Көшбасшы
Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ
Жапырақ жайған жалғыз түп алма ағашының түбінде бес жасар Маржан апасын сұрақтың астына алып жатыр:
– Апа, деймін, сонда Парасаттың әке-шешесі қайда? Олар неге сіз құсап осы жерде тұрмайды? Парасатты неге өздері оқытпайды?
– Жарық дүнием, менің! Ақылыңнан сол. Олар сонау алыстағы Қытай деген елде тұрады. Өздері сенің әкең секілді мектепте сабақ беретін мұғалім. Сол қызметтерін тастап келе алмай жүр.
– Біздің Қойлықта да мектеп бар ғой, әкеммен бірге жұмыс істесе болмай ма? Сонда бәріміз бір жерде тұратын едік. Мен Ебошау ағаммен ойнайтын едім. Жеңгем сізге көмектесер еді. Сөйтейікші, апа?
Баланың жалыншы әрі шынайы тілегі Шырын апаның жан дүниесін астаң-кестең күйге түсірді. Өзі шынашақтай болса да сөзі түйеден түскендей. Еріксіз көкірегін қарс айыра, күрсініп жіберді. Қырағы көзімен қадағалап отырған Маржан одан ары бастырмалата жөнелді:
– Не болды апа? Жылағалы жатырсыз ба? Сіз жыласаңыз мен де жылап қалам ғой. Олар сізге бірдеңе деп тиісті ма? Әлде тіліңізді алмай, осы жаққа келмей қойды ма? Айтыңызшы деймін, мен оларды ұрсып, ұрып тастайын…
– Күнім сол, жүрегім менің, ақылды балапаным, – деп елжірей еркелеткен ана жанарына қонақтаған жасты сырт айнала сырғытты да іле жауап қатты.
– Қытайда Патшамның(Парасатты еркелеткені) әке-шешесі ғана емес, біздің көптеген туған-туыс, құда-жегжат, нағашы-жиендеріміз бар. Сенің де ата-апаларың мен аға-әкпелерің бар. Олар сені қатты жақсы көреді, сағынады. Келгісі келеді. Бірақ, жұмыстарынан шыға алмайды. Біздің үйдегі сияқты малы, жері, мынау сияқты алмалары бар. Кейін бәрі келеді…
– О, келе ма, апа? Онда жақсы болды ғой. Менің туған күнімде келсінші, бәрі келсінші, мен де оларды қатты сағынам, жақсы көрем. Біздің Қойлықта да жұмыс, жер, мал, алма бар ғой. Соны береміз. Бірге тұрайықшы, апа, жарай ма?
Апасы «А, Құдайым періштемнің тілегін қабыл қыла көр» деп күбірлеп қолын жайып дұға жасады.
«Кішкентай бала не білсін» деп анау-мынауына онша мән бермей жүрген Маржанның тосын сауалдары тосырқатып тастады. Онсызда артта қалған қалың елді күнде ойлап ұйқысы мен мазасы әбден қашып жүрген қамкөңіл ананың жүрегі найзамен түйрелгендей болды. Тіпті, мүлдем күтпеген сұрақ, оның жасына сай келмейтін алаңдаушылық сезім. Мүмкін, тағдырлы ананың немерелері алмағайып күндердің арасында жүріп ерте есейген шығар. Көңілі орнына түскен Маржан ойнауға кетті. Жалғыз қалған ананың өткен күндері көз алдына оралды. Алты жасар Парасатты алғаш рет Алматыға әкелер кезде кейбір бауыр-туыстары мақұлдық танытып, қия алмастық сезімін білдіріп, көзіне ыстық жас алды. Ал біреулері «елуді еңсеріп кемпір болған шағында жат елге қарғадай баланы сүйрелегені қай сасқаны» – деп сөкті. Тіптен «Сол өзі бала үшін кетті ме, бай тапқалы кетті ме? Көресің, әлі-ақ жан баға алмай тентіреп қайтып келеді, қашан айттың деме, жесір қатынның жерге қаратқанына куә боласыңдар», – деген ащы кекесін мен ауыр сөздерді айтушылар да кездесті. Соның бәріне сабырмен қарап, салқынқандылық танытқан қайсар ананың екі елдің арасында өткен он жылы жүз жылға татитын оқиғаларға толы. Бірде, ауылға деген алапат сағынышпен шекараға алқынып жеткен апамыз көппен бірге 2 сағатқа созылатын түскі үзілісте тексеру бекетінен өте алмай қалады. Жақын маңда асхана не дүкен жоқ. Қарны ашып, ерні кеберсіп, әлсіреп кетеді. Ал 7-8 жасар ойын баласы іші пысып үсті жабық қоршаудың астынан аржағына өтеді. Апамыздың қалжыраған халын көргендер демеп, сүйеп су беріп есін жиғызады. Ол дереу баласын іздей бастайды. Көзкөрім жерде жоқ. Шарқ ұрып айғай салады. Дәл сол сәтте тексеру бекеті ашылып, кезектегі қалың нөпір бір-бірінің өлген-тірілгеніне қарамай алдыға қарай ентелейді. Жаңағы жайсыз кезде жұрттың көмегімен алғашқы топқа жеткен апамыз төлқұжатын асығыс тексертіп өте шығады. Анадайдан «Апалаған» Парасат та жетеді. Қуанышы қойнына симаған апамыз оның төлқұжатына мөр бастыруды ұмытып кетеді де елмен бірге автобусқа қарай беттейді. Шығар есікке жақындағанда шекарашы солдаттар алдын бөгеп «тұрыңдар топырламай» деп зекіп сапқа тұрғызып қояды. Апамыз жағдайын айтса да көнбейді. «Сізден де кәрі адамдар әнеки кезекте тұр, шыдаңыз. Сізді Қытайға жіберген біз емеспіз», – деп ауыр сөздер айтады. «Қарттарды сыйлауды білмейтін, халыққа емес ақшаға қарап жұмыс істейтін жүгенсізсіңдер ғой» деп айтайын деді да, «бір пәле болар» деп тілін тістеді. Олай ойлаудың да жөні бар. Жүздеген кемпір-шал, ақсақалдар мен балалы әйелдер кезекте тұрса да кейде жап-жас жігіттер жұртты қақ жарып әкесінің үйіндей кердеңдеп өте шығады. Ақырын бақыласа төлқұжатын тексертуге берген болып арасына «2000, 5000 теңгелік» ақша салып жібереді екен. Оны көрген шекарашылар аңнан олжалы қайтқан әкесін көргендей қуанып, қалбалақтап, кейі сөмкесін көтерісіп елпек қағып елден бұрын өткізіп жібереді. Оны көрген қариялар, ауырып әлсіреп тұрғандар, екіқабат не баласымен жүрген әйелдер наразы болып естілер-естілмес халде қарғап жатады. Міне енді есік ашылып бәрі автобусқа қарай ұмтылды. Біреулер басып кетіп, қатты ауыртқан аяғын аурсынуға да мұрса болмай, ішке енді. Жолы болып арғы шекарадан да жылдам өте шықты. Қайтқан кезде ол жақтағы тексерушілер Парасаттың төлқұжатына виза басылмай қалғанын байқап қалады. Екі шекарадан қалай өткеніне таңғалып мән-жай сұрайды. Құжаттың жайынан бейхабар апамыз «білмеймін, бәрін балам жасаған» деп құтылады. Олар қазақ жағының қайта өткізу-өткізбеуіне алаңдаушылық білдіреді де екінші қайталамауын ескертіп жібере салады. Құдай оңдағанда Қазақстан шекарашылары да оған онша мән бермей өткізеді. Сөйтіп, Жаратқанның жар болуымен періште көңіл Парасат туған жеріне визасыз барып қайтады. Алты жасынан екі ел арасында жылына екі мезгіл(қысқы, жазғы демалыста) сапар шеккен Парасатты Шекарадағы қиындықтар ерте есейтті. Бірде апасы Патшасының шамасы келмесе де үлкен чемоданды сүйрелеп терлеп-тепшіп ыңқылдап-күшеніп жүргенін көреді, бір жағынан «есейіп келеді» деп риза болса, тағы бір жағынан көңілі босайды. «Баламды ұшпаққа шығарам деп қиындыққа салып қажытып алған жоқпын ба»? – деп уайымдайды. Ауылдан қайтарда ондағылар керек-жарақтың бәрін алып беруге тырысады. Қыл аяғы, байпақ, сабын, қалам-дәптерге дейін қамдағысы келеді. Олар мұндай заттар «Қазақстанда жоқ» деп ойлай ма екен? Әлде өзі өнім өндірмеген елдегі қымбатшылыққа ұрынар деп уайымдайтын шығар. Ол аздай, қазақпен бірге жүретін қазы-қарта, кепкен, сүрленген бір жілік ет(бір асым тіпті одан да көп) «үйдің дәмі ғой» деген желеумен дайындалған тандыр нан, кәмпит, тары-талқан, жент, құрт, т.б. міндетті түрде бірге тасымалданады. Текеске барарда «Қазақстанның дәмін» ала бару да бұлжымас дәстүр. Осылайша екеуі екі елдің арасын рыздық, дәммен жалғап жүрді.
Көлікке мінсе болды асқазаны көтеріліп құса жөнелетін апам үшін ауыл арасына жол жүрудің өзі мұң еді. Ал мұндай алыс жолға көбіне есі кіресілі-шығасылы күйде сапарлайды. Оның азабын тек соны тартқан адам ғана түсінер? Ол аздай шекарадағы қаптаған кезек, саудың басын ауыртатын дау, жемқорлық пен жүйесіздік, кешке қалсаң атасының құнын сұрап шіренетін таксилермен ымыраға келу – «менмін» деп кеуде қаққан азаматтардың өзін қалжыратады. Оның ұстіне күйеуі ерте қайтып, тұрмыстың тауқыметін аз тартқан жоқ. Ол кісі өте білімді, ақылды, өнерлі азамат еді. Мектеп меңгеріп, ұстаздық етіп, елге ұйытқы болған айтулы тұлға болды. Одан айырылу да оңай соққы емес екені бесенеден белгілі. Ол жақта қалған балалар, келіндер, немерелер, төркіндер мен туған-туыстың сағынышы, қайтқанына көңіл айтып, той жасағанын құттықтау дейсіз бе, бәрі-бәрі апамыздың орындауға тиісті міндеті саналады. Оның үстіне, қайбір жылы үлкен шаңырақты ұстап отырған келіні отызға жетпей қайтыс боп кеткенде қиырдағы Қойлықтан орнына барудың өзі жүректі жылатып, жүйкені жұқартатын қайғы болды. «Бармайын десе ел қалды, барайын десе жер шалғай». Қаптаған қалың туыспен қимай қоштасып, тікелей туысы мүлдем жоқ Қойлыққа жабырқап қайтудың өзі етжүректі пенде үшін аз қасірет па? Бір сапарында әлгі көре алмастар «айттым ғой, олар сия алмай, қия алмай жиі келгіштеп жүр, ол жақ жақсы болса жата бермей ме екі арада сабылып несі бар?» – деп сөгіпті. Қай қиындыққа да қайсарлықпен төзе алатын апамыз ешбір қаңқуды пішту құрлы көрген жоқ.
Алматыға алғаш келген кезде, өзгенің есігіне телміріп көрмеген ананың, қаладан пәтер жалдап әлдебіреулердің қабағына қарап аядай бөлмеден алысқа ұзай алмауы, қатты қынжылтады. Кеңдікке үйренген, желісінен бие, сауынынан сиыр кетпей, ақ жарылқап өскен отбасы, қара шай мен қатырма бөлкеге оп-оңай үйір болмасы анық. Бір жылдан кейін, алып қаланың ауыр тұрмысына шыдас бермей алыстағы, Алматыдан 460 шақырым қашықтықтағы Қойлыққа бір-ақ көшті. Жері кең, алма бағы көлемді аумақ. Ондай кең жерді көрмей, тарлықтан қысылған біз нартәуекелмен туысы түгіл танысы жоқ жалғыз үйді Қойлыққа көшірдік. Қолдағы ақшаға сол жерден ғана үй алуға мүмкіндік болды. Күн сайын көршілермен, ауылмен барыс-келіс жасап, дәм тұзы айқасып, үйінен қонақ үзілмейтін шешенің алғашқы жылдары кәдімгідей ауыр өтті. Орысы көптеу ауылдағы қазақтардың болмысы да басқаша еді. Үйренісе алмай қиналды. Қазақша сөйлеп отырса да орысша сөзі көп кісілермен толық түсінісу оңайға соқпады. Көңіл шіркін жабырқау тартып, құлазып, сағыныш отына өртенді. Соның бәріне сабырмен төзді.Тез тіл табыса алатын «оралманы» жоқ ауылдағы қиналысты күндер біртіндеп артта қалды. Жан-жақтан ел көшіп келе бастады. Апам ақжарқын пейілімен айналасындағылармен араласып тіл табысып кетті. Айтпақшы, Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылына баласы арқылы бір үйлік жер алуға кезекке тіркелгеніне 10 жылдай болса да тасбақадай жыбырлаған кезектің жақындар түрі жоқ. Одан да күдер үзді. Алланың бергенін қанағат етіп, үкіметке алақан жайып көмек сұрамай, ел қатарлы күн кешіп келеді. Осы өміріне шүкір етеді. Ал бір кездері «Қазақстанға қаңғып не бар?» – деп көсемсінгендердің кейі көп өтпей көшіп келді. Кейбірі келем десе де келе алмай жүр. Шырын шешемізді жібергісі келмегендерді одан да қуатты күш жібермей бақылап отыр. Ал көшбасшының мақсат-мұраты біртіндеп іске асып жатыр. Әулеттен алғашықалардың бірі болып топты жарып, батылдықпен көшбасын ұстаған қайсар да қаһарман ананың алты жасынан атажұртқа әкеліп оқытып тәрбиелеген ұлы азамат болды. Алматыдағы Абай атындағы республикалық дарынды балалар мектеп-интернатында 11-сыныпта оқып жүр. Жақында жеке жыр жинағын шығарып өзіне төгілген тер, салынған қаржы, жұмсалған күш-қуаттың алғашқы жемісін көрсетпек. Бұл ұлы мақсат жолындағы алғашқы қадам ғана. Апамыздың екі баласы үйленіп немере өсіріп отыр. Көпшіліктің күмән-күдігі мен күңкіліне қарамай батыл қадам жасаған ананың асқақ арманы көп. «Алла соған жеткізсін» деп күні-түні Жаратқаннан жалына сұрайды.
– «Апа, әкем мектептен келді, үйге жүріңіз, шай ішейік», – деп айғайлаған Маржанның көңілді үні қамаған ойдан серпілтті. «Апатайым менің, мен сізді қатты жақсы көремін» деген баланың тәтті сөзі мен сүйіспеншілікке толы қылығы жүрегін елжіретіп жіберді. Мойнына асылған құлыншағын көтерген күйі орнынан тұрды. Өзі отырған ағаштың басына көз салып еді, алма түсе бастағанын байқады. Егілгеніне неше жылдай болса да биіктеп өспей, тек жапырақ жайып келген ағаштың жеміс бере бастағаны сезімтал ананы сергітіп, кәдімгідей қуантып тастады. Жаңа түскен алмаға бір, мойнындағы Маржанға бір қарап көңілі тоят тапты. «Жаратқан ием осы жемісті, жақсы күндеріңнен айыра көрме» деп бата жасап үйге қарай беттеді. Бұрын аса мән бермеген-ау, әлгі бір түп алмадан 20-30 қадамдай жерде 5-6 түп алма, өрік араласқан жеміс ағаштары бой түзеп өсіп қалыпты. Оған да көңілі жайлана бастады. Көктемнің жайма шуағы көп қиялдан арылтып, аяқ алысы тездей түсті. Есік алдында сарсамауырын қайнап тұр…