Қазақ поэзиясына соны құбылыс болып келген Тыныштықбек Әбдікәкімұлы биыл 65 жаста. Осыған орай, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ақынның «Көкек айы – Гүлстан…» атты шығармашылық кеші өтті.
Кешті Тыныштықбек Әбдікәкімұлы тудырған жырлардың болмыс-бітімін, бояуларын, стильдік, философиялық астарын сақтай отырып, театрландырылған жаңаша форматта өткізу жұмыстарымен театр режиссеры Жұлдызбек Жұманбай айналысты. Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлығымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Филология және әлем тілдері факультетінің студенттері ақынның өлеңдеріне қалалық пейзаждағы композиялар қойды.
Кештің шымылдығы Секен Тұрысбектің «Ақ жауын» камералық оркестрінің «Ұлы дала» күйімен ашылды. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов сахна төріне шығып құттықтауын жеткізгеннен соң, камералық оркестрдің сүйемелдеуімен Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Алдияр оқырманым менің» өлеңін оқыды.
Мереке Құлкеновтен кейін ортаға шыққан дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман «Сағынбасқа не шара» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахна қараңғыланып, қайтадан жарық енгенде ақ мата жабылған бес орындықта Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай, Жәркен Бөдеш, Әбубәкір Қайран, Қасымхан Бегман сынды бес ақын отыр еді. Бес ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының өлеңдерін кезек-кезек оқыды.
Жалпы, шығармашылық кеште автордың жырларын есімі елге белгілі 22 ақын оқыды. Бауыржан Жақып, Темірғали Көпбай сынды көпке танымал ақындардан бастап, әдебиетте өз үнін танытып келе жатқан жас ақындар құрайды бұл тізімді. Бұл кештің ерекшелігі де сонда, ақынның жырын ақын оқуында.
Сонымен қатар, Гүлия Сағидолдақызы, Қадырғали Көбентай мен Ершат Қайырхан сынды белгілі әншілер автордың өлеңдеріне жазылған әндерін орындады.
Әрбір ақын өлең оқуға шыққанда алып глобус, жазу үстелі мен қаламсап, портреттік рамка, керме есік, аспалы түскиіз бен аспалы терезе секілді реквизиттер сахнаға поэтикалық бояу сыйлап тұрды.
Кешті ақын Бақыт Беделхан жүргізді. Кештің соңына таяу зал толы жыр сүйер қауымның алқалауымен Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сахна төріне шығып сөз сөйледі, өлеңдерін оқыды.