Қуаныш ЖИЕНБАЙ
Әзәзіл күлкі иектегелі қаш-шан! Асханаға бара жатып та, келе жатып та миығынан күледі. Мәз-мәйрам. Өз-өзіне риза. Мынадай құрмет-қошеметті көрген де арманда, көрмеген де арманда. Тап-таза төсектен керіліп-созылып, әзер тұратын Сейілбек жуынып-шайынып, тұла бойын ақ сүлгімен әбден сүртінген соң айнадай жалтыраған тас еденді тық-тық басып, үлкен ғимараттың оң жақ бүйіріндегі есігі үнемі ашық тұратын бөлмеге бұрылады. Тәтті тағам иісі танау қытықтайды. Үсті-басын жинақы ұстайтын еліктің лағындай қыз мұның табалдырықтан бері аттауын күтіп тұрғандай, орнынан ұшып түрегеледі де әжімсіз жүзі одан сайын нұрланып, иіліп-бүгіліп, Сейілбектің жалғыз өзін шеттегі үстелге әкеп жайғастырады. Сол, сол-ақ екен, «не ішесіз, қандай тағамға тәбетіңіз шабады?» – деп тұс-тұстан қаумалаған аспазшылар енді болмағанда «қадірлі қонақты» жерден тік көтеріп әкетуге әзір-ді. Бір жетінің ішінде адам біраз нәрсені үйренеді ғой, миғұла, мылқау емессің. Осынша шын пейілді ілтипатқа сен де жауап ретінде «бәріне ризамын» дегендей бір ишара жасауға міндеттісің. Кеудесіне қолын қойып, дәл солар секілді алға қарай сәл еңкейсе, немене Сейілбектің бел-омыртқасы үзіліп түсе ме?! Темекі түтініне ысталған сарғыш тістерін көрсетуге қысылса езу тартсын да қойсын; қыртыс-қыртыс мойнын жейдесінің жағасына жасырсын; қасқалана бастаған маңдайын қос алақанымен қашанғы көлегейлейді.
Кетсінші әрі, Дегерес жылқы зауытының қатардағы қара жұмысшысы Сейілбек Дәулетбековті «Жігіт сұлтанына» қатыстырғалы жатқан кім бар, кім бар-ау?! Еріксіз күлкі қыстайтыны осы тұс. Ізінше жон арқасын жеп-жеңіл мұң араласқан өкініш табы тіліп өтеді. Сұлулық, әдемілік әлемі қарабайырлықты құшағына қанша қысқанымен оған біржола сіңісіп кетуге біраз уақыт қажет-ау! Ай, Сейілбек, Сейілбек! Өз-өзін тығырыққа тірегеннен не өнеді. Болары болып, бояуы сіңген. Жастайынан жалына қол тигізбейтін тұлпар тақілеттес төңірегіндегі көз үйренген кәкір-шүкірді місе тұтпай жұлдыздай жарқырап, алқалы топқа түспеген соң; ауылдан ұзап, дөңгеленген дүниеге ерте бастан бауыр баспаған соң; қысқасы осы күнгі оқымыстылар айтатын өркениет көшіне ілесе алмаған соң, бармақ тістегеннен не пайда?! Кімді кінәлайсыз? Әсілі, ол кемшілікті өз бойынан іздегені абзал. Осы тұстан тоқтайды. Жүзіктің көзінен өтетін қаумалаған сұлу бикештердің тұлға бітіміне сұқтанып қарағысы келмейді. Ұят тіпті, керек десеңіз, күс-күс добалдай қолдарын арлы-берлі созғылаудан да іштей қысылады. Бір сөзбен айтқанда, Сейілбектің дөңкейген мына отырысы сүттей ұйыған осы үйлесімділікке мүлде кірікпейді-ақ. Сырт көздің не ойлайтынын кім біліпті, өз басы осыған мықтап табан тіреген. Теп-тегіс әрленген қабырғаға әлдекім күштеп әкеп, қара балшықты домбаздап жапсыра салған секілді ме қалай? Іші-бауыры жаланып, тәтті тағамды тілеп тұр, ендеше тілдерін түсінбеймін-ау деп несіне шегіншектейді. Жиегі алтынмен әдіптелген ыдыстағы буы бұрқыраған ас Сейілбектің саусақ ұшына тәуелді. Емеурін танытса-ақ бітті, сән ательесіндегі манекендер секілді сұлулар бірімен-бірі тізбектеліп, «қадірлі қонақтың» арман-тілегін табанда орындайды. Және ішкі әлеміңді елжірететін жылы жүзді жымиыстары қандай! Тәтті тағаммен бірге жұта салғың-ақ келеді. Мұнысы барып тұрған астамшылық! «Аспанға секірме, Сейілбек!» Лезде тәубесіне түседі де мұншалық адамға жасалған құрметті көріп тұрғаным осы, ризамын дегендей, Құдайдың жасанды күлкісін аяй ма, әрбір азпаздың бетіне қарап, әнтек жымияды да бас бармағын шошайтады. Бармағы да сексеуілдің томарындай көзге оғаш көрінетін бір пәле.
Жолың болайын десе сөз бар ма! Дегерестің бір үйір жылқысын мемлекетаралық келісімшарт негізінде Аспанасты еліне жөнелтіп, тұяқты жануарлар жаңа жерге жерсінгенше бас-көз боласын деген желеумен құжаттарын реттеп, визасын алып, осылай қарай сапар шеккенде Сейілбек мұхит жағалауындағы мың-сан аралдардың біріне топ ете қаларын қайдан білсін. Мұхит жағалауындағы арал аумағын кім өлшепті. Аралда қанша халық тұрады, жергілікті жұрт немен айналысады, күріш еге ме, шай плантациясы өнімдерін қайда жөнелтеді, көк тіреген қонақүйлерге мыңдап орналасып жататын туристердің дені қай өңірден келеді?.. Осы деректер Сейілбекке не үшін керек, а?! Керек емес деп те айта алмайды. Ертең елге барғанда әріптестері жан-жақтан қаумалап, «иә, не көрдің, не бітірдің?» дегенде не айтады. Қиюын тапса айтатын әңгіме жетерлік, ара-арасында бөсіңкіреп жіберсе де жарасымды. Бәрі жарасымды, Сейілбек бұл жолғы тірлігінен тырнақтай кінәрат тапса, кәні!
Ойпыр-ай, осы сапарға күні бұрын дайындалған Алдаберген сорлының аузының салымы жоқ екен де. Оу, тұрмысқа шығатын қызы графиктен жаңылмай аса маңызды жүк таситын тауарный пойыз ба еді. Ұзату тойын бір ай кешіктірсе дүние өртеніп кете ме?! Құдалар жағы да қасарысып тұрып алған ба түге?! Алдаберген көршісі, зауыттың маңдай алды жылқышысы. Күн аралатып: «Тірі жүрсем бір өтінішіңді орындармын, осы жолы құтқар мені» деп жылағандай боп жағдайын айтады. Сейілбек те бірден бас изеуден аулақ-ты. Шамалғанның бойынан шөп шабуға бара жатқан жоқсың. Аспанасты елінен ай сайын сауда жасап қайтатындар заңдары темірдей қатал екен деп жағаларын ұстайды. Қия бастырмайтын қатал заң Алдабергеннің орнына жегілген Сейілбектің бір білместігін сезе қалса, арқасынан қаға қоя ма?! Әрі Алдаберген секілді жылқының жағдайын да жақсы білмейді. Мұныкі – «алып кел» мен «шауып кел». «Сол жағы қиын болмаса…» Күмілжіді. Екіншіден ел көріп, жер көргендігін де іші құрғыры жек көрмейді. Сейілбектікі жыл бойғы сылпыл жүріс, онысын елеп жатқандар да некен-саяқ. Көршісі: «бетіңді бері қараттым ба, айнып кетпей тұрғанда уәдеңді шегелеп алайын» дегендей түкірігіне шашалып, сөз деген жарықтықты түйдек-түйдегімен лақтырады. Басшылармен келісуді өз мойнына жүктеген. Жә, қайда қалмаған қайран уақыт…
Сейілбек өңшең мұхит өнімдерінен дайындалған тағамдарды таңдайға тастап отырып, Дегерестегі жерлестерін еске алады. Еске алады да күліп жібереді еріксіз. Олардың не істеп, не қойып жатқандары бес саусақтай белгілі. Трактордың тіркемесіне шөп тиеудің өзі бір азап. Оның үстіне шөпшілерді ат үстінде жүріп аралайтын Өтеміс біргадірдің айқайы қандай! «Қимылдаңдар, қимылдаңдар, түске дейін жөнелткендерің төрт трактор. Бүйте берсеңдер қыста Дегерестің жылқысын арам қатырарсыңдар!» Белің бүгіліп айырды әрең көтеріп тұрғаныңмен шаруасы жоқ, оның мақсаты жоспар орындау.
Майға пісірілген теңіз шаянын бұтарлап тісіне басады. Әлдекімдермен ойша дидарласқандай, әлсін-әлі жағы жыбырлайды. Езуінде баяғы шат-шадыман күлкі. «… Жолдасбай, тыңда мені, көзің кіртиіп жүдеп кеткеннен саумысың? Шөлден өлуге келіпсің-ау, сабазым! Бір-екі шөлмек салқын сыраға қалайсың, әрі кептірілген тұзды балығымен» … «Сапаш, келіншегің босанды ба? Шілдеханадан қалып қоймайын»… «Өз жағдайың қалай?..» «Менің жағдайымның несін сұрайсың?! Елге барған соң баяндармын барлығын. Байқа, үстіңе шөп құлап кетпесін!»… «Әділхан, Өтеміспен әлі де келісе алмай жүрмісің? Нарядты да дұрыс жаппайтын болар… Менің орыным үңірейіп тұр ма? Шыдаңдар… Сендерге қандай сыйлық апарарымды да білмеймін. Мұнда тамақтың алдында бір қасық акуланың майын ішкізеді екен. Тәбет шақыру үшін, ағзаны тазалау үшін. Таза, табиғи тұнбасы. Бірақ акуланың майы түстеріңе кірмесе, оны қайдан білесіңдер!..»
– Сізді тыста мәшине күтіп түр!
Еліктің лағындай жып-жинақы киінген сол қыз өз тілінде сөйлеп, қол сүрту үшін сулы сүлгі ұсынады. Сейілбектің езуінде әдеттегі мәз-мәйрам күлкісі.
***
Дегерестен әкелінген жылқылар ерекше күтімде. Тау бөктеріндегі жеке меншік фермаға бекітілген аймақ темір тормен қоршалған. Бір есіктен кіріп, бір есіктен шығасың. Кірерде де, шығарда да тұла бойыңды мұқият тексереді. Қарғыбау секілді құжатнаманы Сейілбек те мойынға асып алған. Суреті, аты-жөні сонда жазулы. Құдды симпозиумге келген делегат секілдісің. Үсті-басың жіптіктей. Жеңіл мәшине қонақүй алдынан іліп әкетеді де бірнеше шолақ көшелерді айналып өтіп, таудан құлаған бұлақ бойындағы тастақ жолмен жоғары өрлей отырып, шаруашылық әкімшілігінің алдына келіп бір-ақ тоқтайды. Сейілбекті көргенде фермадағылардың бірі қалмастан кеуделеріне қолдарын қойып, жапатармағай амандасады. Сыйластыққа не жетсін! Жұмыр жерді мекендеген жұмыр бастылардың тағдыры ортақ. Ал жер үстіндегі несібені кім қалай бөліседі? Бұл бөлек тақырып. Негізі, Жер-ана жарықтық сенің көзің қисық па, бұтың талтақ па, оған мән беріп жатпайды; қыбырлаған пендені алаламайды, ұлтқа, руға бөлмейді… Ой-хой, қызды-қыздымен өз бойына шақ келмейтін пәлсапа соғып кеткеннен сау ма?! Бұл неғылған аспандау?! Қабағындағы болар-болмас кірбіңді жасандылау күлкімен жуып-шаяды.
Күн сайын белгіленген уақытта ферма маңынан табылады. Сейілбектің үнемі балық өнімдерімен тамақтанатындығын біле ме, мұндағылар бал қосылған жапырақ шайла-
рын ала жүгіреді. Ішпесіңе қоймайды. Асты-үстіңе түседі. Шайларының дәмі де өзгеше, маңдайынан тер бұрқ ете түседі. Сатырлаған саусақтар, күлімдеген көздер, мылқау кісілерше ым-ишарамен түсініседі. Түсінбейтін де түйткіл шамалы. Ферманың оң жағы мен сол жағы қолмен ойған текеметтей тұтасқан шай плантациясы. Тып-тығыз, арасына сіреңке батпайды. «Мына шай жапырақтарын содан алып қайнатамыз. Ұнай ма?!» «Ұнайды, ұнамағанда!..» Сейілбектің добалдай бармағы үсті-үстіне шошаңдайды: «Біздерге неге шығымы шамалысын жібересіңдер, а? Сөйтесіңдер де доспыз, көршіміз деп күмпілдетесіңдер. Қазақтар ондай қараулықтан ада. Әне, жылқыларымыздың жондары күнмен шағылысады. Арық-құрағын әкелуге жүзіміз шыдамайды. Құдайдан қорқамыз!» – Тілін түрткен тіркестерді айта алмай, тілін түсіне алмай Сейілбектің бейшара болған түрін қараңыз! Шайын ұрттауын ұрттар-ау, кенет арыдан көтерілген үрей кеңірдегіне кептеледі де қалады. «Мына сорыңды ұрайындар шайдың ішіне апиын қосып бергеннен сау ма? Әлде акула майының әсері ме? Акула майы кез келгенге берілмейді. Қымбат… Айырбасқа сонда бұлар менен не дәметеді, а?..»
Дереу кейін шегінеді. Темекіге ысталған сарқыш тістерін жасырып, миығынан күледі. Әзілдеген боп әлдекімдердің арқасын қағады. Өтірігі ме, шыны ма олар да ыржың-ыржың. Жылқылардың тектілігіне таласатын кім бар. Дегерестің жылқылары бір үйір боп темір қоршаудың күн батыс жағында жайылып жүреді. Сейілбекке салсаң, күн батысты бүйірлеп жайылуында да өзіндік мән-мағына бар. Туған жерге бір табан жақындап, туған жердің ауасын армансыз жұтайық дейтін болар. Сейілбек жылқылардың бұл араға қандай көлікпен жеткізілгенінен бейхабар; пойызбен, мәшинемен… аяқтарын шідерлеп, көздерін байлап. Көздерін байлайтындай ұрлық мал емес, екі ел арасындағы уағдаластық шеңберінде жүзеге асқан инвестициялық жоба. Әр басына төленген қаражат та қомақты. Жылқыларды бордақылап етке өткізе ме, әлде тау бөктеріндегі техника бара алмайтын шаруашылықтарға жеге ме, о жағы жаңа қожайындардың еншісінде.
Күндегілері сол, Сейілбекті көргенде жылқылар алдарындағы тізеден келетін көкмайсаға ауыз салмастан құлақтарын қайшылап, кәдімгі цирктегі рөл ойнаған аттардай шеңбер бойымен дөңгеленіп тұра-тұра қалады. Кісінейді, біріне-бірі еркелеп мойындарынан тістелейді, алдыңғы аяқтарымен жер тарпып, аспанға шаншылады. Шұрқырасады. Күбірлеседі. Мұның астарында қандай сыр бар? Жалына қол тигізбейтін жануарлардың бетекеден биік, жусаннан аласа боп, моп-момақан күйде көздері боталап, танауларын көкке көтеріп, бір жағымды иістен көз жазып қалмайық дегендей жуаси қалған түрлерін қараңыз! Осы жағдайдың шып-шырғасын шығармай, ертең ауылдастарына айтқанда әлгі жын соққандар: «е, сенікі жөн екен» дей ме, әлде шешенсігендігіне таң қалып, «ақыл-есіңнен айыратын бір нәрсе жұтып алғаннан саумысың?» деп тұс-тұстан тырқ-тырқ күле ме. Мейлі, бір апта өтті ме, өтпеді ме, туған елді сағынған сыңайлы. Темір қоршаудың төменгі жағынан әлдекім айқай салады. Біреулерге жұмыс тапсырады-ау әсілі, не атқарған істеріне көңілі толмай ма. Дауысы зор, айнымаған Өтеміс. Өтеміске шөп тиеген тракторлардың саны маңызды. Басың ауырып, балтырың сыздай ма, айы-күні жақындаған келіншегіңді дәрігерге апардың ба, бір де бірін құлағына қыстырмайды. Ат үстіндегі алашапқын: «Бол, болыңдар!» Сонысына қарамай еңбеккүнді де әділдікпен толтырмайды.
Жылқыларды бір-бірлеп маңдайдан сипаған Сейілбек Жолдасбайдан аумайтын біреудің дауыс шыққан жаққа қарай құлдыраңдап жүгіріп бара жатқандығын аңғарып қалды. Сірә, сол пәле тыныш болсын дейтіп болар. Тыныштық керек, әрине. Десе де оңтайлы тұста өз пікіріңді ашық айтқанға не жетсін! Өтеміс Жолдасбайдың жуастығын жақсы біледі. Айтқаны соған ғана өтімді. «Ондай мінезбен ұзаққа бара алмайсың, бауырым! Өзгеру керек, ағзамен бірге жан-дүниені де тазалау керек! Әсілі, бір құты акуланың майын саған арнап апарармын. Өтеміске емес!..».
О-хо, кенет Сейілбектің тұла бойы дір ете қалды. Өкшесін көтеріп олай қарады, былай қарады. Жағымды иісті құмардан шығып иіскеді ғой десе де, жануарлардың жанарында мұң бар ма қалай?! Аспанға секіргені, бір-бірінің мойынын тістелегені – көңілжықпастық кейпі болып жүрмегей. Оу, Ақбақай қайда, үйірдің басшысы Ақбақай айғыр қайда?! Ақбақай ақалтеке тұқымынан. Сырт келбеті келісті. Жүрген-тұрғанынан ибалықтың иірімі еседі. Көздері тостағандай, құйрық-жалы күлтеленіп, ер-тоқымсыз көз алдыңнан желіп өткенінің өзі пенде байғұстың көңілін бір көтеріп тастайды. Қиял әлеміне қайтіп күмп ете қалғаныңды өзің де аңғармайсың. Ақбақайдың тізгінін тартып, туған жердің өкпек желіне кеудеңді тосып, сонау көз ұшындағы сағымды көкжиекті бір айналып шықсам дейсің ғой баяғы. Ер үстінің адамға сыйлайтын әсері ересен. Бір сиқырлы күш күллі болмысыңды қолтықтан демеп, тылсым дүниенің аржағына қарай іледі де әкетеді. Тіршіліктің кір-қоқысын ұмыттырады. Өмірдің тәттілігін шынымен аңғарғандайсың. Тіпті, жасыңның жер ортасынан ауғандығына қарамай, жігіт-желеңнің тобына қосылып, түннің бір уағына дейін сайран салғың келетіндігін қайтерсің! Сәті түссе сұлу келіншектерге қырындаудан да кетәрі емессің. Сұлу келіншектер саған сұқтанып қарады ма, әлде текті тұқымнан жаралған Ақбақайдың төрт аяғын тең тастаған желісінен жарасымдылық іздеді ме… әлде айғырдың екі-үш биенің қатар қойып «қамау терін» алатын ерік-жігеріне тәнті бола ма, сенің онда шаруаң шамалы, әйтеуір ту сыртыңнан қадалған сұғанақ көздердің сұғына ілінбей, аман құтылғаныңа қуаныштысың. Оу, береке тапқыр-ау, Сейілбектікі бұл неткен сандырақ?! Сандырақтайтын уақытты тапты! Құйқылжытқанда ақын боп кетудің сәл-ақ алдында. Ақбақай қайда, мына жылқылардың арасынан Ақбақай неге төбе көрсетпейді?! Қасапхананың мұп-мұздай тоңазытқышынан бір-ақ шықпағай. Жә-жә, мұндағылардың оған келгенде бастары компьютер. Ақбақайды ондай оңай олжаға қимайды. Мүмкін Сейілбектің қиялындағы Ақбақайдан жаңа қожайындар да дәмелі болар… Сұлу әйел мен сұлу арғымақ көздің құрты.
«Кетпесе», «нетпесе»… осыны да тауып айттым деп тұр-ау, ә?! Қырық қадамдай ары жүгірді, бері жүгірді, тынысы тарылды. Жолай кезіккен тәпелтек қараны ашқарақ көзімен атып жібере жаздады. «Ақбақай қайда!» Мына пәтшағар несіне жетісіп күледі-ей! Қолынан жетелеп, тас төселген жалғыз аяқ соқпақпен біраз жүрген соң, шағын қоралардың біріне алып келді. Ақбақай Сейілбекті алыстан таныды. Оқыранып, адам айнала алмайтын тап-тар қуысты жамбасымен қиратып жіберетіндей, омыраулап алға ұмтылды. Су да, жем де жеткілікті. Саурын сипағанда бір орында тыпыршып тұра алмады.
«Бұларың не, дендерің сау ма, айғырды үйірінен айырып жын ұрды ма сендерді!» – Аузы-басын жыбырлатып, саусақтарын қимылдатып, біраз жайды түсіндіруге тырысты.
«Мен кішкентай адаммын. Бастықтардың ұйғарымы солай, өтінішіңізді жеткізейін». – Оның да аузы-басы жыбырлап, саусақтары жиі-жиі секектеді.
«Айт, ертеңнен қалдырмай далаға шығарсын, жылқы жағдайын білмейтін менен де өткен сорлы екенсіңдер! Әй, кішкентай адам, Ақбақайдың құжаттарына көз салсаң қайтеді ең болмаса! Сонда жазылған ғой барлығы. Айғырды қорлау бұларың! Өзің айта алмасаң, бастығыңа мені жолықтыр!» – Сейілбек қарлыққан тамағын үсті-үстіне жұтынды.
***
Тағы келді таныс қақпа алдына. Біраз кісімен қол алысып амандасатындай дәрежеге жеткен. Дегерестегі дос-жарандарының есімдерін де осыларға сырттай теліп үлгерген-ді. Сапаш, Әділхан, Жолдасбай десе аралары одан әрі жақындай түсетіндей. Жалған күлкіден де жалықты, жағымсыз асты еріксіз жұтып жібергендей жүрегің айниды. Арасында әзіл-қалжың араласып жүрмеген соң бойға жұға ма. Жапырақ шайына да береке берсін, шөл қандырмайды. Ауылдағы тау бұлағының тастай суына жететін не бар! Мұның аңдитыны Ақбақайдың үйірі. Қоршаудың күн батыс жағынан соларды іздейді. Бейтаныс өлкеде олардан басқа ет-жақындары да жоқ. Екі жұманың ішінде сырт көзге сездірмегенімен ішкі әлемі кәдімгідей қоңылтақсып-ақ қалды. Сол көңілсіздікке араша түсетін – жылқылар ғана. Солардың сұлбасын сонадайдан көрсе жылқылар емес, құдды жылқы зауытының адамдары алыс сапарға кеткен қимасының аман-есен туған жерге оралуын жетістікке балап, айтулы оқиғаны атап өту үшін апыр-топыр жиналып, алдынан шыға-шыға келгендей елестейді. Мынау дәу де болса құшағын ашып, арсалаңдап бері жүгірген Алдаберген көршісі ғой: «Мені құтқардың бір қиындықтан, бір шаруаңа жарармын тірі жүрсем…»
«Қызды құтты орнына қондырдың ба?»
«Оқтай. Құдалар да құдайдан тілеген адамдар болып шықты. Ал, басынан бастап баянда, Ақбақайдың о жақтағы тағдыры не болды? Менің терім сіңген төл басы ғой. Құлыншақ күнінен бауырыма басқам, оны сен де білесің…»
Иә, Ақбақай қайда?! Бір сұрақты күн сайын қайталай берген соң мыналар да мезі бола ма қайдам, түсінсе де түсінбегендей, Сейілбектің жанынан ылдым-жылдым жылыстауға тырысады. Қыр қазағының кейбір қожанасырлығына қайран қалатын да шығар, бәлкім. Айғырдың құны үстеме бағасымен төленген. Шекарадан өтердегі құжаттары мірдің оғындай. Дәрігерлік сараптамаға бір-екі жерден мөр басылған. Яғни, Сейілбектің Ақбақай үшін бас ауыртуы артық. Сойып етке өткізе ме, аукционға сала ма, ақалтекенің тұқымы екенін ескеріп, көрмеге қоя ма. Оны осындағылар шешеді. «Дұрыс-ау,– дейді Сейілбек те ішінен күбірлеп, – сонша жерден салпақтап осылар үшін келдім ғой. Кеткенше бір-бірімізге сүйеу бола тұрайық. Бір жылқының шыңғырып, басы шабылғанын құдай көзіме көрсетпесін! Мен жоқта не істесеңдер де еріктерің!»
– Сіз Ақбақайға енді керексіз, – деді қолына ақ қолғап киген ұзынтұра болар-болмас езу тартып. Бірнеше ағаш қоршаудан ары өтті. Он екі қанат киіз үйдің аумағындай ақ шатыр астында басын шұлғып, бір орында тыныш тұра алмай аласұрған Ақбақайды көргенде Сейілбектің жүрегі бір жамандықты сезгендей кілт ете қалды. Е, енді түсінікті болды барлығы. Бөксесі сыртта, жарты дене сиятындай қоршау ішіндегі ту биенің құйрығы қайырулы: – Ұрық алу операциясы екі мәрте сәтті өтті. Ал үшіншісінде… үшіншісінде тығырыққа тірелдік. Сізді көрсе айғыр сабасына түсер. Биеге артылмай жүргендей асау ғой тіпті… – Ақ қолғаптының одан соңғы мылжыңын естігісі келмеді. Аспанасты еліне не үшін келгендігі де түсінікті болды. Ақбақайдың саурын сипады, қазандай басын құшағына қысты. Маңдайындағы ақжолаққа әлденеше рет алақан жүгіртті. Дене қорқынышты дірілден біртіндеп айыға бастады. Жанарынан жылылық иірімі есті. Құйрығы қайырулы бие бөксесін жақындата бергені сол еді, жалаңдаған екеу екі жақтан жанұшыра қимылдап, айғырдың қасасына күйекқапты кигізіп те үлгірді… Одан арғы қимыл-әрекетті бақылауға Сейілбектің жүзі шыдамады.
– Ақбақайдың ұрығын қанша биеге егетіндігімізді білсеңіз! –Ұзынтұраның жымиысы өзгермепті. – Сіз айғырды қалыпты жағдайға түсірдіңіз. Бізге керексіз әлі де…
***
Үш тәулік бойы төпелеген ақ жауынның аяғы жантүршігерлік алапат селге ұласты. Тау бөктеріндегі бір провинция түгелімен су астында қалды. Мыңдаған отбасын қауіпсіз аймаққа көшіру үшін жақын маңдағы әскери зонаның жауынгерлері жұмылдырылды. «Адам шығыны болмағай!» деп өзі білетін Құран сүрелерін қайталайды Сейілбек. Қонақүйдің айнадай жалтыраған терезелері айғыз-айғыз жаңбыр тамшыларынан көз ашпайды. Жә, көрмей жүрген жауын ба. Тура қолсозым жерден жарқылдаған найзағай төбе құйқаңды шымырлатады. Дымнан-дымсыз ұзақты күн төрт қабырғаға қамалу – жындандырмаса қайтсін-ай! Сыртқа шығу азап, оның үстіне жергілікті теледидар жай түсіп, о дүниелік болғандардың кездескенін, егер кімде-кім рұқсатсыз көше кезіп, қайғылы жағдайға ұшыраса мемлекеттің жауап бермейтіндігін айтып, бірнеше тілде үздіксіз хабар таратады. Иек астындағы жағажай бар қызығы мен бар қызуынан айырылып, айдалада иесіз, жел өтінде қалған жетім үй секілді азынайды. Күн ыстығынан қорғайтын көлеңкелі орындықтар ию-қию төңкеріліп жатыр. Серуенге мінетін жеңіл қайықтар сызды топыраққа тұмсықтарымен шаншылып, әудем жерге шығып қалған. Күні кешеге дейін тамақтанып алған соң өзіне бөлінген жеңіл мәшине фермаға қарай әкеткенше Сейілбек те қарап отырмай балконға шығып, мына жағажайдағы көз жауын алар сан түрлі құбылыстарды қызықтаушы еді-ау! Табаға піскен күлшедей боп күллі денесін күнге күйдірген әйел жарықтықтар әлдебір тылсым күшімен өздеріне ынтықтырмай қоя ма?! «Өмір сүрудің бар рақаты тек сендердің ғана маңдайларыңа жазылған ба?!» Осы бір ренішке толы кейістіктің аузынан қалай шыққанын да және оның кімдерге бағышталғандығын да аңғармай, бұдан әрі тұра берсем шайтани жолға түсіп кетермін дегендей, кілт бұрылатын да терезе пердесінің тасасына жасырынатын. Міне, қазір де сол терезеге телміргеннен басқа бітірген түгі жоқ. Бірақ ой басқа, мүдде басқа, көрініс басқа… Көз алдында – жауын астында дірдектеген Ақбақай. «…Жә, Ақбақайды өйтіп қорламас, жабық қораға кіргізетін болар» дейді тағы бірде. Мұнай бер, газ бер, металл бер, ауысып жатса тағы бер; бер, бере бер! Әйтсе де Ақбақайдың ұрығын беру дегенді санасына сіңіре алмады. Мұнысын білгенде ат басындай алтын берсе келер ме бұ жаққа?!
Төпелеген нөсердің әзірге іштартатын райы байқалмайды. Иә, Сейілбек өстіп өз ойымен өзі алдана тұрсын. Ал Ақбақайдың найзағай жарқылдаған түннің бір уағында темір қоршаудың басынан бір-ақ секіріп, ай далаға маңып кеткендігін тірі жан байқамады. Ас-сусыз үш күн, үш түн жүріп, айналма жолдар мен аспалы көпірлерден аман өтіп, келген ізінен жаңылмай туған ел шекарасына жетіп, бір уыс көдені тістеген күйі жан тапсырғандығын да бір пенде аңғармады.
Төртінші тәулікке қарағанда барып, күн көзі шайдай ашылды. Аспан тап-таза. Сейілбек әдеттегіше ақ төсегінен тұрып, жуынып-шайынып, тас еденді тық-тық басып, үлкен ғимараттың оң жақ бүйіріндегі үйреншікті асханаға бұрылған-ды. Үсті-басын жинақы ұстайтын еліктің лағындай баяғы қыз есік алдынан күтіп алды да, жасанды күлкісінің орнына сәл-пәл қабағын шытып, Сейілбекті сыртта тұрған екі әскери жігіттің қолына табыстады.
Үстөл үстінде теңіз өнімдерінен дайындалған тағам қалды буы бұрқырап. Ақырғы рет акуланың бір қасық майын да бұйыртпады.