Сапабек Әсіп
Қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 93 жасқа қараған шағында абыз ақсақал, ардагер жазушы, майдангер журналист, көрнекті қоғам қайраткері Сапабек Әсіп дүниеден озды.
Сапабек Әсіп 1925 жылы 21 қарашада қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Қабырға ауылына қарасты Сарының Алакөлі деген жерде дүниеге келген. Еңбек жолын он екі жасында шығырға құлақшы болудан бастаған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1944 жылғы қыркүйектен бастап 1972 жылғы маусымға дейін журналистік жұмыспен шұғылданды: Қостанай облыстық «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, Амангелді аудандық «Социалистік шаруа», Жангелдин аудандық «Социалистік ауыл» (кейін «Жаңа өмір» – «Новая жизнь») газетінде жауапты хатшы, редактор болған. 1965–1967 жылдары Жангелдин аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған. 1972 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясында аға ғылыми қызметкер, Бас редактордың бірінші орынбасары, редакция меңгерушісі болып істеген.
«Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Танталовы муки степи», «Қауқарсыз қазақ мәселесі», т.б. кітаптары жарық көрген.
«Нұрхан Ахметбековтың поэтикалық әлемі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Сапабек Әсіп саналы ғұмырын халқымыздың бірлігі мен келісіміне, қазақ жерінің тұтастығына арнады. Оның ел мен жер тағдырына қатысты жазған публицистикалық мақалаларының орны ерекше.
Алаш жұртының ардақтысы, еліміздің абыз ағасы Сапабек Әсіптің жарқын бейнесі әріптестері мен оқырман қауымның жүрегінде ұзақ сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты.
ҚАЛАМЫ ҚАРУЫ БОЛДЫ
Жетпіс төрт жыл бойы қаламы қолынан түспеген қарымды, қайратты Сапабек ағамызды көзі қарақты қазақ білді және қайтып келмес сапарға аттанғанын естігендер: «Иманы жолдас болсын!» деп мұңайды, ал таныс, жолдас, дос болғандардың көзі тірілері қимай қоштасып, қабырғалары қайысып қала берді дей аламын. Баршасы Сапекеңнің елімізге, халқымызға адал Перзент болғанына, елдің абыройын, халықтың талап-тілегін жақтап жүздеген тарихи құнды мақала жазғанына куә. «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі» және «Танталовы муки Степи» деп аталған ғылыми-зерттеу кітаптарын ғана оқыған үлкен-кішінің бек риза болып: «Міне, нағыз Қазақ! Міне, Халық ұлы!» – дегендері күмәнсіз.
Иә, жорналшы-жазушы Сапекеңнің сан тақырыпты білімдарлықпен игере жазған мән-мағыналы мақала-толғаныстары өз алдына бір мол еңбек болса, қазақ жерінің қамқоршысы, жоқшысы Сапабек Әсіповтің мына аталған төрт кітабы – «Отан үшін отқа түс, күймейсіңді» (Бауыржан Момышұлы) өмірлік қағидасы еткен Қазақтың жанайқайы!
Алла берген ақ жүрегіне жүгіне халқына адал болған, қашан да батыл да әділ сөйлеуден жаңылмаған қаламдас қайсар аға Сапекеңе отыз жыл сыйлас, сырлас іні болғаныма енді шүкіршілік етіп отырмын…
Аяулы Аға! Сені сағына еске алып, айтар сыр-әңгімем басталды. Сөзіміз сабақтасқанда күлімсіреп қарайтын жылы жүзің, жарасымды нар тұлғаң көз алдымда тұрады.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
ПЕЙІШТЕ НҰРЫҢ ШАЛҚЫСЫН!
Жарық дүние, қоғам, күллі жаратылыс, болмыс, күнделікті тіршілік пиғылы таза, ниеті тура, жан дүниесі ізгілікпен нұрланған пенделер арқылы дамып, қырланып, жанданып, жаңарып, алға басады, ілгері өрлейді, көктейді, гүлденеді, мәңгілік жалғасады. Бұған дәлел-айғақ жеткілікті. Бастысы – елге, халыққа қолдан келгенше адал қызмет етіп, шапағат жасауға іңкәрлік, ұрпақ жаю, қадірлі болу. Кім келіп, кім кетпеген фәни жалғаннан. Бүгін сондай аяулы тұлға, азамат, өмірінде қазақ деп жар құлағы жастыққа тимеген ардақты адам бақиға озып отыр. Сапабек Әсіпов! Сапекеңді ертеден, негізінен баспасөз арқылы білетінбіз. Кейін Алматыда көрісіп, дидарласып, пікірлесіп жүрдік, екі жаққа ортақ жандар үйінде дәм-тұздас болған шақтар да аз емес.
Сыпайы, сырбаз, табанды еді, ұзақ ғұмыр кешіп, мәңгілікке аттанған жасы үлкен әріптес ағамыз. Тығыз араласпасақ та арамызда сыйластық, сенім болды, құрмет болды. Бір-бірімізге телефон соғатынбыз. Менің жарыққа шыққан әлдебір дүниеме пікір айтатын, ризалық білдіретін. Бір өкінерлігі – қабіріне топырақ сала алмағаным. Ғафу ет, ғазиз жан!
Нұрың пейіште шалқысын!
Зәкір Асабаев.
Өмірлік мұңы – Жер еді…
Сапабек ұстазым Алаш арыстарының ұлы мұраттарына ғұмыр бойы адалдықтың үлгісін көрсетіп еді. Әсіресе, жер тағдырына орай көкейкесті ойлар айтудан еш жалыққан емес. Бұл ретте Ә.Бөкейханов, Е.Бекмаханов сынды қайраткерлердің жер қатынасына қатысты ойларын одан әрі дамытып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрді. Қаламгердің кітап аттарынан ғана көп сыр түюге болар еді. Мысалы, «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі» еңбектері мазмұнына лайықты жүк көтеруімен ерекшеленеді. Жалынды көсемсөзші: «Қаламгерлік мақсатым: қазақтың миына кірпішешен кіргізіп, көкірек көзін ашу», – дейтін еді. Осы мақсат жолында ұлан-асыр тер төкті, Парламентте сөйледі, Жер Кодексіне ұлттық мақсатты тиянақтайтын ұсыныстарын енгізді.
Кезінде Жазушылар одағының «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясын басқарған қаламгер көші-қон мәселелеріне, шөл және шөлейт жерлерді құнарландыру проблемаларына айрықша ден қойды. Осының бәріне әрдайым биліктің назарын аударып отырудан жалықпады. Біраз мәселелер шешімін тауып та жатты.
Сапабек аға – көптеген шәкірттер тәрбиелеп өсіруге де жан шуағын жұмсаған мейірімді жан. Осы күнгі қазақтың көптеген қабырғалы қаламгерлерінің тұсауын алақандай аудандық газетте кесіп, қанаттандырып еді.
Қазақтың талай алып қаламгерлерін соңғы сапарға аттандырған Жазушылар одағының қасиетті қара шаңырағынан Сапабек ағаның рухы да қошемет сезініп, «қош» айтысып, Өзі ғұмыр бойы мұңын мұңдаған киелі Жерінің мәңгілік құшағына еніп, жайғасты-ау! Жүз жасаған әкесінің қасына барып дамылдады… Жер – Ананың әлдиіне бөленді… Жүрегі Жер деп соғып еді… Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын, ұлағатты ұстазым!
«Жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді.» – ҚР Парламент Сенаты таяуда ғана осындай түзетулермен Жер туралы Заң қабылдады. Бұл Сапабек Әсіпұлының зарыға күткен Заңы еді!.. Әттең, өзі ести алмады, бірақ елі, халқы осынау қиялдай болған арманның жемісін көрсе, ағамыздың да рухы шалқыры сөзсіз-ау!
Қайсар ӘЛІМ.
Ұстазбен қоштасу
(Сапабек Әсіп дүниеден өткенде)
Көрсетіп күйкілікті сезімге ерген,
Құр босқа пайда болмас езілгеннен.
Аттанып қарт жауынгер бара жатыр
Кешегі Жангелдиннің көзін көрген.
Торлаған баяғыдан бұл Торғайды,
Аспаннан түйдек-түйдек бұлт аунайды.
Қашаннан антына адал, қайсар мінез,
Жауынгер алған беттен бір танбайды.
Алданбай алтын, күміс – бар атаққа,
Малданбай, мойын бұрмай марапатқа.
Қару ғып қаламыңды қарсы тұрдың,
Елдегі алас-күлес
Алапатқа.
Жер үшін
Жанталасқан
Қазағыңның,
Иыққа артып жүгін азабыңның.
Соғыстың қасіретіне айырбастап,
Жастық шақ – бозбала күн базарыңның.
Халықтың қасіретін бірден біліп,
Биліктің бетін бұрып, бір көндіріп,
Шөл жерді, шөлейт жерді кетем деуші ең,
Суарып көз жасыммен – гүлдендіріп.
Жүрмедің –
Жұртқа өкпелеп, босқа налып,
Сөзіңнен жазған-сызған нұсқа қалып.
Аудандық газетке әкеп кіргізіп ең,
Торғайда,
Білегімнен ұстап алып.
Әкеліп кіргізіп ең, қолыңменен,
Деуші едің, – әділдіктің жолында өлем.
Жер үшін дайын болып жан беруге,
Ел үшін ерте тұрып ерінбеген.
Ту етіп, қолыңа ұстап –
Туралықты,
Сүюші ең жан-тәніңмен туған ұлтты.
Шындықты қара нардай көтердің сен,
Бір күнгі місе тұтпай –
Буралықты.
Ешкімге тиіспейтін өзі келіп,
Қашан да тілі – тастай, сөзі – берік.
Жер бетін тастап, самғап кете барды,
Келбетін қос заманның көзі көріп.
Разы болды ма, әлде, болмады ма?
(Оңай ма жауап беру ол жағына).
Әйтеуір жемқор, кемтар жандар көрдің,
Көз салып қарағанда жан-жағыңа.
Ардақтап еске алмайды атыңды кім?!
Айтатын кім қалды енді ақын мұңын.
Өзіңе ұқсағаным болар, бәлкім,
Бойымда болса аздаған батылдығым.
Көтеріп, теңдеп тиеп заман жүгін,
Кеттің сен, ұрпақтарың алаң бүгін.
Жеріңді жат қолына кетпесін деп,
Тілейсің ол жақта да амандығын.
Қош аға!
Асыл ұстаз –
Ардагерім.
Арманын
Ахаң, Жахаң жалғап едің.
Ту қылып
Рухыңды көтереді,
Артыңда аман-есен қалған елің!
Серік Тұрғынбекұлы.