Жоқшы
09.03.2018
1150
0

«Жарғақ құлағы жастыққа тимей, көне күйлер мен әндерді үйреніп, насихаттап жүретін. Отырса да, тұрса да айтатыны күй-тағдыры, күй-тарихы, өнер. Домбыраның екі ішегін бірнеше ішекке жеткізген – осы Жарқын. Ішек таппаса, домбыра үнсіз қалмас үшін өз Ішегін де тағып бергісі келіп тұрады».
Әшірбек Сығай.

Әрине, марқұм, әйгілі Әшекең­нен асып артық айта алмаспын, әйт­се де арда ағама деген інілік махаб­батым әрі оның бар ғұмырын ұлттық өнерді зерттеуге арнаған жанкешті еңбекқорлығы қолыма қалам алдырды. Бұған қоса, мұн­дай шежірелі ғалымдардың еңбегі, із­денісі, қала берді кісілік келбеті бү­гінгі, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс. Шынында да, өмірде та­биғатынан ерек жаратылған адам­дар кездеседі. Олардың тұла бойы тұнып тұрған тазалық, адал, жан-жүрегі жылылыққа толы, ай­на­ласына шуақ шашып жүреді. Әй­теуір, менің жүрегім осылай дейді.
…Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейіне енсем болды, мен оның бейне бір баласының маңдайы­нан аялай өпкен әкедей, асатаяғын тықылдата әр бөлмедегі экспонат­тарға мейірлене қарап жүргенін кө­ремін. Тұғырда тұрған көне ұлттық аспап­тарға бейне алғаш көріп тұр­ғандай іңкәрлікпен сүзіле көз та­с­тауы­ның өзінде сұм­дық бір сағы­ныш­тың ізі жатқандай. Бәлкім сол кезде ой-қиялы ша­рық­тап, көшкен керуендей тізбек­теліп көз алдына осы музейдің ірге­тасын қалап, шаңырағын көтеріп, уығын қадаған қазақтың қайраткер, арда ұлы, асыл ағасы Өзбекәлі Жәнібеков пен қазақ­тың музыкалық көне аспап­та­рын елі­міздің түкпір-түкпірінен жи­нап, ел игілігіне айналдырған ғұ­ла­ма ғалым ұстазы Болат Сарыбаев қа­рия келетін шығар. Мүмкін, бәрі мүм­кін. Тұңғиық ойға беріліп, өткен өміріне саяхат жасап отыр­ған менің кейіпкерім, кешегі абыз қариялардың көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған, өзі де аңыз адамға ай­на­лып кеткен жақсы аға, Жар­қын аға Шәкәрім жай­лы екенін сезіп те отырған болар­сыздар.
Шынында да, көзінің тірісінде-ақ халқының ыстық ілтипатына бө­лену әркімнің маңдайына жа­зыла бермеген бақ. Әрі-беріден соң абы­рой. Домырашы-күйші, музыка зерт­теушісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шә­кә­рім елдің, халықтың ықылас-махаб­батына бөленген бақытты адам. Әрине, бұл кездейсоқ келген бақ ем­ес. Өмір бойғы ізденіс, тау­сылмас білім, мамандыққа, кәсіп­ке деген аңсарлық осының бәрі айналып келгенде ерен еңбектің жемісі. Бір ғажабы, бұл кісінің маңдайына ұлт руханиятына аса құнды, баға жетпес байлықты қосу жазылған. Мұны біз білсек те, осынау ерен еңбектің насихаты кейінгі жастарға жетпеуі мүмкін.

Мәдидің суретін тапқан студент

«Жастық шақ көк семсердің жү­зі емес пе, Қайрап ап қалың жау­ға сер­ме­гендей» деп артына «Қар­қаралы», «Қаракесек», «Шір­кін-ай», «Үшқара­дай» ән-жәуһа­рын қалдырған қазақтың қайсар дауылпаз әнші-композиторы, ақын Мәдидің белгісіз жатқан суретімен ойда-жоқта қауышады. Бұл ХХ ғасырдағы қазақ ру­ха­ния­тына қосылған елеулі оқиға еді. Анығы, сонау 1968 жылы бо­латын. Жәкеңнің Қарағандыдағы музы­калық училищеде оқып жүр­ген кезі. Студент. Қарағанды­мен іргелес жатқан Абайда тұратын жездесі, көмір шахтасының бас инженері Зейнердің үйіне барып жүргенде болған жағдай-тын. Бір күні жездесі «осы Абайда көненің көзі, ақын Мәдиге бір жақындығы бар Тоқаш Кәдікеев деген ақсақал тұрады. Өзі ән-күйге құмар. Таныс­тырайын, барып әңгімелесіп, әніңді айтып, қарияның көңілін көтеріп тасташы», – деген өтініш айтады. Жездесінің айтуымен іздеп барып ақсақалмен әңгіме-дүкен құрады. Арасында домбыра­мен ән айтып, күй тартады. Бір келгенінде атақты Мәдидің әндерін салып береді. Осы кезде төсекте жатып, ән тыңдап отырған Тоқаш қария жастықтан басын жұлып алып, орнынан атып тұрып жанындағы сандықтан орамалға оралған ескі суретті алып, қолы қал­тырай Жарқын ағаға ұсынады. Сарғайған суретке телміре қарап отырған Жәкеңе «бұл кімнің суреті екенін білесің бе?» дегендей сұ­раулы жүзбен қарайды. Жауап қысқа. «Білмедім ақсақал». «Білмесең айтайын, бұл атақты Мәдидің су­реті». Жоқ жерден мұндай құнды дүниеге кездесем деп ойламаған Жәкең сарғайған суретті аялап, жүрек тұсына баса береді. Алабұртқан көңілмен естіген-білгенін, ойға түйгенін «Мә­ди хақындағы мағлұ­мат» деген атаумен «Орталық Қа­зақс­тан» газетіне ұсынады. Газет редакторы разы көңілмен «қырық жыл таппаған суретті тауып келіп отыр екенсің, анық-қанығына жетейік, зерттеп-талдайық, бұл саған сен­бегендік емес» деп жанына Ос­пан­бай Орынтаевты қосып екеуін қайта жолға салады. Түптің түбінде қолдағы бар дерек Жәкеңдікімен сәйкес шыққан соң «Орталық Қа­зақстан» газетіне халықтан сүйінші сұраған мақала жарық көреді.

Әміре дауысы – «Іздегенге інжу ілінер»

Ендігі бір кесек дүние, аққумен ән қосқан ән атасы Әміре Қа­шау­баев­тың фонографқа жазылған үнтаспа­сы жайлы. Ақын ағамыз Оразақын Асқар, «Әміренің әні» атты поэма­сын­да Жарқын аға туралы былай жырлайды:
Бағыттап едің өміршең
өткір нұрыңды,
Өшкенім жанып,
өлгенім қайта тірілді.
Москвам маңғаз күтіпсің
үнсіз сабырмен,
Жалықпай іздер қажымас
қайсар бір ұлды.
Қазнаға асыл қазақтың
тыншын кетірген,
Тулатып жүрек тигендей
қолы шетінен.
Қуаныш жасы Жарқынның
шыққан көзінен,
Аққандай болды шаттанып
менің бетімнен.
Бұл – Біржан, Ақан заманынан да бұрынғы сал-серілердің әнін қа­лы­бынан бұзбай жеткізген қайта­ланбас құбылыс, ұлы тенор әншінің даусы еді. Оқыстан кілт үзілген, қиянаттан, қысастықтан, қолдан үзген дара дауыс-тын. Әміре әні – әуел­гі бастауынан бұ­зылмай, ауыт­қымай жеткен інжу-маржан еді. Сол ұлы дауысты қазақтың естуге бір құмартып, күткені қашан. Міне, асқақ үнді, кең тынысты Әміре сал­ған ән, Әміре даусы Жәкеңнің арқасында ортаға 40 жыл салып қайта оралды. Әлбетте, мұны біз тарихи оқиға деп бағалаймыз. Бұл – 1974 жыл еді. Сонау Мәскеуден ән атасы Әміренің даусы табылды. Халық­тан сүйіншілеу тағы да өзіне бұйыр­­ды. Жарқын ағам бұл оқи­ғаны былай еске алады: «Мен Әміре ата­мыздың фонографқа жазып қал­дырған «Балқадиша», «Смет», «Ду­дар-ай», «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Жал­ғыз арша», «Бес­қарагер» әнде­рі­­­нің үнтаспа­сын 1974 жылдың 21 ақпаны күні Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық орталық мұрағаттың Қырғыз бөлімінен таптым. Оны жайлауы қоныстас, ауылы іргелес, малы қоралас қырғыз елінің Мәс­кеу­дегі мұрағаттағы бөлімінен алғаш көрген қазақ мен болдым».
Әміре атамыздың асқақ дауы­сы­мен бірге Жәкеңнің даңқы жер дүниені шарлап кетті. Ел ықыла­сына бөленді. Бұл жылдар бойғы іркіл­ме­ген ізденістің, төгілген маң­дай тер­дің өтеуі еді. Абыз ақса­қал, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан «Әміре әндерінің үнтаспасын тапқан жігіт» деп ақ батасын берсе, қазақтың Мұза­ғасы атанып кеткен ақын Мұза­фар Әлімбаев «Әміренің дауы­сы Мәскеуден табылды» де­генде тамсана таңданып, табан астында «Іздегенге інжу ілінер» деген қанатты сөзді Жарқын Шәкәрімге арнапты.

Күй-көмбе, таңбалы тас

Жаратқан иеміз осы жоқшы атаулының маңдайына айрықша тағдыр-тәлей жазады-ау. Өйткені, олардың Жер бетінде атқаратын өзіндік миссиясы бар. Бұларың тыныш отыру, тыныш жүру дегенді білмейді. Іштен бір сұрапыл күш «ізде, ізде» деп түртпектеп тұрады. Жәкең де жеткен жетістігін қанағат тұтпай, алға қарай ұмтыла берді. Ендігі жол – Ленинградтағы әлемге әйгілі өнер қайраткер­лерінің дауысы жазылған архив. Орыстың көне шаһарына тегін келмепті. Қазақтың ардақты ұлы, академик атамыз Ахмет Жұбанов­тың таспаға жазып алған бірнеше күйін кезіктіреді. Күй-көмбе. Біле білген адамға бұл да үлкен олжа. Осы жөнінде Жәкеңнің аузынан естігенім: «27 жасар Ахмет Жұба­нов­тың латын әрпімен қазақ ті­лін­де жазып кеткен таныс автографы көзімізге оттай басылды. «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «Ақ желең», «Өтті дүние», «Тепең көк», «Ноғай­лы», «Қаратөс», «Қарабас», «Кеңе­с», «Штат» сияқты күйлердің жазбалары валикпен бірге сақ­таулы тұр екен. Ахаңның өзі де 1931 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданына барып, 20, 21- ауыл­дың әнші-күйшілерін фоног­рафқа жазыпты». Осынау баға жетпес құнды жаңалық атаулы Жар­қын ағаға кезіккен кездейсоқ­тық па еді? Жоқ, бұл ха­лық­тың көне музыкалық аспабына, ән-күйіне жан дүниесімен берілген домбырашы-күйші, ғалым Жар­қын Шәкәрімнің маңдайына көк­тегі көк Тәңірдің жазған тағдыры еді. Осынау ұшы-қиыры таусыл­майтын әрі азап­ты, әрі ардақты жолды таңдау сонау бала кезде туған топырақ Тас­кес­кеннің таңбалы, балбал тастарына деген қызығушылықтан, ын­тызарлық­тан бастау алған еді. Өткен ғасыр­дың алпысыншы жылдарынан бастап оның Таскескендегі «Әу­лиетас» үңгірі, балбал тастар, сын­тастар, шарбақ тастар мен мыңдаған пиктографиялық таңба-жазулар жайлы жазған мақалалары респ­у­бликалық басылымдарда бірінен соң бірі жарыққа шығып жатты. 1969 жылдың 27 маусы­мында «Лениншіл жас» газетінде жарияланған Жарқын Шәкәрімнің «Үшбұлақ-Таскескен таңбалары» атты мақаласын оқыған академик Әлкей Марғұлан оны Алматыдағы үйіне шақырып алып: «Белгісіз жатқан Таскескен деген ауылдың көнеден жеткен мәдениетін алғашқы болып жеткіздің балам, жүздеген тарихи тас мұралардың бейнесін қағаз бетіне түсірдің, бұл сенің қазақ ғылымына қосқан ұшан-теңіз жаңалығың айнала­йын» деп абыз ақсақал, академик ақ батасын береді. Туған жердің көнеден жеткен тылсым мәдение­тін ашудан бас­талған даңғыл жол, жоғарыда атап өткеніміздей, әнші-композитор Мәдидің суретін, ән атасы Әміренің үнтаспасын, ака­де­мик Ахмет Жұ­ба­нов­тың жас ке­зіндегі фонографқа жазған күй­лерін табуымен жалғасқан еді.

Ұстаз аманаты – үш ішекті домбыра

Біреу білер, біреу білмес, осы күні елге қызмет көрсетіп жатқан Алматыдағы Республикалық ха­лық музыка аспаптары музейінің ең алғашқы директоры осы – Жарқын Шәкәрім. Қызыл импе­рия­ның құдыреті жүріп тұрған кездің өзінде-ақ Алматының орталық, ең көрікті жерінен орын алған бұл музей 1980 жылы қоғам қайраткері, ұстаз-ғалым Болат Сарыбаевтың идеясымен сол кездегі мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібеков­тің қамқорлығымен құрылғанын білесіздер. Айтпақшы, Алматыда осындай ғажайып музейдің барын кейбір қандастарымыз білмейді де екен. Арамызда есігін ашпағандар да кездеседі. Бұл біздің ұлттық ру­ха­ниятымызда музейге бару мә­дение­тінің кемшін қалғанын ай­ғақ­тайды. 1981 жылы осы музейдің жанынан «Сазген» фольклорлық көне аспап­тар ансамбілі құрылады. Оның да ал­ғашқы жетекшісі – Жәкең. «Саз­ген» ансамблі про­фессор Болат Сары­баевтың елдің түкпір-түкпі­рі­нен жинаған көне аспаптарынан құралғанын біл­мейтін жан жоқ шығар. Үш ішекті домбыра сол кезде табылған. Оны кімдер тартпады десейші. Әріге бармағанда, берідегі дәулес­кер күйші-композитор Бай­жігіт, ада­мзат­тың Абайы, абыз ақын Шәкәрім, Елбасына бата берген атақты Шәкір Әбенов секілді саң­лақ­тарымыз күй сарыны мен ән әуенін осы үш ішекті домбырамен жеткізген және оның қазақ сахара­сында насихатталып, дамуына айтарлықтай үлес қосқан абзал жан­дар. Рас, империя үстемдік құрған заманда көпшілік домыра, қобызды, ара-кідік сыбызғыны ғана білді. Басқа байырғы, ежелден келе жатқан көне аспаптар сахна төрінен ысы­рыл­ғанын бәріміз білеміз. Сөйтіп, қайта оралған кө­не аспаптардың ішіндегі үш ішекті домбыраның ендігі тағдыры күйші Жарқын Шәкәрімнің қолына тиген еді. Ұлы ұстаздың аманатын арқалаған Жарқын аға үш ішекті домбырамен халық күйлерін, халық компози­торларының күй­лерін тартып, елге насихаттап қана қоймай, оны әрі қарай ғылыми түрде дамытып, шә­кірттер тәр­биелеп, ондаған күйлер шығарып, ел игілігіне ұсынды. Ғалым ұстазы, профессор Болат Са­ры­баевтың қолынан аманаттап алған үш ішекті домбырамен күй орындап жүргеніне де міне, 50 жыл. Өнер мен ғылымның ішінде «балбы­рап» жүріп өзі де «Таскескен», «Қара­керей Қабанбай», «Абыралы­дағы ата зары», «Дүние кезек», «Құртқа тәуіп», «Темір-Серкеш», «Толғау» секілді тамаша күй шығар­ған. Көп жылғы ізденістің жемісі ақ қағаз бетіне өріліп, кітап-қазынаға айналып жатты. «Әміре», «Ән жұл­дызы», «Әміре Қашаубаев», «Малай­сары биден Шәмілге дейін», Б.Ай­т­­қазинмен бірге жазған «Таскес­кен тағылымы», Д.Тілендікелінімен бірлесіп жазған «Нұрғиса Тілендиев» деген еңбектің авторы.
Ұлттық өнердің ғылыми тұр­ғыда өркенді дамуына ерен еңбек сіңірген Жарқын Шәкәрімнің өмір бойы жиған-тергені, асыл қазынасы жеке архивінде жатып қалмай, түрлі дең­гейдегі оқу орындарында, мектеп­тер­де, тіпті балабақшада насихат­та­луы тиіс. Оқулықтарға енгізілуі ке­рек. Қо­ғам сол кезде ғана нағыз Ру­хани жаңғырудың не екенін тү­сінеді.

Жұмабек Табын,
Б.Майлин қорының директоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір