Мен де Ұлытаудың бір ұлымын
Қазақ өнерінің саф алтындай таза, хас шеберлері дақпырты көп шоу бизнестің көлеңкесінде қалып бара жатқаны ешкімге де жасырын емес. Қазақ әнінің шынайы өкілдері бүгінде назардан тыс қалғанымен, олардың үні, салған әні халықтың жүрегінде сақталған, көңілдерінде жатталған десе де болғандай. Шын таланттың өмірі әнмен өріліп, ізгілікпен астасып жатқандай көрінеді. Сондай тұлғалардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жұмат Махамбетов. Ол кісі де бала кезінен өнерге құштар болып, сонау Ұлытаудан арман қуып Алматыға келіп, қажырлы еңбегінің нәтижесінде халық сүйген өнер иесіне айналды. Содан бері Жұмат Махамбетов қазақ радиосының ән қоржынына 150-ден астам ән жаздырып, қазақтың халық әндерін насихаттауға күш салып жүрген қайраткер. Жуырда Жұмағаңмен сөйлесудің сәті түсіп, әңгімеге тартқан едік.
– Жұмат аға, «Ел іші – өнер кеніші» демекші, сіз туған топырақ, өскен ортаңыз қазақ өнерінің үлкен мектебі болды. Бала кезіңізден осы рухани мектептің тәрбиесін көріп өстіңіз. Әкеңіз сізді материалдық байлықтан гөрі рухани байлыққа бейімдеп өсіргенінен болар сіздің қазақ өнерінің төрінен көрінгендігіңіз. Әлқисса әңгімені сіздің балалық шағыңыздан, өзіңізді қалыптастырған рухани ортадан бастасақ…
– Жезқазған өңірінде Ұлытаудың бауырында ағып жатқан Қаракеңгір және Сарыкеңгір деген екі өзен бар. Сонда «Қызыл әскер» деген колхоз болды. Мен сол жерде 1945 жылы дүниеге келгенмін. Әкем сол колхоздың ұстасы болған. Қолынан келмейтіні жоқ, темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын шебер кісі болды. Бала кезімде өте қиялшыл едім. Той-томалақта ән салған кісілерді көп тыңдайтынмын. Ол кезде патефон деген бар еді ғой. Содан біздің дүлдүл әншілеріміз Күләш апамыздан бастап, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Кәукен Кенжетаевтардың күйтабақтарын ойнатып, солардың әнін тыңдап, өзіме өнеге алдым. Олардың әні менің өнерге деген құштарлығымды оятты. Мектепте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Менен үлкен Құттықадам деген ағам күйді жақсы тартатын еді, соған еліктедім. Мектепте жүргенде домбыра үйірмесіне қатыстым. Жоғары сыныптарда кішігірім сахналарда өнер көрсете бастадым. Мен мектеп бітірген кезде Жезқазғанда Халық театры жұмыс істейтін. Біраз уақыт мен сол театр ұжымының құрамында болдым. Ол кезде Шынболат Ділдебаев деген ақын, сазгер талантты кісі болатын. Сонымен бірге өнер көрсетіп, сол Жезқазған маңындағы ауылдарға, колхоз, совхоздарға барып, концерт беріп жүрдік. Жезқазған руднигінде шахталарда автоматты есіктер бар. Ол жердің үстінен ауаны ішке қарай тартады. Сондай есіктермен айналысатын «Кип автоматика» деген цехта үш жылдай слесарь болып жұмыс жасадым. Әкем ауырыңқырап жүрді. Ағам КазГУ-дің заң факультетіне оқуға түсіп кетті. Осы жағдайларға байланысты үйде ата-анама көмектескен едім. Ол кезде мекемелерден оқу орындарына жолдама берілетін. Маған да біздің Жезқазғанның Тау-Кен металлургия комбинаты Сәтбаев атындағы политехникалық институтқа жолдама берді. Ол жер техникалық институт болғаннан кейін математика, физика деген пәндер кіреді екен. Мен болсам, есепке шорқақтау едім. Бірінші емтиханнан-ақ өтпей қалдым. Содан соң бағымды сынап көрмек болып, Алматыдағы Эстрада студиясына келдім. Гүлжахан Галиева деген Қазақстанның халық артисі апайымыз мені тыңдап, «Жақсы шырағым, сені әншілер дайындайтын бөлімге аламыз», – деді. Соған барып оқимын деп жүргенімде жатақханада бірге жататын жігіттер: «Консерваторияға қосымша қабылдап жатыр. Соған барсаңшы»,– деп кеңес берді. Бекен Жылысбаев деген ағамыз кафедра меңгерушісі екен. Сол кісі тыңдады да: «Сен түстің, оқуға дайындала бер!» – деді. Мен енді, қысылыңқырап: «Аға, мен эстрада студиясына түсіп едім: енді қалай болар екен?», – деп едім, «Оны қайтесің, консерватория деген кәдімгі салиқалы оқу орны ғой, әлі-ақ мықты әнші болып шығасың. Уайымдама!», – деп сол кездегі керемет әнші Мұрат Мұсабаев деген ағамыздың шеберханасына (класына) жіберді. Онда екі жыл дайындық, бес жыл негізгі курсында бас-аяғы жеті жыл оқыдым. Оқып жүргенде-ақ ән айтып, радиоға, теледидарға шыға бастадым. Кейіннен радиода музыкалық редакцияда редактор болып жұмысқа орналастым. Оған себеп болған менің нағашы апам Қуаныш Бекжанова деген кісі сол жерде үйлестіруші редактор болып жұмыс жасады. Жездеміз Құсман Игісін деген мықты журналист қой. Сол кездегі музыка редакциясының бас редакторы Зәмзәмшәріп Тарғақов деген кісі болатын. Сол кісіге мені ертіп апарып таныстырды. Зәмкең қарсылық танытпастан жұмысқа алды. Кейіннен ол ағамыз дүниеден өткеннен соң, Ілия Жақанов, Мансұр Сағатов деген композиторлармен бірге жұмыс жасадым. Мен үнемі жұмысқа кешігіңкіреп келетінмін. Кейде Мансұр аға: «Сен қайда жүрсің, жұмысты қойдың ғой»,– деп ренжіген кездері де болды. Ондайда консерваториядағы сабақтан қолым босамай жүргенін айтып, ақталатын едім. Сөйтіп жүріп 1972 жылы консерваторияны бітірдім.
– Шығармашылық жолыңыз қалай басталды?
– Иә, бұл өзі расында да қызық жағдай еді. Мен 17 мамыр күні емтихан тапсырдым. Ертеңгі 18 мамыр туған күнім еді. Сол күні мені әскерге алып кетті. Ол уақытта жиырма жеті жастан бір күн асса, әскер қатарына алмайтын еді. Сол тұста Орта Азия әскери округі құрылған болатын. Ол жерге барғанда да ән-би ансамблі бар екен. Мені тыңдады да, сол ансамбльдің солистері қатарына жіберді. Бір жыл бойы әскери борышты өтей жүріп, республиканың әр жеріне концерт бердік. Орта Азияның біраз жерінде болдық. Негізінен өнер адамының өмірі өзіңізге белгілі ғой. Бәлендей қиындық көре қойғам жоқ. Әскерден келгеннен кейін Жамбыл атындағы филармонияға жеке әншілікке жұмысқа қабылдады. Ол кезде филармонияның құрамында академиялық Құрманғазы оркестрі, симфониялық оркестр, капелла ұжымдары болатын. Сол уақыттан жеке әнші ретінде нағыз шығармашылық өмірім басталды.
– Сіздің репертуарыңыздың негізі халық әндерінен тұрады. Ол ішкі шығармашылық қуатыңызға байланысты ма?
– Мен өзі о баста-ақ халық әндеріне жақын болдым. Көбінесе «Япырай», «Шәпибай-ау» содан соң Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты көптеген әндерін орындайтынмын. Әрі де Әбілахат Еспаев деген тамаша композиторымыз болған. Сол кісінің классикаға айналған «Маржан қыз», «Сағыныш екен бала кез» деген керемет әндері бар. Жалпы, ол кісінің әуендері халық әндерінен нәр алған десе болады. Ең бірінші радиоға жазған әнім Оспанхан Әубәкіровтің сөзіне жазылған «Сағыныш екен бала кез». Осекең әзілдің адамы болса да лирикаға тұндырып жазған екен мәтінін. Маған қатты ұнады. Одан кейін Отан туралы патриоттық әндер, классикалық романстар да репертуарымда болды. Жалпы, халықтық бояуы бар әндер менің жаныма жақын келеді.
– Қазіргі кезде халық көбіне жеңіл әндерге құмар. Халық әндері солардың тасасында қалып бара жатқанға ұқсайды. Осылай кете берсек, ұлттық өнердің болашағы қалай болады? Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына қазақ өнерін, ұлттық құндылықтарымызды сіңіру үшін қандай бағытта жұмыс жасалуы керек деп ойлайсыз?
– Осы мәселе көптен көтеріліп, барлық саладағы азаматтар дабыл қағуда. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Менің бағдарлауымша қазақтың тілі өз тұғырына толық қонбайынша, бұл үрдіс осылай кете береді. Қазіргі жастар халық әндерін тыңдаудан қалды. Классикалық музыка миларына кіріп те шықпайды. Радиодан да сирек беріледі. Бұрын «Шалқар» радиосы таңертеңнен түнге дейін халық әндерінен бастап, классикалық музыкаға дейін керемет концерттер беретін. Солардың бәрі қалды. Қазіргі әндердің мәтіндері сүйдім-күйдім, жанып барамнан аспайды. Ол мәтінді басқа тұрмақ, әншінің өзі де түсінбейді. Өсіп келе жатқан кішкене балалар да соны қайталап жүргені. Дәстүрлі ән-күйлеріміз де қалып бара жатыр. Оларды эстрадалық әндер басып кетті. Дәстүрлі әндер орындайтын әншілерді радио-теледидардан ешкім көрсетпейді де. Насихат жоқ. Ал бір-екі ән жазып алып, соған бейнебаян түсіріп, жұлдыз болып кеткендер қаншама. Біздің бәлен жыл өмірімізді арнаған әндер, жанрлар қалып бара жатыр. Бұл, әрине, адамды қынжылтады. Өте өкінішті. Кезіндегі айтқан әндерімізді қазіргі аппаратураларға қоймайды. Қояйын десе, естілмейді. Сапасы нашар. Оны қайтадан өңдеп, қалпына келтіру керек. 70-80-ші жылдары жазу студияларында техника өте нашар болды. Қазіргі техникамен салыстыруға келмейді. Бір кездері барлық жазылған ескі әндерді өңдейді екен. Қайтадан шығарады екен деген әңгімелер естілген. Бірақ онымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Енді осы мәселені үкімет деңгейінде, оның ішінде Мәдениет министрлігі қолға алуы керек деп ойлаймын. Балабақшадан бастап балалардың санасына ұлттық әуендерді сіңіре білуіміз қажет. Ал ол үшін уақыттың тозаңына көміліп бара жатқан көне ән-күйлерді жаңғыртқан дұрыс болар еді.
– «Қанатсыз құс, армансыз адам болмайды», – деп қазақ бекер айтпаған-ау, сірә! Орындалмай қалды-ау деген, көңіліңіздің түкпірінде жүрген арманыңыз бар ма?
– Әрине, менің арманым өте көп. Соның ішінде, әлі де болса репертуарыма біраз шығармаларды жаздырып қалдырсам деген ой бар. Бірақ оған қаншама қаражат, қаншама күш-жігер керек. Соның әзірге реті келмей тұр. Құдай әл беріп, мүмкіндік беріп жатса, ойда жүрген сол армандарымыз орындалып та қалатын шығар…
– Балаларыңыздың ішінде сіздің жолыңызды жалғастырып өнерде жүргендері бар ма?
– Мен отбасым туралы айтсам, зайыбым Рәш Құрақбайқызы қаржы саласында көп жылдар қызмет жасады. Қазір зейнеткер. Қыздарым Әлия мен Қорлан екеуі де С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетін бітірген. Екі қыздан төрт немере бар. Қыздарым мектепте оқып жүргенде фортепьяно класына барып, сабақ алған. Музыкалық сауаттары бар. Бірақ дәрігерлікті таңдады.
– Сізді былайғы жұрт әнші ғана емес, ұстаз ретінде де біледі. Өз шеберханаңыздан шыққан шәкірттеріңізден кімдерді бөліп айтар едіңіз?
– Мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Жеке ән салу» кафедрасында дәріс берем. Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Балалар мен жастар театрында менен сабақ алған бірнеше шәкірттерім өнер көрсетіп жүр. Әсет Иманғалиев, Жұлдызбек Жұманбай, Жанар Мақашева деген өте жақсы жастар бар. Қазір «Каспий» тобында ән салып жүрген Мұрат Қожа секілді басқа да өнер ұжымдарында қызмет жасап жүргендер баршылық.
– Сіз қазақ өнерінің белгілі өкілдерімен бірге жұмыс істедіңіз. Сол кісілердің адами болмысы, үлгі өнегесі туралы айта кетсеңіз…
– Үлкендердің өнеріне, өміріне қарап бой түзеген адамдармыз. Солардың ішінен Кәукен Кенжетаев ағамызды өте қатты қадірлейтін едім. Кәукең керемет дауыстың иесі, әнші, талантты актер, режиссер еді. Ермек Серкебаев ағамыз қандай еді. Енді ондай әнші қашан дүниеге келетіні белгісіз. Сондай көптеген ағаларымыздан тәлім алып, олардың жақсы мінездерін бойымызға сіңіріп өстік. Маған ән салуды үйреткен Мұрат Мұсабаев ағамыздың мінезі өте салмақты әрі қатал болатын. Ұстазымыздың алдында жасқанып, қысылып тұратын едік. Мен Мұрат ағаның айтқан ақылын, барлық тәсілін өзіме қабылдап, бойыма сіңіруге тырыстым. Бірақ дәл сол кісідей бола алған жоқпын. Дегенмен, өзімше ән шырқадым. Құрманғазы оркестрінде Нұрғали Нүсіпжановпен сахнада бірге өнер көрсеттім. Нұрекеңнен парасаттылықты, қарапайымдылықты үйрендім. Өнердің қарашаңырағы саналатын Құрманғазы оркестрінің ұжымына, оның ішінде бірге жүрген, дәмдес болған үлкен музыканттар Рүстембек Омаров, Қаршыға Ахмедияров, Шамғон Қажығалиев сияқты ағаларымызға үлкен ризашылығымды білдіремін. Алдаберген Мырзабеков, Айтқали Жайымов, Жанас Бекентұров, Жалғасбек Бегендіков, Жамағат Темірғалиев сияқты көптеген өнер қайраткерлерімен және өнер ұжымдарымен қызметтес, сапарлас болдым. Кейініректе Нұрғиса Тілендиев ағамызбен де жақсы қарым-қатынаста болдық. Нұрағаның маған деген ілтипаты, ағалық құрметі өте жоғары болды. Менің өнеріме биік бағасын беріп жүретін еді. Тіпті, министрлікке дейін хабарласып: «Айналайын шырақтарым-ау! Сендер бір-екі ән айтқан кісілерге де атақ беріп жүрсіңдер. Бұларың қалай? Мына Жұматтың еңбегі еленбей жатыр ғой», – деп жүріп, менің Қазақстанның еңбек сіңірген артисі деген атақты алуыма мұрындық болды.
– Қазақ өнеріндегі соңғы буын жас өкілдері туралы не айтасыз?
– Бізді алдыңғы буын десек, бізден кейінгі Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Жәмила Баспақова, т.б. орта буын өкілдері келе жатыр. Олар да әлемді өнерімен тамсандырып жүрген талантты әншілер. Дегенмен, соңғы толқын есептелетін қазіргі жастардың арасында да жақсы өнер иелері өсіп келе жатыр. Олардың есімдерін атау қазірге ертелеу сияқты. Атақты ақын Мағжан айтқандайын «Мен жастарға сенемін!» – деп. Болашақ жастардікі. Бұл – өмірдің де, өнердің де өзінің даму заңдылығы. Жалпы, біздің халық ежелден өте өнерпаз халық қой. Біздің ұлттық өнеріміздің көкжиегін осы жастардың кеңейтетіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлім СЫДЫҚОВА.