ЭКСГУМАЦИЯ
02.03.2018
1316
0

Хосроу ШАХАНИ,
иран жазушысы


Осыдан үш күн бұрын авто­мо­би­ль апатынан қайғылы қазаға ұшы­раған Жамал-ағаның Құдайы та­мағына бара жатқанмын ғой. Жо­лай Жамал-аға екеуміздің ортақ до­сымыз Сәдек ұшыраса кетті.
– Қайда бет түзедің? – деп сұ­ра­ды, ол.
– Жамал-ағаның асына. Жүр, бір­ге баралық!
– Жоқ, мен бара алмаймын.
– Шаруаң шығып тұр ма еді?
– Жоқ. Өле-өлгенше бірде-бір до­сымның немесе танысымның жа­назасы яки Құдайы тамағы ту­ра­лы естігім келмейтін болған! – деді ол жүрегі өртеніп тұрып.
– Ол ненің ақысы?
– Айтайын. Осыдан он-он екі жыл­дай бұрын бір армян досым – Ар­менак қайтыс болды емес пе?! Аң­қылдаған адал достың қайғысы қа­бырғама қатты батты. Ол жаңа­лықты Арменак қайтыс болған соң үш күннен кейін кездескен оның не­мере бауыры Жорждан естідім.
– Бұдан бес күндей бұрын біздің Ар­менак бейшара бір дәмханадан бір­деңе ішіп, тіскебасарына бұзыл­ған шұжық алып жеген ғой, – деді ол.
– Содан уланып…
– Жаназаға мені шақыр­ма­ған­да­рың қалай? – деп реніш білдірдім мен.
– Шынын айтқанда, – деп жа­уап қатты Жорж мұңайған түрде. – Оны жерлеуге өзіміз де қатыс­па­дық. Марқұмды өлісімен мәйіттамға жө­нелтті ғой. Араға бірер күн салып, біз­ден хабарласа қойған ешкім бол­маған соң, оны белгісіз біреу ретінде кө­ме салса керек. Әрі, қырсыққанда, Арменак бейшараға тұтам жер мұ­сылмандар бейітінен бұйырғанын қай­терсіз, содан біз әлі күнге дейін оның басына ырым-жырымымызды жасап, христианға тән кәде-кәу­метімізді атқара алмай жүрміз.
– Марқұмның мұсылман яки хрис­тиан екенін ажыратуға бол­ма­ға­ны ма? – деп сұрадым.
Христиан біз бен мұсылман сен­­дердің араларыңдағы жалғыз айырмашылық – сендердің жас ба­ланы сүндетке отырғызатындарың бар ғой, ал бізде ол жоқ. Бірақ соң­ғы уақытта сол отаның америкалық жаңа тәсілі табылып, оның үстіне ме­дицина сүндеттің тазалыққа пай­далы екенін мойындаған соң біз де оны қолдай көрдік емес пе. Жаны жә­натта болғыр Арменак сондай сүн­детке отырғандардың бірі еді ғой, сондықтан оның иә мұсылман, иә христиан екенін дәрігердің біле қоймауына таңырқаудың жөні жоқ. Сорына қарай, оның жанында кім еке­нін анықтайтын ешбір құжаты да болмаса керек; тек кішкентай ға­на фотосуреті бар екен, мәйіттамға бар­ғанда біз де оны сол арқылы ғана таптық.
– Ендігі не түйткіл? – деп сұра­дым мен.
– Арменактың денесін армян бейі­т­­іне ауыстырсақ дейміз ғой, – деді Жорж күйзеле сөзін жалғап.
– Бі­рақ онымыздан ештеңе шықпай­ды деседі, өйткені сендердің дін­­де­­рің марқұм болғандардың мазасын ал­ғанды қаламайтын көрінеді. Экс­гу­ма­ция тек өлімнің себебі анық бол­маған жағдайда әрі сот дәрігері мен прокурордың рұқсаты арқылы ғана жасалады екен.
– Иә, жағдай шатақ. Бұл арада не істеу керек екенін әбден ойласып алмаса болмайды.
– Шіркін, сен көмектессең ғой біз­ге! – дегенде Жорждың өзегі үзі­ле жаздады.
– Саған деген алғысы­мыз­да шек болмас еді, әрі оның әйелі мен балалары сені Құдайдай кө­рер еді. Қазір бейшараның өзі дін қарын­дастарына қосыла алмай, қалай қиналып жатқанын ойлап көрші. Өзің де Арменакпен бірер жыл дос боп жүрдің, жаны қандай сезімтал болғанын білесің!
Жорж осы сөздерді айтқанда Арменак марқұм тірі кезіндегідей көз алдыма кеп тұра қалды. Өткен күндердің естеліктері анталай келіп, көзімнің шарасы жасқа толып кетті. Оның армян, менің мұсылман бол­ға­ным достығымызға қылаудай кө­леңкесін түсіре алған жоқ-ты. Мар­құм ақынды Орфи Ширазиге тәнті еді, Хафиз бен Хайямды жа­нындай жақсы көретін. Осы ұлы ақын­дардың өлеңдері аузынан түс­пейтін. Өзі бұл дүниедегі әрбір адам махаббатқа лайық деп білетін, бізді айыратын – қатып қалған соқыр сезім мен күні өтіп бара жатқан ырым-жырымдар, ал шын мәнінде адамдардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ дейтін.
Осындай таным-пайымының кең­дігі мен жеке басының сүйкім­ді­лі­гіне бола оған деген ықыласым бар­ған сайын артып, екеуара дос­тығымыз күннен күнге нығай бер­ген ғой, несін айтасың.
Жан-жақтан жамырай келген ес­теліктер ақыры көңілімді босатып жіберді, ал о дүниелік болған жан до­сымның бөтен зиратта жетімсіреп жатқаны көз алдыма келгенде шы­быным шырқырап кетті. Мар­құм­ның жаны жай табуы үшін жауап­кершіліктің бар жүгі маған түскенін сезіндім. Ол менен көмек сұрап жатыр. Оның: «Рас, өзге діндегі­лер­дің өзімді бөлектеген емеспін, бірақ мұнда туған-туыстарым мен жақын­дарымнан ешкім басыма келе алмайды. Сонда жатсам жаным жай табар еді…», – деген дауысы құла­ғым­­нан кетпей қойды.
Дүниенің бір кем жаратылысына мұңымды шағып, өзіме өзім жігер бер­дім де Жоржға айттым:
– Енді қайғырғаннан не пайда, ер­те ме, кеш пе бәріміз осы жолмен ке­теміз! Демек, тағдырдың Арменак бей­шараға әзірлеген үлесі осындай бол­ғаны да! Одан да маған айтшы: – Қайтсем сендерге көмегім тиеді? – де­дім.
– Бүгін бе, ертең бе немесе кез кел­ген басқа бір күні өлгендерді тір­кеу бөліміне менімен бірге ба­рып, докторға сол ақтық күні Ар­ме­накпен бірге болып едім деп айтсаң жақсы болар еді… Ал біз судьяға арыз беріп, оның өліміне себеп бол­ған жағдай туралы күмән білдіріп, оған сенің қатысың болған дейтін кү­дігімізді ұсынар едік. Марқұмның қапе­лімде аяқ астынан қаза болуы­ның жай-жапсарын қалпына кел­тіру мақсатымен өлікті қайта ашу ке­ректігін талап етсек дейміз ғой. Әри­не, мұның бәрі Арменактың мәйі­тін мұсылман зиратынан армян зи­ратына ауыстыру мақсатымен жа­салатын бос далбаса екенін өзің тү­сінесің ғой. Соны істегеннен ке­йін біз сенің зәредей кінәң жо­ғын, әрі ешқандай кісі өлтіру дей­тіннің болмағанын, сондықтан са­ған қояр талабымыздың да жоқ еке­нін айтар едік. Іс жабылады, са­ған ешкім қолының ұшын да ти­гіз­бейді.
Бір қарағанға, Жорждың жос­па­ры өте қарапайым көрінді әрі оны жү­зеге асыру да оп-оңай сияқтанды, бірақ шындап келгенде істің бәрі оның ойлағанындай болмай шықты ғой.
–Жарайды, ертең таңертең екеу­міз осыны істелік,– дедім мен сенімсіздеу түрде, өйткені көңілімде оған дейін Жорж басқа біреумен ке­лісер немесе өзім де мұның неғұр­лым бір тиімді жолын табармын деген жұбаныш тұрды.
Сол күні, түні бойы марқұм Ар­ме­нактың менен көмек сұрап жал­барын­ған бейнесі түсімнен шықпай қойды. Әлденеше рет оянып, кө­зімді қайта жұмсам болды, марқұм сонадайдан мөлие қарап тұрады да қояды.
Таңертең ертелетіп Жорж келді. Мен киіндім де екеуміз өлгендерді тір­кейтін бөлімге тарттық, содан соң сотқа барып, Жорждың арызын бердік. Талап арызды мен сол түні Ар­менакпен бірге болғаныма куәлік ет­тім, ал тергеуші маған беретін сұрақ­тары бар екенін айтты.
– Сендер қайда болдыңдар? – деп бастады ол.
– Пәлен жердегі дәмханада, – деп жауап қаттым мен.
– Қандай тапсырыс бердіңдер?
– Пәлендей тамақ пен түгендей шарапқа!
– Онда сағат нешеге дейін отыр­дыңдар?
– Он бірге дейін.
– Одан соң қай жерде ажырас­тың­дар?
– Пәлен көшеде!
– Содан сен қайда кеттің?
– Өзімнің үйіме.
– Ал Арменак қайда кетті?
– Білмеймін.
Ол тағы да осы сияқты көптеген сұрақтар қойып, әрлі-берлі кіріп-шығып, әлдекімдермен күңкілдесіп жүрді-дағы, ақыр соңында эксгума­ция жасауға тәртіп берді.
Арменактың мәйітін зерттеп шыққан сот дәрігері сол бір қырсық атқан түнде менің Арменакты жәй өлтіріп қана қоймай, оны асқан айуандықпен қорлағаным жайында мәлімдеді. Хаттамада жазылған тергеу қорытындысы мына жайлар­ды айғақтады.
1) мәйіттің мойнында жұдырық тиген соққының ізі қалған:
2) оң аяғы өткір затпен ұрып жа­ра­ланған, басқа да жарақттар көп;
3) кеудесінде металл затпен ұрған­ның ізі бар;
4) ішегі зақымданған, асқаза­ны­нан удың сарқындысы табыл­­-
ғ­ан;
5) сол аяғының башпайы жоқ… жә­не тағысын тағылар, тағы сол сияқ­тылар.
Тергеу хаттамасымен танысып шық­қанда зәрем зәр түбіне кетті, бі­рақ осының бәрі Арменак бейша­ры­ның мәйітін ашу үшін ғана қа­жет­ті бос сандалбайлар екенін тағы да айтып, Жорж мені жұбатқан бол­ды. Ақыры мәйітті армян бейітіне жер­леуге рұқсат берілді. Жерлеу рә­сіміне қатыспақшы болып Жорж­дың соңынан ілесе бергенім сол еді, мені ойда жоқта тоқтатты:
– Сен қал. Өзгелерің боссың­дар.
– Мен неге қалуым керек?
– Сонда қалай, әлгі де өзің оқы­ған хаттаманы саған жәй қызық үшін көрсетті деп ойлайсың ба?
– Демек, Құдай сақтасып, Ар­ме­­нак­ты… олай-былай еткен мен де­гі­лерің келе ме?
– Біз ештеңе деген жоқпыз. Бә­рін өз қолыңмен жазып, мойындаған өзіңсің!
– Алланың атымен ант етейін, – дедім жаным шырқырап.
– Оның бәрі Арменактың мәйі­тін мұсылман бейітінен армян бейі­ті­не ауыстыруға рұқсат алу үшін жа­зылып еді ғой! Шындығында мен оқиға болатын күні марқұмның қара­сын да көрген емеспін!
– Тергеушіге берген мойын­дау­да­ры­нан айну айыпталушы біткен­нің бәрінің дағдысы. Үйреншікті жа­рапазан!
– Сонда қалай болғаны? – деп мен байғұс шыр-пырмын.
– Өткен аптада ғана емес пе еді, өздерің өлік­ті мұқият қарап, денеге түскен еш­­қандай дақ болмаған соң жер­леуге рұқсат еткен! Енді олар қайдан пай­да бола кетті?
– Онда ешқандай арыз-шағым түс­пеген болатын, сондықтан біз бұл өлімді табиғи себеппен байла­ныс­тыруға мүмкін дескенбіз.Ал қазір жағдай өзгеріп кетті.
– Марқұмның інісі Жорж сіз­дер­ге бәрін түсіндіріп береді!
– Оның түсіндіруі тек жазаның сал­­мағын жеңілдете алуы мүмкін, бі­­рақ қылмыс үшін бәрібір сенің жауап беруіңе тура келеді!
– Қарап тұрсам көз алдымда мар­құм Арменактың мәйітін шыға­рып бара жатыр, жұрттың бәрі кетіп жатынр…
Айғайды салдым кеп:
– Әкетпеңдер оны! Мұқият тер­геу жүргізіп, өлімнің нақты себебін анықтасаңдаршы! Алланың атымен, барлық әулие-әнбилердің әруа­ғы­мен ант етейін, ол түні мен Арме­нак­тың қасында болған жоқпын! Өмі­рімде тауық өлтіріп көрмеген адам едім, мұнда жазғандарың қа­нішердің ғана қолынан келетін сұм­дықтар ғой.
–Босқа даурықпа! – деп жауап қат­қандар болды.
– Құдай үшін, – деп жалбарын­дым, – әйелімнен, балаларымнан сұрасаңыздаршы, менің үйде болға­ным­ды растайды олар, ақиқатты ашу­ға көмектеседі!
– Сөз жоқ, кезінде олардан да сұ­рай­мыз. Ал әзірге сен осында қалуың керек!
– Қалғаны қалай, бастық мыр­за? Жұмыстағы адаммын, қызметім бар! Ізгі мақсат үшін осында келуге келіскен өзімді де ұрып жығатын адам жоқ! Жіберіңдерші мені!
– Бұл сенің нағашы апаңның үйі емес! – десті маған.
Ұзын сөздің қысқасы, алты ай бойы тергеуде болдым. Күн сайын жауапқа алу, қорқытып-үркіту, ақыл айтқансу. Арменак екеуміз «тонның ішкі бауындай» дерлік тату едік, бәріне кінәлі – менің мұншама жаң­сақ басуыма себеп болған әлгі Орфи Ширази деп қанша қақсасам да ешбір көмегі болмады.
– Кім ол Орфи Ширази деген, айт та айт! – деп түп етегіме жармаса кетті емес пе.
Күлермісің бұған, жылармысың! Әрі ең жаманы – ешкімге ешнәрсе тү­сіндіре алмаймын. Орфи Шира­зи­дің қайдан тауып бере қояйын бұл немелерге?
– Ау, ол өліп қалған ғой!
– Неге өледі?
– Оны мен қайдан білейін?
– Өзі өлген бе?
– Иә!
– Оны қайдан білдің?
– Кітаптан оқыдым.
– Қандай кітаптан?
– Ақындардың өмірбаян­дары­нан.
– Қашан өліп жүр?
– Шамамен төрт жүз жылдай бұ­рын!
– Әй, сапбас! – деп ақырды дол­данған бастық мырза.
– Сотты қыл­жаққа айналды­ра­йын дедің бе? Мені қылмысқа итермелеген Орфи болды деп өзің айтасың да, енді ке­ліп, ол төрт жүз жыл бұрын өлген дей­­сің! Заңмен ойнамақсың ба?! Сы­байласың Орфидің мекен-тұра­ғын айтып, бізге ұстап бермесең, бір өзің екеудің жазасын арқалай­сың.
– Құдайым-ау, бастық мырза, са­дағаң кетейін! Орфиді қайдан тап дейсіз? Оның сүйегі қурап қалғалы не заман. Орфи дейтін ақын болған, он алтыншы ғасырда өмір сүрген, үн­ді мәнерінде өлең жазған. Ол жайында әдебиет факультетінің про­фессорлары менен әлдеқайда жақ­сы біледі.
– Сенің істегеніңе Орфи кінәлі деп айтқан өзің емес пе едің?
– Иә, айттым, бірақ ол мағынада емес. Орфи Шифазидің Арменак екеу­міз бірдей сүйіп оқитын өлең­дері туралы еді ғой менің айтқаным! Олай болса, бұл сотқа Хайямды да, Хафиз бен Саадиді де әкелеуім ке­рек болар!
– Несі бар, мархабат! Орфидің ме­кен-жайын білмесең, сол үшеуін әкел.
– Қайдағы үшеуді?
– Әлгі өзің айтқан. Саадиді, Ха­физді, Хайямды…
– Ал керек болса! Қатырасың, бас­тық мырза? Түсіндірген болып жа­тырмын:
– Мен әруақтарды шақыра алар ма екенмін? Оның үстіне, олар мені қалай тыңдасын: Саади мен Хафизді іздеп Ширазға, Хайямды іздеп Ни­шанураға баруыма тура келетінін айтпағанда.
– Олар Теһраннан қашан кетіп еді?
– Кімдер?
– Әлгі, өзің айтқан Хафиз, Саади, Хайямдар?..
Міне, бақандай алты ай бойы көргенім осындай, қорлық болды.
Ал бұл екі арада Арменактың туыс­тары мен жақындарына қойыл­ған қым-қиғаш сұрақтардан анық­талғаны: марқұмның мойнындағы тыртық – оның бала кезінде саты­дан құлағанда алған жарақатының орны екен. Оң аяғындағы жараны өле­рінен екі күн бұрын түн жары­мын­да сылқия ішіп келіп, темір кереуетке соқтыққаннан алса керек. Сол аяғының башпайы туасы бол­маған көрінеді. Ішектегі ақау мен ас­қазандағы зәрдің қалдығы меш­кейлік пен уланудың салдары болып шықты, ал кеуде қуысы тұсындағы соққыны ол аурухана күзетшісімен болған текетіресте алыпты. Сол кеште Арменак өзін жайсыз сезініп, ауруханаға барған да сонда жолын кес-кестеген күзетшімен ұстаса кет­кен…
Қысқасын айтқанда, менің кі­нәлі емес екенім де, ешқандай кісі өлтіру дейтіннің болмағаны да анық­талды. Мен босап шықтым.
Содан бері тоғыз жылдан аса уа­қыт өтті, Арменак марқұмның ба­лалары да өсіп-жетілді, бірақ олар күні бүгінге дейін әкелерінің өлімін менен көреді: «Егер сол кеш­те ол оны жалғыз қалдырмағанда әке­міз өлмеген болар еді!» дейді. Қайда қашып құтылам десем де жердің астынан болсын, судың түбінен болсын мені іздеп тауып, өлген әкелерінің кегін алмақшы көрінеді!
Достарым мен таныстарымның жа­назасына да, құдайы тамағына да не себепті бармайтынымды енді түсінген боларсың?
– Түсінгенде қандай! – дедім мен.

Орысшадан аударған
Бекболат ӘДЕТОВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір