Адамтануға ұмтылыс
Серік Қирабаев
Шындықты тану мен оны көркем бейнелеудің әртүрлі жолдарын іздестіру соңғы жылдардағы әдеби процестің елеулі ерекшелігі болып табылады. Сондай жолдың бірі – шындықты шартты уақиғалар мен аңыздық сюжеттер негізінде ашып, сол арқылы бүгінгі адам өмірінің маңызды проблемаларын қозғау, ұқсас жайларды суреттей отырып, жалпы адамға тән гуманистік, күрескерлік қасиеттерді көрсету. Шындықты танудың бұл жолы әр қилы фактілер арқылы адам тіршілігінің әлеуметтік-адамгершілік негіздерін танып, құбылыстың ішкі сырын, философиялық мән-мағынасын ұғуға жол ашады. Сонымен бірге шындықты типтендірудің өзгеше тәсілі есебінде ол жазушыны жадағай натуралистік суреттеуден сақтандырады, өмірді аллегориялық образдармен бейнелеп көрсетеді. Соңғы жылдардағы совет әдебиетінің бірталай шығармалары (Ш.Айтматов, В.Астафьев, В.Распутин, М.Карим,Ю.Рытхэу, Ю.Шесталов, т.б.) бұл саладағы одақтық тәжірибенің қалыптаса бастағанын мойындатады. Мұндай тәсілдің біздің ұлттық әдебиетімізде бой көрсете бастағаны да көзге түседі. Марал Ысқақбаевтың «Ұят туралы аңыз» атты кітабы осы тұрғыдағы жаңа ізденістің бірі есебінде бағалы.
Шынын айтсақ, мұндай тәжірибе қазақ әдебиетінде бұрын да болған. Аңыздық сюжетті жырлау негізінде адам өмірінің бүгінгі проблемаларын көтеру, оның күрескерлік, гуманистік қызметін бейнелеу Ә.Тәжібаевтың поэмалары мен драмалық шығармаларында бірқатар көтерілген тақырып. Бірақ, ол кездегі сын әдебиеттегі шарттылыққа, аңыздық, фольклорлық сюжеттерді пайдалануға сенбестікпен қарады, оны бүгінгі өмірді жырлаудан «бой тартудың» жолы деп түсіндірді. Мұндай ұғымдар реалистік әдебиеттің поэтикасын шектеп, жазушылық ізденістің әр салада өрістеуіне бөгет болғанын бүгін ғана анық түсінгендейміз. Көркемдік бояудың алуан түрлілігі сияқты, әдебиеттің тәрбиелік, өмір танытқыштық сыры да сан қырлы екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Мәселе шығарманың формасы мен оқиғасында емес, жазушының творчестволық позициясында. Осы тұрғыдан қарағанда ғана М.Ысқақбаев кітабының көркемдік маңызын толығырақ ұғуға болады.
Марал халықтың поэтикалық дәстүрін бойына берік сіңіре отырып, суреттеліп отырған оқиғаларды бүгінгі заман шындығымен іштей байланыстыруда елеулі табыстарға жеткен. Оның шығармаларының сюжеттік негізінде сол халықтың рухани-эстетикалық ұғым-түсінігі, оның бүгінгі заманға ұласуы көрінеді. «Ұят туралы аңыз» повесін аңыздық сюжетке құра отырып, соның негізінде жазушы адам баласын өмір бойы толғандырып келе жатқан бүкілхалықтық проблеманы – зұлымдық пен адалдықтың күресін бейнелейді. Ертегілік оқиғаларға нақты адам әрекетіне лайық сипаттар береді. Дүниені жеке дара билеуші Тәңірі де, оның періштелері Шапағат пен Кесепат та Марал повесінде аңыздық күйден көркем бейнеге айналады. Адам тіршілігіне тән жақсылық пен жамандық атаулының символына айналған екі періштенің іс-әрекеттерінде, ой-пікірінде де нақтылық бар. Әсіресе, адамның досы, оның бойына жақсы қасиеттер егу үшін күресуші Шапағат жақсылықтың жаршысы есебінде көрінеді. Ол Адам ата мен Хауа ананы жақтайды, оларды өмірдің иесі санайды, тіршіліктегі ең кемел сұлулықты да адам бойынан табады. Шапағаттың сұрауымен Тәңірі адамға ақыл береді, жыртқыштармен күрескерлік қабілет дарытады. Ең соңында Шапағат Тәңіріден адамға сезім беруді, оның бойына ұят ұялатуды сұрайды. Сол арқылы адамдар арасындағы бауырластықтың, жаны ашу, ұялу, имену сезімдерінің молаюын тілейді. Мұның негізінде үлкен гуманистік идея жатыр. Ал, адамдарға ұят үлестіре бастаған кезде Кесепаттың қос шеңгел ұятты қағып әкетуі арқылы адам бойында әлі де жетпей жүрген қанағатсыздық, ұятсыздықтың кейбір көріністері бейнеленеді. Повесте жалпы адамдық проблеманы гуманистік тұрғыдан шешуге ұмтылыс анық байқалады.
«Ғажайып бала» повесінде Марал өмірде сирек кездесетін құбылысты – ғажайып баланың өміріне қатысты жайларды шығармаға арқау етеді. Жеті айлығында тілі шығып, он айлығанда екі тілді бірдей меңгерген, төрт жаста «Абай жолын» оқыған, ой-санасы ғажап тездікпен өскен бала өмірінің жай-күйлерін реалистік мәнерде суреттейді. Оның өміріндегі ерекше құбылыс екеніне оқырман назарын аударады. Алайда, шығармадағы өмір шындығы бір баланың өміріне қатысты деректермен шектеліп қалмайды, соның негізінде баланы қоршаған орта, адамдар тіршілігі, тартысы ашылады. Аусардың ғажайып өміріне қоса біз оның маңындағы адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастарды, шытырман өмір сырын көреміз. Мырзатай-Қабира-Мұсахан қатынастарына ортақ тартысты танимыз. Осы қатынастардың шиеленісі елді таңқалдырған ғажайып баланың тағдырына жанаса өрбіп, соның болашағымен байланысты шешіледі. Кейбір пенделіқ қасиеттер қақтығысып, бірін-бірі қағып-соғып, мұқатып, ақыры адам баласын сирек кездесетін құбылыстан – данышпан баладан айырады. Шығарманың шешімі тосын болғанмен, ұтымды. Бұл шығарма да, түптеп келгенде, Маралдың алғашқы повесіндегі зұлымдық пен адамдық сезімдердің күресі арқылы бейнелеген гуманистік идеяларды толықтыра түседі.
Асылы, Маралды әдеттегі тіршіліктен оқшаулау, өзгешелеу, сирек құбылыстар көбірек қызықтыртын сияқты. «Көңіл жұбанышы» повесінің геройы Нәкәлім де көпке таныс емес, тосын, оқшаулау тіршіліктің адамы. Сырт пішіні де көз тартарлық емес. Елмен араласы да жоқ. Өмірде үлкен идеал ұстанбаған адамның жұпыны тіршілігін жазушы нанымды суреттейді. Оның өзі сияқты, еңбегі де қарапайым – қойманың қарауылы. Жасынан өмірден қағажу көріп, жасқаншақ боп, онымен белсенді күресіп өспеген адамның тіршілігі сырт көзге қанша қызықсыз болып көрінсе де, оның өзіне тән рухани өмірі болмауы мүмкін емес. Нәкәлімнің рухани сүйеніші – гармоны. Гармоньды ол жұмыстан бос уақытында ермек етеді, көңілін көтереді, тіршіліктен таппаған көңілінің олқысын сонымен толтырады.
Повесть оқиғасына қозғалыс беріп тұрған да – сол гармонь. Көрші үйдегі тойға уәделі музыкант келмей қалып, амалсыз Нәкәлім шақырылады. Сол үйде ол өзінің бұрынғы әйелі Дүниямен кездеседі. Бұдан кейінгі оқиғалар лирикалық шегініс арқылы дамиды. Байдың ерке, сұлу қызы Дүния ұстамсыздығымен атағы шығып күйеусіз қалады да, аяғы өз үйінің бұрынғы жалшысы Нәкәлімге тиюге мәжбүр болады. Кейін Дүния онымен де ұзақ тұра алмайды. Көрші үйдің қызы – тұрмысқа шығып жатқан бала – Нәкәлім мен Дүнияның ортақ баласы. Осы кездесу негізінде бірікпейтін, үйлеспейтін екі түрлі адамды кездестіріп, қайта айырған тағдырдың шытырман шындығы суреттеледі. Маралдың жазушылық стилі де шындықты жұпыны тіршіліктің көріністері арқылы ашуға негізделеді.
Аталған үш повестен басқа кітапқа «Базар тарқар», «Сұрқылтай», «Әзіл» атты үш әңгіме кірген. Бұлардың бәріне ортақ сыпат – шығарма оқиғасын автордың кейіпкердің іс-әрекеті арқылы дамытуы. Бүкіл әңгіме нақты бір адамның мінез-құлқын, кейпін ашуға құрылады. Бала орнына ит баққан әйел Қалампыр да, кезінде кездейсоқ көтеріліп, өмірден сырылып шыққан, енді арызқойға айналған Сәлімбай да, әзілімен қылмыскерлерді үркітіп жүрген Сережа да бұл әңгімелерде жап-жақсы типтік бейнеге айналған. Осылармен қарым-қатынастағы өмірдің шындығы арқылы Марал образ дамуының заңдылығын нақтылайды, суреттеліп отырған оқиғаға өз көзқарасын танытады. Алғашқы әңгімеде баласыз әйелге көп балалы Жәмиланы қарсы қою нышаны бар. Сонымен бірге ол Қалампырдың күйеуі өліп, итімен ғана қалған кездегі ойларына себеп те болатын сияқты. Шындықты реалистікпен бейнелей отырып, ұнамсыздыққа қарсы белсенді позиция танытқан жазушылық көзқарас та осы әңгімелерден анық байқалады.
Марал шығармаларының тілі жатық, бейнелі. Жазушы тіл образдарын не жайдақтамай, не үсті-үстіне үстемелемей, жинақты пайдаланады. Оның суреттері де, баяндау мәнері де көңілге қонымды. Өзіндік үні бар. Кейіпкер тілін даралау мен оны характер үлесіміне ыңғайластыра беруде де автордың жап-жақсы ізденісі танылады.
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ
МАРАЛҒА
Мал бермей және ешкімнен қалап мал алмай,
Маң-маң басасың, маңғазым менің, Маралбай.
Көлеңкесі ұзын көрінесің ылғи сен маған,
Мұңды мұхитта оңаша тұрған аралдай.
Биіктің ұлы, биік ұстадың еңсені,
Арман мен ойдың бола да қоймас өлшемі.
Менен бір он жас кіші шығар деп ойлаушы ем,
Мөлдіреп тұрған кейпіңе қарап мен сені.
Байқайсың ба, інім, жүре білгенге жол ауыр,
Жеткізбейді екен қиялшыл ауыл, сол ауыл.
Қырықтың аға болғанындай-ақ отызға,
Қырықтан асу үлкен екен-ау едәуір.
Қарап бір тұрсаң, өмір жүйрік самолет,
Күшің де мығым, ішіңде ылғи жанады от.
Айтсам-ау дейтін сөздерің қандай көп сенің,
Шықсам-ау дейтін шыңдарың сенің және көп.
Бәрін де айтқын айтамын деген сөзіңнің,
Өзіңе аян өз жолың менен өз үлгің.
Бет алып шыққан шыңдарыңнан да, бауырым,
Жамандық емес, жақсылықты ғана сезінгің.
Жаныңда сенің Арманның әні, гүл әні,
Ырғалып тұрып, қырға алып жылда шығады.
Бұйра шаштарға қырау түссе де, бұйра шаш
Қыздардың көзін тартады-дағы тұрады.
Түрің де сұлу, жаның да сұлу – білемін,
Оқи білгенге сұлу-ау және жүрегің.
Елің ардақтап елу дейтұғын қақпаға
Айғайлап келіп атыңның басын тіредің.
Қанатты ойдан арылмас сенің дәу басың,
Көрінген алыс жұлдыздың алдан аумасын.
Астыңа мінген асау да жүйрік арғымақ,
Абырой мен Арман шыңына қарай зауласын.
Басыңнан құндыз, алдыңнан жұлдыз аумасын,
Ашылар күн бар, бұлт торлағанмен тау басын.
Сен жүрген өлке жер ұйық болып ылғи да,
Тұманбай ағаң сол жерден түлкі ауласын…
19 наурыз 1988 ж.