СҮЛДЕ
23.02.2018
1659
0
Нағашыбек Қапалбекұлы


Жағымсыз күлімсі иіс желке тұсымнан бұрқ ете түсті. Абажадай автобус ыңыранып, ары-бері тең­сел­ген сайын әлгі иіс ауық– ауық ке­ліп, тіпті мазамды кетірді. Ақы­ры шыдамай, алдымдағы газетімді тү­сіріп алғансып түрегеп, бұрылып қарасам менен кейінгі ең соңғы орын­дықта өрімдей жап-жас қыз бен жігіт отыр.
Жігіт қылқиған ап-арық, беті кө­геріңкі, көзінің төңірегі қара­йып кеткен. Қасындағы бүйрек бет қыздың да жанарында ұшқын жоқ, семіп қалған жансыз қара тас дер­сің. Екеуін көрдім де «Е, осы­лар екен ғой» деп кіжініп, қай­та ор­ныма отырдым.
Тасбақадай мимырт жылжып, Қордай асуынан асқаннан кейін ырсылдаған кебеже қарын қызыл ав­тобус аһлеп-уһлеп тоқтады да, ішін­дегілер далаға ұмтылды. Жо­лау­шылар асханаға кіріп, сусын іш­іп, ас алып жатқанда жаңағы екеуі шеттеп тасалау жерге барып те­мекі тарта бастады. Сексеуілге қақ­талған қызылкүрең майы сор­ғалаған кәуапты құшырлана шай­нап тұрып, көзімнің қиы­ғы­мен әлгілерге қарап қойдым. Жүрегім зырқ ете түсті, мәссаған, мыналар кезек-кезек түтінін сырт­қа жібер­мей құмарлана сор­ғыштап тұр ғой. Әй сормаңдайлар-ай, екеуі де на­шақор екен ғой. Адам­­нан ит боп ту­ған шірік, бұ­рал­қы сорлылар-ай!.. Азғындар-ай!..
Екеуі ыржалақтай асханаға кі­ріп келгенде әлгі жерге барып, олар лақтырып тастаған темекі тұ­қылын теуіп көрдім. Баяғы «Бе­ломорканал» папиросы. Әй, оң­ба­ғандар-ай. Лоқсып-лоқсып құса ал­май жүрегімнің басы кілкіп, жай­сыз күйге түстім.
«А-наша, а-наша! Өмір қандай тамаша!»..
Баяғыдағы сұмдық оқиға көз ал­дыма тіреліп тұрып қалды.* * *
Әскерде мен сонау Қиыр Шы­ғыста, Хабаровск пен Вла­ди­восток деген қалалардың ор­та­сын­да, кішкентай Лазо деген станция жа­нындағы заставасында шекарашы бол­ғаныма жарты жылдан асқан кез. Жаздың ыс­тық буған күнінің бірін­де бізге екі жауынгерді әкеп қосты. Еке­уі де мәскеулік, қызыл мұрын, іл­миген Вальдемар дегені мені өзіне жақындатып, артық ауыс тәтті беріп, күле сөйлеп, іші­не тартып барады. Он тоғыз жас­та­ғы тепсе темір үзетін аңғал да ар­да шақта, ешнәрсенің көп байы­бына бара бермейміз ғой.
Біз әлі түсімізде көрмеген электр­лі сақал алғыш сыйлады, жиі-жиі әке-шешесінен посылка алады. Әрдайым маған ықыласы бөлек, түрлі конфет, шоколадтарға қарық қып тастайды.
Бірде шекарада екеуіміз күзет­ке бірге жүргенімізде ол:
– Сендерде анаша өседі ғой? – дегені. Естісем бұйырмасын. Біл­мей­мін деп ақталамын.
– Сен достарыңа хат жаз. Шу де­ген станцияда бұл өте көп, да­ла­да егіндей жабайы өсіп тұрады. Саған посылкамен салып жібер­сін. Ақшасын беремін. Тіпті бол­маса, сатып, бай болып ке­теміз. Сатып алатындарды өзім табамын, – дейді.
Шошып кеттім. Ол кезде шетелде нашақор, наша деген бәлекеттер бар дегенді еміс-еміс еститінбіз. Ал, тура біздің Қазақс­танда егін-тегін өседі дегенге сен­беймін. Анаша деген сөз – ал­ғаш маған «тозақ», «тажал» болып ес­тіл­ді. Сол сәттен бастап әлгіден қа­­шып, сөйлеспей, жоламауға ты­рысатын болдым.
Күзге салым шекарадағы ба­ған­­дарды түзетіп, түптерін қа­тай­тып, жөндеу үшін бөлім­дегілерді бөліп-бөліп тастағанда Вальдемар екеуміз ең шеткі алыс түпкірге бө­ліндік.
Вальдемар бізді әкеп тастаған­дар кетісімен төңіректі шолып шық­ты да, қызыл мұрнын ысқы­лап қойып, көзі жайнап, сақ-сақ күл­ді:
– Николай, қарашы қандай ен байлық! Міне, бері кел! – Қарасора басындағы үлпілдеп кеп­кен бүр­лерімен қоса, қураған жапырақ­тар­ын жинап, гимнас­тер­касын шешіп, жағасын, екі жеңін буып, соған нығыздап толтыра бастады.
– Бұл, а-наша! Енді кайф өмір сүре­міз! – дейді өзеуреп. Маған таңсық, қызық. Адамнан бірнәр­се­ні жасырсаң – көргенше құмар­татын аңсар әдет бар ғой.
– Кел, Николай, көмектесіп жібер, – деп мені шақырды. Ше­кара­дағылар менің қазақша атыма тілі келмей Николай деп атап кеткен-ді. Әлгі жинаған қара­сора­ны алақанымен үсті-үстіне үйкелеп ысқылайды. Біраз­дан кейін қо­лымызға жұққан шайырларды қырғыштап түйірт­пек­теп жинап алғанда бөдененің жұмыртқа­сындай қап-қара шар болды. Оны алып, тас үстіне қойып, таптап-таптап ұрғыштап, иін қандырды. Содан кейін кон­серві қалбырына салып, астына от жағып, кептірді. Қытырлап кеп­кен қап-қара шайыр­дың шетін сырт еткізіп бір түйірін сындырып алып, бөлектеп газетке жақсылап үкті. Қалтасынан па­пирос шығарып, оның бір талын­дағы темекі мен жақсылап үккен үгіндіні араластырып, әлгіні папиросына қайта орап тыққыш­тап толтырды. Папиросты шырт еткізіп шырпымен тұтатты да, түтінін сыртқа шығармай екі ала­қанымен тұмшалай жауып алып, құмарлана сорғаны-ай!..
Ғұмыры нашақор дегенді тұңғыш көруім.
– Сен жан баласына мұны айт­па, соттап жібереді. Совет заңы қатал, шетелде рахат қой. Қай жерде қанша тартсаң да өзің білесің, ол жақта бұл тіпті арзан дейді. Мә, Никола, бірдеңе аларсың өзіңе, – деп үш сомды қалтама тыққыштап салып жіберді. Ол кезде шекарашыларға айына екі сом ғана беріледі, рубль-ақша өте құнды. Бұл бәле­кетті айтып жын ұрып па, өзімді қосақтап, соттап жіберер.
Кешке дейін шекарадағы қи­сайған бағандарды жөндеп, терлеп-тепшіп жұмыс істедім. Вальдемар косьягін тартып, су­ха­рикті гүрс-гүрс шайнап, қарасуды қылқ-қылқ жұтып, ыржаң-ыржаң күліп жатты да қойды.
– Мынау нағыз байлық қой. Мына қарасораның кепкен үл­піл­дек бүрі мен жапырағын үгіп қосып, жай темекімен аралас­тырып тарта беруге де болады. Бірақ ол жағары сортты емес, шикізат тауар дейді, – деп Вальде­мар қайтарда екі қалтасын толтырып алды.
Біз күз бойы күзеттен бос кездері сол бағандарды, су шайған жол жиегін жөндедік. Күнде Вальдемар екеуміз нарядқа да, күзетке де бірге шығамыз. Ол сол бір ай бойы анашасын тар­тып, кәйіп болып жүрді де қойды.
Туған күнім – наурыздың қақ ортасында. Ленин бөлмесіндегі жігіттерге консерві, тәтті тоқаш, сухарик сатып әкеп беріп отырғанмын.
– Кел, Николай, туған күнің ғой, тартып көрші. Бір-екі рет қана сорып байқашы.
– Ой, бұл косьяк дегенің нештяк!
– Кайф ұста! Туған күніңде сені аспанға көтеріп әкетеді.
– Міне, былай сорып көрші, қандай рахат! Туған күніңмен! Юбилей! Жиырма жастасың! Өмірден түк көрмей өтпекпісің? Өмір не үшін керек? Осындай қызық, думан тамашаны көру үшін, рахаттану үшін беріледі. Кел қане, – деп алматылық жерлесім Сергей деген зіңгіттей мұртты жігіт қолақпандай ораған косьягін қоярда қоймай ұсынды. Қасымдағылар жапатармағай шулап, кеу-кеулеп қышап алды да кетті. Дәмін татып жүрген шекарашылар бұл нәрсенің керемет дәрі, ғажап күші жөнінде дәріптеп алып жөнелді.
Үш-төрт мәрте сорғаным есім­де. Қақалып-шашалып көзім­нен парлап жас ағып, тықпыш­таған соң, сора беріппін, сора беріппін.
Кенет дүние билеп кеп кетсін, әлем асты-үстіне түсіп, шыр айналды. Тұра сала тәлтіректеп, төсегіме қарай ұмтылдым. Діңкем құрып, жете алмай екі мәрте шал­қалай құладым. Жүрегім ау­зыма тығылып, көзім ұясынан шығып, ешнәрсені көрмеймін. Шыр айналған қып-қызыл шең­бер ішінде өртеніп барамын ба-ау, жоқ құзар-жартастан шыңырау­ға тік төмен құлап келе жатам ба, әзірейілдей албасты тұншық­тырып, зілбатпан үстімнен жан­шып, баса ма, әйтеуір жанұшырған алас-елес сәт. Азу тістерін са­қылдатып, қолдың басындай тыр жалаңаш қыз кейпіндегі мың-миллион сайтандар сақ-сақ кү­ліп, «Ажал! Ажал! Ажал!» – деп төңірегімде сайқымазақтайды.
Өкіріп жылайын десем үнім шықпайды, қара жер шыр кө­бе­лек айналып, жүре алсамшы. Бүкіл қолқа-өкпем аузыма ты­ғы­лып, лоқсып-лоқсып құсып жатыр­мын, құсып жатырмын.
Біреулер мені ит сүйрегендей дырылдатып, сүйреп апарып, дәретханада шешіндіріп тастап, шлангімен аққан тастай сумен шомылдырды-ай кеп.
Үстіме мінген жын-шайтандар суға шапылдай секірісіп, сақ-сақ күліп, асыр салады. Бүкіл ішек-қарным түгел ақтарылып кеткен шығар, ішімде ештеңе қалмаса да, ықылық атып, лоқсимын кеп. Жанымды қоярға жер таппай бетон еденде ары-бері дөңбек­ші­сем, үстіме лақылдата су құйып тұрған жауынгерлер рахаттана қызық кино көргендей тама­ша­лайды.
Түні бойы алас қағып, ай­қай­лап, не істеп не қойғанымды білмей, таңға жуық есімді жисам, мені төсегіме тас қып байлап тас­тапты. Қаталап шөлдеп, қа­ным кеуіп, өліп бара жатыр­мын.
Кезекші келіп:
– Есіңді жидың ба? – деп қорқа сұрады. – Өй, сен нағыз бой бермейтін жынды екенсің ғой. Әрең дегенде әйтеуір байлап тастадық, – деп қол-аяғымды шеше бастады.
Буылған жерлер қанталап, көгеріп ісіп кетіпті, бір жақ көзім ашылмайды. Кеудемді көтеріп, тұра алсамшы. Кезекші әкелген күрешке суды сіміріп алып едім, қайта сылқ ете түсіп, ұйықтап кетіппін.
Үстіме құйған судан өкпеме суық тиіп, госпитальдан бірақ шықтым. Хабаровскі қаласындағы үлкен әскери ауруханасында ай жатып, сопиып азып, аузы-ба­сы­ма ұшық қаптап, жүдеп кеттім. Ештеңеге зауқым жоқ, көңілім пәс, мең-зең, ұйқылы-ояу жүрем де қоям.
Жазғытұрым, күн ыси баста­ған­да заставаға госпитальдан кел­ген менің тұрпатымды көріп бәрі шошып кетті.
Құдайдың құдіреті, әлдебіреу­ден нашаның иісі шықса бірден сезе қоямын. Әлгіден қарадай жиіркеніп, лоқсып тұра қаша­мын.
Түнге қарай гүжілдескен Ле­нин бөлмесіне қадам баспайтын болдым. Өліп-тірілген әлпетімді көріп, Вальдемарлар қайтып мені мазаламады.
Наша тартпай, есірткіге елік­те­мей аман-есен туған еліме ор­ал­дым. Арада міне, қаншама жылдар өтсе де әлдебір жерде есірткі жатса, не нашақор кездессе иісін бірден сезіп-біліп қоя­тын қасиет таптым. Әлгі, үйре­тілген, иісшіл иттер секілді, ав­тобус, троллейбустарда, аял­да­ма­ларда сан-сапалақ нақұрыс наша­қорларды жазбай танимын. Қазір қадам басқан сайын бұл бәлекетті тартатындар қаулап, көбейіп барады-ау.

***
Міне, мынау уыздай екі жастың осы бір кесапатпен айналысып жүргеніне қаным қарайып келеді. Сонау бір жастық желегіндегі Қиыр Шығыста өзімнің де абайсыз ұрынып қала жаздағаным есіме түсті. Періштем қақты ма, әруақтар қолдады ма, өлім мен өмір шекарасына барып қайтқаным рас. Егер, сол жолы нашадан кәйіп ұстап, жаныма жаққанда бұл өмірмен баяғыда қоштасып, өлексе болып өксіп бітіп, нашақор болып тұздай құритыным хақ еді-ау. Нашаға үйренгендер он-он бес жылдан артық өмір сүре алмай, ғұмыры қиылып түсетінін кейін білдім.
Автобустың менен кейінгі артқы орындығында отырған қыз бен жігіттен күлімсі, сасық иісі бұрқ-бұрқ танауыма келіп, жиіркендіріп өлтіріп барады. Кекіріп, лоқсып барып қайттым, құсып жіберсем, масқарам шы­ғады. Кім түсінеді оны.
Артымда отырған екеуі кәйіп ұстап ыржың-ыржың күліп, мәз болып, өлетін балапандай шиқ-шиқ етеді. Несіне мәз болады бұлар? Қасіреті қалың сормаң­дайлар ғой, бұлар! Әке-шешелері бар шығар, олар білер ме екен?
Адам түріндегі айуан ғой бұлар. Титтей бір атым түйіршік үшін ештеңеден тайынбайтын жауыз қанішерлер. Суға салған терідей сілікпесі шыққан тірі тұлып. Өріп жүр ғой, қара құрым қаптап кетті.
Мектепте де, институт, қыз­мет­те де осылар жеткілікті.
Қасірет-ай, десеңші!

* * *
Меркіге жете бергенде Аспара атты көкорай қамысты жерде вагон-үйлерге орналасқан қаз-қатар асханалар жанына автобус­ты тұмау тигендей пышылдатып тоқтатқан гүжбан шойын қара шофер:
– Түсіп, тамақ ішіп алуға 30 минут, – деп гүж ете түсті. Обалы не, түстікке берген астары тіл үйірерлік дәмді-ақ. Оңтүстіктің асхана, дәмханаларының кез-келгенінің әзірлеген тамағы тіл үйірерлік дәмді ғой. Қымызы да бабында екен. Екі жанан ішіп едім, маңдайым жіпсіді. Дембелше келген қызыл шырайлы келіншек бәйек болып қолға су құйып, сүлгі беріп, елпілдеп кетті.
Баяғы интернат, одан әскердегі әдет бойынша мен тамақты тез-тез ішіп аламын. Бұл жолы да елден бұрын түстеніп, тамақ сің­сін деп ары-бері жүргіштеп жүр­генімде қаптаған вагон-асхана­лардың артынан бағанағы қыз көрінді. Көзі қызарып, домбығып, томсырайып алыпты, сірә жыла­ған-ау.
Автобусқа түгел отырып, жүріп кеткенде де жігіті көрінбеді, қыз артымда шошайып жалғыз отырды.
Меркіде үйлену тойына келе жатқан автобустағылардың дені түсіп қалып, ішінде үш-төрт қа­на жолаушы қалдық.
Орнымнан тұрып, қыз жанына келіп:
– Жаныңызға отыруға бола ма? – дедім.
– Мейліңіз, – деді ернін болар-болмас жыбырлатып селқос қана.
Меркіден ары қарай жол жөнделмеген, ойдым-ойдым, автобус зірк-зірк етіп, қолқаңды үзіп жібере жаздайды.
– Қайда барасыз, қалқам?
Ол маған жақтырмай ба­жырайып қарады. Мына үлкен кісінің не бұзық ойы бар деген таңданыс пен жеккөрінішті көзқарасты байқадым.
– Ванновкаға.
– Қазір Тұрар Рысқұлов ауылы емес пе?
– Иә, солай.
– Жаңағы жігіт кімің, қара­ғым?
– Күйеуім. Неғылайын деп едіңіз?
– Жәй әшейін… – Ә, ім, келін­шегі екен ғой.
Ол әңгімелесуге зауқы жоқ, ерні шүршиіп сүлесоқ отыр.
– Қарағым, неге наша шегесің­дер? – дегенімде келіншек орынан ыр­шып тұрып, қасқыр көрген елік­тей маған шошына қарап, алақ­тап есі шықты.
– Аға, ағасы. – Көке! Қайдан біл­діңіз? Сіз кімсіз? Тартпаймын мен…
– Сабыр, қарағым. Отыр ор­ныңа, тыныштал. Ақырын сөйле. Мен бәрін білемін. Сен де, күйеуің де наша шегесіңдер. Жалтармай-ақ қой.
– Сіз кімсіз аға, ментсіз бе?
– Жазушымын.
– Органның адамы сияқты­сыз.
– Жоқ, мен жазушымын. Бір­ақ мен бәрін білемін. Екеуің де құ­мар­сыңдар, ол көптеп тартады, ал сен кейін жақында әуес­тенген­сің.
Ол үндей алмай шөжіп, маған жаутаң-жаутаң қарайды.
– Органның адамы емессіз бе?
– Жоқ дедім ғой.
– Ант етіңізші.
– Міне, қарашы сенбесең, – деп сөмкемді ашып, жолға алып шыққан соңғы шыққан екі кітабымды, жазушылық куәлігімді көрсеттім. Ол суреттеріме, маған қарап-қарап иланғандай болды.
– Тағдырларыңа обал ғой. Жастай қиыласыңдар ғой.
– Енді қайтем, қоя алар емеспін.
– Кім тартқызды саған?
– Ешкім. Күйеуіммен ерегес­тім.
Мен баяғыда әскерде анаша оқи­ғасын қысқаша айтып бер­дім.
– Міне, нашаның иісін сона­дай­дан біліп қоятын ерекше қасиет содан пайда болды, қарағым.
– Аға, сенесіз бе, өлгім келеді, – деп ол сұлқ түсіп, маған көзін тесірейте қарап еді, жүрегім су ете қалды. Мына келіншек түбі өзіне-өзі қол жұмсауы кәдік. Өлі мен тірінің арасындағы бейбақ. Ол жұқалап, жайымен өмірін айта бастады.
– Күйеуіміз екеуіміз бір кол­леджде бірге оқыдық. Әдемі жігіт, әдемі киініп, әдемі сөйлеп жүріп, қалай уысына түсіп қалғанымды өзім де білмеймін. Онда топ-толық, зіңгіттей ірі болатын. Кейін ғой азып-тозып кеткені. Екіқабат болып қалған соң амал­сыз үй­лендік. Қарным шермиіп жүргенде байқасам, ол наша тартады екен. Бала тапқан соң мені тастап кетті, жындана жаз­дап темекі шектім. «Қарабет кө­рін­бе күйеуіңнің табанын жала, сол босағадан өлігің шықсын», – деп әке-шешем жолатпады. Қуды. Ақыры белімді буып, ба­лам­ды көтеріп, Алматыға келіп, іздеп тауып, қайта тидім. Ол «Кет, басыма бостандық бер!» – деп ұрса да, соқса да, шыдап бақ­тым. Ақыры, оның алдында күңі болып, көк тиын, қара бақырдай құным қалмады. Тірі өлік боп, темекі де уытымды қайтара алмай, өксіп-өксіп жүр­дім ғой, ағасы. Ол оқуды біржола тастаған, араласатын жора-жол­дастары кілең на­ша­қор­лар. Күні бойы пырылдап мысық сияқ­ты терезені қараңғылап тастап ұйықтайды. Түн баласы шегіп алып, кәйіп ұстап, қаңғып кетеді. Не ақшасы жоқ, не пайдасы жоқ. Аш-жалаңаш, пәтерақыға бел­ше­ден қарыз боп, кішкентай бөпем екеуміз қосыла жылап дал бола­мыз. Қит етсең, ұрып-соғып тепкілеп тастау әдетіне айналды. Кейде бес-алты жігіттер пәтерміз­дің ішін көкала түтінге толтырып, кәйіп болып, кеңкілдеп күліп, ауыздарына келгендерін былапыт оттап отырады. «Тамақ әкел»-деп айқай салады, «жоқ» десем ит құсап, көкала қойдай, көк шым­шық­тай ұрып жығып, тепкілеп тастайды. Күйікке шыдай алмай, жылай-жылай көз жасым таусыл­ды. Кейде асылып өлгім келеді, тек нәрестемді ғана қимаймын, соны құшақтаймын да ішім өртенеді. Бірде оның дайындап қойған жарты қорап косьяктарын тауып алдым. Қызықтап біреуін алып тұтатып тартып көрсем, тұманданып жүрген көзім шайдай ашылды. Көңілім сергіп, серпіліп, жадырап сала бердім. «Өлә, мынауың тамаша ғой» – деп анда-мұнда тығып тартып алатын болдым. Тартсам болды, бәрін ұмытып, рахаттанасың. Өстіп жүріп, қалай үйреніп кеткенімді де байқамай қалдым.
– Күйеуің қарсы болмады ма?
– Ой, қойшы оны. Жатып кеп қуанды. Мені тағы ұрып-соғатын шығар сілейтіп тұрып деп ой­лағам. – «Ой, жақсы болды ғой, енді екеуміз бірігіп іздейтін болдық қой» – деп қуанғанын көрсең.
– Апыр-ай,ә?
– Кей-кейде түңіліп кетем. Өмір сүргім келмейді. Тек жаным – бір тал ұлым бар. Сол құлынымды қи­маймын. Бір жасар, қазір төркінімде. Суретін көрсетейін бе сізге?
– Көрейін.
Ол қол сөмкесін шырт еткізіп ашып, алақандай ғана сурет берді. Уыздай сүйкімді нәресте талпынып күліп тұр. Періште күл­кі.
– Ұлың сүйкімді екен, періш­те ғой.
– Ақылды. Мені іздейді, сағы­нады, күтеді. Қайта-қайта барып келуге ақшам жоқ. Анда-санда бір көремін. Міне, бүгін бетінен сүйіп, мауқымды басатын шығар­мын.
– Күйеуің неге Аспарада қал­ды?
– Аға, күйеуіміз екеуміз бір күні тырайып қалатын шығармыз. Ол азып кетті, құр сүйегі сауды­рап қалды. Уақтысында тартпасам менің де қол-аяғым тартылып, жатып қаламын.
– Жігер-күш керек, қоясыңдар әлі.
– Әй, қайдам. Жорик, жүдә, құмартып алды, ине де салдырады. Менттерде учетта тұрады. Кейде түнделетіп алып кетеді. Бір түнетіп босатады.
– Соттап, емдетпей ме?
– Менттерге бай клиенттер керек. Жорик сияқтылардан солардың аты-жөні, дерегін алып, қоя береді. Бұлар да түн баласы жортып жүріп, тапқандарымен бөліседі. Қу тақыр кедей мұны ұстап неғылсын ондағылар.
– Ойпырым-ай, мынауың қиын екен.
– Достары жаман, бәрі наша шегеді, инеге отырады.
– Бәрі қазақ па?
– Көбісі. Студенттер де бар, оқушылар да. Әке-шешесі үлкен қызмет, бай, бизнесмендердің ұл-қыздарын аңдып, соларды айнал­дырып, нашаға үйретеді. Бір­еуі үш клиент табуы керек, сөйтіп то­пырлап көбейіп кете береді. Өңкей кеңкелестер ғой. Сіз көріпкел сияқтысыз, көке?
– Көбінесе айтқаным айдай келеді.
– Жорик, күйеуім, аман-есен келе ме? Айтыңызшы, көке?
– Тек бәрін түсіндіргін? Ол қайда кетті?
Ол сыбырлап, басын еңкейтіп аузын құлағыма тақап еді, темекі, ыс, есірткі иісі бұрқ ете түсті.
– Жорик Аспарадан түсіп, өзінің достарымен Шуға –
фро­нт­қа кетті.
– Шуда не істейді?
– Ол жақта наша дегенің теңіздей жайқалып өседі дейді.
Соны жинап әкеліп, жасырып сатады. Ұсталса, сотталады, құ­риды. Ал, аман-сау алып қайтса, жырғап қаламыз, бар қарыздан құтылып, байып кетерміз мүмкін. Ал, қолға түссе – біткені. Өзі де титықтап біткен, әзер жүр, әлсіз. Осы жолы мол пұл жинап алсақ, емдетпесем болмас.
Келіншек екі қолымен бетін жауып, қамықты. Безгек болған­дай иықтары селкілдеп, қалшыл­дап:
– Аға, автобустың ана артқы есігінің алдындағы тепкішегіне барып, темекі тартып келейінші? – деп сұранды.
– Бара ғой…
– Сіз тартпайсыз, ә?..
– Баяғыдан кейін қолыма шылым ұстаған жан емеспін.
– Жүдә, ондай да адам болады ә?..
Бүйрек бет келіншек, келте қиған шашын сілкіп тастап ана­дай жерде есік жақтауына сүйе­ніп, папиросын құныға сорады. Әлгі жас бұзаулар енесін емгенде басын шайқап, мекіреніп, рахат­танады емес пе!? Дәл солай, нашасын құныға сорып тұрып, ша­шын сілкіп-сілкіп қояды. На­шаның қолқамды қапқан сасық иісі келді, лоқсып әзер отыр­мын.
Келіншек сып-сып етіп қа­сы­ма қайта отырды. Көзіне жылт-жылт етіп, ұшқын бітіпті, беті албырап тұр, езуіне күлкі ілінген.
– Аға, ағатай, осы майданнан аман келсе Жорикті де өзімді де емдетем деп отырмын.
Үндемедім. Не дейін? Оның өз-өзін алдаған сөзіне қайтіп сенейін.
– Әке-шешең біле ме?
– Бәрі де біледі. Ұрысты, ан­да-санда тәуіп, емшілерге қарат­қан болды, Қырғыздағы атақты емшіге дейін бардық. Титтей де әсер етпейді, әбден денесін улап, жайлап алған.
– Өзің ше?
– Өзіме енді бәрібір. Өмірім бар ғой, аға, түс сияқты. Басым­ның ішіне мың-сан маса-сона кіргендей ашып кетеді. Ұйықтасам болды жылан көрем. Быжылдаған ақ, қызыл, қап-қара жыландарды жалаң аяқ, жалаң бас жалаңаш кешіп, басып бара жатамын. Ал­ға­шында зәрем ұшып, шо­шы­натынмын. Қазір үйреніп алдым. Ақ бас, сала құлаш жеңді білектей шұбар жыланым қайқайып жол бастайды, мен соңынан ере беремін.
Қайран ерте солған қызғал­дақтай қыздар-ай, қайран қор болған ортан жіліктей атпал жігіт­тер-ай!.. Балғын, бағлан боз­дақ­тарым-ай!..
Сендер қан соғыста мерт бол­саңдар, ұжмаққа барар едің­дер. Ал, мына мыңдарды мисыз­дандырып, нақұрыс, кеңкелес ететін у дәрі үшін аттанып, соның жолында қыршыныңнан үзілгенде кім дейміз?
– Аға, айтпадыңыз ғой, Жорик фронттан аман-сау келе ме, келмей ме?
Қай түпкірде болмасын тілдері бір екен-ау… Баяғыда әскерде Вальдемар наша алқабына жо­рық­ты – фронт деуші еді.
– Әй, қайдам?..
– Аға, білгем, білгем. Ол сор­маңдай қайтпай, тұздай құриды десеңізші. Түс көргем, жаман түс. Барма деп зарладым ғой. Құриды ғой енді. Бітті десеңізші!..
Жаңа ғана жымың-жымың етіп күліп отырған бүйрек бет келіншек көз жасын төгіп-төгіп, еңіреп жылап жіберді.
– Мен түсейін қарағым, Таразға келдік.
Қолымнан тас қып ұстап алған ол көзі боталап, пыс-пыс жылап:
– Ағажан, ол келсінші, келеді деңізші. Құлың болайын, – деп сілкілей бастады.
– Білмедім, қарағым. Жіберші, жүрегім лоблып тұр.
Автобустан түсісімен бұрылып қарасам, ол терезе әйнегіне жабы­сып әлдене деп жатты.
Жүрегім аузыма тығылып, басым зеңіп, аялдама бағанына сүйеніп тұрып қалдым.
Кебеже қарын қызыл автобус түтінін лақ-лақ құсып, ырсылдай жүріп кетті.
* * *
Екі-үш күн бойы қызуым кө­те­ріліп, ішкен асымды қайта құ­сып, жүрегім кілкіп, қолқа-бауы­рым аузыма тығылып, мұрнымнан анашаның сасық иісі кетпей зәрезеп болдым.
Екі-үш күн бойы теледидардан Шу алқабындағы нашақорлардың ірі тобын ұстағандары жайлы хабар қайта-қайта беріліп жатты. Ала қап арқалаған жақ жүні үр­пи­ген жыланкөзденген, арық наша­қор Жорикті бірден таны­дым.
– Әй, соры қалың, тасмаң­д­ай!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір