Тамырындай ағаштың …
21.08.2015
1591
0

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Сейіт Қамбасов

Тағы да табиғат тармақтарымен сырласу

Оу , таулар

                   Тұрсың қарап алыстарға,

Жақынсың бізден гөрі ғарышқа да.

Бітімің ойқы-шойқы түйеме ұқсап,

Жатасың ұқсап бірде барысқа да.

Ең ұлы қасиетің – биіктігің,

Сүйеді сені алдымен сүйікті күн.

Осы ұлы қасиетіңмен адамзатқа,

Биіктік не екенін жиы ұқтырдың

Болсаң да туындысы қай ғасырдың,

Асқақсың, алыпсың да, бай да асылсың.

Ұлылар саған қарап бой түзеген,

Қарттардың қазыналы айнасысың.

Затыңмен нені ұқтырса мәнің бізге.

Көп қостық жырымызбен әнімізге.

Таудай бол, балам, деген батаменен,

өскенбіз саған қарап бәріміз де.

Шығам деп биігіңе талпынғандар,

Таудай көрер өмірмен халқын олар.

Өз рухын шындап қосқан рухыңа,

Сияқты Абайлардай тау тұлғалар.

Қалайтын өр төсіңде бір самғауды,

Астымда менің де бар жыр саңлағы.

Айхай жал асуыңнан аспасам да,

Қалқиып бір шоқыңда тұрсам болды.

*     *     *

Оу , өзендер

                   Сарылдап, сырнайланып,

Толқынданып жатасың тынбай ағып.

Ақындардың көзіне көрінесің,

Бұлықсыған сұлудай жырға айналып.

Ирек-ирек жол басып иіндейсің,

Мың бұралған табиғат биіндейсің.

Сарылыңнан ұққаным сан ырғақты,

Тіршіліктің бір ұлы күйіндейсің

Ағасың-ау ағасың, жалғаса үдеп,

Өз арнаңмен өзіңді алға сүйреп.

Шапағат, мейір шашасың шартарапқа,

Ел мен жердің өзегі талмасын деп.

Алқау алып сол үшін әр ісің бек,

Сені өмірдің жырладық нәрісің деп.

Қоғам, заман барады алға басып,

Адамзатқа ой салып ағысың көп.

Ағысыңмен ойымды салыстырып,

Отырамын жағаңда жарыстырып.

Бұлақтардан бұлқынған құралғансың,

Жер ананың өзегін жарып шығып.

Тынығарсың сен бір күн көлге барып,

Тынығармын мен бір күн көрге барып.

Еңбегіміз өзен дос жерде жанып,

Өтсек болды өмірден елге жағып.

                       *           *           *

Оу, далалар,

                        Даласы қазағымның,

Сені көрсем таусылмас жазарым мың.

Бәрі сенде тарихым, бүгінімде,

Бәрі сенде бақытым, азабымның.

Байтағымның ағаш, су, тасы сенде,

Түп-тұқиян бабамның басы сенде.

Сені қорғап елімнің ерлерінің,

Қаны сенде төгілген жасы сенде.

Қыдырады өзіңді қиялым мың,

Тұғырындай жырымның, күй, әнімнің.

Ізі көрініп, дүбірі естіліп тұр,

Көшпенділер атының тұяғының.

Саған далам жас кезден жақын жырым,

Бозторғайың секілді ақыныңмын.

Оқылмаған, оқылған дастанымдай,

Сені жырлай беруге хақылымын.

Кете алмаймыз кең далам алшақ сенен,

Қуат алып келеміз әр шақ сенен.

Кең боламыз – деп жүріп – басқаларға,

Бізге өмір жоқ айырылып қалсақ сенен.

Бар байлығың біз үшін сарқылмаған,

Кезің осы маңдайың жарқыраған.

Үстіңді біз қорғаймыз, гүлдентеміз,

Қорғап жатыр астыңды Алтын адам.

Қоңыр далам, ақ далам, жасыл далам,

Біздікі боп келесің ғасырлардан.

Енді сені жұмаққа айналдыру –

Біздегі енді ең ұлы, асыл арман.

                       *         *         *

Оу, кеңістік,

                     тұңғиық көк кеңістік,

күндіз-түні тұрамыз көп көрісіп.

Қиялыммен жарысып жастайымнан,

Кеткен саған жырларым көптеп ұшып.

Шақыра ма әлі де елес, арман,

Көп телміріп қараймын неге саған?

Сайрандағым кеп тұрар саған барып,

Жетіп жатса құдыретім, егер шамам.

Болса-дағы бос қиял мүлдем мұным,

Саған барсам сияқты нұрлы өмірім.

Пенделерден келе ме аулақ жүріп,

Періште, перілермен бірге жүргім?

Тартар мені білмеймін қай қызығың?

Тұрғасың ба жарқырап ай, жұлдыз, күн.

Отырсам-ау деймін бе әлде шалқып,

Шарап ішіп қолынан хор қызының.

Ой-қиялым шарықтап аңғарыңда,

Серпіледі сенің түн, таңдарың да.

Не бар екен – деймін бе – сырыңды ашсам,

Алты қабат аспанның ар жағында.

Іздегендей орнымды әлі де өрден,

Жазсам деймін сырыңа қанып өлең.

Деймін бе әлде жанассам жақын барып,

Рухыменен бабалар жаныменен.

Осылай саған сыр шертер кеңістігім,

Бір ақыны ақымақ жер үстінің.

Жер үстінде биіктеп жүрмесем де,

Мен әйтеуір ой-қиял серісімін.

 Алатаудың ақ таңы

Таң келді-ау,

                     нұрлы әлем дастаны боп,

жұлдыздарды жүдетті қас-қағымда-ақ.

Ағараңдай бастады түнді сырып,

Алдыменен Хантәңір аспаны жақ.

Тауға артылып таңның ақ білегі енді,

Сипап еді,

                     шың-құздар түрегелді.

Кеңістіктің кеудесін жатты аймалап,

Перзентіндей талпынған нұр емгелі.

Жон-жоталар кешегі қалпыменен,

Шың-құздарға еліктеп талпынды өрден.

Күнде шығып келеді-ау қызыл шардай,

Көкжиек тұс апталды алтынменен.

Сазды әуенін табиғат күшті құрап,

Орман сыңси бастады, құс шуылдап.

Таңнан хабар бергендей алақайлап,

Сылдыр қағып сайлардан түсті бұлақ.

Кең тыныстап өн бойын керілдіріп,

Суы күліп жайнағаң жері күліп,

Жарқыраған маңдайы алатаңда,

Алатауым секілді сері жігіт.

Бар әсемдік көз тартып тауымдағы,

Жандануда бар тірлік баурындағы.

Шомылдырды таң күміс сәулесімен,

Аузындағы әр сайдың ауылдарды.

Байқамағам ақ таңын бұрын қалай,

Мың түрленді Алматым құбылғандай.

Құшағында алатау маужырайды,

Алі ұйқысы қанбаған сұлу жардай.

Емірене еңкейіп биік көктен,

Самалымен оятты сүйіп беттен.

Ақ таңыңнан Алатау айналайын,

Қаламдыда даламды сүйікті еткен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір