Әлем әдебиетінің асыл қазынасы – «Фауст» жырының авторы Гетенің: «Ақын аз жазып, көп сурет салуы қажет» деген ой тұжырымы кейбір ұйқылы-ояуларды жадыратып жіберердей әсер етпес пе екен? Әйгілі ақынның бояудың табиғатын ғылыми түрде жүйелеп, мұқият зерттеп, кейінгі ұрпаққа түстің (бояудың) теориясын жазып қалдырғанын көп суретшілер біле бермесе керек.
Тілге тиек еткелі отырған – суретші Салахидин Айтбаевтың айтуынша өнердің үш сарапшысы бар көрінеді. Біріншісі – жалпы көрермен қауым. Екіншісі – сол саладағы мамандар. Үшіншісі – автордың өзі бағалайтын үркердей аз ғана топ. «Ер еңбегі – ел ырысы» дейтін болсақ, қас шебердің осы үшінші сарапшының жүрегіне жеткен туындысы ғана халықтың қимас қазынасына айналып, ұлт намысы үшін ұрпақ қуалап, тамырлап кететінге ұқсайды.
Салахидин Айтбаев – бейнелеу өнерінің көгінде 1960 жылдары даралана туған таң жұлдызындай тамаша тұлға. Жалпы, өнер ұғымындағы уақытпен қасаңдалып, тоталитарлық жүйенің тіршіліктің қай саласына да бата енген тырнақтарымен шегенделіп қалған көзқарастың, осыдан туындайтын тұрлаусыз талғамның құрсауын қақ айырған, өнерді жаңаша көру, ұғу, пайымдау ракурсын енгізген суретшілердің бірегейі. XIX ғасырдың аяғында Парижде өмірге келген импрессионистік самалды сахараға ала келген Сабыр Мамбеев, Жаңатай Шарденов, Сахи Романов сияқты арда ағалардың ізін ала өнерге енген С.Айтбаев, Ш.Сариев, О.Нұржұмаев, М.Қисамиддинов, Т.Тоғызбаев, Б.Табиев, А.Садыханов сынды үркердей топ сол тұста қазақ бейнелеу өнерін әлемдік деңгейге көтерді.
Көрермен үшін, қыл қаламның өмірді тек қана айнадай көшірме етіп бере алатын құдіреті емес, сөзбен жеткізе алмайтын астары мол бірнеше тереңдіктерден тұратын аса күрделі құбылыс екендігін түсініп, қазақ суретшілерінің өзіндік қолтаңбалары мейлінше даралана түсуі осы тұста басталған сияқты.
Айтпақшы, Қалжанды ең алғашқы (Салахидинді анасы еркелетіп осылай атаса керек) биік тұлғалы суретші етіп елге таныстырған өнер бағытында бақытты жолдама секілді 1968 жылы дүниеге келген «Бақыт» атты туындысы болатын.
…Қалжанның өмір мен өнерді бұрымдай қоса өріп қастерлеуі бір бөлек тақырып. Тамыз айының таңдайды тақырдай қаңсытқан аптабында Қызылорданың ескі базары басындағы «сары сиырдың» саумал қымыздай салқын сырасын аңсап, Алатаудай болып Алматыдан келген суретші ағамызды ортаға алып, жеделдете тартып келеміз. Есімі ерекше аталып жүрген суретшімен қолтықтасып-ақ қалғанымыз қай-қайсымызға да іштей мақтаныш сезімін туғызып төбеміз көкке сәл жетпей-ақ тұрды… Кезек дегенің мұрын батпас, қарақұрым, арадай гуілдеген көптің ортасынан әрең дегенде бір саптыаяқ сыра алып шығып қонақжайлықтың қонымды үрдісіндей, ағамызға ұсынғанда, анадай жерде қаннен қаперсіз тұрған бойшаң жігітке: «Қазақтың ажарлы, ақылды өзіңдей жігіттері шөлдемеуге тиіс», – деп апарып бере қойғаны. Салқын сыра десе сырт айналмайтын ағамыздың бұл қылығына пәлендей мән бермеген болып біз кеттік.
Қазақстан комсомол сыйлығының лауреаты, Қазақстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Салахидин Айтбаев, еңбектері туған топырағына әрдайым күннің шуағындай рухани нұр құйып, қуат беріп тұратындығына шүбә келтірмейміз.
Қалекеңнің (Салахидин) өнердің табиғи болмысына шұқшия үңілгендігі сондай, «бейнелеу өнері» деген атаудың орнына «пластикалық өнер» терминін қолдануды ұнататын. Солай болғанда ғана шаңырағы анағұрлым биік, аумағы әлдеқайда кең өнер күмбезінің астынан дәрежелері тең театр, әуен, сәулет, кескіндеме, мүсін, графика болып
әсемдік әлемінде қауызы құлпыра ашылып көріктене түседі деп отыратын.
Бұлардың жігін табу зиялы жанға оңай тірлік бола қоймас. Содан да болар, Қалжанның классикалық әуенге құштарлығын былай қойғанда әлемдік әдеби мұраларды таңдап, талдап оқитын. Кафка, Камью, Ницше, Платонов, Гариса Маркес сынды ми қабаттарына оңайлықпен сіңе қоймайтын алыптарды өзіне тым жақын тартып кеткен… Ал, принципшілдіктің өнердегі орны қандай еді?
Алпысыншы жылдардың бел ортасында кезекті республикалық көркем сурет көрмесіне Дінмұхамед Қонаев ақсақал келмекші болып, алдын ала көріп шықпаққа мәдениет министрі басқарған бір топ қызметкер экспозициядан Қалекеңнің «буржуазиялық» бағыттағы бір туындысын қабырғадан түсіріп, теріс айналдырып қойса керек. Солай боларын сезіп ізінше келе жатқан автордың: «бұл қалай?», – деген сұрағына: «Бұлай жасаған мен, министрдің орынбасары, Садықовамын» десе, қиянатқа қаны қас Қалекең: «Мен – суретші Айтбаевпын. Қалай түсірсеңіз, солай іліп қойыңыз», – депті қасқая қарап.
Өнер табиғаты – күн сәулесі ойнаған су бетіндегі жылт етіп бір көрініп қалатын шабақтың жонындай спринтерлік жарыстан гөрі талант, білім, талғам, бақ, төзім сықылды адам бойына бәрі бірдей сирек біте бермейтін қасиеттерді бір басына берген, ең қиыны өзінен-өзі озып отырмақ жалғыз адамдық жол мұраты мың сан кедергілерден тұратын марафон сайысына ұқсайды. Бұл сыннан өту, екінің бірінің маңдайына жазылмаған.
Салахидин Айтбаевқа алдындағы аға буын суретшілердің ішінде айрықша ықпал жасаған – Әли Жүсіпов көрінеді. Жағы суалған, жұқалтаң, орта бойлы, ұялы шүңірек көздерінен ақыл оты байқалып тұратын, сырт пішіні жүрген ортасынан ерекшелене бермейтін, сөзге сараң марқұм, Али аға Қалжанның бейнелеу өнеріндегі алған соны бағытына түнгі жарықтай әсер етіпті.
Қалжанның айтқан бір әңгімесі осы ойыма қайшы келе қоймайтын сияқты:
– Сонау алпысыншы жылдардың ішінде Мәскеуде, екі қазақстандық суретшінің есепті көрмесінің ашылу салтанатына Одаққа белгілі кескіндемеші Павел Кузнецов арнайы шақырумен келеді. Есеп берушілердің бірі Әли Жүсіпов. Көрмені асықпай аралап жүрген Павел Кузнецов: «слушай Али, вот он в начале рисует, потом подкрашивает, а ты поешь!», – деген көрінеді.
Әли аға сол бір жылдары менің қызылордалық екендігімді білген сәтте, көздері жасындай жалт ете қалып: «мен Қазалыда детдомда болғанмын» – дегені әлі есімде. Сырдың суын таңдайына татып, толқынында балықтай тулаған балалық шағы есіне түсіп кетсе керек…
Өнерді де қамастыра құрсаған, тоталитарлық жүйе санасына сынадай батып, зиялы қауым ортасынан бірегей шығып, сұс таныта білген Эрнест Нейзвестныйды әдейі іздеп барып шеберханасында табысқандарын, бірнеше таңды ұйқысыз өткізіп, әбден шер тартқандарын жыр етіп айтып отырушы еді Қалжан аға.
Бірде суретшілер одағының коридорында белгілі график орыс жігіті, жаңа бағыттағы өнер тұрғысында төсіне ұрып, көкіп тұрса керек. Жанынан өтіп бара жатқан Салахидин:
– «Ты представь себе, один толстую стену долго бьет головой и окрававленной головой пробивает, а другой высовывает оттуда голову и кричит, что это он пробил» – деп тұсынан жайбарақат өтіп кете берген көрінеді.
Шеберханасында ілулі тұрған Матисс және Пикассоның жұмыстарына көзі түскен бір суретші: «Бұл жұмыстарды репродукциядан көшірдіңіз бе?» депті. Сонда Қалекең: «Жоқ, әдейі Ленинградқа барып, рұхсат алып Эрмитаждағы оригиналдарынан көшірген едім», – дегенде, әлгі суретші: «Мәссаған! Көк базардан қымыз алып келгендей-ақ, даусынан мақтаншылықтың, пафостың ізі де байқалмайды», – деп таңырқапты.
1990 жылы Москва қаласындағы орталық суретшілер үйінде екі ай шығармашылық еңбек етіп, енді егемен елімізге қайтуға жиналып жатқан болатынбыз. Бахтияр Табиев, Кенжебай Дүйсенбаев, Баймағанбет Есіркепов, тағы басқаларымыз ерекше шаттыққа бөленіп жүрміз. Олай дейтініміз, біз сол жақта жүргенімізде, Кеңестер одағының құрсауы сөгіліп, ескі ағаш бөшкедей жігі ашылып, ажырап қалған болатын…
Желтоқсан айының 27 жұлдызы. Құдай қаласа 1991 жаңа жылда үйді-үйімізде болмақпыз! Салахидин Айтбаев жанында белгілі түркімен суретшісі Шейхдурды Орадов бар, қолында рамадан жаңа ғана ажыратып алып, бостау шиыршықтап ораған, майлы бояумен салынған бір көлемді жұмысын маған әкеліп тұр…
– Мынау сенің осы жолғы жасаған графикалық жұмыстарың үшін.
…Бұл күндері үйімнің қабырғасында ілулі тұрған бар байлығым Қалекеңнің осы сыйлығы…
Жоғарыда Қалекең айтқандай, мен де өнер сарапшыларының үшінші тобына ден қоюшылардың бірімін.
…Чапаев көшесіндегі наубайхананың алдынан өтетін, суы ернеуінен асып, жағасы қалың құрақ жамылған «Сарқырама» арығында суға түсе-түсе балғын денелерінің ақ соры шыққан балалардың арасында лай судан көзін алмай терең ойға сүңгіп кеткен ұяң, ерінді, сегіз жасар қара бала, әйгілі суретші Фаворский еңбектерімен безендірілген қалмақтың «Жаңғар» атты батырлар жырындағы түрлі-түсті ғажайып суреттердің ішіне еніп кетсе керек… Жарты ғасыр өткеннен кейін осы көшеге сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей араласуымен қалалық әкімшілік шешім қабылдап, дарынды қазақ суретшісі, бейнелеу өнеріндегі соны бағыт – авангардизмнің негізін қалаушылардың бірегейі – Салахидин Айтбаевтың есімі берілді. Салахидиннің әкесімен бір туған ақын Мәжит Айтабаевтың мұңды тағдыры бір шаңырақтан бірнеше дарын шыға беретіндігіне сендіреді. Соғыс жылдары тым қатал тағдыр «Түркістан легионынан» бір-ақ шығарған Мәжиттің «Қобызшы Қорқыт» жамылғы атымен елге деген ыстық сағынышы суреттей тұнып тұрған өлең жолдарына айналып, Мюнхенде бірнеше кітап болып басылып шыққан. Ізденем деген адамға бұл бір тың тақырып.
Бірде: «Арай таңның терезеден түскен үрінің күміс тозаңын кереметтей сол дірілдеген қалпында кенепке түсірсем» деген Қалекеңнің ойын құлағым шалып қалды. Көпке ашыла бермейтін тым тереңде жатқан өзінің де жан дүниесі сондай мөлдір еді-ау…
***
1990 жылдардың басында Салахидиннің шеберханасына бара қалғанымда мұқабасы жұқа, сыртына латын ғаріпімен «Абылай» деп жазылған ақ кітапқа көзім түсе кетті. Кітап Мюнхен қаласында 1971 жылы Хасан Оралтайдың еңбегінің арқасында баспадан шыққан. Соны байқап қалса керек, Қалекең әңгіменің желісін өзі тарқатып алып кетті. Бұрыннан да Мажит Айтбаев туралы толық болмағанмен, аздап хабарым болатын. Қалекең болса тіс жарып ештеңе айта қоймайтын…
Бұл кітаптың тарихы мынадай сарында болып шықты. Бір жолы Мюнхен қаласына жолы түскен белгілі мүсінші Еркін Мергенов осы кітапты қолына түсіреді. Қалай түсіреді, кімдермен жолығады ол жағы белгісіз. Әйтеуір Айтбаев деген фамилия көзіне оттай басылса керек. Себебі «Қобызшы Қорқыт» деген лақап атпен өлең жазып қалдырған жұмбақ адам туралы сонау алпысыншы жылдары-ақ еміс-еміс хабар елге жетіп қалған-ды. Қалтай Мұхаммеджановтың «Жат елде» спектакліне арқау етіп алған кейіпкері осы кісі екендігіне ешкім күмән келтірмейтін-ді. Мен жоғарыда айтылғандай латынша жазылған өлең жолдарын ежіктеп оқи бастағанымда Қалекеңнің ойланып отырып қалғанын байқап қалдым.
Қысқасы, не керек, кітапқа қолқа салдым. Әрине, уақытша алып, кирилицаға аударып көрсем бе дегенім еді. Әкем балалық шағында араб әріптерімен дәріс алып, ізін суытпай уақыт талабымен латыншаға көшіп кетсе керек. Мектепте оқып жүрген тұсымда әкем де қосымша осы латын әліпбйін үйретіп, ескі кітаптарды парақтап ашып әжептәуір жүргізіп оқитын шамаға келіп қалғаным есімде. Ал арап әрпінің қанша қызыққаныммен миыма қонбай-ақ қойғаны…
Сонымен не керек, бас аяғы бір жарым айдың көлемінде «Абылай» дастанын, кітап ішіндегі басқа да өлеңдерді кирилицаға толық түсіріп, белгілі жазушы, ақын «Ленин жолы» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететін марқұм Қази Данабаевқа машинкаға бастыру үшін табыс еттім. Бұл 1991 жылдың қарлы ақпан айының соңы болатын.
…Ақын өлеңдеріне сол кездегі газет басшылары Әскербек Рахымбекұлы мен Әділхан Бәймен үлкен қызығушылық танытты. Не керек, алғашқы рет КГБ-ның рұқсатынсыз газеттің екі-үш номеріне шағын кітап түгелімен сиып кетті… Артынан сөз ере қойған жоқ. Зарлы ақын, зерделі ақын, жобамен 1935 жылдан 1939 жылы Фин соғысына алынғанға дейін Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша әдебиет саласындағы өкілі қызметін атқара жүріп, педагогикалық институтта студенттер даярлайтын бөлімін басқарыпты. Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарынан дәріс бергендігі өз алдына.
Апамыздың айтуынша Мәжит қазақ әндерін де нақышына келтіріп орындайды екен. «Айнамкөз» әніне Мәжит Айтбаев дала ариясы деп баға беріпті. Қалекеңнің Москва қаласынан сәл әрірек орналасқан суретшілердің бүкілодақтық шығармашылық үйінде жүрегі қақ айырылғандай кейде шырқап салатын төмендеу қоңыр даусымен іштегі шерін белгісіз біреулерге жеткізе алмай жатқандай, көзі сәл дымқылданып: «Салмасам Айнамкөзге-е-е- ахау-у-у-у…» деп соза бастағандағы көңіл күйінің сырын енді ғана түсінгендей болдым…
Бір шаңырақтың астынан бірнеше дүлділ талант шығарып, тағдырларына түрліше тұрпат берген өмір керуені дым болмағандай алға жылжи беретін болғаны да…
Қайырбай Зәкірұлы,
Қазақстан Суретшілер
одағының мүшесі,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері