Нұрлайым БАТЫР
Тырнақалды туындымды әкеме арнаймын.
Түн. Қала орталығындағы этаж үйлердің көбісінің жарығы сөнген. Тек қана ескілеу ғимараттың үшінші қабатындағы шеткі пәтер терезесінен көзге көрінер-көрінбес сәуле қызараңдайды. Бұл қалыпты жағдай. Әдетте ол жарық таңға дейін жанып тұрады. Бөлме ішінде не болып жатқанынан сыртқы әлем әзірге бейхабар. Бірінен-бірі озуға тырысқан машиналар зулап өтуде. Орталық жолмен әрлі-берлі дамылсыз қатынайтын сансыз көп көлік даусы дәл осы жолдың жиегінен орын тепкен ғимараттағы әлгі пәтер тұрғынының құлағына түрпідей тиеді. Түн тыныштығы болмайтынын ол осында келген сәтте-ақ сезген.
Жалдамалы жалғыз бөлмеге көшіп келгелі жылдан асып барады. Күндіз – жұмыс, түнде ой жетегіне еріп жүре береді. Оның жағдайын түнгі жарқанаттар ғана түсінетіндей. Әйтеуір, өзіне солай. Қиялында сөреде ілініп тұрған картинаның ішіндегі қос жарқанат мұның өмірін түн қараңғылығында талқылап жататындай. Адам нанғысыз осы бір түйсік бірте-бірте оның көңіліндегі күдікке айнала бастапты.
***
Қараңғы. Ескі ғимараттың үшінші қабатындағы шеткі пәтер ішінде күн сайын болмаса да жиі орын алатын өзгеше жағдай тағы қайталанды. Мұның құлағына әуелден таныс әлгі жарқанаттардың үні естіле бастады:
– Осы бөлменің жарығы қашан сөнеді?
Келесі жарқанат серігінің сауалын түсінбегендей біраз үнсіз қалды да, сәлден соң:
– Біз секілді түнде тыныштық таппайтын шығар? Тар бөлменің ішін төрт қайтара айналып, таңға дейін отырады кейде. Неге олай істейтіні маған да беймәлім, – деді қанатын керіп.
– Сонда ол қай уақытта ұйықтайды екен? – деді серігінің сөзін жалғаған келесі жарқанат.
– Дүниенің бар қайғысын арқалап алғандай үнемі ойда жүреді. Ал дүниенің мұнымен ісі де жоқ, – деді сөзге сараңдау серігі.
– Кейде оның осы халіне қарасам өзімнің жарқанат болғаныма қуанамын, – деді оның сөзін қостаған келесісі.
Құлағына естіліп жатқан дауыстардан айқайлап күліп жіберді.
***
Кейбіреулер үшін ғасырға бергісіз мезеттерді беймәлім жақтарға қарай сүйрелеп бара жатқан сөредегі сағаттың ұшқыр тіліне қайта-қайта қарады. Түнгі сағат 1:00. Мұның еркінде әлі қаншама уақыт бар?! Іштей «Тек таң атпаса екен!», – деді. Күндіз ол өзінің ескі қалыбына қайта түседі. Қалып болғанда да ауылдағылар үй соққанда қолданатын кәдімгі төрт бұрышты қалып. Бейнебір ғайыптан пайда болған алып қолдар мұны сол қалыпқа құйып қоятындай. Ал бұл демі таусылып бара жатқан тұлпардың соңғы тұяқ серпісіндей әлгі қалыптан шыға алмай әлек болады. Кенет ғайыптан пайда болған алып қолдар да осы сәтте жоқ болып кетеді. Ал бұл қалыптан шыға алмай бір орында тұрғаны тұрған. Сол себепті түнді ұнатады. Түн мұның еркіндігі. Мұндайда ешбір күш оның қиялына тосқауыл бола алмайды.
***
Ой. Ең ұзағы осы. Оған маза таптырмайтын да осы ой. Ол бұрын мұндай емес еді. Өмірі алға жылжыған сайын ой шырмауығына шырмалып қалды. Иә, өмірі… Ал қазір ол басқа нәрсені түсіне бастаған. Ең ұзағы ой емес екен. Өмір одан да ұзағырақ болып көрінді. Дәл қазір ол өмірдің бір күніне миллион ойды сыйдыруға болатынын аңғарған. Кенет терезеге жақындап, көз қиығын төменге салып еді қала шамдарының жарығынан әлдебіреудің сұлбасын байқады. Түн жарымында әлдеқайда асығып бара жатқан өзінің көршісі С.-ны жазбай таныды. Осы пәтерге келгелі бір жылдан асса да көршісімен бірде-бір рет тілдеспепті. Егер бұдан «хор қызы қандай болады?», – деп сұраса ешқандай теңеулермен бас қатырмастан С.-ны атай салар еді. Бейнебір Жер-жаһанның жарты сұлулығын сахи табиғат С-ға дарытқандай. Ал оның күнде осы мезгілде түн қараңғылығымен ілесіп қай жаққа барары әзірге бұған беймәлім. «Бәлкім… сүйгеніне бара жатқан шығар», – деп топшылады. «Солай болса екен!», – деп тіледі іштей. «Жалғыз баламен қалған ананың жүзіндегі мұңды сәл де болса сейілте алған махаббатқа мың да бір тағзым!», – деді. Осының бәрін іштей айтты, өзімен сырласуға дәті бармайтынын біліп.
– С. жеңіл жүрісті емес. Солай атағандардың аузы күйсін!, – деді әлдеқайдан келген ызаға ерік беріп. Дауыстап жібергенін байқамай да қалды. Адам жанын түсінбейтін әлдекімдермен алысқан болды өзінше. Ал С. шынында да жеңіл жүрісті ме еді? Атай көрмеңіз! Ол – тәрбиелі әйел. Тек қана өмірде жолы болмағандықтан осылай сарсаңға салынып жүр. Бұрын ол байсалды еді. Ал қазір жүйкесі жұқарған.
С. өткен өмірін есіне түсірмейді, көз жасын көл қылып өкінбейді де. Тек әлдеқандай елестер қарсы алдында сағымдай бұлдырап тұра қалса өткенге салауат айтып құтылады. Бір жақсысы С. ешкіммен бет жыртысып айқайласпайды. Бар ашуын кейде алты жасар ұлынан алады. Жалдамалы тар бөлмеден естіліп жататын ащы дауыс әзірге бәсеңдеген. Мұның себебін бұл жақсы түсінеді. Алғашында С.-мен көрші болғанына өкінетін. Ызалы әйелдің даусынан зәрезап болған жас баланы аяйтын. Енді бақса, С. мен алты жасар ұлының арасында көпке берілмеген отбасылық үйлесім бар секілді. Ал бұл оқуға құлықсыз бала мен «оқы!» деп ұрсатын ананың арасына түсе алушы ма еді? Әй, қайдам!..
С.-ның жүйкесі кешке қарай сыр бере бастайды. Баласын сабаққа даярлайтын кез сол мезгіл екенін бұл енді ғана аңғара бастаған. Бәлкім, перзентінің тағдыры өзінікінен бөлектеу болғанын қалағаны үшін ана-жүрек оған тым қатал шығар? Әйтеуір ана мен баланың арасындағы жағдай бұған түсініксіз. Бірде айқайлап, бірде аймалап, бір-біріне мейірін төгетін екеудің өмір сыры – өздеріне ғана аян бөлек құпия. Бұл оған ойша болса да араласқысы келмейді.
***
Терезені ашып, таза ауаны тоя сімірді. Қақаған қыстың мұздай ауасы қолқаны алғанда тау басындағы тұнық бұлақ суын ішіп жатқандай болды. Жер-Ананы ораған ақ мамыққа қарап, кіршіксіз тазалықты танығандай еді. Қап-қара түнде қала көшелеріндегі жарықпен шағылысқан ақша қар бір мезет оның көзіне жерде шашылып жатқан мың сан жұлдыздай елестеді. Осынау қолдан тұрғызылған қала мен табиғаттың сұлу үйлесіміне сүйсініп болған соң өзінің үйреншікті орнына қайта жайғасты.
Ол бұл қаланың тумасы емес. Мұнда шалғай жақтан оқу іздеп келгеніне бірнеше жыл болыпты. Содан бері не өзгерді? Қарап отырса, ештеңе де өзгермеген. Оқуын тәмамдап, енді міне жұмысқа орналасқаны болмаса. Әлдекімдер «бір адам үшін бұл да үлкен жетістік», – дер, бәлкім. Бірақ мұның қалағаны бұл емес, мүлде басқа. Ол мұнда бақыт іздеп келіп, жылт етіп жанып-сөнген мейірімге тап болды. Бекер жолықты.
Адамдардың қаншама арманын арқалап, міз бақпай тұрып алған алып қалаға бір ғана чемоданмен келген-ді. Сол чемодан бөлменің бұрышында әлі тұр. Кенет шеті кетілген қара чемоданға көзі түсті. Мұның бөлмедегі бар байлығы – осы қара чемодан. Ішінде қазына бардай оған қайта-қайта қарай берді. Орнынан баяу қозғалып, чемодан тұрған жаққа ақырын қадам басты. Сүйретіле-сүйретіле әбден жұлмаланған чемоданды ашып, түбіне үңілді. Төрт бұрышты, орташалау чемоданның жартысында кітаптар, қалған бөлігінде құжаттар мен бір-екі бұйым. Назарын өзіне ерекше аударған бір затты көріп, есіне әлденелер түсіп кетті. Чемоданды тарс жауып, орнынан атып тұрды. Шетелге алғаш шыққанда арнайы әкелген күнделік еді бұл. Бірақ оның ішіне әлі ештеңе жазылмаған. Шыдай алмай, чемоданды қайта ашып, күнделікті қолына алды. Сырты қызыл әсем бұйымды маңдайына апарып, содан соң құшырлана өпті. Оны кім үшін алғанын есіне түсіргісі келмеді. Қызыл күнделікті ұзақ құшып, орнына қойды. Сосын өзінің үйреншікті үстеліне қайта жайғасты. Өмірде жоқ адамды еске салатын кез келген затты өртеп жіберер еді. Бірақ бір ғана осы күнделікті қимады.
– Өмір шынында да ұзақ екен ғой, – деді сосын өңменіне келіп қалған ащы өксікті әзер тоқтатып. Бір мезет оған уақыт өтпейтіндей көрінді. – Қызық, мына күнделікті өртейтін кез келмеді ме екен?, – деді өзіне-өзі. Чемодан тұрған жерге жақындап барып, артына бұрылды да, қайтадан өз орнына келіп отырды.
– Естелік дегенді мүлдем ұмыту керек қой!, – деді кенет отырған орнынан түрегеліп. – Аяу керек емес пе адамды? Маған салса қабірге де ескерткіш қоймас ем!, – деді жұдырығын түйіп. Жұдырығын өкпе тұсына әкеліп, алақанын жайды.
***
Таңғы сағат 3:00. Жарқанаттар әлі де ояу. Сүйікті картинасына ұзақ телмірді. «Бұлар мәңгі ояу ғой!», – деді іштей. Қабырғаның оң жақ қапталына жақындап келді де, картинаны қолына алды. Жіңішке ағашқа аяғымен ілініп тұрған екі жарқанат бейнеленген суретті төңкеріп қарады. Жарқанаттың екеуі де өзінен көз алмастан қадалып тұрғандай көрінді.
– Ал, сайраңдар, өмірімді талқылаңдар, – деді дауыстап. – Үнсізсіңдер! Өзіме айтпай, сыртымнан сөйлейсіңдер, ә? – деді сосын бұлардан бір жауап күткендей. Содан соң картинаны өз орнына апарып ілді де, ақ матамен бүркеп қойды. Өзінше оқшауланбақшы еді. Ештеңеге алаңдамастан, кітабын қолына алып, оқи бастады. Біршама уақыттан кейін үйреншікті әдетімен тар бөлменің ішіне көз жүгіртіп, картинаны іздеді. Қабырғаның оң қапталына жақындап келді де, аппақ матамен тұмшаланған суретті қайтадан аршып алды. Картинаны төңкеріп, екі жарқанатқа қадала қарады. Олар бұған алғыс айтқандай ерекше шат-шадыман күйде тұрған-ды.
– Сендер әу-бастан қунақсыңдар. Өзім солай салдырғам, – деді әлденеге масаттанып. Картинада бейнеленген бұл екі жарқанат шынында да өзгеше еді. Көмірдей қап-қара осы екі жарқанатқа қараған сәтте ол біртүрлі жылылықты сезінетін. Кенет балалығы есіне түсті. Ойын баласы болып, қас қарайғанша далада жүргенінде үнемі жарқанаттарды көзі шалатын. Түн қараңғылығында қаптап кететін жарқанаттардың тіршілігі бұған мәңгілік шешілмейтін жұмбақтай көрінген. Оларды көрсе болды бойын беймәлім үрей билейтін. Сол үрейден есейгенге дейін арыла алмай-ақ қойды. Алып қалаға келген сәтте ең бірінші суретшіге барған. Қос жарқанат майлы бояумен кенепке сол сәтте бедерленген-ді. Бойындағы қорқынышын бұл осылай жеңген.
***
Өткен күннің елесін тәрк етіп, орындығына отырды. Картинаға қарап, қарындашпен бір нәрселерді салған болды. Артынша қайта шимайлап, ұсқынсыз бейненің көзін жойды. Кенет әлдекімнің зарлы үнінен селк ете қалды. Оның кім екенін даусынан танығандай еді. Сонда да терезеге жақындап, өз көзімен көрмекке бекінді. Соның дәл өзі. Мұны да бұл сырттай таниды. С.-мен әзірге тілдеспегенімен, кейін сөйлесуге болады. Ал мұнымен қалай тілдеспек? Терезеге жақындап, төменге бақылай қарады. Үнемі қара дорба көтеріп жүретін бір аяғы шолақ егделеу әйелдің ажарсыз бейнесіне көзі түсті. Зер сала қарағанымен, оның қай тілде сөйлеп тұрғанын түсіне алар емес. Бір қолына ұстаған қысқалау таяғын жерге қайта-қайта аяусыз қадаған ол әлдекімдермен ұрысқан болып, әрлі-берлі өтуде. Бір қызығы қасында жан адам жоқ болса да айқайын доғарар түрі көрінбейді. Бәлкім, қақаған аязда жалғыздан-жалғыз бүрсеңдеп жүрген мені көрген әлдебіреу зарлы үніме құлақ түріп, үйіне кіргізбесе де, пана болар мекен тауып берер дей ме екен, кім білсін? Оның даусы бәрібір түсініксіз. Әйтеуір өзіне ғана мәлім өз тілі болса керек, мұның да. «Кімге ұрсады, кімдерде кегі кетті екен?», – дейді бұл іштей. Мұнда алғаш көшіп келгенде ол әйелді өзі қоныс аударған осы подъезден көрген. Әр подъезге кіріп, суықтан жан сақтайтынын кейін білді. «Подъезге кіргізбей, қуып жіберген. Сергелдең күйге түскен себебі осы екен ғой», – деді тағы да іштей. Ешкімге зияны тимесе де оны көргенде әлденеден денесі тітіркенетінін байқады. Кенет:
– Бұл да адам ғой!, – деп дауыстап жібергенін байқамай да қалды. Дәрменсіздігінен өзіне-өзі әбден ыза болған-ды. – Өмірі өмір ме осының?! – деді сосын көз алдында байыз тапай жүрген бейшара әйелге тағы бір назар салып.
Иә, ол әйел осы кезде шынында да бейшара күйде еді. «Мұның қасында өмір туралы айтуға құқылымын ба?», – деді іштей. Осының бәрін іштей айтты, өзімен сырласуға дәті бармайтынын біліп.
– Шіркін, өмірдің тек жақсы жағын көрсем ғой!, – деді ол терезеге жақындаған бойда аспанға үңіліп. Ал осы кезде әлгі әйел төменнен бұған қарап тұрған-ды.
***
Таңғы сағат 5:00. Бірінен-бірі озуға тырысқан сансыз көп көлік даусы әлі де басылмапты. Ол осы сәтте бірауық меңіреу даланың тып-тыныш тіршілігін аңсады. Еске алғысы келмесе де бала күніндегі бір оқиға көз алдында көлбеңдеп тұрып алды. Ауыл маңындағы өзенге жиі барар сәтін сағынды. Ауыл деген аты ғана болмаса сыртқы дүниемен ісі жоқ иен жатқан боз дала. Бұл сонда өзеннің асау ағынын ұзақ бақылар еді. Қыстың қарсыз бір күнінде сол жаққа барған. Бір мезгіл төңіректі көк тұман басқанда айдалада жападан-жалғыз қалғандай күй кешкен. Қай жаққа барарын түсінбей ұзақ тұрған. Сонда құбыланы бетке алып жүгіре берген-ді. Өмірінде дәл осындай қалың тұманды бір-ақ рет көріпті.
Терезені ашып, қыстың мұздай ауасын қайта сімірді. Таң ата бастағаннан ба, әлде жерді жапқан ақша қардан ба, төңірек түгел көріне бастаған. Қарсы алдында тұрған ғимаратқа көзі түсіп кетті. Мұнда келгеніне бір жылдан асса да құрылысы бітпеген алып ғимаратқа әлі жан пенде аяқ басқанын көрмепті.
«Символично!», – деді ол ой құшағында ұзаққа телміріп. Содан соң үлкен ғимараттың қаңырап бос тұрған әр бөлмесіне көз жүгіртті. Келесі подъездің бұрышында бүрісіп тұрған қайыршы әйелге бір, міз бақпай түнеріп тұрған бос ғимаратқа бір қарады да өз орнына келіп жайғасты.
***
Көз алды бұлдырап, тұманданғандай еді. Сүйікті суретіне қайта үңілгенде әлгі жарқанаттар қалғып кеткендей көрінді.
– Ұйықтаңдар, ұйықтайтын кездерің келді, – деді ол картинаны алақанымен сипап. Терезеге жақындап, сыртқа назар салып еді әлдекімді көзі шалды. Көршісі С. келген екен. Телефонмен сөйлесіп тұрған сыңайлы. Терезе қиғаштай ашық болғандықтан С-ның даусы бөлмеге анық естіліп жатты. Оның сөзін тыңдағысы келмеген соң терезені жауып, өз орнына келіп отырды.
Бөлменің шетіндегі қара чемодан тағы да мұның ойын бөле берді. Орнынан баяу қозғалып, чемодан тұрған жаққа ақырын қадам басты. Әр қадам тастаған сайын әлденелерді ойлайды. Кенет осы сәтте көз алды қарауытып кеткендей болды. Тәлтіректеп барып, орындыққа жайғасты. Бір стакан суды қылғыта сіміріп, есін әзер жинады. Стаканды толтырып алып, мұздай суды қайта-қайта ұрттады. Көңілі бір сәт жайланғандай еді. Зіл батпан жүктен арылғандай өзін біртүрлі жеңіл сезінді. Сүйікті картинасына бір, терезе жаққа бір, қара чемоданға бір қарады. Таңғы сағат 5:30. Мұның еркінде аз ғана уақыт қалғандай. Өтіп жатқан әр секундты босқа жіберіп алмас үшін орнынан жылдам қозғалып, қара чемодан тұрған жаққа барды. Чемоданды айқара ашып, ішін тағы да ақтара бастады. Көзіне оттай басылған қызыл күнделікті бөлек шығарды. Үйреншікті орнына жайғасып, қолындағы бұйымды үстел үстіне қойды. Қызыл күнделіктің алғашқы парағына қарындашын апарды да, ұшын да тигізбей қайта жапты. Ұсқынсыз шимай-шатпақпен өзі үшін тым асыл бұйымды бүлдіргісі келмеді. Қып-қызыл күнделіктің жып-жылы мұқабасына ұзақ үңілді. Бірде ашып, бірде жауып, өзді-өзінен сарсаңға салынып жатты. Енді бірде оны маңдайына апарып, қайтадан құшырлана өпті. Оның мына кейпіне көзі түсіп кеткен жарқанаттардың бірі:
– Бұйымға да сонша еміренеді екен-ау!? – деді көзін әзер ашып. Мына сөзге шыдай алмаған ол картинаға жақындап келді де, оны теріс қаратып қойды.
– Бұйым дейді ғой! Бұл бұйым бе екен?!, – деді өрекпіген көңілін баса алмай, ентігіп. Содан соң қызыл күнделікке қайта телмірді. Қараса, шынында да бұйым секілді. Бұйым болса да, өзгеден көрмеген дүниенің бар мейірімі сонда жасырынып жатқандай еді. Ол қымбатты қызыл күнделігін алақанынан түсіріп алардай абайлап ұстады. Абайлап көтеріп, ақырын ғана өз орнына, қара чемоданның ең түкпіріне салды. Енді оны қашан ашарын білмейді.
***
Таң. Жер-Ананы бүркеген ақша қар кербездене көтерілген күн сәулесімен шағылысқанда тым әдемі, тым сұлу. Жас баланың кіршіксіз көңіліндей тап-таза. Терезеге таяп, таң ажарына ұзақ тамсанды. Терезені ашып, тұнық ауаны құшырлана жұтты. Шашырап түскен күннің әр сәулесі алда әлі сан құбылған өмір барын меңзейтіндей. Ұзақ әрі қысқа, қысқа әрі ұзақ. Терезені жапты да, өзінің шағын кереуетіне келіп жайғасты. Көрпені бүркемелей жамылып, оң жағына қарай жантайды. Орталық жолмен әрлі-берлі қатынаған машиналардың даусы құлағына бұрынғыдан да анық естілді. Ал сыртта мың сан адамның үмітін арқалаған алып Алматы осы сәтте қалғып кетпейін дегендей өр кеудесін тіктеп, дүниеге өктем қарап тұрған-ды.