Тарлан
02.02.2018
1520
0

Әбіш Кекілбаев


…Біз бала жастан бірге өскен емеспіз. Студент кезімізден таныспыз. Ашаң, бидай өң, биязы мінез, қыр мұрынды, қолдан бұйраланғандай толқынданып тұратын қою шаш… қай-қай арудың да көзінің сұғынан қағыс қалмайтындай келбетті, кербез жігіт-тін. Мойын омыртқасының ұзын, бас қондырысының шалқақ бітісінен тәкәппарлық сезілгенмен, астамдық байқала қоймайтын. Тісін ақситып күле амандасатыны, тымсырайып тұрмай, лезде тіл қатыса жөнелетіні тумысынан үйірсек екенін аңғартқандай. Көбіне әдебиет бірлестігі мен студенттердің ғылыми қоғамы жиынында ұшырасамыз. Айтқан пікірлеріміз ыңғайлас естілгенмен, майлы қасықтай болып, араласып-құраласа қойғанымыз шамалы. Туған өңірі мен жақын-жуық ортасын көп кейін көрдік.
…Жуырда Марал Ысқақбаевтың шығармаларын түгелге жуық қайтадан оқып шықтым. Сұлутөрді алғаш көргендегі әсерлерімді қайтадан бастан кешіргендей болдым. Ол жолы мен күнбе-күн бір есіктен кіріп, бір есіктен шығып, бірге жүрсек те, сенбі мен жексенбіде бірге сейілге шығатынымызды неге асыға тосатынымызға енді түсінгендей болғам. Алматы маңында не көп, серуен құратын қойнаулар мен шоқ-шоқ тоғайлар көп. Соның біреуіне барып, көзімізге бірінші болып шалынған жерде жатқан бұтақты таяқ қылып, белімізге таянып алып, ертеден қара кешке сенделеміз. Әсіресе, күзді күнгі саулап төгілген қау жапырақты күрт-күрт басып келе жатып, екеуден-екеу әңгіме соққанға не жетсін?! Көбіне-көп Марал сөйлейді де, мен тыңдаймын. Сағаттап айтып, тауыса алмай, тарасатын әңгімелері ешқашан жалықтырып көрген емес. Сөйтсем, олардың ішінде нанбайтының жоқ, бәрі шылқып тұрған шындық екен. Көлденең қиқым-сиқым, шаң-тозаң жоламайтын тау өзеніндей: жұтсаң – суы мейіріңді, тыңдасаң – сылдыры құлағыңды қапысыз қандырғандай. Мәселен, Сұлутөрдегі Ырғайтының бетінде жүзіп бара жатқан жапырақ пен жалбызды қолыңмен ысырып тастап, астындағы зымырай жөңкіп бара жатқан жымың-жымың мөлдірге еңкейе төн де, ерніңді төсеп сіміре бер. Иісі үркітер, дәмі тітіркендірер ештемесі жоқ: тап-таза, тәп-тәтті. Маралдың айтып келе жатқандары да тап сондай тамаша гәптер: тыңдай бергің, ести бергің, «апырай, солай ма екен өзі?» деп, сол бойда көре қойғың келеді.
Сонда мен әр­дайым таң қалу­шы ем. Ол ғой мен көр­гелі осындай. Саулап тұрған сөзуар емес. Әп дегеннен бауырын жазып, жер ап­шы­сын қуы­рып, зулай жө­нелетін жа­зық­тағы сәй­­­­­гүліктерге ұқсамайды. Жыныс-жы­­ныс, жықпыл-жықпылдың ара­сы­­мен ирелеңдей қашқан жылан соқ­пақпен өрге тырмысып, барған сайын көзіңе түсе қоймаған тосын кө­­ріністерді жарқ еткізіп, саты-са­тылап, биікке көтеріп, бөки басатын мимырт жүрісімен-ақ, көзің мен көңіліңді бірдей баурап алатын тау жылқылырына көбірек келетін. Ерте бұлтарса мүлт кетіп, құлайтынын, кеш бұлтарса, демі бітіп, сұлайтынын, алдын сезіп, бәрін дер кезінде дәл атқарса ғана, діттеген жеріне жете алатынына баяғыда қанығып қойған кәнігі тарлан тәрізді еді. Алқын-жұл­қын аусарлығы жоқ, сабырлы. Жалт-жұлт шайпаулығы жоқ, орнықты. Құз­қияның қылдырық сүрлеуі сенің де­геніңмен жүгірмейді, бәрібір саған өз дегенін істетеді. Тау жылқысы да, жүр­гіншісіде, осыны ұмытпайды. Ақыл­ды айлаға, сабырды шарғыға айыр­бастағысы келгендердің сүйегі бә­рібір құз түбінен бір-ақ шығады. Бұны дәйім биікте із кесіп, құзды қия­лайтындар ғана ұғады. Әйтпесе, жыл­маң етіп кіріп келерге, жылтың етіп шығып кетерге жадағай етек пен жыл­мағай төскей әбден оңтайлы еке­нін әркім-ақ біледі. Ондай жыра-жық­­­пылға ұры-қары мен сұмпайы-суайт жылпостар ғана үйір келеді ғой.
Марал ондай мыстан жыра, шайтан шатқалардан алты көш аулақ жүреді. Аппақ қар асқар шыңның басына ғана тұрақтайды. Оны көр­мейтін көз, танымайтын зерде болмайды. Сондықтан да ақиқатшыл суреткер құз қиялап, шың жағалап, шындық іздейді. Бұл жағынан да, Ыс­қақбаев таралғысы бекем таудың аң­шысы сияқты. Саяқтыққа әуес. Таутеке жаппай атқа отырып, жабыла қуып, жамыраса аранға апарып жығатын жазықта жайылатын құлан не киік емес. Жарға қашып, бас қор­ғап, қарға жетіп жан сақтайды. Жалғыз-жалғыз із кесіп қана, іліктіре аласың. Осы бұлтартпас шындық Ысқақбаевтың суреткерлік болмысын шығармаларының көркемдік пішіні мен танымдық мазмұнын қалыптастырған.
Мен білетін Марал тұйық емес, ашық. Шешен емес, әңгімешіл. Бі­рақ, сүрлеу қуалап жортақтай бер­мей­ді. Саяқ жайылған тауте­кедей сайын­ға емес, қиын­ға, ұланға емес, ұшан­ға ұмты­лады. Өзі басын қатерге тік­кесін аңшының да басын қа­терге тік­кізеді. Біздің Ма­рал да дәйім қия­ға бұл­та­рып, қиыннан қозғап, оқыр­­манын сынап бағады. Жазғанда жүй­рік болса да, сөйлегенде, өз кө­мейі­не өзі құмығып, өзі сүрініп, кі­ді­ріп-мүдіріп, кібіртіктеп қалатыны бар. Бірақ, өз пікірінен таймайды, өз көз­қарасынан қайтпайды. Өз дегенін дә­лелдеуден, мойындатудан тайсалмайды. Бірақ қа­лайда, солай етем деп, қияс­тық­қа, қияңқылыққа, тіпті қиям­пұрыстыққа ұрынып, шала-бүлініп жатпайды. Тіпті, болмай бара жатса: «Тәйірі, мейлі, солай-ақ болсын!» – деп, қолын бір-ақ сілтей са­ла­ды. Бірақ ол шегінгені емес, өз де­геніне бұрынғыдан да бетер беріл­гені, бұрынғыдан да бекем бекінгені. Өзімен де, сөзімен де емес, барған сайын бет қаратпай безеріп, бейпіл­дене түскен даукес қарсыласынан әб­ден күдер үзіп, біржола безінгені.
Өйткені, сөйлегісі келгендіктен сөй­лемейді. Әлкей атамыз айтқандай, білгесін сөйлейді. Оның оқып білгені де, тоқып білгені де аз емес. Көргені де, түйгені де баршылық. Бірақ ол көп алдында көсіліп сөйлейтін кө­сем­нен гөрі оңашада шешіліп сөй­лейтін шын сырласқа келіңкірейді. Сондықтан да, шын ұнататыны – сөй­лесу емес, әңгімелесу. Таласу емес, сырласу. Айыптасу емес, байып­­тасу. Әншейіндегі осы мінезі су­реткерлігіне де аумай-төкпей қона сал­ған.
Ол университетте жақсы оқып, көзге түскенімен, қолына диплом тиер-тиместе, ЖенПИ-ден таңдап тап­қан жеңгемізді жетектеп: «Қар­тай­ған әке-шешем бар еді. Іні-қарын­дастарым жас еді», – деп жағдай айтып, ауылға тартқан-ды. Мұғалім, директор, одан да зор бастық болып, бірта­лай уақыт қызмет істеп, балалы-ша­ғалы болғанына қарамай, жылы ор­нын суытып, Алматыға қайта кө­шіп келді. Қалтасы қорланып, шүй­десі шорланып, қол-аяғы шомбал тартып, біраз «сақарып» үлгерген шы­ғар десек, сол баяғы Гоголь көше­сіндегі жолығыстарға баратындағы­сындай жүзіктің көзінен өтетіндей, жіп­тіктей боп жұтынған қалпында тұр. Бір қызығы, Ысқақбаев қолына қа­тырма қағаз тисе болды, буынып-түйініп жолға шығады екен. Мектепті бі­тіре салысымен, Теміртауға аттанып, құрылысшы болыпты. Талайлар Тыңға, Жезқазғанға, Соколов-Са­рыбайға, Рудныйға, Балқашқа бар­ды. Өйтіп екі жыл қызмет іс­те­гендер мен әскерде болғандар бір кез­дегі челюскиншілдердей ұлық­талды. Үйленгендеріне «комсомол­дық той» жасалып, оқимыз десе, бірінші кезекте институтқа қабыл­дан­ды. Біздер де алда-жалда «нанымыз жүрмей қалса», солардың жолын қумаққа іштей дайындалып жүрдік. Бірақ, Құдай оңғарып, оқуға түстік. Мектептен келгендер тым аз едік. Ал әлгіндей «өмір көргендерді» шетінен Аристотель санайтынбыз. Рас, олар­дың арасында: «Бел балаң ем, есейіп бір шынығып, заводтарда болат илеп, шы­ны үгіп; семіруге келгенім жоқ өмір­ге, аулақ жүріп, ауа жұтып, ты­ны­ғып… жомарт халық ұлы едім мен – жарқын жан, әр сөзімнің қанаты отқа шарпылған, әр бұтамның түбіне ерек бал тұнған, салмақ алсам қорға­сын­нан сендегі, жалтыл алсам деп ем сен­дей алтыннан», – деп өзі де әлгін­дей жолдамамен екпінді құрылысқа барып қайтқан марқұм Жұмекен Нәжімеденов айтқандай, шыныменен, өмір көріп, кісі танып, есейіп, «шы­нығып» қайтқандар аз емес-ті. Алайда, өмір тануды басқаша ұғып, түзіктіктен гөрі бұзықтыққа үйір бо­лып, өз қағынан өзі жеріп, ділінен, ті­лінен, салтынан, халқынан қоры­нып, өзге болып көрінуге әуес жәр­мес­тікке беріліп, «шыны үгіп» қайт­қандар да жоқ емес-ті. Өзін арқалаған анасының сауыры мен құшағына басқан әкесінің бауырын ұмытып қалып: «Мой адрес – Советский Союз» – деп аңырата әндететін «өгей­лене бауырсақ» қылықтар мен құлықтар сол кезден өршіген. Марал ондай әумесерлікке ауаланбай, туысынан уызына жарығандығынан айы­рылмай, әзелгі болмысын аман сақ­т­ап қала алғандар сойынан.
Ол университеттен соң ауыл асып, Алматыға қайта көшіп келген кез де әуейіліктерден құр алақан емес еді. Ұзаққа созылған аштық пен жоқ-жітіктен соң біршама тоғайып, иін бү­тінделгендікті көтере алмай, көй­лектеріне сыймай көбеңсіген көп­ші­ліктің арасында рухани тоғышарлық пен әлеуметтік тоқмейілсушілік бе­лең ала бастап еді. Оның «ауылдық» тү­рінен де, «қалалық» түрінен де біз­дің Марал дін аман болып шықты. Астанадан алшақтағы «арқайын тұр­мыс» университетте жүріп ұшталған ұмтылысын, ұшқырланған ой-пі­кірін, таразыланған талғамын өткір­лей түспесе, мойыта қоймапты. Қа­жымапты да, қасаңсымапты да. Осы бір рухани тұрақтылық Маралдың азаматтық келбетіне де, суреткерлік бол­мысына да айырықша сали­қа­лы­лық дарытқандай-тын.
Ол Алматыдағы мәдени ортаға оралған бойда, ұзақ уақыт оңаша бап­талып, саяқ суытылып, салт ты­нық­тырылған, бәйге алаңына енді шық­қан тың сәйгүліктей әлеумет на­зарын өзіне бірден бұрды. Әуелі әде­би сынға дәт қылды. Ол кезде бұл жанрда қалам сілтейтіндер бірқатар болғанмен, баяғы алпысыншы жылдар басындағы барлаушылық батыл­дығын, сарапшылдық саралығын, талдау байыптылығын, сардарлық қырағылығын айта қаларлықтай жо­ғалта бастап еді. Тоқмейілсу­шілік­пен бірге келетін баққұмарлық, оған ілесе жүретін даңқ қуған даңғаза мен бақастық, олардан өрбитін топ­шыл­дық, жікшілдік, солар өршітетін алауыздық пен жалақорлық шаң көр­сете бастап еді. Ондай қатерлі ағым­дардың желеуімен кеткендер тек әдебиеттегі ғана емес, күллі әлеумет­тік ортадағы қырбайылық пен дүр­дараздық өртіне май құяры бел­гілі. Одан тайсалғандар ешкімді жарытып мақтамайтын да, батып даттамайтын да, жұрттың бәрін бетегеден биік, жу­саннан аласа – жалпы алғанда бір­дей, бірінен-бірі аспайтындай қы­лып көрсетіп, шаштың бәрін бір тарақ­пен тарап, бастың бәріне бірдей деп қарайтын теңгермешілдікті кү­шейтті. Сапа жайына қалды. Сан не­гіз­гі көрсеткішке айналды. Ит пен құс­тың біреуі азуына, біреуі тұм­сы­ғына сеніп, бәрі өздерін жеркіндік сезініп, жаппай қағаз қаралайтын гра­фомания ұлттық індетке айнала бас­тады. Сауат ашуды боратып арыз жазу­дан бастаған шолақ белсенді ұр­пақ білектей-білектей мемуарлар мен монографияларды місе тұтпай, жапатармағай беллетристикаға бой ұрды. Диссертация қорғау мен кітап шығару сәнге айналды. Ғылым мен әдебиет күнкөріс пен алданыш емес, атақ шығарудың, өзіне-өзі мәз болып, ісіп-толудың құралына, адам­дар­ды қаралай астамсытатын эгоис­тік желікке айналды. Егер жүз пайыз сауатты халық әлгіндей себеппен жап­пай жазу үстеліне отырар болса, он­да қағаздың сытыры мен қаламның сы­қыры да бензиннің иісі мен ре­зинаның дәмі сияқты жаппай елір­тетін есірткіге айналып шыға келмей ме?! Әдебиеттегі ахуал осыған жа­қын­дап қалған жағдайда әдеби сынды күйттеу қарыны ашып жатқан ай­даһардың аузына басыңды тығып, кө­мекейін қытықтағанға барабар жан­қасталық сияқты еді. Алайда, Марал Ысқақабаевтың соған тәуекелі тұрды.
Бүгінде «Шығарма шырайы – шын­дық» деп аталған кітапқа енген мақалалардың дені сөз болып отыр­ған кезеңде саяси-қоғамдық және әде­­би мерзімдік баспасөзде бірінен соң бірі бұрқырап басылып жатты. Бү­гін келіп байқасақ, кеше ғана ауыл­дық мектепте сабақ беріп жүрген әде­биет пәнінің мұғалімі астаналық қа­ламгер қауымды түгел меңдеп бара жат­қан әлеуметтік дерттің диагнозын өте дәл қойған болып шығады. Алпысыншы жылдардағы «жылы­мық­қа» артылған күдер үзіліп, жетпі­сінші жылдардан жаппай басталған әлеуметтік тоқырау мен адамгершілік тоғышарлану көркем шығармашы­лық­ты алдымен баурап алған түрі бар. Бір кездегі қатаң тәртіп күйреген. Ендігі талап қойғыштық – сөз ж­ү­зін­де бар, іс жүзінде жоқ, жәй ән­шейін құлақ алдарқатар мимикрияға айналды. Ұзақ жылдар ұстанып келген мұраттары көзді ашып-жұмғанша түбі­рімен қате болып шығып, та­қырға отырған тас маңдай екендерін енді сезген әлеумет те еселерін қалай қайтарудың ебін енді келтіргендей… Жоқтан өзгеге имандай сенетін ақ­көңілділікті алданған бола салатын аярлықпен, жан алып, жан беріп жан­таласатын жанқиярлықты жұ­мыс істеген болып көрінетін жа­наяр­лықпен айырбастап, мінез-құлықта мимикрияға, жұмыста имитацияға жаппай көшуге жұмыла бел буғандай. Оның жолы да, бас қатыратын еш­теңесі жоқ, оп-оңай екен: айтқанға көне сал, жұмсағанға бара сал, алда­ғанға сене сал – бәрін де жан қинамай істей сал. Сонда сені сазға отырғызам деп жүргендердің өздері сазға отырады.
Мұны әуелден де адам бойындағы әуейілік пен әуесшілікке сүйеніп қыз­мет етуге үйренген әдебиет пен өн­ер өкілдері алдымен түсініп, қа­пысыз меңгерді. Қандай тақырыптың тартымды болатынын жоғарғы жақ­тағылар қаулымен бекітеді. Қан­дай кітаптың өтімді екенін миды шағып, жүйкені мүжіп, жүректі езіп, сезімді сенделтпей, қиялды тебірентпей, ой­ды ойрандамай-ақ, тез оқылып, оңай ұғылатына қарап, тұтынушының өзі-ақ анықтайды. Кекірігі азған керсылқым заманның адамына не ке­рек болса, өнеріне де сол керек. Өзің де көп қиналма, өзгені де көп қи­нама! Демек, өнерге қойылатын та­лап мейілінше оңайлатылуы керек. Сонда ғана педальды басып қалсаң, өз-өзінен жылжып жүре беретін осы заманғы автомобильдер сияқты, мұқабасын ашып қалсаң, көзің өз-өзінен сырғи жөнелетін осы заманғы әде­би шығармалар да көптен отал­маған бақшалықтағы кекіре шөптей қау­лайды. Бұған орталықтан бас­қа­рылатын қоғамдар әбден қолайлы. Кітап базарындағы коньюктураны ба­қылап, басың қатпайды. Өндіріс­те­гідей конвейерлік тәсілге көш­пе­ген­мен, көркем шығармашылық та нені қалай келістіруді жоғарыдан бе­кітілген жалпыға ортақ нұсқауды қалтқысыз орындап, оп-оңай жүзеге асырады.
Өндірістік репортажды ман­сап­қор­лық айла-шарғымен, ка­фед­ра­дағы соңғы дау профессор мен ассис­тент келіншектің ара­сын­дағы бо­­лым­­сыз адюльтермен, соңғы пле­нум­­ның қа­рарын соңғы тексеру­дің қоры­тын­дысымен қотыштырып, кәсіподақ жиналысындағы таласты қылмыстық де­тективтен коктейль жа­сап аралас­тыра алсаң – өндірістік, спорттық, аг­рарлық, саяси, отба­сы­лық, отан­шыл­дық, саяси-әлеуметтік, фило­со­фия­лық, психологиялық, мораль­дық-этикалық – тағы қан­дайын қа­лайсыз – әйтеуір, жұрт оқып жүр­гендей, жұрт жазып жат­қан­дай роман мен драманы сіз де ше­кілдеуік шақ­қандай қағып тастай аласыз! Бұл сізге ақыры қандай болып кетер екен деп қиналатын көзіңіз түс­кен ха­ным­ға күйеуі оқып қой­ма­сын, оқыса да түсінбесін деп жұмбақ­тай жазатын діл­герлік хат немесе жоғарғы орын­дар­ға көршіңіздің не басты­ғы­ңыздың үстінен жолданған шағым емес. Бар бол­ғаны қиялыңыз жеткенше ойдан құрастыра салатын қисын­дама. Мі­не, жаппай тоқырау тұсын­дағы жапа-тар­мағай графома­нияның ар жағын­дағы астар осыған саятын.
Сыншы Ысқақбаев көсілте ма­қа­лалар жазып жүрген кездегі әдеби ах­уалымыз да әлгінің ар жақ-бер жа­ғында-тын. Онсыз да жылдар бойы бағы ашылмай келе жатқан әдебиетке әбден жаны ашығандықтан, ол арғы төр­кіні идеологиялық баса-көктеу өрбітіп, бер жағынан графомандық дүм­білездік өршіткен бұл көзқарасты тү­­бегейлі өзгертуге күш салды. Ол үшін әдебиет табиғаты мен шы­ғар­машылық технолгиясы жайындағы қоғамдық пікірді сауықтыру керек еді. Ол әлемдік классика мен осы за­манғы озық әдеби тәжірибеге сүйене отырып, ағымдағы шығармашылық үдеріске байыпты талдау жасады. Оның пайымдауында шынайы көр­кем шығармашылық екінің бірінің қо­лынан келетін емес, электрондық өнер­кәсіп пен молекулярлық биология сынды аса жоғары технология мен терең кәсіби білікті талап ететін аса күрделі еңбек болып шықты. Екін­­шіден, ол тау болып үйіліп жат­қан әдеби «ширпотребті» сынап, мі­­неп, түзеп, күресіп жеңіп аламыз деп шалабын шайқамайды. Ондай кү­­рес қора тазалаймыз деп қоқыс қо­­­пар­ғандай күш пен жігерді құр бос­қа зая жіберу деп түсінді. Түгендеп тауыса алмайтын жаманға ауыз ауыртпай, назар аударалық жақсыны жалықпай байыптап, әділ бағалады. Сөйтіп, кешегі келеңсіз жылдарда да әд­е­би үдерістің бірыңғай көзбояу­шы­лық құралына айналып кетпе­ге­нін, шын суреткерлікті әлеуметтік ке­­мелде­ну­дің шешуші тетігі деп қа­рас­тыратын рухани күштердің еш­қа­шан түбегейлі жойылып көрмегенін, ондай күштер өз көзқарасын әлі де та­бандылықпен қорғап келе жат­қа­нын аса биік тал­ғам­паздықпен зерде­леп шыға алды. Олардың жам­ан­дықпен күресудің жалғыз жолы – жақсылыққа ұмтылу, ал оның бірден-бір амалы – өз бойың­дағы күш пен жігерді күреске емес, жасампаздыққа, өз қолыңнан келетінді бүгінгі ұрпақпен қоса ер­теңгі ұрпақтың да көңілінен шыға­тындай қылып, қапысыз атқару деп санайтынын ұғындырды.
Сыншы Ысқақбаев бұл ақиқатқа туған әдебиетіміздегі қаламдастары­ның шығарамашылық тәжірибелері­не сүйене отырып көз жеткізсе, прозашы Ысқақбаев оны өз шығармалары ар­қылы дәлелдеуді мұрат тұтты. Ол әде­биеттің өрбіген тегі де, жүрер жо­лы да, ұстанар мақсаты да – адам­дар­дың әлеуметтік есейіп, рухани ке­мел­денуіне қызмет ету деп біледі. Оған аз жазса да саз жазатын аса тал­ғам­паз жазушының қаламынан шық­қан әр туынды дәлел бола алады.
Оның «Ұят туралы аңыз» дейтін хикаяты бар. Қашан жазылғаны анық есімде жоқ. 1980 жылы шыққан кі­табы осылай аталып, осындай әң­гімемен ашылатын. Соған қарағанда, бұл шығармашылық жолының бас­тауында емес, бел ортасында туса ке­рек. Сөз саптасы мен ой тастасы да соны аңғартқандай. Жердегі емес, пейіштегі оқиға. Күллі дүниені қол­дан жаратып шыққан Тәңірінің іші пысады. Өзіндей болмағанмен, өзіне же­теқабыл серік жаратады. Атын да со­ған лайықтап, Шарапат қояды. Ал­ғаш рет тіл қатқалы жатып, қа­сын­да ербиіп тұрған біреуді көреді. Әлгіден аумайды. Сөйтсе – оның кө­леңкесі. Ол жүрген жерде бұл жүр­месе бола ма? Оған да жан бітіреді. Бірақ екеуінің мінезі бір-біріне ке­ре­ғар болып шығады. Сонысы ес­кері­ліп, оған Кесепат деген ат беріледі. Таразының екі басындай, бірінсіз бірі тепе-теңдікті сақтай алмайды. Шарапаттың есіл-дерті – Тәңірі жа­ратқан мақұлқаттарда. Әсіресе, Жаратушының жақында жаратқан­дары – Адамата, Хауана және оның ұрпақтарында. Әуелде жұмақ үшін жаратылса да, білместі біліп, көрместі көріп қойған ұстамсыздықтары үшін қуылған. Жердегі жыртқыштар пейіш­тен келген оларға күн бермейді. Бұ­ны көріп, Шарапаттың жүрегі сыз­дайды. Соның өтінішімен Тәңірі адам­затқа Ақыл беруді ұйғарады. Қуан­ған Шарапат оны адамдарға жет­кізуге асығады. Кесепат оның ар­қасындағы қапшыққа бір-екі рет қо­лын сұғады. Ақыл бәр-бәріне тү­гел жетпегендіктен, алауыздық туады. Жеткендер жетпегендерге әлім­жеттік жасай бастайды. Немесе, ке­рі­сінше, жетпегендер жеткендерге тістерін қайрайды. Шарапат ондай озбырлықты тыятын Ұят бітіруді қол­­қалайды. Кісәпір Кесепат бұл жо­­лы да қапшыққа қол салады. Ұят та адам басына түгел жетпегесін, амал­сыз екеуара бөлініп беріледі. Жар­­тыкеш ұят жағдайды түземейді. Сөйтсе Кесепат қайырлы қаптың бет жа­ғындағы қаймағы болып табылатын Қанағатты ылғи сыпырып алып қалып отырыпты. Мұны енді аңғар­ған Шарапат пейіштің алдында құр босқа шашылып жатқан қанағатты шөкім-шөкім теріп, дереу жер бе­тін­дегілерге жеткізіп берумен әлек. Қия­наттың қысқармауының бірден-бір себебі содан екен.
Пейіштегі үшеудің арасындағы бұл гәпті жазушы өз көзімен көрген­дей егжей-тегжейлі суреттейді. Екі пе­ріште де, тіпті Тәңірі де күнде кө­ріп жүрген көршілеріміз сияқты. Әр қылығы түсінікті. Әр сөзі ұғынықты. «Ол замандағы ғарышымыз тап бү­гін­гідей шексіз емес. Жанды-жан­сыз­ды қоса есептегенде, бар-жоғы он се­гіз жүз ғана. (Ол кезде осылай са­нал­ған). Бұл санның жосықсыз кө­бейері бертінірек. Қанағат деген ұғым­ның әлі орнықпаған шағы бол­ғасын ба, алғашқы бір дәуірде Тәңі­рі­ге осынау әмір жүргізіп отырған ұлан-ғайыр патшалығы жыл өткен сайын қайыршының қалтасының тү­біндегі садақадан жиналған жары­тым­сыз тиын-тебендей аз көріне б­е­ретін-ді. Майдан ашып жауласар дұш­паны жоқ, бүкіл жер-жиһанда өзінен бөтен құдірет иесі және жоқ. Сосын қайтсін, амалсыз, «қолдан ке­лер бар ермегім осы» дегендей, жаңа ғаламдар жарататын… Иә, сонымен… Қырық-елу мың… жыл бұры­нырақ, Адамата мен Хауана пейіштен қуылып тасталғаннан, ша­масы, үш-төрт мың жыл өткен шақта, со­лардан өсіп-өрбіген, түйсігі бар – түйері жоқ, құлқыны бар – құ­лығы жоқ ұрпақтарының өмірінде күрт өзгерістер кезеңі басталды», – деп ұш­талатын кіріспенің, басқасын қойып, интонациясының өзі-ақ тек бұл әңгіменің ғана емес, бүкіл Ысқақ­баев шығармашылығының әлеумет­тік уытынан, философиялық қары­мы­нан, суреткерлік кемелдігінен жет­кілікті хабардар еткендей еді.
Бұл – әрине, интеллектуалдық про­за. Баяғы Вольтерден, кешегі Жан Поль Сартр, Камюлардан өрбіп, бү­гінгі Кобо Абэ, Жак Превер, Герман Гессе, Алехо Карпентьер, Уильям Гол­дингтерге дейін жалғасып жатқан ұлы арна. Осы заманғы прозаның жылдан-жылға даңғылданып келе жатқан жетекші бағыты. Алайда, оған өзек болып тұрған филосо­фия­лық тәмсіл, Інжілге тән сюжет, ди­дак­­тикалық фабула осы кезгі әлеу­меттік ойдың удай ащы сарказмға ұлас­пай, езу тартқызар ирониямен ғана шектелген астарлы әуезімен әр­леніп, психологиялық талдаудың ең соңғы әдістерімен зерделенгенде, бір қаламгердің ғана емес, жалпы ұлттық прозамыздың ойшылдық, шеберлік, көркемдік әлеуетінің қаншалықты шарықтап кеткендігіне қапысыз көз жеткізетін тізгін үзген туындылардың бірі болып шыға келген. Алайда, оның ұрығы біздің кейіпкерімізге кі­таптан көшіп келмеген, өзіміздің қарапайым қазақы тұрмысымыздан дарығандай. Қатты қуанғанда не қай­ғырғанда баянсыз фәнидің пә­туә­сыздығын шариғатпен салғас­ты­рып барып дәйектейтін қарақұлақ қа­рияларымыздың айтқанынан өнгендей. Оны әңгіменің басындағы «Әкем Ысқақбайға ескерткіш» дейтін арнаудың өзі-ақ айтып тұр. Біздің Маралды уызына жарыған дей бере­тініміз де сондықтан. Ол қырықтан асқанша әке тәрбиесінен аттамаған көргенді перзент. Ұлттық сана мен салт, ата дәстүр, байырғы тұрмыс, бабалар сөзі мен әке өсиетіне қапы­сыз қаныққан құйма құлақ. Оған дін­дік және әдеби классикалық мәті­н ықпалы қосылғанда, ағылшын, араб, қазақы тұқымдардың қаны ара­ласқан әйгілі Абсенттей қас дүлдүл шығарма туған.
Ал бұл хикаяттың көтерген мәсе­ле­сі мен ұстанған суреткерлік қағида­ла­ры жағынан да жүйелесі мен жүйек­тесі болып табылатын «Жойқан тө­бенің» тууына өзіміз куә болдық. Ма­рал Ғиасадин Әлидің Үнді жорығы туралы кітабын бізден алып оқыды. Бұл прозашы Ысқақбаевтың шығар­ма­шылық зертханасына жақынырақ үңілуге жағдай туғызды. Дерек көзі – ортағасырлық Шығысқа тән дәріп­на­ма. Онда Ақсақ Темірдің өзі мен ай­наласы жөнінде бір ауыз сын мен күмән айтылмайды. Өзінің түшкір­ге­ні мен атының пысқырғанына дейін «жәрәкімалладан» басқаны естуі еш мүмкін емес. «Жертәңірге» боп­са айтудың заманы емес-тін. Жо­рықтың егжей-тегжейін баяндаудан ғана тұратын бұл кітаптың жазушыға еш­қандай дап-дайын сюжет, әп-әзір фабула ұсынбасы түсінікті. Өйткені, Марал хикаятының концепциялық мәйегін мыңдаған құрбандардың бас сүйектерінен зәулім мұнара салын­ғаны емес, сол оқиғаның ортасында жүріп, шексіз биліктің шектен шық­қан­дығын көрген сезімтал ақынның қалай жынданып кете жаздағаны құрайды. Ал бұл турасында Ғиасадин Әли де, Ақсақ Темір де, оның пірі Омар қазы да, басқа жорықтастары да ешқандай куәлік айта алмайды. Өйткені Ғиасадин Әли өзінің алдына атақ­ты жорықтың күнбе-күнгі әске­ри-тұрмыстық деректеріне сүйсіне отырып, Ақсақ Темірдің Алланың өзі­мен теңестіруге тұрарлық ерекше құ­діреті мен айырықша көрегендігін әс­петтеуді арнайы мақсат қылып қой­ған еді. Ысқақбаев ежелгі тарих­шының әлгі ниетін орындау үшін келтірген нақты деректеріне сүйене отырып, олардан атымен керісінше тұжырым жасайды. Мұндайды көре тұрып, ақынжанды адамның жынданбаса, шабыттануы еш мүмкін емес екендігін дәлелдейді. Демек, Ыс­қақбаев ауызша дерек көзінен де, жазбаша дерек көзінен де дайын көр­кемдік шешім, әлеуметтік концепция түгіл, бас-аяғы бар фабула мен әзір тұрған сюжеттік бұлтарыстарды іздемейді. Оны халық жадында және тарихта бар деректерге сүйене отырып, өзі топшылап, өзі пайымдайды. Бұл жағынан келгенде, ол ежелгі мәйіт­ке қарап отырып, ежелгі мо­дель­ді қалпына келтіретін рестав­ра­цияшы-антропологтардан гөрі күл-талқаны шыққан көне жәдігерліктің қиқым-сиқым сынықтарын жинап алып, зерделей отырып, ежелгі ме­тал­дан ежелгі зеңбіректерді қайта құйып шығаратын реконструктор-металлургке көбірек ұқсайды.
Бақытты өмір сүруден абыройлы өмір сүру әлдеқайда қиын. Сон­дық­тан да, ол – әлдеқайда биік мұрат. Бұл – Марал Ысқақбаев шығарма­лары­ның консепциялық алтын арқауы. Бұл ретте айтпай кету айып болатын және бір жайсаң туындылар: «Ғашық болып көрмеген келіншек» пен «Кезек дүние». Осы екеуінің әр сөйлем, әр тармағы Адам, Табиғат, Ма­хаббат деп аталар үш құдіреттің тең­дессіз сұлулығы мен тұңғиық мән­ділігін аттаған сайын ұқтырып, айт­қан сайын мойындатып отырады.
Әйел мен еркек – Жаратушының өзінен бастап, баршамыздың басы­мыз­ды қатырған және қатыра бере­тін, сезімімізді нәрлендіріп, ойымыз­ды ұшқырлайтын ең басты «фи­­лософия­лық қайрақ тас». Ол екеуін ұқпай тұрып, ештеңені ұғу мүмкін емес. Әлемнің бар дүлдүлдері аянбай зерделеген бұл арнадан адам таңғаларлық жаңалық табамын деу күпірліктей көрінер. Марал, бірақ, тапқан. Шын махаббаттың құдіретін кейіпкерлерін бас­қа түгілі дұрыстап тұрып бір сүйіс­тірмей-ақ, артық қиырман-шиырманға салмай-ақ, екінің бірінің ба­сында бола беретін «курорт құпия­сы» ауқымында қарастыра отырып, асқан пәктік пен тазалық қалпында айнытпай жеткізе алған. «Жигу­ли­дегі» «Адамата» мен автобустағы «Хауана» Тағдыр дейтін Ібілісті есең­гіре­те еңсеріп, аспандағы пейіште емес, іргеміздегі Ыстық көлдің жа­ғасындағы лыпалы-лыпасыз айдай жұрттың алдында талтүсте талмаурай табысып, атымен басқа өмірге, бас­қаша тағдырға көшуге бел байлай­ды. Адам жан бүкпесінің көп шиы­­рланбаған тереңдеріне барып, бойлай білген сүңгуір суреткерлік зерде анайы таптаурын көрінетін сюжеттен ешкімнің қолына түсіп көрмеген мөлдір меруерттей поэзия тауып бере алған. Психологиялық талдаудың тереңдігі мен лирикалық шынайылық құй­ма алтыннан шын қас зергер соққандай айтып жеткізе алмас құн­ды бұйым сомдаған. Ғашықтардың табыспасқа қақысы жоқ. Шын ға­шықтардан басқалар шын құр­бан­дыққа бара алмайды. Шын ғашық­тар­дан басқалар шын ерлікке тәуекел ете алмайды. Шын ғашықтардан басқалар шын бақытқа жете алмайды. Шын махаббат – періштелердің емес, ет пен сүйектен жаралған әйел мен еркектің ең басты сыбағасы. Бар­лық тақсырет сол сыбағасын тағ­дыр­дың тәлкегіне, нәпсінің аярлығына тәрк етіп алудан басталады. Тазалық пен сұлулық та, әділдік те, бақыт та тек махаббат бар жерде бар. Оған көзіңізді жеткізгіңіз келсе, ырсия сөй­леп, жымсия күліп жүріп адам тура­лы айтылған-айтылмаған, ай­тылар-айтылмас ақиқаттың бәріне қанығып үлгерген осы бір қазақ жазу­шысының әлгі бір хикаятын оқып шығыңыз.
Қысқасы, Марал Ысқақбаев – ала­ман-асыр ғасырдың шындығынан бая­ғы әлімсақта-ақ жүрек тызыл­дат­қан, жер үстіндегі пенделер тірші­лік­терінен пейіштегі періштелердің өзінің жүйкесін шымырлатқан әрі мәңгілік, әрі мазасыз сауалдарға тұ­шым­ды жауап іздеп жүрген тарлан та­лант. Тарғыл шыңдардан самғай қа­нат қаққан тарлан бүркіттің кө­рінген өлексеге қонбайтыны сияқты ол да кез келген тақырыпқа ұрын­бай­ды. Сол тым кірпияз әдеби талғамы мен шектен шыға бойға сіңген сурет­керлік максимализм оны әліге дейін өзінің талантына лайық таны­мал­дық­қа ие ете қойған жоқ.
Олай болатыны – өмір мен өнерді өзіндей толғап, өзіндей бағамдай ала­тындар бүгінгі әдебиеттің жазармандарында да, оқырмандарында да некен-саяқ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір