БОЯУДАН НҰР ШАШЫЛЫП…
23.03.2018
1143
0

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мектеп-интернат, колледжінің оқытушысы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Хәкімжанова Айгүл Атымтайқызының «Кең даланың әсем сәулелері аясында» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды. Көрмеге суретшінің жеке коллекциясынан алынған 52-ден астам графикалық жұмыстары қойылды. Музей залына жиналғандар оның еңбектеріне асқан қызығушылық танытып, өнертанушылар, сыншылар жоғары баға берді.

Өзім кішкентайынан танитын Айгүл Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі ақын Мәриям Хәкімжанованың сүйікті немересі. Мектепте, институтта оқыған кезі­нен оның салған суреттерін өзім еңбек еткен басылымдарға жария­ла­ғаным есімде.
1984 жылы Абай атындағы педагогикалық институтының көрмек-сурет графика факультетін бітіргеннен кейін мектепте сабақ берді. Балаларды сурет салуға үйретті, педагогикалық қызмет атқарды. Студент кезінде оның бел­гі­лі қазақ жазушыларының шы­ғармаларын әсемдеп безең­дір­гені көпшіліктің назарына ілініп, жоғары бағасын алды. Классик жазу­шымыз Ғабит Мүсірепов өзі­нің «Қыпшақ қызы – Аппақ» атты жаңа кітабын көркемдеуді Айгүлге сеніп тапсыр­ғаны студент қыздың қиялын одан әрі биікке қанат­тандырған.
«Сенің немерең екен ғой, – деп әжесіне Ғабит Мүсірепов телефонмен хабарласқан, – әйел­дер журналына ұсынған драманы өте терең түсініпті, баспадан жеке кітап қып шығарсам ба деген ойым бар, соған қатыссын. Сурет­те­рі маған ұнады».
Сондағы Мәриям әжесінің қуанғаны әлі есінде.
Қайран әжесі, елінің ардақты­сы, ақыны, бар қазақтың аяулы анасы – Мәриям Хәкім­жанова. Қазір есіне түсірсе, таңқалады, өздерін, ағасы Айдар екеуін дәл әже­сіндей мәпелеп еркелеткен ешкім жоқ шығар. Бұларға ешқа­шан дауысын көтеріп сөйлеген емес, айтқандарын екі етпейтін, қандай да өтініштерін дереу орындайтын. Бір ғана мысал: ко­нь­кимен мәнерлеп сырғанауды Айгүл кішкентай кезінде үйдің ішінде үйренді, әрине, әжесінің рұқсатымен. Сәби көңілдерінің кез келген сұранысы әже наза­ры­нан қалт кетпеуші еді.
Енді міне, өзі де тәрбиеші, ұс­таз, ана, әже. Әуелден сыйластық пен татулық ұялаған шаңырақ­тарының өнегесін ешқашан есінен шығармайды. Балалық шағынан бойына инабат, иба, қара­пайым­ды­лық, ізгілік тән. Елгезектігі, сезім­тал­дығы төңіре­гін жіті зерт­теуіне, суретшілік қолтаңбасын қа­лып­тастыруға ықпал еткені анық. Сірә, сондық­тан да шығар, көрмеге қойылған кез келген шығар­ма­сы­нан жылу, шуақ есіп, бояудан нұр шашылғандай.
«Бұл көрмеде, форматтардың әр түрлі екеніне қарамастан, сіз барлық туындылардың бірлігін се­зі­не­сіз. Шығармалардың әр­қай­сы­сы стилистикалық асқан шебер ғана емес, сонымен бірге эмоцияға бай, махаббат пен мейірімділіктің нұрына толы.
Пастель – сызықтардың мә­нер­лілігі түстің дыбыс­талуы арқылы күшейетін ерекше техника. Дәл осы материалдың Айгүл Хә­кім­жанова үшін сүйік­тісіне айналуы кездейсоқ емес. Түрлі-түсті сы­зықша-жағындылардың кө­ме­гімен оның туын­дыларының кеңістігінде ауа мен жарық пайда болады. Көктің жайлы жарығы – адам жанының сәулесі», – деп баға берді
Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ ұлттық өнер ака­де­мия­сының бейнелеу өне­рі теориясы және тарихы кафедрасының профес­соры, өнертану ғылы­мының кандидаты Батурина Ольга.
Уақыттың, заманның ақпа-төкпе тасқыны және мұның адам­дарға тигізер ықпалы Айгүлдің қолтаңбасында өзіндік ерекше нақышпен айқындалады. Ашық түсті бояуларына шейін көзге де, көңілге де жәйлі тиіп, іштей тебіреніске шақыратындай. Қай еңбегіне үңілсек те майдақоңыр әуендей жүректі тербейді. Небір мінез, қасиетті сабырға, төзімге баули отырып жеткізеді.
Жаратылыстың ірілі-ұсақты құбылыстарына жіті үңіліп, жанға, тәнге, ойға, сезімге қатысты зердесіне түйгенін хал-қадірінше бояумен бейнелеуге тырысады. Неткен сиқыр десеңізші, бояулар Айгүл үшін қиял-ғажайыпқа толы әлемнің, өмір-өзеннің, әрбір пенде шарқ ұра іздеген бақыт құсының басты кілтіндей. Сол кілтпен суретші Айгүл табиғат тылсымның, мінез-болмыстың талай жаңа қырларын ашқанына көз жеткіз­гіңіз келсе, көрмеге келіңіз!

Мағира Қожахметова,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір