Джек Лондон
Кэч – Поляр теңізінің жағасында өмір кешеді. Ол Эскимостардың уақытты сақтау тәсілінен он үш күнін көрген. Эскимостар өңірінде күн әр жылғы қыс мезгілінде қараңғылық күйге түседі. Ал, келесі жылы басқа күн көкке көтеріліп, табиғат жылылық құшағына қайта енуі мүмкін.
Кэчтің әкесі ержүрек адам болған. Өкінерлігі – ол азық іздеп жүріп мерт болғаны. Әкеден қалған жалғыз тұяқ – Кэчтің өзі ғана. Ол шешесі – Иккигемен бірге тұрады.
Бір күні ауылдық кеңес ауыл басшысы – Клош-Куанның кең қар үйінде жиналыс өткізді. Жиналысқа Кэч те өзгелермен бірге барып тыңдаушы болды әрі жиналыс соңына дейін үнсіз қалыпта отырды.
Ол кенет: «Бізге ет үлестіретініңіз рас, бірақ бергендеріңіз көне, қатты, онымен қоймай сүйек-саяқты ет», – деп дүрсе қоя берді. Қаршадай ғана баланың ауыл басшысына қарсы уәж айтып тұрғанына өзге аңшылар таң-тамаша болысты. Ол бейне ересек адам секілді кесек қалыпта сөйледі:
– Әкем Бок керемет аңшы еді, естуінше ол кісі отбасына өзге екі тісқаққан аңшыдан да молырақ азық әкеледі дейді. Сөйте тұра, ол әкелген азықтарды мейлінше тең бөледі екен.
– Қарай гөр, өзін! – деп ауыл басшысы қипылжықтап кетті. – Оны бұл арадан қарасын өшіріңдер де, үйіне қайтарыңдар. Оның мұнда ақсақалсуына жол жоқ.
Кэч олардың абыр-дабыры басылғанша үнсіз қалды да: – Үг-Лүк сіздің әйеліңіз ғой, сол кісіге айтарсыз. Ал, шешемнің менен басқа ешкімі жоқ, сол үшін ашына сөйлеп отырмын. Әлгінде ғана айтқанымдай әкем – Бок мықты аңшы болған, бірақ қазір арамызда жоқ. Адалдық танытқан адам десек алдымен менің шешемді, сосын өзімді айтар ем. Ауылдастарға азық берілгенде бізге де азық берілуі тиіс. Әрине, Боктың ұлы болған мен бұлай сөйлеуге қақылымын, – деді. Қардан жасалған үйдің іші абыр-дүбірге толып кетті. Ауылдық кеңес Кэчтің үйіне қайтуын бұйырды. Әрі оған азық бермеу керек деп шешті.
Кэч ширақы қимылдады. – Тыңдаңдар! – деп айғайлады, ол. – Бұдан былай алдарыңа келмеспін, бәлем… Мен әкем секілді өз күнімді өзім көретін боламын!.. Ол осыны айтқанда жұртшылық мазақтаған кейіппен күлісе бастады. Мазақ үні Кэч анадайға дейін ұзап кеткенше саңқылдап естіліп тұрды.
Келесі күннен бастап Кэч мұздық жағалауына барды. Оның садақ пен жебесін асынып шыққанын көзі шалғандар болды. Тіпті, оның әкесінің найзасын ала шыққанда да жұрт күлкіге қарық болды.
Кірпік қаққанша екі күн жылыстап өте шықты. Үшінші күні қатты дауыл тұрды. Кэчтің тырбыңынан түк те шықпады. Оның шешесі – Иккиге өз қасіретін жеңілдету үшін бетіне итбалықтың майын жақты. Әйелдер жағы кішкентай азаматты еркіне жіберуге ара түсіп еркектерімен түс шайысып жатты. Еркектер жағы тіс жармастан, тек күндердің күнінде Кэчтің өлі денесін іздеп шығуға қам жасағандай болды.
Келесі күні таңертең Кэч қайтып оралды, құралақан емес, жас ет арқалай келді. «Жарандар, ит пен шаналарыңды дайындап менің ізімді қуалап мұздыққа барыңдар!.. Ол арада бәрімізге жетерлік азық бар. Бір үлкен аю мен қос қонжығын жайраттым», – деді, ол. Мұны естіген шешесінің жүрегі қуаныштан жарыларман болды. Кэч бейне ересек адамша: – Келіңіз, шеше, тамақтанайық. Содан соң мен сәл мызғап алайын, қатты қалжырадым, – деді. Кэч қайтып оралғаннан кейін де ауыл арасында ол туралы әңгіме толастаған жоқ. Қаһарынан тірі жан сескенетін поляр аюын жайрату да оңай шаруа емес. Оның үстіне ана аюды қонжығымен бірге жайрату аса қауіпті еді. Еркектер жағы Кэчтен мұндай ерлік күте қойған жоқ. Бірақ әйелдер жас етті көрсетті. Ақырында, ер азаматтар мұздықта қалған етті әкелуге бет алғанымен де, олар тым көңілсіз кейіпте болды. Әлдебіреуі: – Ол аюды жайратты деген күннің өзінде де, етін жәркемдей қоймаған шығар, – деп міңгірледі. Олар мұздыққа жеткенде Кэчтің құдды кәнігі аңшыдай аюды жайратып қана қоймай, етін боршалап қойғанын көрді.
Осылайша Кэчтің хикаясы ауыл арасына лезде тарады. Ол келесі аңға шыққанында тағы бір қонжықты жайратып әкелді… Одан көп өтпей бір жұп аюды қолға түсірді. Дәл осы сәтте ауыл арасында сиқыршылық пен дуалық туралы әңгімелер желдей есіп жатты. «Ол дуалау арқылы аң аулап жүрген болуы керек, мүмкін әкесінің рухы оны жебеген де шығар», – деді біреуі даурыға сөйлеп.
Кэч ауылдастарына азық тасудан жалыққан жоқ. Кейбір ауылдастары оның салымды аңшы азамат болғанына көз жұмбады. Тіпті, оны Клош-Куанның орнына ауыл басшысы етіп тағайындау туралы да әңгіме айтылып қалып жүрді. Олар Кэчтің ауылдық кеңес отырысына келуін төрт көзбен күтті. Бірақ ол аттап баспады.
– Мен жаңадан қар үй салмақшымын, – деді ол бір күні. – Бірақ бұл іске кірісуге менің уақытым жар бермейді. Менің міндетім – сендерге азық тасу. Сол үшін менің әкелген азығымнан енші алғандар маған жаңадан тұралғы салып берулері керек. Оның айтқаны орындалды. Тіпті, оның жаңа тұралғысы ауылдың сөз ұстары – Клош-Куанның үйінен де еңселі болды. Бірде Үг-лүк Кэчке:
– Естуімізше, сен дуалау арқылы аң аулайды екенсің ғой, – деді.
Ет ойдағыдай емес пе екен?» деп сұрады Кэч.
– Біреу-міреу мен әкелген етті жеп ауырмаған шығар? Қалайша мені сиқырлықпен аң аулайды деп ойладыңыз? Жоқ әлде бұл сөзіңіз менің жақсы аңшы бола бастағанымды білдіре ме?..
Үг-лүк жұмған аузын ашпады. Ауылдағылар бір араға жиналып Кэчтің олар үшін күдік тудырған ерлігі жайында сөз қозғады. Олар бір ауыздан оның артына адам салып жасырын бақылау керек деп шешті.
Кэчтің келесі сапарында екі жас аңшы – Бим мен Баун оның соңына түсті. Бес күннен соң олар қайта оралды. Ауылдағылар олардың әңгімесіне құлақ түрді. – Ағайындар! – деді Бим. – Біз жасырын түрде оның соңынан ердік, ол бізді мүлде байқаған жоқ. Бірінші күннің өзінде-ақ ол бір аюға кез болды. Кэч оған қарсы ақырды. Аю оны көріп қатты қаһарланды. Секіріп, аяқтарын сермеді. Бірақ Кэч сескенбестен оған қарсы жүрді.
– Біз анық көрдік! – деп қостады тағы бір жас аңшы Баун. – Қатты ақырған аю Кэчке таяп келді. Ол тұра қашты, бірақ ол қашып бара жатып мұз үстіне кішкене дөңгелек шар тастады, аю шарды иіскеп көріп, жей салды. Кэч аялдамастан мұз үстіне көптеген шарды тастап кете барды, аю соңынан қуа беріп кездескенін ашкөздене қылғыта берді.
Ауылдағылар олардың сөзін бар ыждағатпен тыңдады. Бим көргенін жалғастыра баяндап берді. – Әлгі аю кенеттен кілт тоқтай қалып, бар қаһарын шашып ақыра бастады. – Сөзсіз дуалық айласын істеткен болар? – деді Үг-Лүк. – Ол жағын білмедім, мен тек өз көзіммен көргенімді айтып отырмын. Аю әлсіреді. Содан соң жата қалып тырнақтарымен өз жүнін өзі жұла бастады. Кэч күні бойы сол аюдан көз айырған жоқ. Тіпті, үш-төрт күн бойы ол әлгі аюды бақылаумен болды. Аюдан сәт сайын хәл кете бастады. Сол кезде Кэч еппен басып аюдың қасына таяп әкесінің өткір найзасын сермеп қалды. – Содан кейін ше?.. – деп сұрады Клош-Куан. – Содан кейін біз қайтып кеттік.
Сол күні түс ауғаннан кейін ауылдағылар ұзақ сөйлесті. Кэч қайтып оралғаннан кейін, ауыл басшысы адам жіберіп оны келуге шақырды. Бірақ Кэч әбден қалжырағанын, әлі құрығанын айтып барудан бас тартты. Ол үйінің көп адам отыруға ыңғайлы екенін, егер ауыл басшысы жиналыс ашқысы келсе үйіне келуін айтты.
Клош-Куан қасындағыларын ертіп Кэчтің жаңа үйіне келді. Тамақтанып отырған Кэч оларды жылы жүзбен қарсы алды. Клош-Куан оған екі жас аңшының оның аюды қалай жайратқанын өз көздерімен көргендіктерін айтты. Содан соң Кэчке қарап өзгеше үнмен: – Қандай айла-тәсіл істеткеніңді білгіміз келеді? Сиқырлық пен дуалық әдісін істеттің бе?.. – деді. Кэч басын көтерді де сәл жымиды. – Жоқ, ағасы. Мен басының дымы кеппеген баламын, сиқырлық пен дуалықтың не екенін білмеймін ғой. Керісінше, мен поляр аюын оңай қолға түсіретін әдісті ойлап таптым. Ол сиқырдың емес, ақылдың жемісі. – Сол оңай әдісіңді айтып берсең қайтеді? – деді Клош-Куан тебіренген қалыппен. – Әрине, айтып берейін. Бұл тым оңай. Міне былай…
Ол киттің мұртшасының жіңішке бір бөлігін алып шығып оларға көрсетті. Кит мұртшасының шет жағы пышақтың басы тәрізді тым үшкір екен. Кэч оны доғаша дөңгелектеді де қоя бере салып еді, қатты екпінмен барып алысқа қадалды.
Содан соң ол тағы бір парша итбалық етін көрсетті. – Міне, осылай, – деді ол. – Алдымен кит мұртшасымен шеңберше жасап, оны итбалықтың етінің арасына қыстырамыз. Сосын оны қарға тастап мұздатамыз. Ашыққан аю домалақталған етті жеймін деп имектелген мұртшаны жұтып алады. Домалақтанған етті аю жеген соң ыстық жалын шарпып, мұртша қатты екпінді күш шығарады. Бұл күш аюдың жанын жаһаннамға жібереді. Содан кейін оны жайрату қиынға соқпайды. Осындай қарапайым ғана әдіс қолдандым, – деді, ол ағынан жарылып.
Үг-Лүк: «О, о», ал Клош-Куан: «А, а», – десті, таңырқап. Әркім өзінше таңғалыстарын білдіріп жатты. Ауыл арасында аңызға айналып бара жатқан істің байыбына барлығы дерліктей көз жеткізгендей болды.
Міне, бұл Поляр теңізі жағасында өмір кешкен Кэч атты азаматтың әңгімесі. Сиқырлықтың орнына ақыл ойын істеткен ол қораштау қар үйден ауыл басшысы дәрежесіне көтерілді. Оның басқаруымен ауылдастары жақсы күн кешірді. Ендігәрі, ешкім де түні бойы аштықтан азаптанбайтын болды.
Ағылшын тілінен аударған:
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН.