Ержұман Смайыл
02.03.2018
2105
0
Сөзің – мығым арыс едің…
Ай, қайран Ержұман-ай!
Қапелімде дәл осылай өзіңді білетін достарыңды, әріптес, қатарлас құрбы-құрдастарыңды қамықтырып кетеді деп біз ойлап па едік?.. Жүрсең, жүрісің – мығым, сөйлесең, сөзің – мығым арыс едің. Өзіңнің кәсібіңе, еліңе, жұртыңа соншама бір қадірлі кезіде кетіп отырсың. Қимай қоштасып отырмыз. Арқадан жеткен суық хабар Алатаудың бөктеріндегі қалың еліңді қайыстырып кетті.
Ержұман!
Мен сенімен «Егемен Қазақстан» дейтін ұлт газетінің бір ерекше қиын күндерді бастан кешіп отырған дәуірінде қызметтес болып, табысып едім. 1993 жылдың қаңтары. Мен алғаш бас редактор болып келген кезде демалыста жүр екенсің. Шыққаныңа үш-төрт-ақ күн болыпты. Шаруаңды жиыстырып қойып, келдің. Бірден өзіңе тән қайыспас қара нардай қалпыңмен:
– Нұреке, мен осы газеттің бас редакторының бірінші орын­ба­сарымын ғой. Басқа орынбасар алғыңыз келсе, міне, қалам, қағаз. Айтыңыз. Сол үшін келдім, – деп, жомарт қалпыңмен қараған жай­саң мінезің көз алдыма елестеп отыр. Екеуіміз ұзақ бір-бірімізге қарап отырдық та:
– Ержұман-ау, мен сені баяғыдан білемін. Сен газет үшін жаралған қара нарсың ғой. Сенің қазақ журналистикасында ойып алған орның бар. Ешкім көтере бермейтін ауыр жүкті көтеретін кескекті мінезің, күшің бар. Мен сені ешқайда жібермеймін. Бірге боламыз, – дегенде жымиып келіп қолымды алдың. Міне, содан үш жарым жыл табандатып отырып, біріміздің қабағымызға біріміз қарап, біріміз ашу шақырғанда, біріміз басу айтып, қармағымыздағы 160-қа тарта әріптесімізге бірге жүріп ие болып едік.
Сен өзіңнің туған Алатауыңа тартқансың, біреудің алдында орынсыз кішіреюді білмейтін едің. Тура тартып, тура сөйлеп, қарап отырушы едің. Сол мінезің журналистикадағы бар әріпестеріңе ұнаушы еді. Бірде қатты, бірде жұмсақ айтып жүретін ең. Бірақ ешқашан артыңа зіл тастамай, салмақ артпай басалқы мінезіңмен «Егеменге» келген барлық бас редакторлармен бірге жұмыс істеп, «Менің Егеменім, менің бас газетім» деп жылап-егіліп айтқан сөзіңнің талай куәсі болып едім.
Арғы-бергі заманда қазақтың журналистикасында үндемей жүріп атпал жүкті көтерген небір нарларымыз болды ғой. Солардың бірегейі, қазақ журналистикасында өзінің қақыратып салған ізі бар, өрнек үлгісі бар, өрісі кең, өнегесі бөлек сирегіміз сен едің. Бүгін, мі­не, Сарыарқадан жеткен ауыр қайғыға қабырғам қайысып, қош­тасу сөз айтқаныма қиналып отырмын. Анда-санда хабарласып:
– Нұреке, мен – өзімнің бас редакторларымды түгендеп жүретін адаммын. Анау күні Шер-ағаңа хабарластым, оның алдында Балғабек ағамен сөйлескенмін, бүгін Әбекеңе, енді, міне, сізге телефон соғып отырмын. Сізден кейінгі бастықтарыма да сөйтемін. Жаңа жылмен құттықтаймын, – деп қоңыр даусыңмен, өзіңе жарасты күлкіңмен, сирек боламысыңмен біздің көңілімізді тауып отырушы едің. Бұл адами қарым-қатынаста болған сирек қасиет.
Бірде: «Кететін жасым толды, жақсы келдік, жақсы қызмет еттік. Осы жақсы қалыбымда кеткім келеді», – деп маған телефон соқ­қа­ның есімде. Сен секілді Алаштың алып жүректі азаматтары, шіркін, аз ғой! Сен сол аздардың бірі болып, дара қалпыңда Сарыарқадан Алатауыңа келе жатырсың. Алдыңнан аңырап халқың күтеді. Алдыңнан жамырап ағайын-туысың шығады. Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын деген сөзді Алатаудың бауырындағы туған жеріңде басыңа топырақ салып тұрып тағы айтармыз. Алла тағала артыңда қалған ұрпағыңа, немерелеріңе ұзақ ғұмыр берсін.
Сен тұйық қана емес, жаның жайсаң, жүрегің жомарт, дос десе алқымыңнан жүрегіңді суырып беруге әзір тұратын ғажап мінезді адам едің. Ғажап журналист болып өттің. Қазақ журналистикасының қара нары боп өттің. Сенің есімің біздің ғана емес, ондаған шәкіртіңнің, мыңдаған оқырманыңның жүрегінде.
Иманың саламат болсын, бауырым!
Нұрлан ОРАЗАЛИН.

Жаман шақырса артынан ермейтін…

Әйгілі Шер-ағаң «Егемен Қазақстан» газе­тінің екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған сонау 1990 жылдардың басында Ержұман Смайыл Бас редактордың орын­басары болды. Екі-үш жыл қызметтес бо­лып, газет шығарудың қызығы мен шы­жы­ғын бірге көрдік. Ержұ­ман­ның жур­налистік арынына шыдағандар шы­дайды, шыда­ма­ғандар жұмыстан жылыстай бере­тін. Өйт­кені, ол өте талапшыл, «Ауырдың үстімен, жеңіл­дің астымен» жүрген журна­лис­терді жаны қаламайтын. Қашанда ұлттың мүд­десі мен елдің қамы үшін жан-тәнімен, күн-түн демей қызмет істеген жігіт. Көп адам оның жұ­мыс істеу қарқынына ілесе алмайтын.
Ержұман уәдеге берік, сырға томаға-тұйық-тын… Табиғаттың бір тумасы ағаш­тар – жазда жайқалып, күзде сарғайып, қыс­та жапырағы тоналып қараяды ғой. Адамдарды ағашқа теңесек Ержұманды қы­сы-жазы жап-жасыл шырша қалпында көретінбіз. Өзгер­мей­ді. Бір қалыпты. «Жаман шақырса арты­нан ермейтін, жақсы шақырса тартына бер­мейтін» мінезі бар еді, сол мінезімен кетті.
Таңның атысы, күннің батысы тыным таппайтын еңбекқорлығы үш ауысымда жұ­мыс істейтін зауытты көз алдыңызға әк­еле­тін. Немесе еккен егінінің өнімін жина­ма­йын­ша тыным таппайтын диханға ұқсайтын. Жүріс-тұрысы бір бөлек, көп қа­ламгер қара тер төгіп қалай еңбек етуді Ержұманға қарап үйренді. Бір адаммен достасса шығарда жаны бөлек, ешкіммен еш уақытта қас болып кетпейтін, қырғи-қабақ болып қалғандардың өзін еңбекқор­лығы арқылы жақын тартып, қасына қоңсы қондырып, ауыл-аймағымен араласып кете­тін жақсы қасиеті бар еді. Әзілді де ке­ремет қабылдайтын, юморларды естігенде көзінен күн күлімдейтін.
Егер біз журналистиканы бау-бақша деп есеп­тейтін болсақ, оны баптау керек, сақтау ке­рек. Ержұман журналистика ал­қабында бағ­бан сияқты, сол саланың ма­мандарын өсірді, бап­тады, жеткізді. Оның жемісінен өзі ғана емес күллі оқырман дәм татты. Хош, Ержұман! Жа­ның жәннатта болсын!

Көпен ӘМІРБЕК.


КІСІЛІГІНЕ КІШІЛІГІ САЙ АЗАМАТ ЕДІ…

Өмірден Ержұман Өтешұлы Смайыл өтті. Жетпіске толғаны күні кеше ғана… Ойға алған арман-мұраты көп еді…
Ержұман ағаны 1979 жылдан бері білемін. Бізге ұстаз болды. «Лениншіл жас» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметінде жүргенде бір топ жас журналисті іріктеп алды. Газеттің барлық жұмысына салды. Ағаның айтқан ақылымен жүрдік. Ысылдық.
Ержұман Смайыл – кісілігіне кішілігі сай азамат еді. Қашан көрсеңіз де газет жұмысына тыңғылықты араласып отыратын. Күн-түн деген жоқ. Газетте кезекшілік болған күндері ертесіне қиралаңдап жатып қалатын адам көп. Ер-Ағаң қай кезде де, тіпті түнімен ұйықтамай шықса да, келесі таңғы тоғызда жұмысын жалғастырып кете беретін. «Қажыдым, шаршадым» деп көрмепті. Қазақстанда шығатын білдей сегіз басылымның бас редакторы қарамағында жұмыс істеді. «Сапар Байжанов «Социалистік Қазақстанның» басшысы кезінде қатардағы тілші, Көрік Дүйсеевтің кезінде партия тұрмысы, насихат бөлімдерінің меңгерушісі болдым. «Лениншіл жаста» Сейдахмет Бердіқұлов, «Егемен Қазақстанда» Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы сынды ұлы ағаларымның, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Сауытбек Абдрахманов секілді керемет замандастарымның бірінші орынбасары болып, екі рет бас редактор, акционерлік қоғамның президенті болып көріп те – барлығы отыз үш жыл қызмет атқардым. Үйренгісі келген, үйрене білген адамға бұл аз мерзім емес қой. Үл­кен ағалардан адалдықты, адамдарға қиянат жасамауды, қарамағыңдағы қызметкерлерді өзіңнен кем көрмеуді, әр күннен, әр кездесу, әр сапар, әр оқиғадан ой түюді, берілген тапсырма, айтылған ойды дамыта білуді, бүгін ертеңгі күнге жоспар жасай жүріп жұмыс істеуді, өмір бір орында тұрмай­тынын, бүгін бар дегенің ертең өзгеретінін үйрендім. Орынбасарлық қызметте маңыздысы, бастығыңның орнын басуды көздеу емес, орындаушылық қабілетіңмен танылу, соны көрсету, басқаларды соған тәрбиелеу деп ұқтым. Жаман болған жоқпын, нақтырақ айтсақ, ешкімнен кем қалған жоқпын», – деген еді бір сұқба­тында. Ержұман аға сегіз бас редактормен жұмыс істеп, олардан қаншама тәлім-тәрбие алса, біз бір Ер-Ағаңның өзінен қанша үлгі-өнеге алдық. Ерекеңнен еңбек­қорлықты, табандылықты, тиянақтылықты, бір­сөзділікті, тіпті принципті мәселе­лерде бірбеткейлікті де үйрендік. Жалғыз мен ғана емес, Ержұман ағаны ұстаз санайтын жүздеген журналист бар, солардың бәрі «қазақ журналистикасының қара нары – Ержұман Смайыл» дегенде тақ тұратыны рас.
Сырт қараған кісіге ол бірден өте сұсты, өзімен-өзі жүретіндей біртоға көрінеді. Ол кісінің жүрегі өте жұмсақ болатын. «Егеменде» үлкен сыйлау деген дәстүр бар. Сол дәстүрге қылау түсірмеді. Редакция ардагерлерінің қай-қайсысын да елеусіз қалдырған емес.
Сөйткен Ержұман ағамыздан кенет айрылып қалдық. Төбеден жай түскендей, жаманат хабарға көңіл құрғыр әлі де сенбей тұрғаны. Тура келген ажалға айла жоқ. Иманы жолдас болсын! Алланың алқауында болсын!
Қазақ журналистикасы алып азаматын жоғалтты. Қолынан қаламы сусып түсті. Алайда, егемен еліміз Ержұман Смайылдай біртуар ұлын ешқашан естен шығармайды деп білемін.

Нұртөре ЖҮСІП.


Есіл Ер-аға-ай!

Талайды ерім-ай дегізген Ер-ағаң «Еге­менге» екі рет басшылық жасағанда Шер-ағаң үлгісін үкілеп еді. Жоғарыдан келіп жататын көп тапсырманы көңілге қонаты­нын алып, қонбайтынын ысыра салатын. Әділетсіздікке төзбейтін, үстемдікке көн­бейтін. Ал, келіспейтін жерінде қағып тастайтын. Шындыққа ден қоятын, жақ­сылыққа риясыз қуанатын қазақтың арыс ұлы Ер-ағаңның енді орны толар деймі­сің!
Өтпестей көрінген мына өмірдің өт­кінші екенін тағы да көрсеткен Ер-ағаң – Ержұман Смайыл қазақ журналистикасы­ның бір дәуірі еді ғой. Шер-ағаң – Шерхан Мұртазадай алыптың, Әбіш Кекілбайұлын­дай дананың ілтипатына бөленіп еді.
Мінезді еді! Адалға ғана бас иетін, жа­ғым­паздарға жаны қас еді, орынды жерінде айтатынын іркіп қалмайтын. Турашылдығы бөлек болатын. Талантты жасқа тірек болатын. Содан да шығар: «Ер-ағаң сапқа қойып кеткен сарбазымыз», – дейтін шәкірт­тері де көп еді. Соған кейде марқая­тын да, артынан: «Мен де пендемін ғой!» – деуші еді. Зейнетке шыққаннан кейін кіндік қаны тамған жұрт туралы екі кітап жазып шығарды. Бүкіл ғұмырының біраз бөлігін арнаған «Егеменнің» жүз жылды­ғына орай: «Егемендіктер туралы кітап жазсам», – дейтін еді. Амал не, ол да адыра қа­лып барады. «Егеменнің» үлкен-кіші­сінің жақсылығына ортақ болып, ағайын-туыс, достары мен курстастарының ара­сын­дағы алтын көпір болып, әр таңы ат­қан­да хабарласып тұратын.
Сол Ер-ағаң фәни дүниеден бақи дү­ниеге аттанды. Қызыл-жасылға қызықтыр­ған жалған дүние-ай, жарты ғасырға таяу уақыттан бері ағалы-інілі болып кеткен Ер-аға, жаның жәннәтта, топырағың торқа болсын!

Сүлеймен МӘМЕТ.


Қазақ баспасөзінің асқан ұйымдастырушысы

Егеменге практикант болып келіп, ерен ұйымдас­тырушы, басшы болып, табан аудармай, еңбек демалы­сына шыққанға дейін бір аспай, бір саспай, арын алдыр­май, кісілігін арзандатпай, күнді түнге, түнді күнге ұлас­тырып, тынымсыз қимылдаған Ержұман Смайылдың да жүрегі тоқтады. Ержұман досқа да, дұшпанға да барынша әділ, әділдікті тіпті өзінен бастайтын әділетшіл жан еді. Қосшы бола жүріп басшының алдында тайсақ­тамаған, басшы бола жүріп қол астында қызмет еткен қаламгерлердің жалпақтап, жағымпазданғанын жаны қаламаған, үлкенмен де, кішімен де тең дәрежелі еңбек еткен абзал азамат, асқан ұйымдастырушы еді.
Біз Ержұман бейнесінде қазақ журналистикасының, қазақ баспасөзінің аса ірі ұйымдастырушысын жоғалтып отырмыз. Өкінішті…
Топырағы торқа болсын!
Қош, аяулы дос!

Құлбек ЕРГӨБЕК.


Үлкен жүректі азамат еді…

Батыстың тумасы Абыл ақын елге қадірлі де сыйлы азамат қайтыс болғанда: «Сен барда сүйеулі еді арқам жарға-ай», – дейді екен, жарықтық. Сол сияқты, Ержұ­ман Смайыл біздің арқа тірейтін, арқа сүйейтін үлкен жүректі азамат еді. Әгәрәки, қазақ журналистикасын дамытуға бір адам еңбек сіңірген болса, оны сөз жоқ Ержұман Смайыл деп танығамыз жөн. Ерекең қаншама шәкірт тәрбиеледі. Мен Ержұманмен бірге оқыдым. Ол – адамтанудың, адаммен араласудың, оны сыйлаудың, жолдас табудың және дос болудың шынайы үлгісін көрсеткен азамат еді. Ерекең жайында көп нәрсе айтуға болар еді. Бірақ, қазір ойымызға ештеңе түспей, мәңгіріп қалған жайым бар. Ерекең Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан секілді қаламгерлер бірге жұмыс істеді. Үйретті, үйренді! Ере­кең­­нің бойында кісі үйренетін ғажап қасиеттер бар бо­латын. Жасының үлкендігіне қарамастан қатарластары мен олардың отбасы, үрім-ұтағының туған күнін жатқа біліп, құттықтап отыратын. Ол ешкімді бөліп жарған жоқ, бәріне тең қарады, қамқор болды. Ажалға қимайтын досымыз рухың пейіште шалқысын!..

Қуаныш ЖИЕНБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір