Елорданың Алатауға сәлемі
Елорданың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қарасты «Astana Musical» театры 23-27 наурыз аралығында Алматы қаласына гастрольдік сапармен келді. Гастрольдік турненің мақсаты – ашылғанына екі жыл болған жас театрдың жетістіктерін республика аумағына таныстыру.
«Astana Musical» – еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры. Ол замануи бағыттарға негізделіп, отандық және әлемдік мюзиклдердің орталығына айнала бастады.
Елордалық театр мамандары Алатау көрерменіне Уильям Шекспирдің классикалық пьесасы бойынша жазылған Жерар Пресгюрвиктің мюзиклі негіз болған «Ромео и Джульетта», Қазақ музыкасының Алтын қорына енген Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев және «Дос-Мұқасан» тобының әндері, әлемдік музыканың жарық жұлдыздары «Битлз» тобының репертуарындағы шығармалар арқау болған «Достар серті», ұлттық опера мен классикалық музыканың інжу-маржаны негізінде жасалған «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклдері мен Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына негізінделген – «Жырлайды жүрек» атты музыкалық-поэтикалық спектакльді көрермен назарына ұсынды. «Қыз Жібек» мюзиклі «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде 2017 жылдың желтоқсан айында Франция, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінде сахналанып, шетелдік көрерменнің қошеметіне бөленген.
«Astana Musical» театрының қойылымдары туралы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Кино және театр бөлімінің ғылыми қызметкері Айдана Аламан былай дейді: «Ромео Джульетта» қойылымындағы бірте-бірте үдей түсетін темп, сценографиясындағы әрекет мекенін өзгертіп екпіндей қозғалған декорация, «Достар сертіндегі» серпінді әуендер легі мен «Қыз Жібектегі» ұтымды қолданылған фольклорлық сарындар, режиссерлік шешімдегі темпераментті интерпретациялар театр ұжымына деген құрметті үдете түсті. Драмалық, һәм романтикалық сюжеттерге құрылған мюзиклдерді назарға алған бұл театр көрерменді Орта Азиядағы тұңғыш мюзикл театры болғандығы үшін ғана емес, актерлардың кәсіби ойынымен де қуантып жүр. Ондағы Саламат Мұқашев, Аман Гумаров, Инабат Ризабекова, Жарқынай Ханайым сынды актерлердің ойыны – жоғары деңгейден. Дегенмен, алдағы уақытта театр актерлері мен декорацияның техникалық мүмкіндіктерін заман талабына сай дамыта түссе екен деген тілек бар. Бұрыннан қалыптасқан канондарды бұза отырып, жоқтан бар жасау – оңай емес. Өнер ұжымына сәттілік серік болсын!