Кәмел ЖҮНІСТЕГІ
Камераның есігі сарт-сұрт ашылып жатыр. Әлдебіреу жүгіріп өтті, әркімнің әкіреңдеген боқтық сөзі. Тағы не боп қалды екен деген мазасыз ой жүйкені жегідей жеген.
«Шық!», – деген бұйрыққа қоса сол қолына кісендісі, қоса жеткен.
Сейілдейтін киіз үйдің онындай алаңша болушы еді, солай қарай айдаған. Сол жерде тағдырлас серіктесім Зейнолла тұр. Е, Құдай, жау емес тірі адамды көретін күн де болады екен. Сонау отызыншы жылдардың иісі аңқыған, отыз жетінің зары қабырғадан естілетін тас түрмеде сегіз ай бойы жалғыз қамауда болған басыма мынау бір жұмақтай көрінген. Сол камерадан тергеуге ғана апаратын. Көретінім бедірейген тергеуші Мұқанов қана. Артқы жағымнан келіп соққыға жығатындарды да көріп үлгермеймін. Е, бір жолы Мұқановтың сементал сиырдай жап-жалпақ орыс қатынын көргенім бар. Орындықтың арқасына мені таңып байлап тастаған еді. Соған да іштей қуанғанмын. Соққанда орындықпен қоса құлайсың, тепкенде бірер тепкісі орындыққа тиеді деп іштей жорамалдайсың.
– О, боже, – деді көк көз жалпақ сары қатын.
Бөтеннен көрген тірі адaмым сол қатын. Енді, міне серіктесім Зейнолла алдымда тұр. Сенейін бе, сенбейін бе?
– Сен қайдан тұрсың?
– Айтпады ма? Этаппен
жөнелтетін болыпты.
Алаңшаның бір бұрышындағы темір есік ашылып, ар жағындағы темір қапасты машинаға мінгізіп, ала жөнелді. Қайда апарады? Бәрі жұмбақ. Өткенде тап осы темір машинаға мінгізіп сотқа апарған. Секіріп түскенде ентелеп тұрған овчаркасы жұлып ала жаздаған. Арсылдаған төрт-бес ит, мылтықтарын сарт-сұрт өткізіп оқ салып дайындаған бір бөлімше әскердің арасынан өткізген еді. Әлдекімнің атымды айтып айқайлағанын естігем. Ал бүгін ше?.. Пойыздардың біріне жалғанған вагонзакқа салып жүре берер ме екен? Ең болмаса үй ішінің біреуімен жолықтырып, қоштастырмады да ғой. Әйтеуір, жолазық алдыртыпты. Жүрісіміз ұзаққа созылмады. Темір жәшіктің әр қабырғасына кезек-кезек соққылаған мәшине кілт тоқтады. Кенет есік ашылды.
– Шығыңдар!
Бұрын көрмеген ғимараттың алдына келіппіз. Айнала тегіс тікенекті сыммен қоршалған. Сұп-сұр ғимараттан жаздың осы мезгілінің өзінде суық ызғар ескендей. Айдай жөнелген. Тағы да кісі жейтін овчаркалар, тағы да мылтықтарын кезенген солдаттар. Қайда әкелгенін білгім келіп, шыдамсызданып келемін. Бір реті келгенде
– Бұл қай жер, – деп қалдым айдаушыға.
– Он алтыны білмеуші ме ең?
– Е, атақты он алтыншы түрме осы екен ғой. Совет одағы көлеміндегі ең атақты түрме… Жиырмадан жаңа асқан шағым. Аз ғана ғұмыр, дүние есігін кеше ғана ашқан шақтан бергі мезгіл көз алдымнан тізіліп өте шықты. Ендігі ғұмыр түрмеден түрмеге түсу болғаны ма?.. Өзі қалап алған жол. Мына орыстың отаршыл зомбылығына қарсы «ЕСЕП» деген ұйым құрды. Туған халқы қырғыннан, атып-асудан есеңгіреп мүлгіп жатыр. Япыр-ау, бір азамат бірдеме деу керек қой. Бұлар өздерін құрбандыққа шалған топ.
Бас аяғынды! Мылтықтың ұңғысының ұшы арақаға қаттырақ тиді.
Түрменің әлде екінші, әлде үшінші қабатына айдап апарып, бір камераның есігін ашқанда, қолды шешіп, мылтықтың дүмімен итеріп, кіргізіп жіберген. Камераның іші бос, тірі жан жоқ. КГБ-ның түрмесі емес, бұзақы-бұзатарларға толы түрмелерде әр камерада пәленше адам отырады деп еститін едік, мынасы түсініксіз. Торланған терезенің өзі түстік жаққа қарап тұр. Камераның қай тұсына орналасарымызды білмей сәл аялдадық. Төр, естуімізше, нағыз бандиттің орны. Енді онымен төбелесіп жату орынсыз. Сол жақ қабырғаның орта тұсына жайласқанбыз.
– Тек екеуіміз, ә? – деп Зейнолла таң-тамаша.
– Иә, бұған да шүкір.
Шүкір демеске лаж бар ма? Бұзатардың бір тобын кіргізіп жатса, енді солармен айқасып қалу біз үшін пайдасыз. Біз сияқты саяси сотталғандарға үстеме пәле жалғап, «төбелес ұйымдастырды», – деп қосымша кесік жалғай салу түкіргеннен оңай. «Ей, Алла, шүкір!», – демеске болмас.
Бір түрменің ішінде пәленше ай жатсақ та көріспеген екеуіміздің айтарымыз жеткілікті. Бірақ, мына оңашалауларынан тағы сескендік. Әйтеуір, осы камераның бір жерінде бізді көретін көз де, тыңдайтын құлақ та барын ішіміз сезеді. Бірер сөз айтып қана мылқау адамша ымдасып, аман қалған жолдас-жоралар туралы тіл қатысқан болдық. Таудың қуысында қалған машинка туралы пианино ойнағандай саусақтарды билетіп, ол туралы еш сезіктің болмағанына риза болыстық. Машинисткамыз Рымкеш әйтеуір әзірше дін-аман. Машинканы тыққан жерімізді ұсталардан тура бір ай бұрын келіншегім Ғалияға жобалап көрсеткенмін.
Коридордан тағы бір шу шықты. Түрме айқай-шусыз болушы ма еді, тек мына шу біздің камераның алдында болып жатқанға ұқсайды. Біреуді біреу желкелеп жатқандай. «Жазығым не?», – дегенді құлақ шалды. Салдыр-гүлдір есік ашыла бастаған. Мылтықтың дүмі жауырынына қаттырақ тиген адам еңкеңдеп барып бойын түзеп қалт тұра қалды. Орта бойлыдан жоғарырақ, сақал-шашына ақ кірген қазақ камераның тура орта тұсына отыра кеткен. Жылдамдата басқаны өзгешелеу көрінді. Тап осындай жүрісті біздің жақтың үлкендерінен көрген емеспін.
– Ассалаумағалейкум, ақсақал.
– Әлейкумсалам, – деп ақсақал бетін бұрды. Көз жанары өткір екен, өн-бойымды тінте қарап шығып, серіктесім Зейноллаға көз тоқтатты. Ақсақал үстіндегі қысы-жазы бірдей киюге жарарлық көнетоз сырма бешпентін шешті де, бір өңірін астына төсеп малдас құрып отыра кетті. Мұнысы да таңқалдырған. Иә, біз бір-бірімізге бөтенбіз ғой, ал мына кісі өзін тіпті бөтен сезінетін сияқты. Сәле-
мімді алғаны болмаса бізге мойынын да бұрғысы жоқ. Жобасы елуден асып кеткен ақсақал өзінен ширек ғасыр жас біздің кім екенімізді де сұрамады. «Біздің жақтағы осы шамадағы ақсақалдар үйірсектеу болушы еді, мына кісінің мұнысы қалай?», – деген ой келді.
– Ақсақал, ыңғайсыз жерге отырдыңыз ғой, төрлетсеңізші.
– Е, шырағым, төрлет де… – деп ақсақал күрсінді.
– Жасыңыз үлкен, төрлете отырыңыз.
– Төрге өрлеп болдық қой. Енді бізге төр не қажет? – деген ақсақалдың үнінде жабырқау, түңілу бар. Бетіме тағы бір үңіле қарады. «Неге үңіле береді? Көргенім жаңа, сенбейтіндей не жазып қалдым бұл кісіге?». Айтпақшы, мен өзім де ешкімге сенбеуші едім. Ол жағдайым өзіме түсінікті. Үкімет пен партияға қарсы жасырын жұмыс істеген соң, өмірім солай болуға тиіс. Ал, мына кісі… Құдай-ау, «совет үкіметіне де осындай бір шал қарсы шығыпты», – дегенді естіген емеспіз. Ахаң, Әлекең бастаған ақсақалдар отызыншы жылдардан бері асқан жоқ. Сонда, мына кісі кім? Тап Ахаңдардың тобынан жазатайым біреуі тірі қалып, түрмеден түрмеге кезіп жүрсе біз сияқты өрімдей жаспен тілдеспей қалмас еді…
– Ақсақал, ең болмаса жақындай отырсаңызшы. Тіпті, ұят қой мынауыңыз.
– Ей, шырағым, қайтесін менімен араласып, әркімнің өз жөнімен жүргені дұрыс. Мені бір кердеңдеген адам деме, бірақ жөні солай болып тұр…
Дегенмен тегін адам емес, ғалым шығар. Санамды белгісіз күдік биледі. Бірақ, біздің «халық жауын» әшкерелегіш, кешегі досын «жау ниетін білмей қалғыштарды» көпіртіп жазатын газеттер әзірге үнсіз. Сонда мына пенде кім? Ол кісімен тілдесіп отырған мен ғана. Серіктесім үнсіз тыңдап отыр.
– Кім деп түсіндік мына кісіні? – деп қалдым оған.
– Білмедім, – деп Зейнолла иығын көтерді.
Бешпентінің бір өңірін астына басқан ақсақал бір мезетте шалқалай берді де құлап түсті. Аяқ-қолы ербеңдеп, тыпырлап жатыр. Мұндайды көрмеген басым, түршігіп кеттім. Ата-анамның, әжемнің «Алланың пендесіне әркез көмектесу парыз», – деп үйреткен. Жүгіріп көмекке бардым, аяқ-қолын Зейноллаға уқалатып, аздаған суымыз бар еді, бетіне бүркідік. Бір кезде көзін ашты-ау… Өзіміздің де жан-теріміз шыққан. Басын көтеріп сүйемелдеп отырғыздық. «Ішіңіз», – деп берген суымызды бірер ұрттап барып дем алып, зорға тауысты.
– Ақсақал, не болды?
– Солай, шырақтарым.
– Ауру ма едіңіз?
– Жоқ, ауруым жоқ еді.
– Енді… – деп біз аңтарылдық.
– Басыма бірде соққы тиіп, сонан бері осындай күйге ұшырадым.
– Ақсақал, туысқандарыңыз бар ма еді?
– Бар, бірақ тым алыста. Олар мұнда келе алмайды, – деді.
– Ақсақал, айтыңызшы, сіз осы қай жақтансыз, – деп сұрадым.
– Қарағым, мен Қытай жағынан келген қазақпын, тап кәзір Қарабас дегеннің түрмеден әкелді.
– Мұнда қалай тап болдыңыз?
– Е, қарақтарым, тағдыр да. Ал, өздерің бұл түрмеде қалай түстіңдер?
– А, ол… – деп бүгіжіктеп бір-бірімізге қарадық.
– Айта беріңдер, менен сөз шықпайды.
– Саяси қылмыс істеп.
– Не дейсіңдер? – деген ақсақалдың көзі шоқтанып кетті.
– Жасырын саяси ұйым құрып, сонан ұсталдық…
– Сонан…, – деді ақсақал.
– Әр жағын тәтпіштеп қайтеміз. Осында бүгін келдік, тағы бір жаққа жіберетін тәрізді. Енді сіз өзіңіз туралы айтыңыз.
– Есімім – Дәлелхан болады.
– Дәлелхан дейсіз бе? Естіген есім сияқты. Бірақ, мұндай есім біздің жақта кездеспейді. Қызық екен. Менің інім бар еді, аты Жәлел. Тым ұқсас аттар екен, – деп танданысымды жасырмадым.
– Иә, түбіміз қазақ болсақ та, әр жақта түрлі өзгешелік болады ғой.
– Ақсақал бізге жалтақтай қараған. Өңінде бір сенімсіздік бар.
– Сіз бұл жағдайға қалай тап болдыңыз? Өзіңіз Қытайдан келген екенсіз. Сізді соттайтындай ұрлық істеп, кісі өлтірген жоқ шығарсыз.
– Ондай пәледен аулақпын, бірақ тағдыр деген адамның тілегіне көнбейді екен.
– Енді не?
– Екі үлкен вагон түйісіп қалып, – деп Дәкең ақсақал қос жұдырығын бір-біріне соқты.
– Вагоны несі? Теміржолда істеп пе едіңіз?
– Жоқ, теміржолға жолаған пенде емеспін… Әй, шырақтарым-ай, екі дәу вагон түйісіп қалып… – Дәкең қолын сілтей салды.
Ештеңе түсінбедік. Ес жиып алайық, сонан соң тағы сұрармыз. Менің қапшығымда сынық сүйем қазы бар еді, алдына газеттің бірін жайып, азырағын турап қойдам.
– Алыңыз, Дәке, бұйырған ас шығар.
Бір тілімін алды да алақанына салып «бүйтемін деп пе едім?», – деп басын шайқап ұзақ отырды. «Құдай-ау, бұл не адам?», – деп бетіне жалтақтаймыз.
Ақсақал бір кертпе қазыны аузына салып, ұзақ шайнады. «Болдым, рахмет!» дегеннің ишарасын білдіріп, қолын сүрте бастаған.
– Елдің дәмі ғой, – деп зорлағандай тағы бір турамын қолына ұстаттым.
– Әй, шырақтарым, қатерлі жаққа кетіп барасыңдар. Мен аштан өлмеспін. Өлсем, әйтеуір, қазақ жерінде сүйегім қалар. Мына азғантай астарыңды ешкімге көрсетпей енді тығып ұстаңдар, әлі қысыларсыңдар, берік болыңдар! Ал, енді маған ешкім көмектесе алмайды…» – деген Дәкеңнің дауысы жарықшақтана шықты.
Жарықшақ үнінде шексіз сағыныш, үмітсіз түңілу жатыр. Ақсақалдың өкініші санамды тілгілеп, жүрегіме қанжардай еніп бара жатыр.
Дәлізден тағы да шу шықты. Сол шуды қаһарлы да қатігез бір айқай басып барады.
– Қайда деймін? Әлгі …баевты қайда тықтыңдар?
Қаһарлы дауыстың қай «…баевты» іздегенін қалың шудан анық ести алмадық. Не қылса да оның осынша жұлқына іздеген адамы бандиттің өзі шығар деп іштей топшылаймын. Тек Дәкең ақсақал сабырсызданып, қозғалақтап, тізерлей отыра қалыпты.
– Мына камерада, – деген надзирательдің үні естілді.
– Иоп твою… «Оны ешкімге көрсетпеңдер, жолықтырмаңдар!», – дегенім қайда? Сен иттің баласы осы үшін басыңмен…
– Ойбай-ау, осында отырған екі жігіт те 58 статьямен сотталғандар. Сіз іздеген шал да 58-дің адамы. Сосын бірге қостық.
Сарт етіп есік ашылды. Тепкі тиген надзиратель етбеттей құлаған. Түтігіп кеткен еңгезедей дәу қара мен жанындағысы ақсақалды сүйрелей жөнелді. Есіктен аттай бере Дәкең артына мойын бұрып қарауға зорға шамасы келді.
– 58-бап, – деп серіктесім Зейноллаға қарадым. Ол үнсіз. Теріс қарап, темекісін тұтатты.
«Сонда мына аз ғана уақыт бізбен бірге болған ақсақал қай 58» деймін іштей. Қайы несі? 58 деген бір-ақ бап қой.
…Бала кезімнен естіп-білгенімді, оқыған-тоқығанымды санамда қайта жаңғыртып жатырмын. Біздің үйде әкеммен сырлас, бір-біріне сенетін ақсақалдар бас қосқанда іштегі сырларымен бөлісетін. Оқушымын. Оқулықты бетіме жапсырып, оқыған болып күбірлеп, кейде сыбырға көшкен әңгімелерін үздіге тыңдаймын. Иә, бір жолы үйге Алтыбай, Тұңғышбек, Тайбектің Омары деген үлкендер келген. Әңгіме өткен жылдар туралы. Белсенділердің талай сұрқия істері айтылды.
– Отыз екі осы Шет ауданының отыз екі мыңнан астам адамын жалмады, – деп қалды Омекең.
– Несін айтасың? Бір ауылдан бір бала қалмады ғой, – деп күрсінді Тұқаң.
Бәрі үнсіз отырып қалған. Меңіреу тыныштықта екі бөлмелі аласа үйдің ортасындағы пеште жанған оттың гуілі ғана естіледі. Тырс етіп еденге шоқ түсті. Әкем Жүніс шоқты таяқтың ұшымен әрірек сырғытып қояды. Мен кітапқа үңіліп, күбірімді үдете түстім. Үнсіздікті Алтекең бұзды.
– Әй, әлгі самолет құлады деген бар ғой…
– Қай самолет?
– Шығыс Түркістанның басшыларын алып, Мәскеуге беттеген ше?
– Иә, оған не бопты.
– Құлады дегені өтірік екен. Самолет Ташкетке қоныпты. Ішіндегілерді…
– Әй, оны қайдан естідің?
– Естідік қой.
Қайдан естігені туралы ешкім жіктеп сұрамады. Естіді – болды. Бұлар оны ешкімге айтпайды. Осы азғантай топ ішкі сырларын айтуға әбден сеніскендер, қатал өмірдің сынынан өткендер.
– Ішіндегілерді, – деп қалды Омекең.
– Соттап жіберген шығар. Тұқаң серіктестеріне бажайлай қарады.
Ешкім үн қатқан жоқ. Мәселенің шетін шығарған Алтекең ештеңе естімеген адамдай шақшасын сипалап отыр. Мен күбірлеп кітап оқығансимын. «Кімдер екен?», – деген бір сауал санамның түкпірінде қалып қойды.
Енді, міне… Япырым-ай, Дәкең ақсақал солардың бірі болмаса игі еді. Не қылса да осы ақсақал тегін адам емес. 58-баппен сотталған. Талай құқайды көріп, талай арандатуды басынан кешкен адам екеніне енді жүрегім сенген. Сол арандатушының бірі ме деп бізге де сене алмай кетті-ау.
Түрменің күні де түн ғой. Терезенің аты терезе, оған ауызын көкке қаратып қалпақ кигізіп қойған. Тұтқынның көзі жарық сәулеге, әрі-бері ел ағылған көшеге түспейді. Көретіні төрт қабырға, терезені жапқан қалпақтан жаңбырдың тамшысындай ғана сәуле сығалайды.
Біз отырған камераға тағы бір төртеуді әкеліп тықты. «Әй, осылар қайдан келді?», – деген күдікті ой келсе де, аужайын аңғарғым келіп: «Проходите, парни!» – дедім. Орта бойлыдан сәл жоғары шомбалдауы ызғарлана тісін қайрады.
– Вон там, наши места, – деп тікелей төрге озған. Екінші жіңішкелеу сары төрдегі орынды қалпағымен сыпырып тастады. Үшіншісінің де оңып тұрғаны шамалы. Төртіншісі тәпелтек біреу, аузы-аузына жұқпайды. Қаңылтырдай неме желге ұшып кетпей неғып жүр дегендейсің. Бір бұтақтан екіншісіне секірген шымшық сияқты тыным таппайды.
Азғантай ауқатымыздан ауыз тиіп, жиналып біз екеуміз отырмыз. Келгендердің төртеуі де орыс. Өзара күбір-күбір етеді. Біздің ауыл көк көзді – тұздай деуші еді, шомбалы сол тұздайдың өзі. Неге екенін қайдам, орын ауыстырғансып, біртіндеп бізге жақындады. Сырғи-сырғи таяқ тастам жерге келді, сосын ұзақ күбірлесті. Ниеттерінің түзу еместігін біз де түсіндік. Сескенген серігім менің ту сыртыма келіп отырған.
– Мыналар.., – деді ол.
– Иә, беттері солай. Қорыққаныңды білдірме. Бір айқассыз бітпейтін түрі бар. Байқап отырмын, шомбал дәудің бокстан хабары жоқ.
Иә, менің де боксер болайын деген ниетім жоқ еді. Бірақ «кім белгендіні» ойлап, біраз жұдырықтасқам. Тәп-тәуір нәтижеге де жеткенмін. Қарсыластарым «соққың қатты», – деуші еді. Енді, міне…
– Мен шомбалды бір ұрғаннан қалдырмауға тырысам. Сен жіңішке сарыға ие бол. Ал, қаңбақ шал өзі безіп кетер. Сен тек қана шыдас бер, – деп қарсы қимылды ойластырғанбыз. Ақыры бет-ауызы бұжыр-бұжыр шомбал қара:
– Ей, сендер тамақтарыңды бізге беріңдер. Оның сендерге қажеті жоқ, – деген ұры-қарының үкімін жеткізді.
– Ана, киімдеріңді де шешіңдер, – деп сықылықтады қаңбақ шалы.
– Кәне, тездет, – деп бұйырды біреуі.
– Жә! – деп мен сол қолымды көтердім. – Біз «58» деген баппен сотталғандармыз. Ол туралы білесіңдер ме? Бұл – саяси бап. Тағы айтамын, біз саяси қылмыспен
отырмыз.
– Мейлі 108 баппен соттал, онда біздің шаруамыз жоқ. Кәне, орында айтқанды, – деп бір тізерлеп таяи түсті. Атып тұруға ыңғайланып, біз де бір тізерлей қалғанбыз.
– Бір минут сабыр ет. Тыңда. Сонан соң көрерсің
– Ал, – дейді шомбалы.
– Большевиктерге революция жасау үшін ақша, қаражат керек болған. Олардың біраз адамдары қаражат табу үшін банкілерді тонаған, вагондарды ашқан, онан да басқа не қилы қылмыс жасап, сотталған.
– Оның бізге не керегі бар, онан да айтқанды орында.
– Сәл тыңда. Біз де жаңа революция дайындап жатқандармыз. Жүздеген, мыңдаған адамдарымыз түрмеде. Түрме заңын білесіңдер, сендер бізге істегендеріңді таң атқанша бар түрме біледі. Бірер күннің ішінде совет одағының барлық түрмелері естиді. Сонда сендер барған жерде, сол лагерьдегі біздің адамдар сендерді қалай қарсы алатындарын ойлаңдар. Сендерді қорлап, зорлап ақыры өлтіріп тынады. Ал, келіңдер…
Шомбал қараның көзі ақшиып аспанға шығып кетті, өңі сұп-сұр. Құйрығынан жылжып әрмен қарай шегінген. Қалғандары қалғандай апыр-жұпыр кері сырғыды. Иә, табан асты тапқан айланың пайдасын көрдік.
Петрпаулдың түрмесі, Абылайдың Ақ үйінде, «камера смертников» деген жазалы орынға апарып тыққан. Ұзыны екі, ені бір метр, терезесіз көрдей қараңғы, едені цемент, ызғырық соққан тар қапас. Бар киімім жалғыз қабат көйлек, аяқта тәпішке. «Бір жендеті келер, бауыздар» деп екі тәулік күтіп отырғанда Дәкеңнің «Енді маған ешкім көмектесе алмайды» дегені дәтке қуат болған.
Челябінің түрмесінде пышақтастық, лагердегі карцерде дубинкамен сабалдық, талай құқай бастан өтті. «Енді маған ешкім…» Жоқ, қайда жүрсем де есімнен кетпеді.
…Сот кескен мерзімді орындап, елге оралдық. Бұрын бірер жыл оқыған едік, ол жойылып тынған. Институттың сырттай бөліміне қайта оқуға түскенмін. Күні-түні аңдудамыз. Сыртымыздан байқап жүрген Мұқановпен де, Қабдірасовпен де сан рет «байқаусызда» кездесіп қалдық. Тіпті, бір жыл Диет асханасының алдында бір стакан қымызға қол жетіп, ішкен едім, сел боп ағып, көйлегім денеме жабысып қалды. Біреудің мысқылдаған дауысына жалт қарасам, ыржыиып мәз болып майор Мұқанов тұр…
КГБ-нің ғимаратына жақын ескі мейрамханада жатамын. Кешке жазғы театрдың артындағы паркке барып қыдырамын. Сондай бір күні майор Қабдірасовпен ұшырасып қалдым. Сәл ішіңкіреген.. Мені сөзге тарта бастады. Ретін тауып, сол жылы Қарағандының он алтыншы түрмесінде ойда-жоқта кездескен ақсақал жөнінде сұрадым. «Енді маған ешкім көмектесе алмайды», – деген сөзін де жеткізгенмін.
– Е, ол шал шынын айтпаған екен ғой, – деп майор Қабдірасов ішегі қата күлді.
– Ол кім өзі?
– Жоқ, оны айтуға болмайды. Секрет. Бар әңгіме осымен біткен. Сөйтіп күдіктің үстіне күдік жамалған. Ұры-қарының, бандиттің нендей қылмысы болса да есімі айтылар еді. Айтылмағаны – Дәкең ақсақалдың саяси қылмыскер болғанының айғағы. Оның ішінде мемлекеттер аралығындағы, өзара келіскен, әбден мөрленген құпия. Солай екеніне әбден сенгенмін.
Бұл уақиғаны айтудан жалыққан емеспін. Тоқсаныншы жылдардың орта кезінде Алматыдан біреу телефон соқты. «Сіз Дәлелханмен түрмеде бірге отырыпсыз, соны білейін деп едік», – деген сауал тастаған. Болған жағдайды айтқанмын.
Ақыры, Дәкең ақсақалдың суретін сұратқам, жедел көмектескен Дәулеткерей Кәпұлы. Иә, он алтының түрмесінде мен көрген кісі – осы адам. Суретте жастау, әрі күтімі бар адам екен. Біздің көргеніміз тағдырдың бар тауқыметін көріп, қажыған, тарыққан ақсақал.
Тағдыр бізді Шығыс Түркістанның атақты басшыларының бірі Дәлелхан Сүгірбаевпен осылай кездестірген еді. Тағдыр осылай орайластыруының өзін тегін деп айта алмаймын. Кездейсоқтықтың соңында әлем иесіне ғана белгілі заңдылық, қажеттілік жатады-ау…