміз сый­ға тартқан өнердің әрбір талшығын шыр­қау биікке шығару үшін шыңдау – «ән айтасың – жаныңды жеп ай­та­сың» концепциясы арқылы ғана жүзе­ге асады. Бұл – әншілік өнердегі жағдай. Ал цирк артистері бастарын өлім­ге тігеді ғой, альпинистер сияқ­ты. Міне, өнер адамына жеңіл ең­бек­тің адамы ретінде қараудың дұ­рыс еместігін мен осылай түсіндіргім ке­леді. «Мадам Бовариді» жазып жүр­ген кезінде жаны қиналған Гюс­тав Флобердің сөзі есіңізде шығар: «Жазуым жүрмей жатыр. Қиналып отыр­ғаным соншалық, менің тіпті жер тепкілеп жылағым келеді. Ай, өнер-ай, өнер! Біздің жанымызды жеп жатқан құдыретті тажа-а-ал!» де­ген жан айқайы бүгінгі бізге есті­ліп тұрған жоқ па?! Сөзбен түсін­діру­ге келмейтін жағдайлар болады. Біздің есту қабілетіміз тек құлақ арқылы десек, әрине, ол жеткіліксіз. Жандүниенің есту қабілетіне тең ке­летін не бар! Димаштың туып өс­кен Ақтөбенің көшесінде күн сайын бұл­бұл құс сайрап тұрмайтыны анық. Бәлкім, бұлбұл құс бұл қалада жоқ та шығар. Демек, Димаштың таңнан тұрып бұлбұлдың сайрағанын есті­мегені анық. Бірақ, ол бұлбұлша сай­рады. Демек, бұлбұлдың әншілік өн­ерінің қасиеті Димаштың кө­мейіне де қонған. Қалай? Шынды­ғын бір Алла біледі. Алайда, сол үнді баптап, жетелеп шыңға шығару – бұл өнер иесінің міндеті.
Әншіліктің көмейдегі ғалам­ша­рының әлі жан баспаған тың даласы бар екенін Димаштан көрдік. Біз тың дүниені жақсы көреміз. Тың дү­ние жанымызға тың күш беріп, өзі­міздің жандүниеміздегі тың да­ла­ны тауып алғандай боламыз. Өнер­дің міндеті – осылайша ықпал ету болса керек. Біз қайдан білейік Жа­рат­қан Иеміздің өнерді не үшін жа­ратқанын? Әйтеуір, жаратты. Адам­зат оны азық қылып, одан өзіне тал­ғам жасап алды. Бірақ, талға­мың­ды күн сайын өзгерте алмайсың. Адам­заттың талғамы – шеберліктің шыңын көру. Димаш – әлемдік тал­ғамды дөп басқан әнші. Ол ән сал­ғанда айтып тұрған әнінің мінезіне ара­ласып, бір тұтас дүниеге айналып ке­теді. Әні – мынау, әншісі – мынау деуге келмейді
Ол ән салып жүрген 10-15 мың орын­дық алып залдар қашан да лық то­лы болады. Ал өткен жылы Аста­на­дағы оның концертіне 35 мыңнан ас­там адам жиналған еді. Көрермен­дер­дің оған қол соғып, қошемет көр­сеткендеріне қарап тұрсаңыз, оның өзі бір концерт. Осыншама көп адам­ның бір залда отырып жасаған овациясы жандүниені дүрсіл­кін­дірерліктей. Осындайда:
Көшсе де күннің қанша парағы,
Болса да талғам не түрлі,
Күллі залдардың қолшапалағы,
Сені іздеп жүрген секілді! – дегің ке­леді.
Қытайда биыл тағы да өткен «І am Singer-2018» жобасына қонақ бо­лып барған Димаш Құдайберген ке­з­екті әнімен әлем жұртшылығын тағы да тәнті етті. Димаш бұл жолы Лайонел Ричидің «Hello» атты хит әнін орындады. Оның видеосы сол сә­тінде-ақ желіде таралып, мил­лион­­даған тыңдарманның жеке па­рақ­шалары арқылы жер шарында, иә, жер шарында шырқалып жатты. Оны тек Қытайдағы ғана емес, Аме­рикадағы, Жапониядағы, Индо­не­зиядағы, Ресейдегі, Белорусиядағы, Ко­реядағы, Түркиядағы, Финлиян­да­ғы, Канададағы, әрине, Қазақ­стан­д­ағы және тағы да басқа біз ақ­па­рат ала алмаған елдердегі кө­рер­мендер­дің мақтауына ие болды. Бұл әннің аранжировкасын айрықша талант иесі Ерлан Бекчурин жасады. Шы­ғыс­тық әуеннің аса нәзік элемент­тері­мен әрленген бұл ән жүректі тер­беді. Ол биыл өзін ең алғаш әлем­дік деңгейге жол ашқан «Славян ба­зары» конкурсына қонақ ретінде ша­қырылды және қазылар алқасы­ның мүшесі болды. Бұл туралы Ди­маш өзінің әлеуметтік парақ­ша­сында былай деп жазды: «Осы Бе­лорусияда мен алғаш рет өзімді шын мәніндегі танымал жас әнші ретін­де сезіндім. Маған өз елімнің мә­дениетін әлемге танытуға мүм­кін­дік берумен қатар, үлкен эстрадаға жол ашқан осынау керемет байқау мен өресі биік мемлекетке деген се­зімім ерекше».
Небір сайыстар болады. Біреудің ба­­ғы дәл сол сайыста жарқырап жан­са да, арада аз уақыт өтпей-ақ ол ән­ші одан да зор сайыстардың жеңім­паздарының даңқының у-шуының астында қалып, есімі кеңге жайылмай қалады немесе бір­жола ұмытылады. Ал Димаштың есі­мі осы конкурстан кейін шын мә­нісінде әлемдегі ән сыншы­ларының назарына ілікті. Іліккен себебі, әйтеуір, бас жүлде алғаны үшін емес. Себеп, оның дауысының ерек­шелігінде еді. Ол – 5-6 октаваны ер­кін алатын ғажайып дауыс иесі.
Кейбір әншілер болады, үстін­дегі сахналық костюмі әнінен қым­бат болып тұратын. Бірақ, өнерінің ше­берлігі одан асып тұрмағаннан кейін, сахналық костюмінің де сәні кір­мейді. Ал Димаштың сахналық киі­мі оның әрбір қимылының қиы­лыстары мен бұрылыстарын ай­қын­дап тұрады. Тіпті, костюм өзінің киім екенін де ұмытып кетіп, әнге ай­налып кететіндей. Мен бұл туралы бұрын да жазған едім. Костюм – сахнаға шыққан соң, өзінің киімдік рөлінен гөрі, әншінің және әннің бір бөлшегі ретіндегі қызметіне кірісуі тиіс. Бұл да үлкен талғамды қажет ете­ді. Талғам дұрыс болмаса, ән бір жақ­та, киімі бір жақта, басы артық нәр­се сияқтанып, тұтастық катего­рия­сын құрай алмайды. Бұл көрер­менге де ұнамай қалады. Костюмнің де өзіндік психологиялық ықпалы зор. Тіпті оның да өз психологиясы бар десек пе екен?!. Әншіге беретін энергетикасы – өз алдына.
Осының бәрімен қоса, Димаш­тың еңселі бойы бар. Оған қандай киім кигізсеңіз де жараса кетеді. Қы­тай сәнгерлері ғана емес, әлемдік сән­герлердің талайы оған сахналық костюм тігуге ынталы болып отыр. Еңселі бой да – ұлттық қасиеттің ха­баршысы.
Оның ұнатып айтып жүретін бір анек­доты бар: иттер арыстанға ке­ліп, «сенімен төбелесеміз» депті. Арыс­тан төбелескісі келмейтінін айт­қан екен, сонда иттер оған «ен­деше біз «арыстан қорқақ екен» де­ген сөз таратамыз дейді мұны мазақ­тап. Сонда арыстан: иттер не десе, о десін, ал сендермен төбелессем, күл­лі арыстандар иттермен төбе­лес­кенімді кешірмейді» депті. Былай қа­рағанда қарапайым ғана айтылған сөз. Бірақ түпкі мағынасы тым те­рең. Әрқайсымыз ұстанатын қағида дер едім. Жоқ жерден жанжал шы­ғара­тындардың, өсек тарататындар­дың, тыныштықты бұзатындардың жо­лын кесудің амал-тәсілі де осын­дай қағидаларда жатыр. Димаш – ән әлемінің халықаралық деңгейдегі хан талапайында жүрген адам. Ол жерде қашанда «хош келдіңіз» деп тұратын мейірбандық бар ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, хас таланттың қасында қызғаныштардың қырғын әскері қатар шауып келе жататыны өзінен өзі түсінікті. Жеңімпаздың жеңісі сол жеңіске таласып жүр­ген­дердің алысып-жұлысқан аламан бәй­гесінің алапат майданы арқылы шауып өтеді. Димаш – өте бейбіт адам. Ол айтысып-тартысудың емес, өнерін алмас қылыштай қайрай берудің жолын таңдады және сол жолдан айнымай келеді. Өнеріңе ұрыс-керіс араластырдың ба, бітті, ең алдымен сол талантың мұқалады. Біз Димаштың ұстанымынан осыны ұқтық. Талай әншілер ұрыс-керістің құрбаны болып кетті. Көрермен мұн­дай жерден теріс айналады. Өйт­кені көрерменге тап-таза өнер ғана керек. Көңілдегідей көрікті ұстаным керек. Адамзат сол көріктілікке қол соғады. Қол шапалақ – бір қарағанда көрермендердің сол сәттегі ықыласы деп ұғамыз. Дегенмен, қол шапа­лақ­тың адамға берер энергетикасы қан­дай? О баста мұны кім ойлап тап­ты екен өзі? Тарих бұл туралы мар­дым­ды ештеңе айта алмайды. Шамасы бұл – Жаратқан Иеміздің әрбір адам­ның бойына міндеттеп салып қойған қошамет көрсету нышаны болса керек. Сәби де көңілді сәтінде кейде өзінен өзі қолын шапалақтап отырады ғой. Демек, қол соғудың түп-тамырында бір табиғи тапсырма бар. Жаратушы Иеміз адамзат бір-біріне риза болып, қол соғып жүр­сін­ші деді ме екен? Әрбір тамаша іске осылай қолдау көрсету арқылы қуат берсін деді ме екен? Әйтеуір, біз риза болғанда қол соғамыз.
Димашқа бүгін қай елде қол со­ғылып жатыр екен деп жанкүйерлері күнде хабар күтіп отыратын әдет те пай­да болды.
Ал Астанада Димаштың «Ди­маш-Достар» фан-тобы «Шафран» кафесін өздері бас қосатын, Ди­маш­пен жүздесіп тұратын орынға ай­нал­дырды. Көптеген мемлекеттердегі оның фан-топтары үнемі бір-бірімен байланыс үстінде. Өткен жылы Ди­маштың туған күнінде әр мемлекет­тен келген 50-ден астам жанкүйер­ле­рі Астанада бас қосып, үлкен шара өт­кізді. Биылғы туған күні қар­саңын­да да осындай шара өткелі жа­тыр.
Жақында ол ағылшын тіліндегі дис­кісін шығарды. «Screaming». Бұл үш тілдегі композияция. Ол әлемнің танымал музыкалық ресурстанда ұсынылады: QQ Music, iTunes, Spotify. Бұл арқылы әнші Димаштың өнерінің жаңа бір кезеңі басталып жатыр деуге болады.

ПІКІРЛЕР1
Мақпал Ештанаева 31.05.2018 | 10:19

Ортамыздан шыққан жарық жұлдызымыз Димаш баламыз туралы не айтса да артық емес. Кейбіреулер «көп мақтамаңдар, баланы бұзып аласыңдар» деген де пікір айтып жатыр. Өте дұрыс, қосыламын. Тек, бұл жерде адамның өскен, тәрбие алған ортасын және оның өзінің адами санасын да ескерген дұрыс деп ойлаймын. «Семіздікті қой ғана көтереді» дегенмен де, Димашты басқалардан ерекшелеп тұратын оның аса қарапйымдылығы, кішіпейілдігі мен ізеттілігі, және ең бастысы, ана сүтімен, әке күшімен келген көргенділігі, ата-әже тәрбиесімен келген тектілігі дер едім. Атағы аспандап шығып, күллі әлемге паш болған осы бір жылдан астам уақыт ішінде өз басым Димаш баламызбен бірнеше рет кездестім. Шыны керек, ең алғаш рет көрген 2016 жылдан бері оның мінез-құлқынан еш өзгеріс байқамадым. Сол баяғы езуі жиылмай жымиған, адамдарға сеніммен қарайтын, жас бала көрсе жаны қалмайтын сәби мінезі. Еш өзгермеген. Димаш қазір атаның баласы емес, адамның баласы деңгейіне көтерілген ұлан. жат жұрттар Димаш десе Қазақты, Қазақстан десе Димашты қоса айтатын болған. Көп ешкімге елеусіз еліңің атағын жер-жаһанға жайып, қанатың талмай самғай бер, ботам! Осы қалпыңнан танба, алтыным!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір