Біздің ауылымыздың табиғаты ерекше сұлу ғой, шіркін! Бір шетін бархан құмдар көркейтсе, екінші қиырында бойына талай тарихты бүгіп, құпиясын ағынымен әкетіп жатқан қарт Талас өзені бүлкіл қағады. Қырғыздың тауларынан бастау алатын Таластың ерекшелігі сол, өткел жерлері жазықтау болып келеді де, бір отар қой айдап өтсеңіз де лайланбайды. Табаны тастақ, қолыңнан теңге түсіріп алсаң да тауып аласың, мөлдіреп көрініп жатады. Ал құм жақтың табиғатын сөзбен суреттеу қиын. Әсіресе көктемде құм табиғаты адам айтқысыз сұлуланып кетеді. Құм жақтан ескен самал жел, гүлдеп тұрған сансыз өсімдіктердің хош иісімен қыттықтағанда, кеңсірігің кеңейіп, жан сарайың ашылып, жұпар ауаның самалын құшырлана жұтасыз.
Құм жиегіне, Талас өзеніне жақын орналасқандықтан ба, халықтың тұрмысы кей өңірлерден жоғарылау, шат-шадыман күй кешіп жататын. Әр аптаның соңында ауыл маңында көкпар тартылып, жағдайы келген кісілер ата-бабасына бәйге беріп дегендей, қазақи салт-дәстүрдің алтын тіні үзілмейді. Кеңес дәуірінде Чапаев жеміс жүзім совхозы деп аталған ауылым қазір Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Шахан ауылы болып, өз аталарымыздың атын иемденді.
Алты-жеті жастағы кезім әлі есімде. Әкем Мұстафа – ұста, анам Тұрған – тігінші болатын. Әкем ер тұрман, жүген, ноқта жасаса, апам жүн түтіп, сабаулап, сырмақ тоқу, құрақ көрпелер тігу, текемет басу дейсіз бе, арқан, қыл шылбырдың да түр-түрін есетін. Не керек, қолдарынан бәрі келеді. Шағындау шошақ қораның ішінде әкемнің түрлі аспаптары жиналады, бір бұрышында қақпандар, жәшікте бірыңғай етік тігетін қалып, келесі жәшікте балта шоттың түр-түрі, балғаның да жәйі, шың балғасы, төстің екі-үшеуі, түрлі егеулер, шегенің де ақ, сары ұзын, қысқасы, ағаштан жасалғандары неше түрі жиналады. Өзі ер шабады; «Жәй ер, құранды ер» деп екіге бөледі. Түйенің қатқан көнін әкеп, бір ай ағын суға тастап, жібітіп, илеп, құранды ерге тартып, сары шегемен түрлі оюлар жасап қаптайтын. Ерге, былғарыдан өрнектеп тоқым, жұқа ақ киізден терлік, сары жез жалатқан үзеңгі, күміс үзеңгі тағалдырығымен, желдік, тартпа, қанжыға, құйысқан, өмілдірік жасайды. Жүген ауыздықты күміспен аптап, сәндеп жасап, көңілі түскен сыйлы азаматтарға тартады. Қоқан түйіспен алты өрім, сегіз өрім,он екі өрім, жиырма төрт өрім бұзаутіс қамшыларды да жасап, ер тұрманға қосатын. Бірде майдангер Сұраншыұлы Өсер (1917–81) інісіне осындай сыйлық жасады. Өсер тәтемнің мінезі шатақ, айтқанынан қайтпайтын, өмірі екі сөйлемейтін, ширатылған қара мұртты, ақындығы да бар, сұсты кісі еді. 1941 жылы Соғысқа әкеммен қатар аттанады.
Біз жүрміз Украина майданында,
Сәлем бердік Шаханның шалдарына.
Бір Алла бәріңізге қамқор болсын,
Көніп жүрміз тағдырдың салғанына, –
деп өлең жазады екен елге арнап. Ауылдың ауыртпалығындағы кемпір-шал, бала-шаға оны оқып, көз жастарына ерік беріп, мөлдір тамшымен тостағандарын шаяды екен. Ол кісі де жиі-жиі әкеме келіп сәлемдесіп тұрады.
Жұма, сенбі, жексенбі біздің үйде толған кісі, абыр-сабыр. Үш бөлімшенің ақсақалдары әкеме шашын алғызады. Апамда маза жоқ, құдды хан сарайының ханзадалары келетіндей күй кешеді. «Бүгін үйге үлкен кісілер келеді», – деп ерте тұрып, сиырларды сауып, өріске айдап, шара-шара бөктірген бидай, я тары, я жүгеріге, ашытқысы сақ қосып, ақ ормалды Садан ағам екеумізге төрт бұрышынан ұстатып, аталап, боза жасайды. Үйдің айналасына су сепкізіп, бірінші шеңгел сыпыртқымен, сосын жұпар иісі шығып тұруы үшін, жусан сыпырғышпен сыпыртады. Жер ошаққа нан пісіріп алып, одан қалған көңнің шоғына шай құманды бұрқыратып қайнатып қойғаны. Оның жанында қол жуатын бұхар құманы тұрады. Әкпем Гүлбахира құмандардың суын еселеп, толтырып, шоғын өшірмей көң салып реттейді. Менің міндетім қол жуатын құманға шым-шым етіп ыссы су дайындап, ақсақалдардың шашын жібітуіне су құйып беру. Бірінші бөлімшеден, Сыдық, Нартай, Сарманқұл, екіншіден Әліпше, Тұрбек, Тойбек, өз ауылымыздан Оспанқұл, Әміртай, Тоғанас, Рәпіл, Әмізе, Әшірбек, т.б. кәриялар жиналып, шаш алдырады. Кейбірі ноқта, жүгенін жөндетіп, шалғысын шыңлатып, әңгіме-дүкен құрады.
Шіркін, көненің көздерінің әңгімелері-ай, бір-біріне айтатын қалжыңдары қандай десеңізші! Көп жылдар министрлікте, сосын М.Әуезов театрын басқарған, ғалым Еркін Тілеубайұлының атасы Жуасбек ақсақал, менің әкем Мұстафа екеуі 1941 жылы соғысқа аттанып, 1944 жылы біреуі сол аяғын, біреуі оң аяғын тізеден жоғары қалдырып, елге оралады. Екеуі үш бөлмелі қоржын тамда бірге тұрыпты. Базардан етік, кебіс, мәсі алса, екеуі екі аяғына бөліп киіп алады екен. Қатарлары: «Екеуіңе қандай жақсы болды, шығын аз, не алсаңдар да бөліп киіп аласыңдар», – деп күлетін көрінеді. Бір қызығы, Жуасбек ақсақалдың кемпірі Пияш апамыз бен менің шешем Тұрған 1945 жылы 21 мамырда бір күнде босанып, екі ұлдың атын Тілеубай, Тілеуқұл деп қойыпты.
Үйге жиналған ақсақалдардың айтатындары арғы-бергі тарих,одан қисса-дастандардан үзінділер, би шешендердің сөздері, тыңдасаңыз, дария дархан мол байлыққа кенелесіз де қаласыз. Зерде, жадыңыз мықты болса, тоқып отырсаңыз болғаны. Әңгіменің түйіні әкеме тіреледі. Он екі, он үш жасынан жылқы баққаны, ұсталығы, бапкерлігі, ит жүгірткені, қақпан салғыштығы айтылады. Ол кісінің өзі қолдан шауып жасап алған қалақ домбырасы да бар, құйқылжытып шертпе күйлерді тартып отыратын. Әкем мінезі ауырлау, көп сөйлей бермейтін.
Кейде шешіліп: «Бұл 1920 жылдар еді», – деп әңгімесін бастайтын. Ол уақыттарда ауыл құм жиегінде Астауқобыға таяу отырыпты. Атақты адамдарға ас бергенде, келін түскенде, бала сүндетке отырғанда той жасап, арты бәйге, көкпарға ұласатын қазақтың салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмай, дәуірлеген кезеңдері ғой. Сұраншы, Тіленші, Махамбеткәрім деген әкемнің дәулетті ағайындары Көк ойдың шығысынан орап, қызыл құмды жайлап, үйірлеп жылқы ұстапты. Қыста Мыңқұдық аталатын қызылдың ортасына жайғасып, еркін жайлайды екен. Тіленшінің қуса жетіп, қашса құтылып, алдынан жылқы жібермейтін, ана шеті Мойынқұм, Шу өңірі, былайы Ұланбел, Арқа аймағына белгілі атақты «Қарақасқа» атын әкем аузынан тастамай айтып отырар еді. «Жылқының төбелі, ай төбелі, қасқасы, ай қасқасы, шал қасқасы болады. Шал қасқа екі құлақтан тұмсыққа дейін жалпақ болып келеді. Тіленшінің сәйгүлігі есік пен төрдей шал қасқа еді, бір көзі шегір, төрт аяғы тізеден төмен шашасына дейін аппақ, артқы екі тұяғы да ақ болатын. Артқы санында аздаған тыртығы бар, құлынында қасқыр тартса керек, ит-құс та жауын ерте сезеді ғой», – деп отыратын. Көктем күздің сілебе жауындарында Тіленші қарақасқаның құйрығын ширатып, қылын шашыратпай, сұлудың бұрымындай етіп түйіп, ауылдың жанынан әсем жүрісімен алшаңдатып өте шығар еді. «Жануар киелі, қасиетті, бәйге-сәйгені айтпағанда, оның алдынан бірде-бір қасқыр құтылып көрген емес, қасқырдың қарасын көргеннен екіленіп, аршындап қызылқұмның екі белінен асырмай жететін еді», – деп әңгімесін жалғай берді. Атам Зарлының Сырттан деген қарасұр төбеті болыпты. Тіленші бірі жарғақ құлақ көк қаншық, екіншісі сұр жебе аталатын шашақ құлақ тазыны жүгіртіп жүріпті. Сырттан ауылға көп сұғанақтамай, оқшаулау төбешікте жатады екен. Алғашқы қар жауа Тіленші қарақасқаға мініп, қансонарға шыққанда қарсақ, түлкіні былай қойғанда, қарақұйрық, киіктерді де аулап, қанжығасы майланып, жанындағы біздер жиып-теріп жүруші едік дейді. Ал қасқырға арнайы дайындықпен шығатынбыз. Құмның арландары қызылқоңыр, кейбірі қоңырқошқыл болып келеді. Оларға біздің үйдің сырттаны болмаса, аны-мұны ит шаба бермейтін. Тіленші де Зарлы атамнан сырттанның бабын сұрап, қарақасқамен ары-бері ойқастатып, байқайды екен. Егер Сырттан өзі ермесе ол күні аңға шығу жоқ. Бірде Арқадан «Ауғанаяқ» деген ерекше, жоны қан қызыл арланның Ұланбел, Шу өңірлерін шулатып, небір кәдігі аңшыларға алдырмай, Мыңқұдыққа қарай беттегенін естіп, Тіленшінің мазасы кетіпті. Онда жастаумыз. Тіленші Зарлы атама келіп: «Сырттанды баптасаңыз», – деп жүріпті. Тоқсұлу апамыз сырттанның тамағын жеке қайнатып, даярлайтын көрінеді. Ауыз жиып үлгергенше, «Абадан қызыл бөрідей», – деп Бұхар бабамыз айтатынындай, Арқаның «Ауғанаяғы» тобымен келіп, қызыл құмның жылқыларын жара бастайды. Не бір кексе айғырлардың үйірінен ту биелердің қарынын қауындай қақ айырып, қазысына тояттап, шығындай бастапты. Қаңтардың қара шұнақ аязында Сырттан да қарға аунап, жүнін тазартып, айбаттана түнде қайта-қайта үріп, ауыл маңындағы жылқыларға барғыштап жүріпті. Атам, бір қауіпің келе жатқанын ағайындарға айтады. Қаңтардың алтын күрек, бораны соға бастағанда екі тазысын ертіп, ауылға Тіленші жетеді ғой. Оншақты атты адам, қан сонарға дайындалып, сойыл, шоқпар әзірлеп,ауылдан шыға бергенде қыр басында отырған Сырттан да, бір керіліп алып, маңқ етіп, алдымызға түсті дейді. Бәрімізде аршындаған жарау аттар, кейбірінде дүрек тазылар, қиқуға-қиқу қосып, қызыл құмды жиектеп келеміз. Мен топтан оқшаулаумын, өйткені Сырттан көпті аса ұната бермейтін, оның үстіне көп иттер одан қаймығып алшақтау жүреді. Кездескен қарсақ, түлкі-торымдарды тазылар жібермей қағып келеді. Тіленші топты екіге бөліп, біразын қызылға кірігуге, бізді құм сағасымен жүруге бағыттады. Өзі қарақасқаның екпінін әрең тежеп, көк қаншық пен сұр жебенің ығына қарайлап келе жатқан. Бір кезде екі тазы алға ұмтылсын. «Мұстафа, татырға айда, қасқырды сонда қайырамын», – деп Тіленші қарақасқаның басын жіберді. Еті қызып, ойнақтап келе жатқан жануардың, төрт тұяғынан атқан қар оқша борап, ә, дегенде ақ, қызылға кіріп, екі тазыны өкшелеп кетті. «Сырттанның» да қарасұр түсі өзгеріп, қысқа бейімделіп, көкшіл тартқан еді. Бірдеңені сезгендей арқа жүндері тікірейіп, екі көзі от шашып, еркін жүгіріспен келеді. Мен, ағам Бопыр, Өсер інім үшеуміз қапталдасып келеміз. Бір кезде Өсер: «Әне, кетті-кетті», – деуі сол-ақ екен Сырттан оқша атылды да, белден бел асып, кете барды. Алыстан Қарақасқа аттың шабысын танып, біз де солай шаптық. Сүт пісірім уақыт өтті ме, жоқ па – көз ұшында ақ қардың үстінде арпалысқан, иттің сырттаны мен қасқырдың арланының майданына жеттік. Қарақасқа аттың таянғанын, тұяғының дүбірін сезді ме Сырттан да аянып қалмады. Біздер де қиқулап жеттік-ау! Жоны қан-қызыл арлан мен көк төбет жан алысып, жан берісіп жатыр. Ақ қар, қызыл қанға боялған. Тіленші қамшысын көтеріп, бізге: «Тоқтаңдар», – деп белгі берді. Анша-мұнша қасқырларды кеудемен қағып құлатып, азуды алқымға салып жіберіп, буындырып тастайтын сырттанға ананың алдыратын түрі байқалмайды. Мойны бітеу қанқызылды сырттан алқымнан алуын-алады, бірақ тісі бата қоймады. Арлан бізді елер емес, жұлқынып шығып, бірін-бірі қан жоса етуде. Сырттан бір кезде арланды құлақ шекесімен қоса алғанда, екеуінің жақтары айқасты да қалды. Тіленші «мертікпесін» деді ме, аттан түсіп, таяп барып, қысқа келтекпен арланды тұмсықтан бір періп, аунатып, қамшының сабымен сырттанның арланмен айқасқан тістерін әрең ажыратты. Сырттанға жаным ашыған мен де аттан түсіп, итімді құшақтай алдым. Кереқарыс ауызынан тілі салақтап, қан-қан денесін керіп, бір сілкініп алды да, ары қарай ентелеп, жүгіре жөнелді. Біз де атқа қонып, солай ұмтылдық. Көк қаншық пен сұржебе ә дегенде қан қызыл арланға батпай, екінші қасқырдың соңынан түссе керек, қасқырды қуып жетіп, екі жақтап, әр жерінен тартқылап, қайтармалап жүр екен. Ызалы Сырттан оны кеудемен қаққанда бір-ақ аунатты да, кере қарыз азуды алқымға бір-ақ салды, екі тазы үшеуі керіп тастады. Не керек, сол бір екі күнде ауылға Арқадан ауған бес қасқырдың терісін әкелдік. Қан қызыл қасқырдың ірілігіне, терісіне таң қалған ақсақалдар, мұның түбі қорқау қасқыр екенін айтты. Айта берсек «сырттанның» мұндай қасқыр алуы жылда бірнеше рет қайталанатын. Анша-мұнша аттарға Сырттан ілесе бермейтін. Шіркін, Қарақасқа атпен бір-біріне нағыз серік еді. Шаршағанда жүрмей жатып алатын, атқа өңгеріп, әкелетінмін», – деп әкем қолындағы қамшысын өріп отыра беретін. Кейіннен Сырттан қартайып өлгенде «Майкөт», – деп әкемдер аузына қойдың құйрығынан тіліп салып көмген екен. «Қасқыр алатын төбеттің соңғылары болса керек, содан кейін бізге ондай ит кездесе қоймады», – деп әкем бір күрсінді.
Сол уақыттарда ел аң етіне, қасқыр, түлкінің терісіне қарық болып, қасқыр ішік, түлкі, қарсақ ішіктер киіп, жадырап, жарқырап жүрер еді дейді. Қарақасқаны көбіне бәйгеге, аяғын шаптырып алмайын деп, анда-санда көкпарға да қосып жүріпті. «Қалың ел салма көкпарды тартып болып, ал енді алып қашуға рұқсат дей бергенде, құмның биік шоқысының үстінде Қарақасқа атты Тіленші қайдан екені белгісіз, табан астында пайда болып, қасқайып тұрады екен. Көкпаршылардың да, аттардың да еңсесі түсіп, көңілдері су сепкендей басылып, көкпарды Тіленші еш жаққа жібермей алып қалатын еді», – дейді. Осындай қызу өмір қайнап жатқан кезеңі болса керек, Шымырдың Сырлы атасына үлкен ас беріп, Ұланбел, Шу, Мойынқұмды мекендейтін ағайындар жиналып, бәйге, көкпар болыпты. Тіленші сырқаттанып, Қарақасқа атты бәйгеге қоспай, бәйге басқаларға кетіп, кезек көкпарға келгенде ел шулап: «Көкпардан да айырылатын болдық», – деп абыр-сабыр күй кешеді. Көкпарға төрт жасар серке тасталып, азаматтар қиналып, ауырсынып тартысады. Десе де небір қасқыр жігіттер бар, көкпарды ауылдан ұзатып әкетіп бара жатады. Сол уақытта Тіленші орнынан тұрып, Қарақасқа атты ерттеп, көкпар алаңына келіпті. Ел аң-таң! Тіленші: «Мұстафаны шақырыңдар, Қарақасқа атпен сол ғана шаба алады», – депті. Көкпар ауылдан ұзап кетсе керек. Тіленші әкеме: «Мұстафа, көкпар ұзай берсін, асықпа, Қарақасқа аман болса жібермейді, ана шоқыға қарай қиғаштап шап», – деп қиыс жатқан жақты нұсқайды. Әкем аң-таң, «Неге», – десе Тіленші: «Көкпаршылар қазір анау биік құмнан аса алмай оң жақтағы татырға бұрылады, сол уақытта Қарақасқа төтеннен киіп жетеді, бірақ мықты болсаң жарадың, көкпар қолыңа тигесін Қарақасқаны арғы биік қызылға сал, ешбір ат қызылдан аса алмайды, сен асасың да келесі қызылды айналып ауылға қайта тартасың», – деп кеңес беріпті. Неткен ұзақ жол, не де болса әкем астына Қарақасқа тигесін аянсын ба, аттың басын айтқан жаққа бұрыпты. Ел аң-таң. Айтқанындай-ақ, Қарақасқа биік шоқыға жете бергенде тезек тастап, еті қызып, сосын барып еркін көсіліпті. Тіленші айтқандай биік қызылдардан аса көкпарға жетіп, ауыр серкеге әкемнің де қолы жетеді. Қарақасқаның қайдан келіп қалғанына таңқалған көкпаршы да 16 жасар әкемнің тегеурініне шыдай алмай көкпарды өзі-ақ бере салады. Әкем сол жолғы қарақасқаның шабысын, аузынан суы құрып айтып, таңқалып отырар еді. Жануардың тұяқтары түйенің табанындай жалпақ, құмға бейімделген еді дейтін. Кейіннен Тіленші науқастанып, Қарақасқаны нағашылары сұрап әкетеді. Арқа, Шу, Ұланбел жақтан Қарақасқаның бәйгені алғаны жөнінде әңгімелер естіп жаттық…
Жігіттің сұлтаны Тіленшіден артында ұрпақ та қалмапты.
1950 жылдары Кеңес өкіметі халықты дүбәраландыру саясатымен қазақ жеріне басқа ұлт өкілдерін қоныстандыра бастайды. Қаншама шалғай десек те, біздің ауылға да сол уақыттарда орыстардың отбасыларын, кавказ ұлтының өкілдерінен карашай, балғар, әзірбайжан, неміс, қытайдан келген ұйғыры бар – ауылымыздың жиырма пайызына жуығы басқа ұлттарға толығып тұрды. Сонымен қатар жетім балаларды асырап алу да халыққа жүктеледі. Сәрсенқұл кәрия Сейтқан деген, Әбилім ақсақал Шарафаддин атты әзербайжан баласын үйлеріне кіргізіп алады. Ол уақытта халықтың саясатпен шатағы жоқ, әркім шама-шарқы жеткенше жан бағыста болатын. Мал ұстау жөнінде өкіметтің елге бекітіп берген тұрақты есебі де болды. Бес қой, бес ешкі, бір сиыр, бір жылқы – одан асуға болмайды. Әкей отызшақты қой, екі бұзаулы сиыры, тана, торпақтары, екі құлынды бие – осы шамада мал ұстады. Ауылсоветтің хатшысы Кенбаев Асқар деген ағамыз санақ жүргізгенде әкеме келіп сәлем беріп, хал жағдайын сұрап, «ардагер ақсақалға бәрі жарасады», – деп кететін еді.
Бірде әкемді ауданға шақырып, жоқ аяғына арнап (протез) жасамалы аяқ беріп жіберіпті. Тізесі бүгілетін қондырғысы бар кәдімгі аяқ. Әкем оны шөп шабарда киіп алып, шалғыны еркін тарта беретін болды. Не керек, әкемнің көп жағдайына жарап бақты. Атқа мінсе де, кейде ауыл ақсақалдарының шашын аларда да киіп алатын болды. Ескі әдеті бойынша жұма күні ауыл ақсақалдарының шашын алып отырған, астында Қарақасқа аты бар Кәдірхан деген жылқышы інісі келіп шашын алдырды. Баяғы Тіленшінің Қарақасқа аты есіне түсті ме, әкем атқа қарап қойды. Бұл Қарақасқа да бәйгеге салынып, атағы шыға бастаған бір керемет, сүмбүл сұлу, керім жылқы болатын. Қариялар көкпар туралы әңгіме қозғап: «Әбилім ақсақал асырап алған Шарафаддиннің керемет көкпаршы, өзі тауда жылқы баққанын таңдана айтып», – отырды. Ауылда апта сайын көкпар өтіп, Шарафаддиннің аты асқақтай берді. Бір күні әкем ауылда мал дәрігері болып істейтін інісі Тастанов Жайнақ ақсақалды шақырып алып: «Сенбі күні маған Кәдірханның Қарақасқасын әкеп бер», – деп тапсырды. Апта да аяқтала Жайнақ көкем әкеме Қарақасқаны әкеп берді. Жол жорғасы бар, ірі жылқы еді. Әкем құранды ерін салып, қос тартпа тартып, жасанды аяғын киіп, ауылдың ар жағындағы Қожа баздың жанында болып жатқан көкпарға барады ғой. Ақсақалдар, орта жастағылар, жастар, не керек сенбі күні бүкіл ел сонда. Кәриялар: «Мұстафа ақсақал келе жатыр», – деп шу ете қалады. Әкем болса: «Кәне, мақтап жүрген Шарафаддиндерің қайда, менімен көкпарға түссін», – деп алаңға тұрады. Шарафаддин әкемнің бір аяғының жоғын біледі. Көкпар қызу қандылардың ойыны, елге қызық керек, шулағасын, амалсыз ол да атқа қонады. Көкпар ортаға тасталады, әкем: «Әй, Шарафаддин ана көкпарды маған әпер, тақымға басамын, тақымымнан ала алсаң, мықтылығыңды мойындаймын», – деп өтініш жасайды. Жиырма үш жастағы жігітке не тұрады тәйірі, көкпарды жерден іліп алып әкеме береді. Әкем Қарақасқаның мықтылығын біледі, сау, сол аяғының тақымына көкпарды басады да: «Ал шырағым, енді ала ғой», – деп Қарақасқаға қамшыны бір тартып, желе-жортып жүріп кетеді. Ел шулап айқай басталады. Шарафаддин көкпарға жабысады. Алғашында ақсақ адам ғой аттан ауып қалар деген оймен, аяушылық білдіріп көрсе, ақсақалдың тақымы тас, көкпарды қозғалта да алмайды. «Қой болмас», – деп шындап бастайды, бірақ көкпар еш қозғалар емес Шарафаддин шаршай бастайды. Ары жұлқиды, бері жұлқиды, бір сағаттай арпалысады, қолының қары талып, әлі кетеді, ел болса шулап: «Жас арыстан», – деп атағы шыққан көкпаршыны мақтап-мадақтап ал-алға көшеді. Қарақасқа атты айналдырып, әкем, қалың топтың ортасына келеді де: «Мақтап жүрген көкпаршыларың осы ма еді, – деп сау аяғының тақымын көтеріп жіберіп көкпарды жерге тастап, – ал сау болыңдар», – дейді де ауылға қарай аяңдап кете береді. Әкемнің қатарлары: «Бәсе, біздің де намысымызды қорғайтын адам бар екен ау», – деп мәз-майрам болыпты. Кейіннен Шарафаддин үйге келіп, шаш алдырып отырған ақсақалдардың алдында әкемнің аяғына жығылып, қарт майдангермен көкпарға түскеніне өкінішін білдіріп, кешірім сұрапты.
Бұл 1966 жылдар еді…