ӨТКЕННІҢ САҚТАУШЫСЫ
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұрасын сақтап, оны халыққа дәріптеуші – Д.А.Қонаев музейі. Музей халыққа өз есігін 2002 жылы Д.А.Қонаевтың 90 жылдық мерейтойына орай ашқан. 2012 жылы көрнекті тұлғаның 100 жылдық мерейтойына орай өзі тұрған пәтері Д.А.Қонаевтың пәтер-музейі болып, Тулебаева 119 үй №5 пәтерде ашылған.
Бірінші музей экспозициясы Д.А. Қонаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған тың деректермен жабдықталған. Қызықты экспонаттардың қатарына Д.А. Қонаевтың өзі киген костюмын және 1955-60 жылдары Қазақ КСР министерлер кеңесінің төрағасы болған уақытында отырған жұмыс үстелі бар. Бұл үстелдегі Д. А. Қонаевтың қай орындықта отырғандығы белгісіз, себебі Д.А. Қонаев қарамағындағы қызметкерлермен бірдей орындықта отырған. Аңшылыққа, қару-жарақ жинауға деген қызығушылығын білген басқа мемлекет басшылары әртүрлі қару түрлерін сыйға тартуға тырысқан. Музей қорында қарудың 81 түрі жинақталған. Ерекше атап өтетін Югославияның басшысы Б. Титоның, ГДР басшысы Э. Хонеккердің, Кубаның басшысы, революционер Ф. Кастроның сыйға тартқан қару түрлерін айтуға болады. КСРО бойынша үш мәрте Социалистік Еңбек ері атағы Л.И.Брежневтен кейін санаулы ғана адамдарда болған. Соның бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Оларды 1972, 1976, 1982 жылдары алған.
Келесі өзі тұрған пәтері тұрғын үйде орналасқандықтан, апатасына екі күн: сәрсенбі және сенбі күндері ғана жұмыс істейді. Музей Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналған. Музейде барлық заттар Д.А.Қонаевтың көзі тірі кезіндегідей сол қалпында өзгертілместен сақталған. Қонаевтың жұмыс бөлмесінен кітаптардың 5000 -нан астам түрі қойылған. Ол кітаптардың басым көпшілігі арнайы автордың тілектерімен қолтаңбалары қойылып сыйға тартылған кітаптар. Танымал оттықтар коллекциясында оттықтардың 476 түрі бар. Басым көпшілігі мемлекет басшылар, танымал қоғам қайраткерлері сыйға тартқан оттықтар. Д.А. Қонаев өзінің шетелдерге барған сапарларынан арнайы күйтабақтарды өзімен бірге алып келіп отырған.
Д.А.Қонаевтың жұбайы Зухра Шәріпқызы мінезі жайдары өте қонақжай, он саусағынан өнер тамған, ісмер әйел болған. Зухра Шәріпқызының өз қолымен тоқыған кестелері музейдің сәнін келтіруші элементтердің бірі. Суретші А. Китаев тек политбюро мүшелерінің ғана портретін салған. Кейін осы үйде қонақ болып, Д. Ахметұлының портретін бірнеше айда салған уақытында, Зухра Шәріпқызының қонақжайлығына риза болып, З. Шәріпқызының портретін де салып, сыйға тартқан.
Музейде жыл сайын ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Дәстүрлі түрде жыл сайын 12-қаңтар Д.А. Қонаевтың туған күні аталып өтілсе, 22-тамыз Д.А. Қонаевтың дүниеден қайтқан күні еске алынады. Көктемнің сәуір айында өтетін «Д.А. Қонаевтың сүйікті әндері» қайырымдылық концерті – қала тұрғындарының асыға күтетін концерттерінің бірі. Музейде Ашық есік күндері, Дөңгелек үстелдер, жиындар, Д.А. Қонаевтың туысқандары, замандастарымен кездесулер ұйымдастырылады. Соңғы кездері музейге келушілер қатарында өз отбасыларымен келетін жанұялардың саны артқан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері де осы мұражайға әрдайым келіп, тиісті деңгейде жарнамалап отырады. Қазіргі таңда
Д.А.Қонаев музейі мемориалды музейлердің ішінде келушілердің саны көп музей ретінде өткен тарихтың сақтаушысы, жарқын болашақтың бастамасына айналып отыр.
Гүлжан МЕЙРМАНОВА,
Археология, этнология
және музеология кафедрасының доценті, т.ғ.к.