(Абай шөбересі –
Ғазел Жағыпарқызы жайлы бір үзік әфсана)
Ғазелді мен жұмыс бабында жиі көретінмін. Бұдан отыз жылдай бұрын… Онда ол топ-толық, ширақ, шашы дудырап ұшып-қонып жүретін. Іскерлігі, ұйымдастырғыш табандылық мінез-қабілет оның жігерлі бойынан өнебойы табылып тұратындай. Кім білген, ұлы Абайдың бір сілемі – тікелей үрім-бұтағы – шөбере қызымен қатар жүргенімізді?… Көп қызметкердің бірі ғой деп ойлаппыз. Екеуміз де қазақ киносы жағында, яғни ол – Ғазел Мағауина Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында фильм түсіруші шығармашылық үлкен топта ассистент-көмекші, қосалқы режиссер де, ал мен Мемлекеттік кинокомитетте бас редактор қызметінде жұмыс жасайтынмын. Аманымыз түзу, хал-жай сұрасып тұрамыз. Тіпті «Мағауина» деген ата-тегіне де онша зер салмаппыз.
Ғазел Мағауина жайлы жазуды ұсынғанда ойланып қалып, «шынымен сол кісі ме?» дегендей тосылғаным рас-ты. Өнебойы алтын көмбенің үстінде жүріп, бірақ сол алтын көмбенің тереңде, тарих қойнауында қалың бүркеліп жатқанынан мүлдем хабарсыз жайда жүргендей күй кештім. Ұлы ойшыл, дана бабамыз Абай Құнанбаевтың 150 жылдық торқалы тойын қалың қазақ емей, дүниежүзі, Юнеско арқылы тойлағалы жатқанда, Абай туралы аз ғана деректің өзі үлкен олжа. Қалам ұстаған әрбір жазарман қазір жер-жерден факт-материал іздеп, тіміскіленіп жүргенінен хабардармыз. Архив қойнауын ақтарып, «пәлен жерде ұлы атамыздың бір ұрпағы бар екен» десе, салып ұрып жетіп барғандар, сабыла із салушылар жетіп артылады. Сөйтсек…
Иә, сөйтсек, нағыз қызық материал, қазақша айтқанда, көнекөз шежіреміз жанымызда жүр екен. Телефон нөмірін алып үйіне хабар салмақ ниетіміз іске аспады. Ешкім жауап бермеді. Алдында естігеміз «Ғазел апай ауруханада жатыр екен» дегенді. Сол жаққа бармаққа жиналып-тергеліп жатқанда телефон шырылдады, құлағын көтерсем – бір егде кейуананың даусы. «Қарағым, Шәрбан, мен Ғазел апайыңмын ғой… Амансыңдар ма? Ауруханадан шыққан бетім, үйде жан адам жоқ, кішкене әл жинап алайын, содан соң хабарласармыз…», – дейді. Ойлаймын, «апыр-ай, шынымен қартайып қалғаны ма? Уақыт шіркін бәрінің бедерін жойып жібере ме… жастықтың да, күш-қуаттың да, әр-әсемдіктің де… Жо-жоқ, соншалық егде тарта қоймаған болар, күні кеше бұлаң қаға бұлықсып жүргендердің талайы шау тарта егделік-кәрілік дейтін кесірдің құрығына ілігіп, ілініп-салынып жүргендері өтірік емес қой. Мына өзіміз де күндердің күнінде дегендей…».
Келіскен уақытта ол кісінің есігінің қоңырауын бастым. Ширақ адымдап, жалма-жан есік ашқан үй иесіне таңырқай қараймын. Баяғы шып-ширақ, қияқ көзді, қараторы әсем жан көз алдымда. Тек дудыраған қалың шаш бурыл тартқан. Бойы тіп-тік, күлкісі де сол кішкене баланың пәк күлкісіндей. Жадырап тұр! Қуанып кеттім!
Менің алдымда ғана енген фотокорреспондент жігіт екеуі тіл табыса, жайраң қаға бір әңгіменің тиегін енді ағытқандай. Ол ол ма, қазақы дарқан көңіл де өзгермеген, дастарқанын толтырып, түрлі дәмге сірестіре мәзір жасап үлгеріпті. «Апырым-ау, ауруханадан шыққан адам қалай үлгерген?» деймін таң-тамаша қалып.
– Сіздер Абай атаның кіші баласы – Мағауияның киелі босағасын тұңғыш аттап тұрсыздар. Қадамдарың құтты болсын! – дейді тағы да.
– Денсаулық қалай, Ғазеке, еш өзгермепсіз, бәз-баяғыдағыдай!
– Сен де өзгермепсің. Ал дәмге келіңдер. Әңгімені әлі де айта жатармыз.
Бастапқы кіргеннен байқағанымыз – бұл үйде, киелі пір-отта екі қасиетті жанның рухы басым тұрғандай: жүрек дірілдеп, аяқ теңселгендей күй кештім. Қабырғада кілемге өрнектелген ұлы ақынның портреті. Суреттер, суреттер. Ақын кітабында басылған, Абайдың өз балалары – Ақылбай, Мағауиямен түскен суреті, және бір топты сурет көзімізге отша басылды. «Сол суреттердің көшірмесі ме?», – деп сұрағанымызда Ғазекең:
– Жоқ, қайта түпнұсқасын менен алып қайыра көшірткен. Кезінде Мұхаңның өзі /Мұхтар Әуезов/ бір суретті алған, – деді. Жалпы, бұл үй – фото-архив үйіндей. – Көптеген құжатты Семейдің өлкелік мұражайына бердім. Әлі де сұрап жатқандар бар, тек көбі қайтармайды. Абай атамнан жүзге тарта ұрпақ тараған, соған байланысты фото-сурет, құжаттар сақталған.
Ғазекең күрсінді. Өзі туралы, жалпы Мағауиядан тараған ұрпақ жайлы сөз суыртпақтағымыз келіп, әңгімеге бетін бұрдық.
– Мағауия – менің атам, ол Жағыпардың әкесі, Абай мен Ділданың кенже ұлы. Жағыпар әкеміз 1934 жылы қайтыс болады, Семей облысы, Шемониха ауданында кезінде мектеп-интернат салдырып, ашаршылық жылдары көптеген қазақ балаларын мектепке тартып, интернатқа алдыртқан. Өзі математикадан, әдебиеттен, суреттен сабақ берген, аса сауатты, көзі ашық саналы азамат. Шешеміз Күлманат, екеуінен жеті бала дүниеге келген, екі нәрестелері жастайынан шетінеген. Біз – бір қыз, екі ұл. Қыздары – Рәфилә 1938 жылы Алматыда 21 жасында қайтыс болды. Үш айлық нәрестесі ішінде кетті. Өкпесіне суық тиген екен. Күйеуі Ғымыран Ысқақов та сол 38-жылы фин соғысында опат болады. Ұлдан – Берекехан Ұлы Отан соғысына аттанады, үйленбей қыршын кетті, оралмады. Жошыхан да 19 жасында соғыста оққа ұшты. Ол ақын еді, он екі жасынан өлең жазды. Маған арнаған «Қарындасыма» деген өлеңі кейіннен құрастырылған «Жыр – аманат» кітабына енген:
Қарындасым, сүйенішім, тірегім,
Мен дегенде өзгеше еді-ау жүрегің.
Ағатайың алыс кетсе қасыңнан,
Жалғызсырап, жабығарсың, білемін.
…Жастай, 1943 жылы, Харьковты азат ету жолында қанды майданда ерлікпен қаза тапқан Жошыхан тірі болса үлкен ақын санатына қосылар ма еді, даңғайыр ақын атасының жолын қуып, поэзия көгінде шарықтар ма еді. Әттең… Ал оның «жалғызсырап жабығарсың» деуінде мән бар. Үш жетімек – Жошыхан, Ишағы /Ишән/, Ғазел үшеуін әке-шешесі қайтыс болғасын Мұхтар Әуезов пен Әбділдә Тәжібаев қазіргі №12 мектеп-интернатқа орналастырады. Жошыхан майданға өзі сұранып сол жерден аттанады.
– Әке-шешем қайтыс болған соң қатты қиналдық, – дейді әңгімесін соза Ғазел апай. – Оныншыны тәмамдағасын киноактерлік екі жылдық мектепке түстім. Оны 1947 жылы бітірдім. Ұлағатты адамдардың алдынан дәріс алдым, олар – Г.Рошаль, М.Әуезов, Күләш Байсейітова. Өнерге деген құштарлық әрі қарай жетеледі. Мұхаңның қолдауымен Қазақ мемлекеттік университетіне түстім, маған Абай атындағы дара стипендия тағайындалды. Оны үздік бітіргесін 1958 жылы киностудияға қызметке алындым. Қазірге шейін осындамын. Көптеген көркем фильмдердің қойылуына менің де еңбегім сіңді десем артық болмас. Мұхаң мені еркелетіп, үйіндегі той-думаннан қалдырмайтын. «Менің қарғашым, әкесі зерек еді, тұқымына тартқан… Күлгенінің өзі менің Жәкімімді елестетеді. Көзіме тура Жәкім сияқты болып тұрады», – дейтін Мұхтар ағатайым. Бірде: «Әкеңнің туған қарындасына ғашық болып ем ғой…», – дегені бар-тын.
Бұл айтып отырғаны – Кәмила, Мағауияқызы, менің әкем Жағыпардың қарындасы. Оқыған, әнші, Абайдың бар әнін айтатын, асқан сұлу. Шашының ұзындығы екі метрден астам, тәкаппар, Мұхаң ғашық болып күйеуге ұзатылған жерінен алып қашқан. Бірақ көп отаса алмай, Мұхтар ағатайым Ленинградқа кетеді… осы Валентина Николаевнаға үйленеді. Соның күйігіне шыдай алмай Кәмила апам қайтыс болады. Міне, суреті, – деп Ғазел апай шкаф сөресіндегі топ ортасында отырып түскен әдемі, сол кезең үлгісінде киінген жас келіншекті нұсқады. – Бастапқы сөзімде Мұхаң менен бір сурет алды дедім ғой, сол сурет осы болатын…
Ғазекең жырдай әңгімелеген екінші адам – Уәсила, Мағауияқызы. Ол кісінің тарихи да орны бар, ол да көріктінің бірі, тектінің теңдессізі. Абай атасының поэмаларын, Мағауия әкесінің шығармаларын жатқа оқитын. Мұхтар Әуезовке «Абай» эпопеясын жазуда зор қолқабыс еткен. Мұхаң одан ылғи да керекті фактілерді сұрап, тегі оны консультант есебінде санаған. Тіпті, «Абай» көркемфильмін қоярда да Уәсиланы Меркіден алғызып, кейіпкерлердің киім үлгісін жасатып, тіккізген. Уәсила негізінде Ділдә әжесінің бауырында өскен, анасы Дәмегөй, одан – Жағыпар, Құтайма, Уәсила, бір туады.
– Уәсила – менің әрі әкем, – әрі шешем. Қамқоршым. Ақылды, ұстамды, «Ей!» деген сөзін естімей өстім. Уәскім мені өз қолымен күйеуге ұзатты. Жолдасым – Әнес Сәтбекұлы, қызылордалық, мамандығы – геолог, жарқылдаған тамаша жан еді. 1977 жылы, 48 жасында инфарктан көз жұмды… – Ғазел қатты күрсініп алды. – Арамызда бала болмады, апармаған курорт-санаторий, сауықтыру орындары қалмады. Шақалақ түсе беретін. Сірә, жастайғы көрген қорлық-қорқыныштар салдары дағы… Жошыхан ағатайым әскерге алынарда: «Абайдың ұрпағымын…» деп ләм-мим деуші болма. Қудалап, тоз-тозыңды шығарады. Интернаттан қуады, далада аштан өлесің», – деп солқылдай жылап табыстаған-ды.
– Уәсилада бала болды ма?
– Уәскім аса балажан-ды. Бәрімізді, қайныларын да бауырына салып, аялап өсірді ғой. Кіндігінен бала жоқ. Мені баласындай әлпештеп «Еркешім» деп отыратын. Қайнысының қызын өз қызым деп өсірді. «Уәсиланың баласы емес десеңдер, әруағым кешірмейді!», – дейтін. Мұхаң қатты сыйлап қастерлеуші еді өзін. Зейнетақы тағайындатты. Үй алып берем деп жүргенде, 1954 жылы қайтты. Мұхаң, Сәбит, Сапарғали Бегалин бастаған зиялы топ «Абайдың сілемі» деп ардақтап жерледі. Өз қолыммен жуып, ахиретіне орап, 66-ға қараған шағында анамдай болған ардақты апамды мәңгілік сапарына ұзаттым.
– Ал Мұхтар ағамыз бен Кәмиланың ортасында бала болды ма?
– Болған. Қыз балалар: бірі бір жарым жасында, бірі туысымен өліп қалған. Ұмытпасам, бір қызының аты Ләйлә. «Ләйлі – Мәжнүнді» жатқа өлеңмен айтатын. Мұхаң да сол нәрестесінің аты өлмесін дегендей Валентина Николаевнадан туған сүйікті қызын Ләйлә қойған жоқ па?.. Кәмила Мағауия атамыздың екінші әйелі Маржаннан туған. Арманда кетті ғой… Мұхтар ағатайымды ғажап жақсы көретін:
«Көзіңнің сағынамын қарағанын,
Жүрекке махаббатпен тарағанын,
Отырам күндіз-түні өзіңді ойлап,
Өмірге дос болуға жарамадың…», –
деген бір шумақ өлеңі есімде қалыпты. Ақын еді. Қайран, Кәмила!..
Осы шумақты әндете айтқан Ғазел апайдың әуезі кең, мәнерлі үні оның дағы ән өнерінен алыста еместігін танытқандай.
«Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?!
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғы,лар», –
Ғазекең өзі шығарған әнімен баяу сыңсиды.
Бар өкініші – Жағыпардан тараған бес баладан бірде-бір ұрпақ қалмағаны. Дауыл-әмірдің дүлейіне тап болған бұлардың әулетін алақұйын шақ біраз шайқаған. Жалпы, Абай ұрпағы кеңге тамыр жайды ма?
Бұл өз алдына басқа күрделі мәселе. Ана бір жылдары А.С.Пушкин үрім-бұтағы жайлаған есеп-карта шығарылған екен. Көз жүгірткенімде жағамды ұстадым: жер шарының Пушкиннің ұрпағы тарамаған бұрышы жоқ!
Тіпті, Азияның түкпір-түкпірінде де… Индонезия, Малайзия, Эфиопия дейсіз бе. Қызығасың да құлазисың… егер сойылды заманға душар болмаған күнде, қуғын-сүргін, абақты-айдауды көрмеген кезде Абай атаның да ұрпақтары мыңдаған отбасы болып, әр жерде, әр елде түтінін будақтатып, отын маздата жағып отырмас па еді?!
* * *
Ғазел апайдың шағын екі бөлмелі ұядай үйінен қоштаса шығып бара жатып небір ойлар қамалағандай, екі бірдей қасиетті кісілердің Ұлы рухы орныққан алтын босағаға тәу ете кетіп барамыз. Ол екі қасиетті адамдар – Абай және Мағауия аталарымыз. Осынау киелі босағаны ұстап отырған, ардақты бабаларына байланысты суреттерді, құжаттарды көзінің қарашығындай сақтап отырған аяулы Ғазел Жағыпарқызына саушылық, амандық тілей отырып, ол кісімен әлі де бір емес, бірнеше рет жүздесерміз деген нық сенімде едік.
Алайда сұм ажал әпкелі-сіңлілі – Ғазел мен Ишағының жер бетінде жүре тұруларын көп көргендей… Сонымен Мағауия атамыздың тұқым-жұрағаты үзілді.
Алайда Ақылбай ұрпағы Қазақстан өңірінің батысында өмір сүріп жатқан көрінеді. Оған да шүкір. Ғазел апамыз бір сөзінде: «Ақылбай балалары Гурьевте тұрып жатыр», – деп қалып еді. Енді бір орыс газетінде музыкант қыздың пианинода ойнап тұрған сәтін бейнелеп: «Ақылбаева – патомок великого Абая» – деген-ді. Әттең сол газетті таппай-ақ қойғаным.
Иманғали Тасмағамбетов Алматы шаһарының әкімі болып тұрған әлеуетті кезінде Ишағы мен Ғазелге жиырма мың теңгеден стипендия тағайындатқан еді.
Шәрбану ҚҰМАРОВА,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.