ЭХ, ЭПИГРАММА!
МЫҚ ШЕГЕ ҚАЙДА?
Профессор
Темірбек ҚОЖАКЕЕВ рухына
Қаншама дүниенің қаны қашты,
Қаусады, қаңырады, арып-ашты.
Жегі құрттың жеміне айналдырған,
Дүниені зәлімнің зәрі басты.
Тоқырадық тап болып тосын жайға,
Көзбен көріп жүрген ел шошынбай ма?
Қақыратып қағатын мық шегедей
Ұлы ұстазды іздейміз осындайда.
ӘЗІЛ-СЫҚАҚ ӘЙТЕКЕСІ
Сықақшы Үмбетбай УӘЙДАҰЛЫ рухына
Ағып жатыр қанынан,
Сын-сықақпен күй тасып.
Ал өзіне қандай сөз
Жатыр екен ұйқасып.
Ой, керемет оспағын,
Оқып өстік біз күліп.
Одан сайын ынтыға
Одан сайын үздігіп.
Әзілінде әдеп бар,
Ық жағында ызғырық.
Тұла бойы тұнған ой,
Іздегені ізгілік.
Ал тәртібі «военный»,
Так точно Үмбетбай.
Көпен ағам айтпақшы,
Үйіне барар күн батпай.
Әңгімесі ұлағат,
Әрі ибалы, әрі ізгі.
Ұлтымыздың ұйытқысы,
Әйтеке би тәрізді.
Сықақшы
Мыңбай РӘШКЕ
– Сайтан қайда?
Жын қайда?
Тура жолдан тайдырып,
Қолын бізге бұлғай ма?
Састыратын сайтанды
Хабарлаңдар Мыңбайға!
– Жымысқы қайда?
Жым қайда?
Әр нәрсені қаралап,
Былапыттап былғай ма?
– «Химчисткадай» тазартар
Хабарлаңдар Мыңбайға!
– Терме қайда?
Жыр қайда?
Ду-ду думан құрмай ма?
Пародия жасапты
Ғабит,
Сәбит,
Сырбайға…
– Қошеметтеп қаумалап,
Қол соғамыз Мыңбайға.
– Сықақ қайда?
Сын қайда?
Күлкіменен күйдіртіп,
Кім алады ыңғайға?
– Мұндайда
Тағы айтамыз Мыңбайға.
ҚАЙТА ОРАЛДЫ ҚАЛЖЫҢҒА
Сықақшы Кемелбек ШАМАТАЙҒА
«Төрттен бес жақсы»,
«Ештен кеш жақсы», –
Дегендей бұл Кемекең
Не жаңалық ашпақшы?
Әзілкеш еді әу баста,
Даулас, мейлі, дауласпа!
«Қайтемін» деп ойлады-ау,
«Сақина тілеп сау басқа».
Жауынгердей жасқаған,
Сын-сықағын бастаған.
Кенет тастап шығардай
Не болды екен қасқаңа?
Бойына өзге күш кірді,
Эфирде ерен іс қылды.
Қиялап барып қырық жыл,
Жарқылдатты «Ұшқынды».
Ілгері сүйреп қоғамды,
Нән журналист боп алды.
Тағы бір тулап кеткенде,
Қалжыңға қайта оралды!
Әзілі күшті әй, тіпті,
Қалжыңға көкем қайтыпты.
«Қайтқан малда қайыр бар»
Деп бабалар айтыпты.
Уатсап,
Фейсбук,
SMS –
Бораған қардай бос елес.
Қартайып барып қалжыңға
Қайта келу – кеш емес!
«Ұшқын» – Қазақ радиосынан берілген жастар хабары.
Нұрсұлтан ОҚПАНҰЛЫ.