Есептік баяндама
16.03.2018
1605
0

Ырым Кененбай,
Қазақстан Жазушылар одағының кезекті
ХV Құрылтайында тексеру-бақылау комиссиясының төрағасы, жазушы-баспагер


Құрметті әріптестер!
Біз – құқықтық дәуірде өмір сүріп жат­қан қаламгерлерміз. Технология мен ақпараттың кең қанат жайған қа­зіргі заманда, адамның-адамнан жа­сырары жоқ. Сондықтан да Жазу­шы­лар одағының да қоғамнан, заман­нан жасыратын еш нәрсесі жоқ екеніне осы баяндамаға дайындалу барысында әб­ден көзім жетті. Өйткені, өткен құ­рыл­тайдың алдында ғана, Жазушылар одағында үлкен кешенді тексеру жұ­мыстары жүргізіліпті. Тәуелсіз ау­ди­тор­лар мен тергеуші, тексерушілерге дейін қатысқан бұл үлкен жұмыс тобы 2008 жылдан 2012 жылға дейін жұмыс істеп, Жазушылар одағының бүкіл дүние-мүлкін, түскен қаржылар мен шы­ғындарды, алған,сатқан мүліктерін тү­гелдей тексеріп шығып, өз қо­ры­тын­дыларын шығарған екен. Ресми үлкен заң­дылық күші бар бұл құжат бүгінде біз­дің бухалтерияда, тиісті мекемелерде сақтаулы. Яғни кешенді, жан-жақты бұл аудиторлық тексерістің қоры­тын­дысы оғанға дейінгі барлық дау-да­майларға толық жауап беріп, нүк­тесін қойып, өз тұжырымын жасаған. Бұл жайын­да өткен құрылтайда жан-жақты ай­тылған. Тәуелсіз аудитордың шеші­мі­мен келіспеймін деп сотқа ешкім ша­ғым жасамаған. Сондықтан заңды сый­лайтын азамат ретінде, біздің бүгін өткеннің әңгімесін қайталап қозғауға еш­бір хақымыз жоқ. Сол себепті, біз де 2013 жылға дейінгі кезеңді қамтыған жә­не оның өткен-кеткеніне шолу жа­са­ған бұл аудиторлық тұжырымды не­гіз­гі басшылыққа алдық. Одан бергі екі құрылтай аралығындағы бухгал­тер­лік есеп-қисапқа мұқият болуға ты­рыс­тық.
Одақтың негізгі күнкөріс қоры – ғи­мараттағы басы артық бөлмелерді жал­ға беру. Бұл туралы жоғарыда ай­тыл­ған тексерістердің қорытындысы бойын­ша бөлмелерді жалға беруден 2010 жылы 62.013.450 теңге, 2011 жыл­дары 73.775.886 теңгеге дейін пайда тү­сіп келген болса, бұл көрсеткіштер өз­деріңізге белгілі, қазіргі сұраныстың тө­мендеуіне байланысты жылдан-жыл­ға азайып, 2015 жылы 28.209.663-ға теңгеге түсіп, өткен 2017 жылы не­бары 25.923.728 теңгені құраған. Яғни жал­ға беруден түсетін қаржының көзі екі-үш есе азайған.
Одақтың енді бір табыс көзі – бі­рін­ші және төменгі қабаттағы бос ме­кен-жайларды қоғамдық тамақ­тандыру орындарына жалға беру. Өздеріңіз бі­ле­сіздер, өткен күндерді еске алсақ, бұрын­ғы қыз-қыз қайнаған кафе-бар, би­лиярдтар бүгін жоқ. Өйткені, кедей­лен­ген жазушылардан мандытып та­быс таппасын түсінген олар өзге жаққа та­рап кетті. Жалғыз ғана «Қағанат» та­мақтандыру орнынан түсетін қаржы да жылдан-жылға азайып, 2015 жылы 37.353.000 теңге, өткен 2017 жылы 23.981.514 теңге болды.
Осы жерде одақтың шаруашылық қыз­меткерлерінің бүгінгі заман тала­бына сай жағымды бастамаларын да айта кеткен жөн. Олар соңғы жылдары үлкен Мәжіліс залын да түрлі салаларға жалға беруді дәстүрге айналдырып, одан табыс таба бастаған. Мәселен, осы сала бойынша 2015 жылы 580.000 қар­жы түссе, өткен 2017жылы 5.013.828 таза табыс тапқан.
Бүгінгі күн талабына сай басшы­лық­тың қаржылық іскерлігіндегі және мына бір фактілерді де айта кеткен жөн. Одаққа қарыз болып қашып жүр­ген­дерден өткен 2017 жылы 3.172.303 тең­ге қайтарылып, мекеме-кәсіпо­рын­дардан 4.789.337 теңге өндірілген.
Көбіңіздің басыңыздан өткен бо­лар – демеуші десе қуанатын халық­пыз. Ол дәуірдің де өтіп бара жатқан тү­рі бар. Әсіресе, шығармашылық Одақ­қа аянбай қолын созатын атымтай жомарттардың азайып бара жатқаны бел­гілі. Соған қарамастан, Одақ бас­шы­ларының байланысы арқасында облыс-облыстан, жекелей меке­ме­лер­ден құйылған қаржы легі де аз бол­ма­ған. Біздің қолымыздағы мәліметтер бойын­ша 2014 және 2015 жылдары, яғ­ни Нұрлан Оразалиннің Сенаторлық тұсында 2014 жылы 20.082.118 теңге, 2015 жылы 45.198.804 теңге қаржы түс­кен. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 7.000.000 тең­геге, ал өткен 2017 жылы 1.000.000 тең­геге азайған. Мен бұл жерде «Нұр­лан Оразалиннің сенаторлық тұсында» де­ген сөздерді бекер айтып отырғам жоқ. Демеушілікті, кімге-қашан, қар­жы­ны тектен-текке төге салмайтын, шен-шекпенге қарап жасайтын халық еке­німізді қынжыла еске алып отыр­мын.
Қоғамдық ұйымдардың бүгінгі та­лап бойынша негізгі қаржы көзі – Одақ мүшелерінің жыл сайынғы жар­насы. Не­гізінен қаржы көзі осы болуы тиіс. Бұл жайында мынандай қызық мәлімет келтірейін: жоғарыда айтылған ауди­тор­­лық тексерілісте 2010 жылы Одақ мү­­шелерінен түскен жарна 448.500 тең­­ге болса, 2015 жылы 149.850 тең­ге, ал, өткен 2017 жылы небәрі 91.500 тең­ге болған. Сонда мынадай заң­ды сұрақ туа­ды, жыл сайын қатары­мыз өскені­мен, Одақты сақтауға құл­қы­мыздың тө­­мендей бастағаны ма?
Алайда, тағы да бір қызық мәлімет кел­тірейін. Өткен айда «Қазақ әде­биеті» газетінде «Жарнасын төлемеген жазу­шылардың тізімі газетте жария­ла­нады» деген хабарды оқыған болар­сыз­дар. Бір қызығы, газетте сол хабар­лан­дыру шығысымен жарна төлеушілер қа­тары шұғыл артқан. Тіпті, бүгінгі құрыл­тайға келгендердің өзі алдымен жарна төлеп, небәрі екі ай көлемінде жар­надан 500.000-нан астам қаржы түс­кен.
Ендігі сөз ауызекі әңгімелерде ара-тұра айтылып жүрген, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы жайында. Әдет­те бұл сыйлықты қаржыландыру Одақ жарғысында қарастырылмаған. Түр­лі науқандық бәйге, әдеби сый­лық­тар негізінен демеушілер есебінен жүр­гізіліп келе жатқаны өздеріңізге бел­­г­ілі. Ал «Алаш» әдеби сыйлығы жайын­да тәуелсіз аудиторлар жасаған қо­рытынды есепте мынандай мәлі­мет­тер бар: 2008 жылы Одақ қорына ар­найы «Алаш» сыйлығына арналған 5.500.000 қаржы келіп түскен. Ол екі бө­лініп жұмсалып, 1.800.000 және 3.150.000 барлығы 4.950.000 теңге жұм­сал­ған да, 2009 жылдан бастап 2010- 2011 яғни аудиторлық есепте көрсе­тіл­ген 2013 жылға,тіпті бертінге дейін бұл сыйлық берілмеген. Яғни ешқандай қар­жы жұмсалмаған, ал сөз болып жүр­ген сыйлық, түскен қаржыға байла­ныс­ты жинақталып берілген.
Ендігі сөз ең көп көтеріліп, жиі ай­ты­лып жүрген Одақтың шығарма­шылық үйі туралы. Медеу ауданы Тай­ма­нов көшесіндегі 222 А мекен-жайын­да орналасқан бұл ғимарат Ал­маты қаласы әкімінің 23. 06. 2006 жыл­ғы №3/ 699-1260 қаулысымен Жазу­шылар одағына пайдалануға қайы­ра жалға бекітіліп берілген. Мұ­нан кейін 2012 жылы осы ғимарат жайлы жазылған шағым бойынша ҚР Қаржы министр­лігі мемлекеттік мү­лік және жекеше­лендіру Комите­ті­нен арнайы комиссия келіп, ғимарат­тың бар-жоғы және қай мақсатта пай­даланып отырғаны жайында (по наз­наченью) арнайы тексеріліс жүр­гізілген. Бұл құжаттар Одақтың шаруа­шы­лық бөлімінде сақтаулы. Мұнан соң комиссия көрсеткен кемшіліктердің бірі – жалға берілген ғимаратты талап­қа сай ұстап тұру керектігі жөніндегі мә­селе ескеріліп, 2015 жылы оған күр­де­лі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұ­ған дейін одан 2013 жылы 39.493.213 тең­ге, 2014 жылы 20.820.610 теңге түс­кенін де айта кету керек.
Қайта жөндеуден өткен шы­ғар­ма­шылық үйі 2015 жылдан бастап қайта қал­пына келіп, жұмыс істей бастаған. Оған нақты дәлел Одақтың бухгал­тер­лік есеп-қисабында 2016 жылы Шы­ғар­машылық үйден 8.205.100 табыс тү­сіп, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 45.791.500 теңгеге дейін көтерілген.
Осы құрылтай қарсаңында біз де бір топ есеп комитетінің мүшелері, Одақ­тың бас бухгалтерін, кеңсе мең­герушісін ертіп, Шығармашылық үйін өз көзімізбен көріп, жағдайын білу үшін арнайы барып қайттық. Шығар­ма­шылық үй орнында екен.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зіл­гені де көрініп тұр. Тап-таза. Алайда, көп демалып жатқан адамдарды бай­қамадық. Өткен Пленум кезінде ай­мақтардан келген он шақты жазушылар екі-үш күн демалып кетіпті. Шығар­ма­­шылық үй қызметкерлерінің ай­туын­­ша демалушыларға, субарендаға сұраныс аз. Соған қарамастан ай сайын­­ғы жылу-жарыққа кететін шы­ғындарды уақытылы төлеп, одан артылған табыстарын Одақ қоржынына құйып жатқандарын айтты.
Ал бұл қаржы аса аз емес. Екі Құрылтай аралығында тек шы­ғарма­шы­лық үйінен Одақ қоржынына 114.310.423 теңге қаржы түскен. Бұл аз ба, көп пе? Қазіргі тиын санаған мына за­манда әрине, аз емес. Одақтың бар жыр­тығын жамай қоймағанмен, әжеп­тәуір көмек болғаны рас. Оның үстіне Шы­ғармашылық үйдің күрделі жөн­деу­ден өткенін, төсек-орынға дейін қай­та жабдықталғанын алыңыз!
Осы жерде тағы да бір атап айта ке­тетін нәрсе: жазушылар үшін жам­ба­сақы құны небәрі 5500 теңге ғана. Оған үш мезгіл тамақ кіреді. Құдай-ау, бұдан артық қандай жайлылық керек. Мұн­дай баға қай қонақ үйде бар? Әлем­нің біраз жерін шарлап, не кере­меттің біразын көріп жүрген біздің ко­миссия мүшелерінің бірі Әшірбек Кө­пішев мырза тек көзін ашып-жұму­мен болды.
Сондықтан көрмей жатып, білмей жатып, сырттан байбалам салуға әуес еке­німізге ұялдық. Тіпті, бола қалса бә­рі сутегін болсын деген пендеші­лік­тен де ұялдық. Өйткені, шығармашылық үй меңгерушісі өткен Пленум кезінде жатқан жігіттер де, одан бұрынғы де­мал­ған жазушылар да (әрине, бәрі емес), демалған күндеріне бірде-бір тиын төлемей, шығынды аренда есе­біне жатқызуға тура келгенін айтқанда тө­мен қарауға тура келді.
Ал, осы Шығармашылық үйі тура­лы сөз қандай деңізші! Тура қалың бір том. Екі құрылтай аралығында оннан аса арыз-шағым қаралған. Алдыңғы құ­рылтай бітер-бітпестен басталған салық төлеушілер, мүлік коми­те­тін­де­гілер, тіпті өрт сөндірушілерге дейін­гі тексеруші коммисиялар легі әлі күнге дейін бір толастар емес. Бірі ғима­рат­тың бар-жоғын, бүтін-бүтін еместігін тек­серсе, келесісі қандай мақсатта пай­даланып отырғанын, енді бірі жал­ға алушылар, олардан түскен қаржыдан са­лық төлегенін бүге-шүгесіне дейін ба­қылауға алуда. Сөзіміз дәлелді болу үшін күні кеше ғана келген мына бір хат­пен таныстырып өтейік:
«Қазақстан Жазушылар одағына! 03-06 №0686 –и, 20.02.2018 ж. Алматы қа­ласы мемлекеттік мүлік және же­кешелендіру департаменті… Тайманов 222 а, мекен-жайы бойынша ғи­марат­тарда орналасқан жалға алу­шы­лар (жал­даушылар) туралы, олардың атауын, жалдау ақысының мөлшерін, жал­дау мерзімін, жалға алынған алаңды және 2017 жылғы алушылардан ке­ліп түскен сомаларын көрсете оты­рып, сондай-ақ, 2018 жылғы жалға алу­­­шылар туралы толық ақпаратты 2018 жылдың 23 ақпанына дейінгі мер­зімнен кешік­тірмей беруіңіз қажет. Де­партамент басшысы Е.Құдай­бер­ге­нов». Сонымен, Жазушылардың Шы­ғар­машылық үйі өз орнында, мемле­кеттік тексерушілердің жіті назарында екен. Көңіліміз орнына түсті. Тіпті, одан Одаққа қаржы да құйыла бас­тап­ты. Өткен жылы 45 миллионнан астам тең­ге түскен. Жаман емес. Жоғарыда атап өткеніміздей бас ғимараттан 25 мил­лион түскен. «Қағанаттан» 23 мил­лион, қызмет көрсетуден 40 миллион, «Қа­зақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» және «Простор» журналдарының ми­нистрліктер мен мекемелерден тендр арқылы алған қаржысы 36 млн, де­меу­шілерден 1 млн., мүшелік жарнадан 91.500 теңге, т.б ұсақ-түйек тиын-те­бенге дейін қосып есептегенде Одақ кас­сасына барлығы өткен жылы 189. 309. 014 теңге қаржы түскен. Бұл өткен бір жылдың ғана қаржысы. Ал, екі құрыл­тай аралығындағы барлық түскен қар­жылардың жалпы көлемі 944.163.171 теңгені құрайды.
Енді осы қаржылар қайда жұмсал­ды, неге кетті деген әңгімеге келетін болсақ, әңгімені тағы да цифрлармен толтырып шатастырып жібермеу үшін, мысалға тек айтулы кезеңдер мен өт­кен жылды ғана алайық.
Бірінші кезекте өздеріңізге белгілі, жалақы мәселесі. Бұл орайда екі құ­рыл­тай аралығында аппаратта істейтін адам­дар саны екі есе қысқарғанын ай­та кетуіміз керек.
2014 жылы Одақ аппаратында 102 адам штатта болған болса, бүгінгі күні олардың саны 54 адам. Өткен Пле­нум­дағы баяндамада Ғалым Жайлыбай атап көрсеткендей:
«Қазақстан Жазушылар одағы де­ген­де 3-4 техникалық қызметкерлердің сыртында Төраға, екі орынбасары, екі әдеби кеңесші қалдық. Атқарылуға тиіс­ті алуан шаруаның бәрі осы төрт-бес адамның иығында. Ал еңбека­қы­ла­рымыз туралы айтпай-ақ қояйын…».
Біз болсақ, енді осыны да ашып ай­тайық. Күні кешеге дейін яғни 2017 жыл­дың соңына дейін төрағаның айлығы 200 мың теңге болыпты, сена­торлық тұсында үш жылға жуық Одақ­тан жалақы алмаған. Орынбасарлары 180, 160 мың теңге айлық алады. Бас ре­дакторлардың жалақысы 120 мың тең­ге. Қалғандардың орташа айлық та­бысы 60-80 мың теңгені құрайды.
Өткен жылы жалақыға барлығы 52. 714. 896 теңге жұмсалған. Бұған ен­ді бюджет пен салыққа төленетін қар­жыны қосайық. Ол – 26. 541. 789 тең­гені құрайды. Оған тағы 18. 996. 801 тең­ге комуналдық шығындарды, өн­дірістік, транспорттық, байланыс шы­ғындарын қоссақ 48. 350.000 теңгеге же­теді. Күнделікті тіршіліктегі ұсақ-түйек­терге дейін жинақтасақ, мерей­той­лар мен қайтыс болған жазушылар­ды шығарып салуға кететін шығындар, жерлейтін жердің құны 170 мың­ға дейін көтерілді, барлығы 188. 974. 964 теңге болады. Яғни жоғарыда көрсе­тілген жылдық түскен қаржы бір тиы­ны қалмай жұмсалған.
Енді екі құрылтай аралығындағы бухгалтерия бойынша көзге түсіп тұр­ған қадау-қадау шығындарға тоқ­та­лайық. Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғына (мұның ішінде әдеби бәйге, мү­шайралар бар) 2015 жылы 26. 566. 060 теңге, 2016 жылы 6.100. 000 теңге жұм­салған. Қазақстан Жазушылар ода­ғының 80 жылдығына орай 2014 жы­лы 3. 884. 000 теңге, 2015 жылы 3.500.000 теңге жұмсалған. 2014 жылы бар­лығы 8. 727. 000 теңге, 2015 жылы 3. 259. 105 теңгенің басымдылық жұ­мыс­тары атқарылған.
Екі құрылтай аралығында бұдан ірі­леу қаржы жұмсалған шығындарды кө­ре алмадық. Қайта кейбір шығындар азайтылғанын байқадық. Мәселен, іс-сапарларға кететін шығын 2013 жыл­ғы 3 млнға жуық теңгеден өткен жы­лы 1 млнға, кеңсе товарларын ала­тын шығын 2013 жылы 3,5 млн.-нан өт­кен жылы 1 млн.-ға азайған. Мате­риял­дық көмек беру, басқа да ұсақ шы­ғындар алдыңғы жылдары 2 млн кө­лемінде болса, өткен жылы оған 735.000 теңге жұмсалған.
Осылайша, екі құрылтай аралы­ғын­дағы түскен табыстар мен жұм­сал­ған шығындар әупірімдеп, бірін-бірі жауып келген.
Ал, енді, сөз соңында бүгінгі, қа­зір­гі жағдайға келетін болсақ, жоғарыда айтылған тәуелсіз аудитордың есебінде 2012 жылғы жағдай бойынша Қазақ­стан Жазушылар Одағына тиесілі екі ғимарат, көліктер, жиһаздар, барлық тех­никалық құрал-жабдықтардың, ком­пьютерлердің есебі толықтай кел­тірілген. Одан бері Одақтан ешнәрсе сыртқа сатылмаған. Ал, қосымша са­тып алынып, жаңартылған аз ғана жиһаздар мен компьютерлер бухалтер­лік есепке қойылған.
Енді, қаражат жағына келесек, дәл бү­гінгі күні касса қоржынында 340 мың теңге бар. Жыл енді қорытындалып жат­қан­дықтан, бухгалтерия салыққа 15 миллиондай, айлыққа 16 миллион­дай, баспаханаға 3 миллиондай қарыз. Ал, күтіп отырған қаржы, газет-жур­нал­дарды қаржыландыратын мем­лекеттік тендер әлі жарияланған жоқ. Одан жылдағыдай 40 миллиондай тең­ге түскен күннің өзінде, биыл да әрі тарт­саң бері жетпейдінің кері болайын деп тұр.
Тек айлықты уақытылы жабатын ғимараттардан түсетін арендалар тоқ­тамаса екен!
Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға рахмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір