Үмбетбай УАЙДИН
02.03.2018
4284
0
Қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының қара орманы қара нарынан айырылды. Көрнекті сатирик, жазушы, журналист Үмбетбай Уайдаұлы (Уайдин) 83 жасқа қараған шағында дүние салды.
Үмбетбай Уайдин 1935 жылы 10 қарашада Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Темірастау ауылында туған.
1965 жылы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. 1957-1958 жж. Донбастағы Красный луч қаласында шахта құрылысшысы, 1958 жылы Шалқар аудандық газеті редакциясы жанындағы баспаханада баспашы (печатник) болған. Кейін Қазақ радиосы, «Ара–Шмель» журналы, Қазақфильм киностудиясы, «Өнер» баспасы, Қазақстан кітапқұмарлар қоғамы мен Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған.
Көп жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде және Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балалар мектеп-интернатында ұстаздық еткен.
Жекелеген кітаптары орыс, украин, қырғыз, қарақалпақ, тува тілдеріне аударылған.
Ақтөбе облысы Шалқар, Ырғыз аудандарының Құрметті азаматы. Қазақстан сатириктерінің «Найзагер» қауымдастығы президентінің орынбасары. ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
«Қара көзілдірік», «Құрдым сиыр», «Ендігісін айтпаймын», «Ішің білсін», «Біз былай байығанбыз», «Оңашадағы ойлар», т.б., кітаптардың авторы.
Қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан аяулы әріптесіміздің жарқын бейнесі қашанда оқырмандардың жадында.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты.


Тарынбаста тарынатын тағдыр-ай!..

Құдайы бір құрдасым, соңғы 52 жыл бойғы қарапайым қаламдасым, жайсаң жолдасым, дархан досым, ерекше сыпайы сырласым Үмбекеңнен айырылып қалдым-ау!.. Қоңыр үнмен үкілеп отырып айтатын әдемі әзілін енді ести алмайтын болдым ба?.. «Ғаб­бе, мына шимайымның алғашқы бір-екі сөйлемін тыңдайсың ба?», – деп, ақырын ғана мырс етіп бастап оқитын жаңа әңгімесі шынымен түгесілді ме?.. Әрбір «шимайы» қазақ әдебиетінің қорына қосылып жататын жарасымды әзіл-сықағы, тартымды мақаласы, қиюлы аудармалары еді.
Жаны мөлдір Үмбеке-ай!.. Жүріс-тұрысың таза еді. Қаламдастарыңның да, басқа аралас-құраластарыңның да ұнамсыздау қылықтарын жайлап қана бетіне айтатынсың, сырттай сыбыр-кү­бірді білмейтінсің. Үлкен-кішіге сыйлы болғаның жарқын жаратылы­сың­­ның сол қымбат қыры еді… Қайсы­бірін ай­тайын… бақұл бол, Үмбеке! Байсал­ды бәйбішең Мәриямға, ұл-қыздарыңа, немере-шөберелеріңе, ағайын-ту­маларыңа Алла жар болсын!

Ғаббасың (Қабышұлы).


Қазақтың моралисі еді

Үмбетбай аға екеуміз бір ауылданбыз. Ағаның тағдыры оңай болған жоқ. Ол тағдырдың қиын­дығын өзінің маңдай терімен, ерен еңбегімен жеңді. Оқыды, еңбек етті. Ауылдағы өзінен кейінгі жас буынға үлгі болды. Біздің ауылдан шыққан тұңғыш журналист еді.
Қазақ сатирасындағы Оспанхан Әубәкіров сынды саңлақтармен деңгейлес сардар болды. Қазақтың шын мағынасындағы моралисі еді. Адамгершілік жайлы айтып қана қоймай, өзі де таза жүріп, дұрыс сөйлейтін, жақсылыққа тілектес, ақжарқын, барлық нәрсеге алаңдап жүретін адам еді. Қоғамдағы кемшіліктерге қарсы тұрмаса да, күйіп-пісіп жүретін. Азаматтық деген ұғымды Үмбетбай ағамыздың болмысынан танитынбыз. Адамгершілік жолынан қия бас­пайтын, ешкімнің ала-жібін аттамайтын адамдардың тәрбиесін бойына сіңірді. Бала күнімізде үлкендер бізге «Өтірік айтсаң Жаныс атаңның әруағы атып кетеді», – деп қорқытатын. Үмбетбай аға – сол Жаныс атамыздың ұрпағы. Жаныс би – киелі, әулие адам болған.
Үмбетбай аға бір жақсылық болса «маған болсын» деген жоқ, елге, халыққа себім тисін деп еңбек етті. Оның сықақтары да адамның жанын қажамай, әлпештеп отырып күлдіретін. Адам кемшілікті көргісі келмегені үшін сатира жазады ғой, Үмбетбай ағаның сатирасы – шуа­ғы бар сатира еді. Қазақ қаламгерлерінің барлығы ол кісіні жақсы көрді, құрметтеді. Біздің қата­рымыздағы Көпен Әмірбектер оны әкесіндей сыйлады. Өз басым Үмбетбай аға секілді адамгершілік құбыласынан айнымаған асыл адамның жаны жәннатта болады деп Алладан үміт етемін!..

Мейірхан АҚДӘУЛЕТ.


ТЕРЕҢ ӨЗЕНДЕЙ ЕДІ

Үмбетбай ағамыз өзгеше жаратылған жан еді. Бұл кісінің қазасын естігенде, төбемнен жай түс­кендей, дел-сал болып отырмын. Сенгім кел­мейді. Бұл кісінің жүріс-тұрысы тура шымырлап ағар терең өзендей еді. Ақырын ғана асықпай, саспай университетке келе жатқаны әлі де көз алдымда. Қолтығында көне пап­касы болатын. Соның ішінде бүкіл дәрістері, семинар­лық са­бақ­қа керекті жазған-сызған қағаздары бар. Өзі­нің сабағын сүйсіне жүргізетін. Күлгенде де сүй­сіне, жадырай, жарқырай күлетін. Былай қара­саң еш­кімді ренжітіп, көңілін қалдыратын адам­ға ұса­ма­ғанымен, көңіліне жақпаған, өзінің ұста­нымына, аза­маттық позициясына жат қы­лықтарды көрсе, қан­дай адам болсын, бет-жүзіне қара­май айтып тастайтын. Маған Үмбетбай аға­ның осы мінезі қатты ұнайтын. Адам болғаннан кейін, әрине, ренжитін де, жа­ды­райтын да кез­дері болады. Ренжісе, айғай-ұйғайға баспайтын. Ор­нықты болса да нығырлап, дәлелді, «мынауың жөн емес» деп нақтылап айтатын. Студент­терге, шә­кірттеріне өз баласындай, өзінің ұлындай есіркей, мейірлене қарайтын. Біз Үмбетбай аға­мыз­дың сол ісін үлгі тұтамыз.
Студенттер ылғи айтып отыратын бір әңгіме есім­де. «Жерде бір тиын жатса ақырын іліп алың­дар. Белің ауырмайды. Тиынның бетінде біз­дің Елтаң­бамыздың бедері бар. Ел баспасын. Кө­теріп алыңдар, ай­на­лайындар», – деп үйре­тетін. Міне, қарасаңыздар, кішкентай ғана бір штрих­тан-ақ Үмбетбай ағамыздың бүкіл бет-бей­несі көрінеді. Бұл кісінің ұстаздық, педагог­тық, әкелік қасиеті күннің нұрындай ақырын, мейірлене шуақ шашып тұратын.
Иманы жолдас болсын! Пейіштің төрінде нұры шал­қысын! Бақұл болсын! Отбасына, ба­лаларына қайғыра көңіл айтамын.

Кәкен ҚАМЗИН.


ҚАЗАҚПЕН БІРГЕ ЖАСАЙ БЕРЕДІ…

Ұлтын сүйген, ұлтының ұлағатын ұрпағына сабақтастырған, әдептілік пен әдемілік әліппесін әр жүрекке әсерлі сөз, парасатты пайыммен ұялат­қан үлкен жүректі қаламгер ұстаздың қазасына қабырғасы қайыспаған қазақ жоқ. Оның есімін мектеп оқулықтарынан білген, тақпақтарын жат­тап, инабат иірімдеріне бойлап өскен бірнеше толқын есейді, елінің ертеңіне еңбек етті. Әлі де бұл жалғастық үзілмейді, ертеңге ұласа береді.
Қазақ сатирасының сардары болған Үмбетбай Уайдаұлы адам бойындағы, қоғам өзегіндегі ол­қы­лықтарды дәл тауып, дөп тигізген сұрмерген шым­шымалары мен шаншымалары, әзіл-оспақ­тары мен қағытпа-қалжыңдары, сын-сықақтары мен фельетондары, памфлеттері мен зерттеулері қазақ сатиралық әдебиетінің алтын қорына өлмейтін асыл мұра болып қосылды. Ол баспагер санатында да сан кітаптың тұсауын кесті, білімі терең, білігі кенен ұстаз ретінде де мектепте және жоғары оқу орнында қазақ журналистикасының кәсіби маман даярлау саласына ұшан теңіз еңбек сіңірді. Соңына өлмейтін мұра, өшпейтін із қал­дырған Үмбетбай Уайдин есімі қазақпен бірге жасай береді.
Иманы жолдас болсын! Алла алдынан жарыл­қасын!

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ.


Жақсылықтың үмбеті

Үмбетбай ағайдың қазасы жайлы хабарды Сәкен Сыбанбай ағамнан естідім. Көңіл бірден құлазып сала берді…
Ағайымызбен бірге ақылды қарттықтың, ақсақалдықтың бейнесі көшіп жүре бергендей… Универ­ситет қабырғасында бізге қамқор болып, ақылын айтып, әрбір жетістігімізге әкеміздей шаттанып жүретін-ді. Өмірге араласқан соң да ағайымыз әрбір сәтті мақаламызға қуанатын, әрбір сәтті қада­мы­мызды өзінікіндей көріп марқаятын. Тіпті өзімізде жоқ кейбір жазбаларымыздың астын сызып, ұқыптылықпен сақтап жүретін.
1995 жылы университетте Үмбетбай ағайдың 60 жасын атап өттік. Сонда 3 залда арнау өлең оқыған бір студент:
– Жаратушы Үмбетбай ағамызды,
Жіберген жақсылықтың үмбеті етіп, – деп еді.
Айна-қатесіз жөн сөз. Үмбетбай ағай жүрген жерде жақсылықтың, сабырдың, кішіпейілділіктің, адам­гершіліктің лебі есіп тұратын. Ағайымызды еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сыйлайтын еді. Жөткірініп қойып сабақ түсіндіретіні, жөткірініп қойып сахнада өлең оқитыны естен кетер ме?.. Жаңа кітабы шыға қалса, арнайы қолтаңба жазып дайындап қоятыны ше?!
Соңғы көргенімде Баспалар үйінің алдындағы баспалдақтан еппен түсіп келеді екен. Аман­дасқанымда, даусымды дереу танып: «Көз болмай жүр, Есейжан! Әйтпесе, тыңмын», – деп езу тартып еді.
Аштық көрген, қиындықтан есейген, қазақтың қала жұрты болуға талпынысындағы бар азапты басынан өткерген, қазақ әдебиетінің салқар көшіне еркін ілескен, сабырлы қалпымен сатирадан жол тапқан ұстазымыздың иманы саламат болғай!.. Біз Сіздей ұстаздан тәрбие көргенімізді мақтан тұтамыз! Сіздей алыптар көшінің куәгерінің, қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы қасіретті де айбынды тари­хы­ның куәгерінің шәкірті болғанымызға қуанамыз. Сіз нағыз ұстаз көрген ұстамды шәкірт бола білдіңіз, бізге – осы күнгі журналистика әлеміндегі мың-миллион шәкіртіңізге сондай жолды үлгі етіп кет­тіңіз.
Бақұл болыңыз, Үмбетбай аға!..

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ.


Таза бұлақ

Өзегім өртеніп отыр! Жанымды қоярға жер таппай отырмын! Күні кеше ғана: «Ертең наурыздың бірі бол­сын, алғыс күні ағайыма арнайы алғыс айтып хабарла­сам», – деп едім. Бүгін, міне, сол күткен күнім келді, бі­р­ақ өзім күтпеген, үш ұйықтасам түсіме кірмеген қа­ралы хабар қоса келді…
Ағайым, ағайым!!!
Мен ол кісімен 2000-жылдары жақын таныстым. Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының дәлізінде басқан қадамына да мән беріп, айналасына зер салып жүретін, шашын бір қапталына әдемілеп қайырып, баламен де шағамен де, үлкенмен де, кішімен де иіле амандасатын ағайдың белгілі сатирик Үмбетбай Уайдин екенін үлкен сыныптағылардан естіп алғанбыз. Содан ол кісінің кітаптарын оқып, сабағына қатыссам деген арман болатын… Кейін бізге «Журналистикаға кіріспе» пәнінен дәріс оқыды. Жұма сайын қолтығына бума-бума газет-журнал қыстырып, әр сыныпқа таратып беретін. Кейін университетке түскенде студенттерге де дәл солай газет-журнал әкеліп беретін. Ағай жалақы үшін емес, жастарға тәрбие беру үшін жұмыс істейді екен ғой…
Үмбетбай ағай сабақ берген жылдары материалы рес­публикалық басылым беттеріне шықпаған оқушы болмаған шығар. Оның бәрі керемет сауатты жазады деген сөз емес, әр баланың жазған-сызғанын өңдеп, ине­нің жасуындай дәнек тапса, соны өрбітіп, кейде, қай­та жазып шығатын ағайымыздың ықыласына не жетеді?.. Өзінің шығармашылығымен айналысатын алтын уақытын «бір жүректің болмаса, бір жүректің отын тұтатайын» деген асыл ойға жұмсапты.
«Айналайын, адамдар,
айналайын, адамдар!
Кім жылап, кім күліп жүр,
Айналаға қараңдар!» – деп, ағайымыз жағдайы жоқ балалардың қалтасына ақша салып беретін.
Бірде біздің сынып түгел сабағынан қашып кетті. Сыныптан бөлінуге қысылып, мен де кеттім. Бірақ қоңырау басталғанша, сүйікті пәніме қатыспауға дәтім шыдамай, қайта келдім. Бәрінің жоқ екенін көріп тұрса да, ағайым әдеттегідей жылы амандасып, сабақ өткен еді. Осыдан-ақ ағайдың өз пәніне адалдығын бағамдай беруге болады.
Адалдық – ол кісінің өзі еді. Өмірде ағайымыз өтірік­ті жек көретін. Алда-жалда өтірік айтқан бір бала болса, оны ағайымыз сезіп, біліп отырса да, көзбен, яки сөзбен ішіп-жемей, жерден алып, жерге салмай, кейінге қалдырушы еді. Не құдіреті барын, еш бала ол кісінің алдында өтірік айта алмайтын. Ата-анасы алыста жүрген интернат балалары үшін ағайымыз өте керек жан еді. Жүрген жерінде болмысымен, көзқарасымен-ақ, тым әріге бара жатқандарды бір ауыз сөзімен-ақ тоқтамға салатын қайран ұстазымыз, енді сізді жоқ дегенге сене алмай отырмын…
«Жақсылық көрсең, асыр, жамандық көрсең, жасыр» деген қағида да ағайымыздың ұстанымы еді.
Ағайымыздың үй толы кітаптарының арасынан қазақтың ұлттық дәстүрлеріне қатысты да мол мағлұмат кездестіретінбіз. Кейде керегімізді кітапханадан із­дегенше, ағайдан сұрайық, деп сол кісіге баратынбыз, өйткені қазынасы жүйелі еді. Ұқыптылығы сондай, не нәрсесі қайда екенін, оны біреу алса, сол кісінің аты-жөнін, күнін де жазып қоюшы еді.
Ағайдың қай ісі болмасын бізге үлгі ғой. «Жерде доллар жатса, адамдар көтереді, ал неге бір тиын жатса, аттап өтеді? Оның бір жағында біздің елтаңбамыз бар емес пе?!» деген сөзінен кейін бір теңгеден аттап өтуге дәтім бармайды.
Қандай ауру келсе де, Мәриям апайымыз баладай күтіп, мәпелеп, бетін бері қарататынын айтып отырушы еді, өткенде бір барғанымда бет-аузы ісіп отыр екен. Мәр­иям апай екеуі қанша тырысса да, ажал шіркін алып кетіпті…
Ағайымыздың жаны қазір көкте бәрімізге қарап, кім не істеп, кім қалай жылап отыр, бақылап тұрған кезі ғой. Бақұл болыңыз, асыл ұстаз! Сізді шәкірттеріңіздің бәрі ерекше жақсы көрсе, оның себебін мен таптым. Сіз Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлағының» нақ өзі екен­сіз! Тынбай ізденетін, әр сәт жақсылық жасаудан қолы тимейтін, және ең бастысы, жүрек- айнаңызға титтей де көлеңке түсірмей тазалап отыратын ТАЗА БҰЛАҚ боп ғұмыр кешіпсіз! Жүрген жеріне тәрбие дәнін үздіксіз себетін, адамдардың қас-қабағына қарайлай жүретін сіздей мейірбан жанның орны толмасы анық! АЛЛА сізді кемел мейіріммен қарсы алса екен!

Кәмшат ӘБІЛҚЫЗЫ, шәкірті.


Марқұммен қоштасу сенбі, 3 наурыз күні сағат 10.00-де
Қазақстан Жазушылар одағында болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір