Сайлауалды сөз
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты
Алғаш Жазушылар ұйымы құрылған кезде Маяковский айтқан екен: «Жалғыз болу қиын», – деп. Рас, жалғыз ағаш орман емес. Ол салт басты, сабау қамшылы саяқтың немесе жетім-жесірліктің жалғыздығын емес, күрестегі жалғыздықты айтқан. Классик Хэмингуэйдің де әйгілі сөзі бар: «Адам жалғыз өзі түк те бітіре алмайды», – деген.
Жалғыз болу кімге жеңіл дейсің? Жазушылар одағы бірлесе күресу үшін құрылған. Бірақ шығарманы біреумен бірігіп жазбайсың. Шығарма – жекенің жұмысы. Жазушылар одағы жазушының мүддесін қорғау үшін керек.
Біз қоғамды айырбастадық, партияны да, бәрін айырбастадық,тіпті Отанды айырбастағандар да баршылық. Жазушылар одағын да айырбастағысы келетіндер бар.
«Қазіргі кезеңде жазушы кімге керек, Жазушылар одағы кімге керек?», – деген сұрақ қоғамда көптен бері тұтқиылдан қойылып тұр. Жауабы біреу: жазушы қоғамға керек, ал Жазушылар одағы – жазушыға керек.
Одақ әр жазушының екінші үйі десек, сондай ахуал бар ма? Егер жоқ болса, соны жасағанымыз, орнатқанымыз жөн.
Тұлпардан есек озды, шедеврден халтура озып, графоман жүлде, сыйлық алып кетті деп күйінеміз. Соған кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Бес саусақ бірдей емес. Халтураны жариялаймыз, дарынсызды арқадан қағып, алғысөз жазамыз, сыйлыққа ұсынамыз, дауыс береміз. Көңілшекпіз. Атымтаймыз. Жалпақшешейміз. Содан бір күні сол әлпештелген пысық дарындының аузыңдағысын жұлып алып кеткенде, «мынаған кім әперді?», – деп, таңырқап отырамыз. Бірақ мен айтар едім: көтермеленген күшеншек, төмендетілген таланттан бәрібір биік бола алмайды.
Сынды өрістету керек дейміз. Біреу сын жазса дұрыс-бұрысына қарамай, сыналған адамды қорғап, сыншыға сойыл ала жүгіреміз. Ішімізге пышақ айналмайды. Өзімізге өзіміз сыни көзбен қарау деген мүлде ұмытылған.
Біз бір-бірімізді оқи білейік, бір-біріміздің пікірлерімізді сыйлай, бағалай білейік.
Әр қаламгердің өз оқырманы бар. Әбдіжәмілдің өз оқырманы, Әбдірахманның өз оқырманы бар. Әркімнің шеберлік деңгейі әр түрлі. Бірімен-бірін салыстырудың қажеті жоқ.
Қаламақы мәселесі. Бізге көп болып көрінетін сома өкімет үшін түк емес. Жағдай жақсарып келеді. Әлі жетілдіре түсетін механизмдері бар. Соны тауып, жұмыс істетуге күш салуымыз керек.
Жазушылар одағының жанынан кәсіподақ ұйымын ашып, жандандырсақ деймін. Жабылып қалған Әдеби Қорды бүгінгі нарық заманына лайықтап, қайта құрудың жолдарын қарастырып көрсек. Ол үшін авторларға төленетін бүкіл қаламақылардың белгілі бір мөлшердегі болмашы пайызын сол Қорға аударып отыруға баспаларды міндеттейтін қаулы керек. Біздің қаламгерлерге аса қажетті демалыс үйлеріне, пансионаттар мен санаторийлерге елеулі жеңілдікпен жолдама әпере алатын, қысылғанда материалдық көмек бере алатын деңгейге жеткізсек деймін. Ол үшін қолында демалыс, емдік үйлері бар республикалық кәсіподақ ұйымымен де келісім-шарттарға отыратын боламыз. Қанаттас басқа шығармашылық одақтармен де бірлескен меморандумға қол қойып, кейбір шараларды тізе қоса атқарған жөн болады.
Жазушылар одағы жанынан бүгінгі заманға сай Әдеби агенттік құрылуы керек. Ол қаламгерлердің шығармаларының өзге тілдерде шығуымен айналысатын болады.
Өз қазанымызда қайнай бермей, сыртқа шығу қажет. Аудармамен айналысу, басқа мемлекеттермен әдеби делегация алмасу, кітап алмасу, барыс-келіс, халықаралық кітап көрмелері мен әдеби форумдарға белсене қатысу аса қажет, халықаралық ынтымақтастық пен байланыстарды барынша дамытуға күш салмақпыз. Көрші елдермен Әдебиет күндерін өткізу жайын да қайта жандандыру ойда бар.
Бұл үшін Халықаралық әдеби байланыс секциясын ашып, жұмыс істетуіміз керек. Бұның бәрі бір жылдың жұмысы емес. Республикалық, облысаралық, халықаралық деңгейде қаржыландырылатын жобалармен жұмыс істейміз. Бәрін шешетін – қаржы мен кадр.
Біздің бағымызға қарай Елбасы
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы дүниеге келді. Басты-басты бағыттарына үлкен қаржылар бөлініп жатқанынан хабардармыз. Енді оны құр сөз бен жалаң науқанға айналдырмай, ұтымды жобалар әзірлеп, игілігімізге жарата білуіміз керек. «Жас келсе іске» деген, жастарға көбірек сенім артатын боламыз. Әр облыста Жазушылар одағының жастар қанатын құру керек. Өйткені, олар көбінесе, үлкен ортаға жолай алмай, бет-бетімен жүреді. Олар өз жетекшісін сайлап алып, өз кездесулерін, талқылауларын өткізіп жататын болады, бірақ филиал басшысының қамқорлығында болуы керек.
Ақын-жазушының ең үлкен құралы – тілі. Бұл – ұлт байлығы. Кейде маған қаламгерлер салым салған көкпаршылар сияқты көрінеді. Теңеуім сәтті шықпауы мүмкін. Әркім өзіне тартады. Кейбір жазушы көкпарды мәреге жеткізеді, кейбіреуі ит жұлған тулақтай етеді. Әсіресе жас қаламгерлерге қатысты. Тілдің киесі бар, ол – өзіміз ойлап тапқан емес, ата-бабадан қалған қасиетті қазақ сөзі, сондықтан қанын сорғалатсаң да, ертеңгі ұрпаққа қадірін кетірмей, өрнегін бұзбай жеткізе біл.
Жазушылар одағы – орнықты ойдың, салауатты сөз бен қайратты қаламгерліктің ордасы, шынайы шығармашылықтың бірлігі болсын. Одақтың қоғаммен байланысын күшейтуіміз керек. Қоғам біздің оқырманымыз, әрі тірегіміз.
Қадірлі қаламгерлер, озық ой-пікір, ұсыныстарыңыз, жаңа, жақсы идеяларыңыз, креативті, қызықты, жинақы жобаларыңыз болса, ұсыныңыздар, ақылдасып, талқылап, пайдасы көрініп тұрса, лажы болса, жүзеге асырудың жолын қарастырып, Одаққа қаржы түсіруге ұмтылатын боламыз. Ашық жұмыс істейміз. Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» деген әңгімесі естеріңізде шығар. Әр тиын есепте болады.
Татулық, бірлік, ынтымақ керек. Онсыз Одақта береке болмайды. Алауыздың қолына ала қарға да қонбайды. Ұйымшылдық танытып, Жазушылар одағының киелі қарашаңырағын сақтап қалуымыз керек. Сол үшін бүкіл іскерлік, ұйымдастырушылық, шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттерімізді ортақ іске сарқа жұмсауымыз керек деп есептеймін.