У «ішкізген» «у» әрпі
26.01.2018
1636
0

Мыңбай РӘШ


Сенесің бе? Соңғы кездері күлкі күнделіктерін түрткілеуді шығардым. Түрткілейін деп түрткілемейсің-ау, лажсыз титықтатқан соң түрткілейсің. Қаңтардың жетінші, сегізінші жұлдызында жерден жік шыққандай оқиға күтпеген жерден одыраңдап шыға келді. Бақандай екі күнім халық банкі менеджерлерімен «текетіреске» түсумен өтті. Қаннен қаперсіз Қожамқұлов атындағы көше бойындағы (Гоголь көшесінің мүйісінде) банкке әдеттегідей келе қалдым. Жаңа жылдың басында жыл сайын қосылатын жаңа пенсиямды алмақпын. Құжатымды компьютеріне қосып, әрі аунатып, бері аунатып маған шақырая қараған кассирша:

– Зейнетақыңызды бере алмаймын, менеджерге барыңыз, – деді.
Бұрын-соңды мұндайға тап болмаған басым:
– О, неге олай дейсіз! – дедім.
– Жаңа тәртіп солай! – деп кассир көзін онан сайын шақырайтты да төлқұжатымды кері итеріп тастады.
Кассир көзі шақырайса, менің көзім бақырайып менеджерге қарай тарттым.
Пенсиямды алу үшін бір сағат кезек күткеннен-ақ үнжұр­ғам түсіп, бас терім салбыраған бойым: «Мұнысы несі-ей», – дей берем…
Сәлемдесіп, жаңа жылмен құттықтадым жас жігітті.
– Атың кім, қарағым?
– Олжас, – деді ол байсалды түрмен. (Сүлейменов емес, әйтеуір…).
– Не шаруамен? – деді ол сүзе қарап.
– Пенсиямды бермей қойды.
– Төлқұжатыңызды көрейінші.
– Мінеки…
Олжас олай бір, бұлай бір төлқұжатымды «орғытып» көрді де:
– Гәп… «у» әрпінде, – деп басын шайқады.
– Басыңды неге шайқадың, қарағым?
– Сіз ақсақал «шайқадың» дейсіз, ал мен пәле неде екенін «байқадым» деймін.
– Ау, түсіндірсеңші қарағым, нені байқадың?
– Бар гәп «у» әрпінде деді ол қайталап айтып – «у»! «у»!
– Бұл не шу, қайдағы «у»-ды айтасың? Менеджер Олжас та көзін шақырайта қарады. Мен бақырайта қарадым.
– Сонда «у» әрпі үшін пенсиямды ала алмаймын ба?
– Ала алмайсыз!..
– О, неге?
– Компьютерде «ұ» орнына «у» болып тұр.
– Е, онда не тұр екен?
– Гәп сонда… Мәселен, сіздің төлқұжатыңызда Рәш Атметкәрімұлы деп тұр ма?
– Тұр!
– Ал біздегі мәлімет бойынша «ұ» мүлде жоқ, тек «у» әрпі ғана…
– Ау, сонда менің кінәлі болғаным ба, «у»-ды ойлап тапқан кім екенін тексермейсіздер ме?
– Тексереміз, мүмкін болса занаво «ұ» сделаем! – деді менеджер.
– Ау, отырғаныма бір сағаттан асып барады, қашан сделаете? – деймін.
– Қиламыз қария, қиламыз!
– Ау, қиламыз емес – қыламыз!
– Қи… то есть, қыламыз!
– Е, қылсаң тез қылмайсың ба?
– Қи… то есть қы-ла-мыз!..
…Айтып айтпай не керек, мені ұзақ сарылтып тостырған менеджер Олжас «сделаем»-ын да, «қиламын» да істей алмады.
– О, неге? – деймін.
– Мұны банк бастығы сделает, а ее нет, – деді.
– Ау, о басында айтпадың ба, мені бекерге тостырып…
– Короче, атай, біздің бастық келмеуі мүмкін, басқа банкке барыңыз! – деді Олжас.
Бас терісім салбырап келесі күні Байзақов пен Төле би көшесі қиылысындағы Халық банкіне келдім.
– Не шаруамен? – деді менеджер көзін шақырай­тып.
– Маған у «ішкізіа» жүрген у әрпі деп мен көзімді ба­қырайт­тым.
– Төлқұжатыңыз! – деді менеджер.
– Мінекиіңіз, айтпақшы, Сіздің банк басшысы орнында ма? – дедім күпті болған көңілімді білдірмей.
– На месте! – деді қазақ жігіті.
– Е, оған да шүкір, – деп күпті көңілім орнына түскендей болды.
Жас менеджер куәлігімді компьютерге қосып әрі-бері ауната бастады да:
– Шыдап отыра тұрыңыз жаңа тәртіп қатаң! – деп тағы да көзін шақырайтты.
Мен көзімді онан сайын бақырайттым. Жарты сағаттан аса бергенде қобыраған қағаздарын толтырып, бастығына кетті. Онда да «тексеріссымақты» болса керек, тағы жиырма минут тостым.
Уһ, әлден уақытта менеджер келіп, төлқұжатымды қо­лыма берді-ау!
– Тексеру бітті ме? – дедім.
– Короче, енді кассаға барып пенсияңызды алуға болады! – деді менеджер.
Не керек, екі күн бойы жүйке тамырымды жұқартып, у ішкізген «у» әрпінің жыры осылай тәмамдалды.
Бала кезімде Ұлы Сталин тіркесінде «у»-дың таяқшасы түспей қалғаны үшін талайлар сорлағаны есіме түсті.
Тиесілі пенсиямды аларын алсам да: Әлде банктегілердің салдыр-салақтықтарынан ба, жыл басында пенсияға үстеме қосылатын кезде қалай менің әкемнің атын бұрмалап «ұ» әрпін «у»-ға айналдырып жібергеніне миым жетпей-ақ қойды.
О, тоба-ай десейші!


Шәлдүрік шатпақтар…

(«Күлкі күнделіктерінің» жалғасы)
Қаңтардың 8 жұлдызы Қазақ теледидарының «Хабар» арнасы. Кешкі сағат 18.50.
Жаңа жылғы пенсиямды алу «жорығында» күні бойы сабылып, бір банктен екінші банкке барып әбден басым қатқан мен байқұс кешкісін сабыр сабама түсейінші деген оймен теледидарға телмірумен отырдым. «Кел, шырқайық!» деген айдар жарқ ете қалды.
Көрермен көзіне бірден шалынатыны – төр жаққа жайғасқан қазылар алқасы: (эстрадада ән шырқап жүрген жастар).
Әншілер арнайы жүлде алу үшін өнер жарысында… Кімнің баллы жоғары, жеңіс сонда екені бесенеден белгілі. Жарқ-жұрқ… у-шу…
Жүргізуші дауысын көтере:
– Сахнаға Маржан Арапбаеваны шақырамыз! – деді. Екі иығын жұлып жеп әнші ағылшынша төпей бастады. We are tree… fo re kon… End hok… іспетті тіркестер құлақ етін жегендей болады.
Сарапшы қазылар алқасы «Қарық» болғандай «баллдарын» үлестіріп жатыр. Өрекпіген дауыстар мен «өңменіңнен» өтетін музыка, у-шу бас қатырады.
– Сахнада Алмас Кішкенбаев, – деп саңқыл­дады жүргізуші. «Ревнивая» деген әнді әуелете жөнелді:
«Зачем тебе не нужное расстование…
Продолжалось ровно год беспокойная…».
Мәтіннің түрі осылай созыла береді. Әнші тамағын қанша кергіштесе де көкейіңе кірмейтін, тебірентпейтін шулы шатпақтар.
– Қайрат Баекенов мырзаны шақырамыз! – деді жүргізуші.
Тағы да титрда үйме-жүйме ағылшын тір­кестері: the pinters… that of it pades… the cape…
Өңешін кере, тамырларын созғылай «шыр­қа­ған» әншіге сарапшылар сартылдата қол соғып:
– Қайрат қатырды. Керемет айтты! – десіп жатыр. Оған жоғары баллды «былш» еткізді.
Бір ғана әнші ұлт тілінде ән әуелдетті. Мә­тіні­нің түрін көріңіз:
«Шашылып ырыс шанаққа,
Шаттанушы еді бір игі.
Осынау игі кең жерге
Наурыз айы келгенде…».
Масқара! Қаптаған ағылшыншашылар ішінен жап-жалғыз қазақша айтқан «әншіміздің» сөз тіркестерінен жүрегім айнып, төбе шашым тік тұрды.
«Игі» сөзін мағынасыз еткен «әншінің» кеңірдегін босқа кермегені игі еді. Өз қадірін білмейтін шіркіндер сөз қадірін қайдан білсін!
Мәтіні мен сөзін өзі жазып, әмбебап атанған ақынсы­мақтар мен сазгерсымақтар хақында бұрынырақ сықақшы Еркін Жаппасұлы да жазған еді.
Құлақ түрген, шара қолданған жанды көрген емеспін.
Айтып айтпай не керек, екі күн бойы «у» әрпі­нің уын ішкен қайран басым «Хабар» арнасы бер­ген «шәлдүрік шатпақтарды» көріп шала бүлін­дім. Анау бір жылы «Ана тілі» газетінде әнін де, сө­зін де өздері шығарып, өзеурегендердің атын атап, түсін түстеп, «эстрададағы эпидемия» деген фе­льетон жазған едім. Әлі күнге дейін «дұрыс жа­зыпсыз» деген жауап естісем, құлағымды кесіп бе­рейін.
Бұ кезде «Әу, мұныңыз қалай?» дейтін пенде жоқ. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Кім ойы­на не келсе, соны істейтін болды. Ертеректегі «көр­кемдік кеңес» ұғымы мүлде адыра қалған. О, дү­ние жалған. «Бояушы бояушы» дегенде сахналық «Са­қалдарын» осылай бояуға бола ма? «Тфу, тәйт әрі!» дегеннен басқа ештеңе қалған жоқ! Теле­ди­дарды тәлкекке, ойыншыққа айналдырушылар көбейіп кетті-ау!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір