Мұңлы әңгімелер
25.08.2015
2791
0

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

 

АТОМКҮЛДІҢ АРМАНЫ

 

Қазір өмірді өткен шақпен өлшеу сәнге айналды.

…Сол күні Атомкүл көңілді жүрді. Өзі самайына дақ түсе бастаған отыздың жуан ортасындағы кәрі қыз.

Ат табылмай қалғандай есімін Атомкүл қойғанына да таң қалды. Әкесі алпыста, өкініші жоқ, үш перзентінің үлкеніне алыстан сағым қуғандай сағынышпен қарайды. Қарап отырса, бәрі де тарихи оқиғаларға толы сұмдық жер боп тұр.

Сонымен, талай фестивальдің жүлдегері атанды. Бидің түбін түсіреді. Әрине, қос табанымен жер тарпыған биші емес, қос қолымен арба айдаған биші. Сұлулығында шек жоқ, билегенде бәрі аңтарыла қарап, «Шіркін-ай, не дерсің. Құдайдың қор ғып қойғанын қарашы» дегендей, дөңгелекті шыр айналдырған қыздың көзіндегі мұң «мені көрдіңдер ме?» деп, мөлт-мөлт етіп тұрғандай. Юрмалада да бірінші орын алды, Алматыда да, облыста да, Байқоңырда да осы мұң бәрінің бетіне үңіліп өтті. Отыздан асқанша осы қос дөңгелекті биге дайындап, нәзік саусақтарымен шыр айналдырып, көзінен жас ыршытып, ештеңе шығара алмаған соң өмірден күдерін үзіп, екі аяғын екі дөңгелекке сал ғып салып қойып, өмірдің бар тауқыметіне өзін дайынмын деп есептейтін. Сөйтіп жүргенде Аймақпен танысты. Ол да осы Байқоңырды бағындырам деп келген әкенің баласы боп шықты. Облыста бірінші орын алып, сосын Алматыға барып, дөңгелек дөңгелектердің арасынан жүлдегер атанды. Көзін бояп, тырнағын ұштаған қыз әп-сәтте бәрін басып озып, өзімен тіл табысып, сөз байласып, арбаның үстінде шүйркелесіп тілге келе бастағанда, Юрмалаға сапар шегіп, жол тартты. Атомкүл ұшаққа билет алды, сол жерде жігіттің көңіл қойнауында қызға деген қызғаныш сезімі пайда болып, қайта-қайта қалбалақтап қол бұлғай берді. Осы жерде бірінші рет: «Егер аяғым болса ғой, шығарып салар едім», – деп өзін қор санады. Оны жеткізе алмаса да, мүгедектер тұратын мекенжайдағы шығарып салу сәтінде бір сәттік сезіммен басқаша мәнерде сауал ғып қойды.

– Атыңды неге Атомкүл қойған?

– Оны әкемнен сұра, – деді де, отыздың бел ортасында, алпыс екі тамырының ар жағында айтылмай көп нәрсе бұғып жатқан Атомкүл бұрылып жүре берді. Сөйтіп, тәрбиешілері ұшаққа отырғызды. Көңілі жарым жандардың сайысы – мүгедектердің бүкілодақтық би фестиваліне жол тартты. Жан-дүниесінде еркек пен әйелдің егесі басталып, өз-өзінен жанұшырған Аймақ бар күшімен арбасынан ырғып түсіп, кереуетіне жетіп, бүк түсіп жатып қалды…

Атомкүл ұшақпен Юрмалаға жол тартқанда Аймақ ағасының мәшинесіне мініп, Байқоңырдың бергі бетіндегі туған шаңырағы – өз үйі, өлең төсегіне келді. Жай келген жоқ – мынау құмды аймақтағы тағы бір үйді құда түсуге әбігерге салуға келді. Атын Аймақ деп азан шақырып қойған да өздері, енді еркек боп ел болуды, әке боп бала сүюді естеріне салмаса, бұлар Қызылдың құмы мен Байқоңырдың бетіне қарап, түк болмағандай отыра беретін түрі бар. Болашақ келіндері де осы төңіректің төл перзенті екенін ата-анасына жайып салды.

– Болашақ келіннің аты кім? – деді әкесі.

– Атомкүл…

Екеуі де үнсіз қалды.

– Атомы көп жердің арманы да көп болады. Бұл – Байқоңырдың қызы. Түбі бәріміз де Ресейдің Әнұранын айтып оянамыз. Бұл – жалға берілген жер ғой. Мұндай жерден бәрін күтуге болады.

Екеуі де бір ауыз сөзге тоқтады.

Байқоңырдың түбінде балаң шағында уланып, емсіз қалған жігіт енді не айтса да соныкі жөн. Тыңдап отырса, болашақ келіндері де өздері секілді тік жүріп, тік тұрған жөні түзу отбасының жарқ еткен бір перзенті. Баласының құйтырқы сөзінде көкірек қуысында тығылып жатқан бір күмән да бар сияқты.

Әкесі мен шешесі «бәріне дайынбыз» деп, қос қолын көкірегіне қойды.

Екеуі де келінді көргенше асық.

***

Аймақтың әкесі Байқоңыр орта мектебінде отыз жылдан бері химия пәнінен сабақ береді. Химиядан келетін бәленің бәрін біледі. Бала мен қызды бәлекетке ұрындырған осы химия болса, әкенің көкірегін кеулеп алған қасірет те жетерлік. Бәрі де мектептен басталады, тек ешкімге салмақ салмайды, жан сырын жайып салуға болмайды.

Әнеукүні бір сенатор: «Құрылғанына 60 жыл толған Байқоңыр – әлемде теңдесі жоқ жаһандық бренд, – деді. – Күні бүгінге дейін Байқоңырдан ғарышқа 2,5 мыңнан астам зымыран мен 1,5 мың ғарыштық аппарат ұшырылды. Біз бұл әлемдік ғарыштық кешенді сақтап қалып, дамытуымыз керек».

«250 зымыранның әрбір оныншысы кезінде жерге құлап түскен, – дейді тағы бір депутат. – Қазақстан жеріне осы кезге дейін 2 мың 500 тонна гептил төгілген көрінеді». Сенатордың мәліметінше, Қызылорда облысында бала туу жасындағы қыз-келіншектердің 72 пайызы анемиядан зардап шегеді. Сонымен бірге қан-тамыр жүйесі мен жүрек аурулары және психикалық ауытқулар, жүйке ауруларына шалдыққан адамдар саны жылдан жылға көбейіп келеді екен.

«Сонда біз не істеуіміз керек, – деп, халық қалаулысын қостай жөнелді Космоновтар күнінде сыйлыққа алған «Космос» теледидарына үңіліп отырған әкесі. – Олар да кім айыпты екенін айтып бергісі келеді. Халық қалаулылары – өздерін жазықсыз санайтын жандар. Шын мәніндегі айыптылар біз ғой», – деп химиядан сабақ беретін әкесі жұбайының әкелген шәйін ішуге де зауқы соқпады.

Өмірдің ортан белінен асып жығылып, алды-артына жалтақтай қараған әкесі қатты қамықты.

Өзі болса, мүгедектер үйіне жеткенше асықты. Болашақ жан жарын көріп, арба сүйретіп, өзін-өзі әлдилегенше көңілі тағат таппады. Қос дөңгелек оны қол бұлғап шақырып тұр еді. Оның бар қызығы қос дөңгелекте қалғандай солай қарай құстай ұшты.

***

Атомкүл Юрмалада жеңіске жетті. Байқоңырда жер басып, би билемесе де, Сыр топырағының киесін алып барып, сол жердің сызылтқан әуенін өзге жерде өзгеше паш етті. Көкірегінде күйзеліс те бар, адамның жан сыры әуенінен, мұңынан көрініп қалады ғой. Ән шіркін бәрін де көрсетіп қойды.

Орыс мектебінде оқығандығы да өзіне демеу болды, орысшаны анық сөйлеп, өзгелерге еркін сыр шертті. Арасында көз жасын сығып ап, осындай сұлу қыздың айдың күні аманда сал боп өзімен-өзі қалғанын бәрі мұң ғып айтып, әділ қазылар келісім бойынша әділ шешімге келіп, бір ауыздан бас жүлдені бұйыртты. Кім біледі, бұл да болса Сырдың берген сыбағасы шығар.

…Қыз он алты жасында өздері көшіп келген Байқоңырда адами сипаттан жұрдай боп, Құдайдың берген несібесін еншіледі. Бірақ, ол адами сұлу сымбат жағынан әйел затының ішінде есе жібермес ерен жүйрігі еді. «Құда түсіп келе берсін» деп, жігітіне алысты жақындатқан ұялы байланыспен хабар жолдады…

…Өзі ұшақтан түскенде бәрі дайын болды. Көңіл де, өмір де екеуіне ғана куә боп, бұл аймақта бұлардан бөлек бақытты ешкім жоқтай көрінді.

Ең бастысы, «Екеуміз де осыдан кейін жер басып жүріп кетсек қой» деген бір алып-ұшқан нәпсіге қозғау салған көңіл-күй лып-лып етіп мойнын қылтитып, маздап жанып тұр еді. Соған да асықты. Неке қиылып, ақ төсекте бір айқас боларынан дәмеленіп, қараңғыға тығылғанша ұлтаралық тілде жазылған Неке туралы куәлікке жалтақ-жалтақ қарай берді. Екеуінің бар бақыты емексіп, осы тілдей қағазда тұрғандай көрінді.

«Менің атым – Атомкүл, сен – Аймақсың. Енді балалы болсам, ұл болса – Арман. Қыз болса – Айша қойсақ… Бәрі «А» дан басталып жүрмей ме?..»

Атомкүл мырс етті.

Бұл кезде ұшақ Байқоңыр әуежайына қарай құлдилай бастап еді.

***

Қыз көңілі кірпияз. Мүгедек болса да бәрін басып озып, өзге жерде ыршыған көңілінің ындыны қанып, талмай самғаған ұшақта жан-дүниесі алабұртып келе жатқанда, төмен құлдилаған ұшақ әйнегінен ен даланы көріп, көңілді көмкерген мұң тағы да адамға тән қобалжуды бастан өткерді. Бәрін бүлдірген ұшақ үстіндегі радиохабарлама. Ол да өзге тілде беріліп, бәрінің көңілін бей-жай қылды. Осындай жаманатты туған жерге табан тигізсем деген үмітпен құлдилап келе жатқанда естімей-ақ қойғанда қайтер еді.

Онсыз да ауылының ауа райы бұзылып, Байқоңырдың басқа берген азабы аздай-ақ… Азаппен өлген ақбөкен де біздің санатымызға еніп, себебі мен салдарын анықтай алмай жатса керек. Иен далада екі мың ақбөкен қырылды деген хабарды естіп, Атомкүл өз елі – өз жерінде еркін жортқан жан-дүниесі кең жануарды адамзатқа теліді. Қол ұстасқан өмірдегі серігін де қараусыз қалған кең даладағы паң жануарға балап, құлдилаған ұшақ үстінде өзін біртүрлі артық сезініп, артта қалып бара жатқан тағы бір адамды ойлады. Ол – мүгедектер үйіндегі кәмелеттен асып, неке қиюға асыққан бір айтары бар жігіт еді. Соны көргенше ынтықты. Әйел мен еркек жүздескенше, Көктегі бейне Жерге қонып, өмірде еркекке ышқынып айтар бір ауыз сөзін жеткізгенше тағаты қалмады. Сал боп қалған кәрі қыз серігін іздеп, бір-бірімен төс түйістіргенше талпынып, екі аяғын қос қолымен көтеріп қойды.

Атомкүлдің әкесі құда боп төрде отырғанша асық еді. Ол: «Қымыздан құр қалмаспыз-ау», «Мәскеудің айырықшасы ерекше ғой» деп тамсанып қойды. Таң атпай жалға алған жердің Әнұранын айтуды да естен шығармады.

Бірақ, Атомкүлдің арманындай арман бар ма екен Жер бетінде. Әлі некесі қиылмаған екеу – бірі Көкте, бірі Жерде – осыны айта алмай аласұрып жүр…

…Бір-біріне демеу болғысы да келеді.

Ұшақ уақтылы қонар ма екен?

Бұны да Байқоңырдағылар біледі…

Куандык

БИДЕН БҰРЫН…

Өзі қайтып келді…

Осы жігітті мүгедек деп ойламаппын. Қалай білдірмеген. Бидің ұйымдастырушысы да өзі секілді, бәрін қолмен қойғандай тап-тұйнақтай боп отырды. Үстінде ақ көйлек, қара шалбар, мүгедектер мінетін арбаға тіптен жоламады. Тек қалалық саябақта мүгедектер сайысы өткенде ғана өзінің туған інісі арбамен алып барыпты. Сонда бір билесін кеп. Барлық биді жанұшырып орындап шықты. Брамс, Штраус, Бетховен секілді классиктердің бәрі Бақыттың арбасында қалықтады. Бірақ, жер бетіндегі ең бақытсыз пенде өзі еді. Терлеп-тепшіп, сал денесіне салмақ сап, арлы-берлі қозғалақтап, сол жердің көркі болған сидам жігіт бір мезет өзіне манадан көз сап тұрған қызды байқап қап, арқасын қабырғаға тіреді. Ол – осы жердің көркі Мыханова Елеу болатын. Әкесінің есімін алға сап тұрғанымыз – ол осы жерге «ата даңқымен бөз өтіп» келген банк қызметкері еді. Мұнда да аспазшылармен қоса банк, тағы басқа әлеуметтік саланың әртүрлі кәсіпкерлері бірігіп жұмыс істейтін. Өйткені, адам жүрген жерде адам жүрмей ме? Елеу де осындай елеусіз жерде жүргенмен айналасына аңтарыла қарап, кімнің кім екенін біле қоймайтын. Бірақ, ол арбасыз, тек креслода ғана шәниіп отыратын жігітті мүгедек деп ойламапты. Келгеніне бір жеті болды, тәкаппарлығына қамшы салдырмас қырыққа таянған жігіт осы жердің елеулі бір есеп қызметкеріндей боп көрінді. Өзі болса, Халық шаруашылығы институтын тәмамдаған диплом иесі. Қай мекемеге барса да қақпасы ашық, жалы күдірейген төрт жыл оқыған есепші.

Жігітті сол 8 наурыз күні әбден бидің иін қандырып, ешкімге есесін жіберместің өзі болар деп бажайлап еді, бір сәт арбасына отырып, дөңгелекті зыр қақтырғанда селт тұра қалды да, тысқа қарай тұра ұмтылды. Есік алдына жеткенде 8 наурыз екенін естен шығарғандай болды. Сосын есік алдындағы қарауылға танымайтындай тағы бір қарады да, көшеге жеткенше асықты. Өзінің мүгедектер үйінде істейтіндігін, бұл жерде жарымжандармен бірге сап-сау адамдар – күзетшілер, есепшілер, аспазшылар да тұратындығын ұмытып, бірден такси ұстады. Сөйтіп, үйге баруға қол көтерді.

Осының бәрі биден бұрын болған еді…

Биден кейін Елеу қараңғы түнде сәл қызулау шопырдың қол астына түсіп, елеусіз қалды. Қатты жүйткіген төрт дөңгелек көзден таса болғанда қыз өзінің қайда жатқанын білмеді. Бір жетіден кейін ғана өз-өзіне келіп, өмір мен өлімді елестетсе, сол би билеген жігіт қайта-қайта қол көтеріп, көз алдын кес-кестеді. «Мен неге онымен билемеймін, – деп өз-өзіне сауал қойды… – Мен өмірде неге сонымен билемеймін. Сонымен билеуім керек еді ғой. Мен билейтін жігіт сол еді ғой…» Тағы бір жетіні араға салып, көзін ашқанда екі аяқтан айырылып жатқанын сезді. Кеше ғана би билеп жүрген екі аяғын қос қолымен кереуеттің үстіне серейтіп тастай салды.

Дәрігерлер: «Үш ай күтейік» деп көңілін аулады. Жұлынға зақым келіпті. «Зақымданған жер тек адамның жүрегін ғана ұстап тұрады екен. Жүрек шіркін адамның қоймасы. Қадыр ағам айтпақшы, «Жүрек шіркін дүрсілінен танбайды» екен ғой деп, ақынның өзі білетін өлеңін кітабын бас жағына қойып, қайталап шықты.

Үш айдан кейін тағы да тексерілуге келді. Сол жігітті жазбай таныды. Ол да түн жамылып, кетіп қалған адамның амалсыз қайтып келгенін білді. Қадырдың әлгі өлеңіне «Махаббаттың барабаны секілді» деген тағы бір жолды қосқанда жүрегі дүрс-дүрс соқты да, тайсалып, жалтақтап қарай берді.

Қыз тағы да тексерілуден өтуге келгенін айтты. Сол жердің кешегі дүрдей есепшісі тамыр-таныстықпен бәрінен жылдам өтті.

Жігіт болса, алғаш рет жаманатқа тілеу тілеп тұр еді… Қыздың қасына келіп, бір мүшесі жоқ жанның өзіне өмірде сыңар болғанын қалап, еркектік нәпсі жылт-жылт етіп бой көтеріп, біреуді іздеді.

Қыз болса: «Келсем, теңімді тауып келдім, осындай жігіттің қасында жүру пешенеме жазылғаны да», – деп, көңілін тоқ санады.

…Бұның бәрі биден бұрын болған еді…

Биден бұрын қараңғыда көшеге қарай тұра қашқан өзінің сұлбасы да елес боп ербең-ербең етеді.

Қыз үш ай сайын тексерілуге барып тұратын болыпты.

Жігіт болса, өмірден өшін алғандай, үш ай сайын биге қатысуға келісімін беріпті.

…Бір сұлба солай қарай көлбеңдеп кетіп барады.

Екеуі де аң-таң…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір