Дүниетану ілімі
30.03.2018
1755
0
Ғалым-ұстаз – Аманжол Қасабек 75 жасқа толып отыр.
Ол – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, философия ғылымының докторы, профессор, Балтика педагогикалық академиясының (Санкт-Петербург) құрметті академигі, Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, еліміздегі сала бойынша білікті, көрнекті маман.Философия адамның дүниені бел­гілі бір шекке дейін ғана тану мүм­­кіндігі шеңберіндегі жара­ты­лыс­тан дарыған сана ресурсын ру­хани кемелдік, тұрмыстық қа­жеттілігі үшін қозғаушы, кәдеге жа­ратушы ғылыми болжам, бай­лам­дарымен ұлы жаратылыспен үн­дескен, жарасым таба алған қи­сындарымен мазмұндалса ке­рек.
Адам баласы ойланудан гөрі қол­дануға ден қойған, рухани жұ­баныш, таяныш аңсап толғанудан гөрі материалдық қажетіне оңтай­лы жаңа технологияларға арқа сүйеуді жөн көрген заманда фи­ло­софия жетімсіреп, жадап, жүдеп қалғандай әсер қалдыратыны бар. Не дегенде де, философия ғылы­мы­ның дәл ХІХ ғасырдағыдай не­месе одан ілгерідегі, кейінгі за­ман­дардағыдай бағасы өсіп, бәсі кө­теріліп тұрмаған қазіргі дәуірде ұлт­тық рух, өміршең кісілік бол­мы­сымызды көксеп, өткеннің та­рих тұңғиығында қалған өкініш­ті аңсарларын қоздатып, қозғап, бүгінмен жалғау жоғалтқаны көп қа­зақ ұлты үшін қашанғыдан да өзек­­ті болып отырғандығын сезіне түс­кендейміз.
Отандық білім беру жүйесіндегі қа­зіргі заманғы өзекті жайлардың бірі – ондаған жылдар бойы саясат ыр­қымен қырық түрлі құбылған ел­дік, азаматтық тарихқа, ұлттық сөз өнерінің тарихына, жалпы қо­ғам тану, әлеуметтануға қатысты ғы­лым салаларының кейінгі ши­рек ғасыр ауқымындағы жаңғыру бе­талысындағы негізді ғылыми нә­тижелердің білім мазмұнына жүйелі теориялық негізде тартыл­май отырғандығы.
Осы тұрғыда, Аманжол Қаса­бек пен Жақыпбек Алтаев фило­со­фия ғылымының жаңа жаһан­дану дәуі­ріндегі хал-күйімен ас­таспай қала ал­майтын қазақ философиясын, ұлт­тық дүние­таным тарихын кейін­гі кезеңдер­дің беталыс, бағ­дар­лары талабын­дағы оқулық маз­мұнында қамтып, барша өзекті мәселелерімен күн тәртібіне қою, тү­гендеу бағытында батыл тәуе­кел­ге барған. Ж.Алтаев пен А.Қасабектің «Қазақ филосо­фия­сы» оқулығы жалпы­адам­зат­тық мазаң проблема – филосо­фияның бар түйткілін тегістеп, сара таным­ның дайын моделін жасаудың тау­сылып бітуі мүмкін емес ауыр бей­нетін алып шығам деп мен­мұн­даламайтындығымен жөн кө­рінді.
Дала даналығы ұлы Мәнмен ұш­тасқан қазақ философиясының егжей-тегжейі, шалқар түйсіну кеңістігі еленіп-ескерілмейтін, көз­ге ілінбей, көлеңкеде қалған кер замандар, көп уақыттар бастан өт­кен…
Ауыздан қағу, «алай де, былай де» өктемдігі ой бостандығын, та­ным рахатын шектеп отырудың тау­қыметі сананы бүлдірді.
Дүниетанымның ұлттық иірім­дері астасып жатқан жалпыадам­зат­тық аңсарлармен біте қайнас­қан тарихи философиядағы өзекті күйлердің ішінде елдік мұраттарға, отан­шылдық мәйегіне, Қазақ мем­лекеттілігінің қалыптасу, даму ба­ғыттарындағы азаматтық, ізгі­лік-адамгершілік ұстанымдарға ден қойған.
Қилы кезең, қырық түрлі қи­сын­дар дүние барысын аңлауда Хақ нұрымен сәулеленген ізгілік, Ар ілімін көкейден кетіре алмай­тын тура, тұғырлы сөз әу баста ай­тылған, адам шарқ ұрып соның игі­лігімен тазарып, жан сақтауға құш­тарлық бейімімен бойын тік­тейді.
Сонау бір 1918 жылы қазақтың да­насы Абай тәлімінде дүние сы­рын сіңірген Шәкәрім ғұламамен көп сырласып, көп кеңескен, көп сөй­лескен жас Мұхтар пәнге ай­қындама жасаудың ғылыми өне­ге­сінде «Философия жайынан» деп мақала жазды.
«Философияның жолымен ха­қи­қатты іздеуге адам құлаштаған кең ақылдар ғана нұсқаған жолын­да болып, «Терең ойдың түбіне тел­міре» қарауына керек. Мұндай те­реңдеп ойлаған ой бірден адам­ның көкірегін оятып, ақыл-көзін дү­ниеге жайнатып ашқызады. Екін­ші, адамды ұсақтықтан, басқа әр түрлі мінезсіздіктен құтқарады. Қай уақытта болса да адам ақы­лы­ның аймағы шынды, ақтықты із­деумен кеңейген болса, ол адам­ның адамшылығының жүзі жар­­қын болмақ. Және оның жүре­гіне нық бекіген хақиқы жолдың беті ездікпен толқымайды. Бұл те­­­рең ойдың, ойшылдың өз ба­сына келтірген пайдасы адам ба­ласы өзінің,өзгенің дәрежесін ұғып, шын адамның мағыналы өмір қалпына жетуі – терең ойға қожа болуына байланысты.
…Сол себепті философия – адам­шылық жолындағы қараңғы қал­тарыстарда қолға ұстайтын шам­шырақ. Адам баласы жан же­місін татпай өмірдің терең мағына, шын мақсұтын түсіне алмайды» («Әуезов Мұхтар. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т.15).
«Ақылмен нанбай иман жоқ», – дейді Хақтың сырына ұйыған Абай. Шәкәрім әлемін бар­лауында кейін­гінің ғалымы Бақытжан Ра­хымжанов ұждан ұғымын тәп­сір­лей отырып: «Ар ол – Аллаға тән қа­сиеттің адам жүрегіндегі сәулесі бо­лып табылмақ» деген жұғымды ой түйеді.
Оқулық мазмұнында даналық толғамдарымен суарылған ұлттық сөз өнерінің бай өнегесі басымдау баяндалуының түбегейлі себеп­тері­нің бірі – әдеби мұраның халық да­на­лығының сыр қоймасы есе­бін­дегі мәнімен сабақтас туын­да­ғына зер салдық.
Діни ақиқат пен филосо­фия­лық ақиқатты біртұтастықта қа­рас­тырған Әбу Насыр әл-Фараби ілі­мін зерттеуге ынтықтырады. Бі­лім­гер енді Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» баянының жазылу, сақталу, мазмұндық арқауына қа­тысты толып жатқан мәліметтер философия оқулығында беймәлім сыр ашатынын топшылайды.
Махмұд Қашқари түркілердің кі­сілік келбетіндегі әлімсақтан бұйырған адами игіліктерге қалай марқайса, ендігі ұрпақ дәл сондай шал­қып, шаттанады.
«Өздері әдепті, сыпайы, жасы үл­кен адамдарға құрмет қылғыш, айтқан сөзінен қайтпайтын, уәде­сіне берік, мақтану, тәкаппарлық дегенді білмейді. Түрік тайпалары – қаһарман, батыр ел («Қазақ фи­лософиясы», 93-б.).
Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» кітабындағы Алла сүйген кі­­сілік мейірім, шапағат, әдеп, жо­марттық, оған кереғар кесепат-кек­­шілдік, надандық, тәкаппар­лық, сараңдық құлықтар туралы ой тастайды.
Ясауи, Бақырғанидың өмір да­налығымен суарылған тоқтам­дары­мен ұйытады.
Оқулықта Қадырғали Жа­лайыр­дың ғұмыр ғибраты пәндік не­гізде кеңінен талқыға тартылып, та­рихи тұлға тағылымы тұрғы­сын­да шалқар таным түзуге септігін ти­гізетін баянды болжам, байлам­дар арқылы жүйелі ғылыми кеңіс­тік ашады.
«Қадырғали би өзінің дү­ние­танымының негізінде адам мә­се­лесін алған, оның мәртебесін кө­т­ерген. Адами қатынастардың қо­ғам үшін, мемлекет үшін, жал­пы­ғаламдық үйлесімдік үшін ма­ңызы зор екенін сезінгені бай­қа­лады» («Қазақ философиясы», 121-б).
«Қайырымдылық – дарияның суындай шексіз нәрсе» деген екен Қадырғали бабамыз.
Оқулықта шығыс адамының мә­дени санасын іштей нұр­лан­дырып тұратын ерекше рухани­лық; олардың өзіне тән тарих фи­лософиясын жасағандығы; өз тарихи дамуының ерекшеліктерін әр­бір заманның мәдениет үдері­сінің болмысын ескере отырып, номадтық мәдениет теориялық концепцияларын орнықтырған­ды­ғын тұрғысында тоқтамдар жасалады.
Алла ісіне илану, иманмен ұю қа­ғидалары қазақ жыраулар поэ­зиясындағы дүниетанымдық өзек­ті желілердің бірі болғандығы; кеңістікті кең жайлаған далалық ғұ­мыр ғұрпына оңтайланып, ың­ғайланып, ықшамдала сұрып­та­лып мазмұн түзген өмір сүру да­налығы; не жақсы, не жаманды, айнымалы дүниенің екі жағын қамдап отыратын сақ санасы, өз­гер­мелі өмір ағысынан тұрақты­лық­тың тұғыр тұрағын аулаған ойшылдықтағы қылдан таймай шалқар игіліктермен жарылқану аң­сары сәулеленген ғұмырлы поэ­ти­калық шуақ көңіл шалқытады.
Зар заман ақындарының әлеу­мет­тік-философиялық толғам­да­ры, ХІХ ғасырдағы отарлық езгі қыспағындағы мұсылмандық діни ағартушылық бағыттың, ХХ ғасыр басындағы азаттық мұраттардың тарихи өріс ашу фактілері түзілген арнаулы тарауларда философия­ның негізгі мәселелері адам фак­торы – қоғам арақатынасында ай­қын­дала түскен әлеуметтік ар­наларда тоғысып отырғандығы ау­қымды саралаулар, дүние сыр­ларын барлаумен ғұмыр кешетін адам баласына тән құбылыстар мен құлықтармен сабақтасқан бол­жам, байламдар негізінде са­рап­талып, топшыланады.
ХХ ғасыр басындағы азаттық кү­рес қайраткерлерінің азаматтық бел­сенділігін дүниетанымдық ас­пек­тіде саралап, бағалау бағы­тын­да оқулықта қазақ ағартушылығы­ның сыртқы, ішкі мәндеріне орай оқшау, тың пайымдаулардың та­ным үрдісіне тартылғандығына көңіл бөлдік.
Кеңестік кезеңдегі отандық фи­лософия ғылымы, оның бағыт­тары тұрғысында да сәйкес, қа­жет­ті мағұлматтар қамтылған.
Қорытынды бөлімде мәселенің өзектілік ауқымдылығы, айналым­ға түсуі тиісті ғылыми жаңа бағ­дар­лар зәру зерттеу бағыттар тұр­ғысында пайымдаулар жасалады. Ав­торлық ұжым ұлттық тарихи дүниетаным кеңістігінің ендігі жаһандану үдерісіндегі негізді ұстанымдарын айқындай түсіп отыруы мәнінде гуманитарлық құндылықтар аясындағы фи­ло­софиялық ойлау жүйелерінің ада­ми келбетін әрдайым есте ұстау қа­жеттілігіне ден қойылатын­ды­ғына зер салады.
Баянды жалпыадамзаттық игі­ліктердің шалқар мазмұнымен тұ­тасқан ұлттық дүниетаным тұ­ғыр­ларының мыңдаған жылдар бой­ғы қалыптасу, кемелдену үдері­сін ұғынып, сіңіру – рухани сана­ны жаңғыртудағы тарихи құнар, өл­шеусіз әлеуетті рухани қуат.

Қанипаш Қайсақызы Мәдібай,
филология ғылымының докторы, профессор,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру Орталығының
жетекші ғылыми қызметкері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір