Жексенбек ЕРКІНБЕКОВ
26.01.2018
2130
0
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады.
2018 жылы 21 қаңтарда еліміздің көр­некті мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген өнер қайраткері, отандық мә­де­ниеттің өрлеуіне өлшеусіз үлес қос­қан дарын иесі, он бір жылға жуық Қазақ КСР-нің Мәдениет ми­нистрі болған Жексенбек Ер­кін­бекұлы Еркінбеков 88 жасына қа­раған шағында өмірден озды.
Ж.Еркінбеков 1930 жылы
5 қаң­­тарда Алматы облысы, Ескелді ау­даны, Биғаш ауылында дүниеге кел­ген.
Жексенбек Еркінбеков абырой­лы еңбек етіп, ғибратты өмір сүрді. Ол Алматы мемлекеттік консерваториясын домбырашы-дирижер мамандығы бойынша бітіріп, Қа­зақ радио комитетінің жанын­да­ғы ұлт-аспаптар оркестрінде, Құр­ман­ғазы атындағы халық аспаптар ор­кестрінде домбырашы болған. Ол Құрманғазы оркестрі құрамында Бухарест қаласындағы Дүние­жү­зі­лік жастар мен студенттердің ІV фес­тиваліне қатысып, алтын
меда­ль­мен марапатталды.
1956-1958 жылдары Алматы хо­реография училищесінің директоры, Қазақ радиосы музыка ре­дак­циясының көркемдік жетек­ші­сі, Қазақ КСР-і ән-би ансамблінің ди­ректоры, 1959-1961 жылдары Қа­зақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мәдениет сек­торының меңгерушісі, 1961–1966 жылдары Абай атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық опе­ра және балет театрының директоры қызметтерін атқарды.
1966-1976 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінде өнер басқармасының бастығы, ми­нистрдің орынбасары, 1976–1987 Мәдениет министрі болып қыз­мет етті.
Жексенбек Еркінбеков Қазақ КСР-нің Мәдениет министрі болып қызмет атқарған кезінде мә­де­ниет саласының кадрлар даярлау дең­гейі айтарлықтай өсіп, ансам­б­льдер мен оркестрлер құрылды, жаңа театрлар, филармониялар, кі­тапханалар, мәдени орталықтар, жыл­­жымалы автоклубтар және ав­то­музейлер ашылды. Алматы қа­ла­сын­да Республика сарайы,
М.Әуезов атындағы және М.Лер­мон­­тов атындағы театрлардың ғи­ма­раттары соғылып, Алматы хо­реог­рафиялық училищесі, К.Бай­­сейітова атындағы және А. Жұ­банов атын­дағы дарынды балалар музыка мек­тептерінің, П.Чайковский атын­дағы Алматы музыка учи­лищесінің жатақханасымен бірге жаңа ғимараттары бой көтеріп, О­рталық концерт залы, Ұлттық музей, Ә.Қастеев атындағы музей ашылды. Еліміз бойынша жалпы са­ны 200-ге жуық мәдениет меке­мелері құрылды.
Бұдан басқа, Жексенбек Ер­кінбекұлы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерватория­сының құрметті профессоры, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Жексенбек Еркінбекұлы Ер­кін­бековтің еңбегі мемлекеттік жо­ғары наградалармен марапаттал­ды. Ол 2 рет «Құрмет» ордені және бір­неше медальдармен марапаттал­ған.
Жылдар өтер, бірақ абзал тұлға Жексенбек Еркінбекұлы Еркін­бе­ковтің жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның туған-туысқан­дарының қайғыларына ортақта­сып, көңіл айтамыз.
Марқұмды ақтық сапарға шы­ға­рып салу рәсімі 23 қаңтарда, са­ғат 10.00 де Алматы қаласында Абай атын­дағы академиялық мем­ле­кет­тік опера және балет театрында өт­ті.

Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрлігі.


Жексенбек Еркінбеков марқұмның отбасы мен жақын туыстарына!

Көрнекті мемлекет қайраткері Жексенбек Ер­кінбековтің қайтыс болуына байланысты аса ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Жексенбек Еркінбекұлы белгілі музыкант жә­не мәдениет пен өнер саласының талантты ұйым­дастырушысы еді. Ол көп жылдар бойы рес­публикамыздың бетке ұстар еңбек ұжымдарының жұмысына табысты жетекшілік етті. Он жылдан астам еліміздің Мәдениет министрлігін басқарып, ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің өсіп-өркен­деуіне өзіндік үлкен үлесін қосты. Қай қызметте де білікті басшылығымен, бойындағы зиялылық пен азаматтық асыл қасиеттерімен жұртшылық­тың арасында зор абырой мен беделдің иесі болды. Жексенбек Еркінбековтің еңбегі мен жарқын дидарын қазақстандықтар әрдайым жүрегінде сақтайды деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жарық болсын!

Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.


АЛАШТЫҢ АРЫС МІНЕЗДІ ТҰЛҒАСЫ ЕДІ!..

Ажал айтпай келеді! Міне, бүгін халқымыздың тағы бір ардақтысы, қазақ өнерінің хас шеберлерінің бірі, ұлттық мәдениетіміздің үлкен ұйымдастырушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері фәниден бақиға озды!.. Жексенбек Еркінбекұлы – мінезі жай­лы, жаны жайсаң, қазақ рухани кеңістігінде асқар таудай биікке көтерілген, өнердегі орны алабөтен, мәде­ниет­ке бас­шы­лық жасаған күнде де өзін өңгелерден биік қоймаған парасатты, өнердегі таланттарға әрі дос, әрі қамқоршы бола білген, жанындағылардың жүрегіне жол таба алған, өткен ғасырдың екінші жартысындағы жеңіс-жетістіктеріміздің басы-қасында болған Алаштың арыс мінезді тұлғасы еді. Ағамыз басшылық қызметте жүргенде-ақ қаншама жұлдыздарымыздың бағын ашты, шынайы бағасын берді. Жексенбек Еркінбекұлы алты жыл бойына Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Акаде­миялық Опера және балет театрының директоры болды. О кезде мұнда небір алыптар бар еді. Басшы боп отыздағы жап-жас жігіт келгенде: «Енді қалай басқарар екен?!» – де­ген­дер де болды. Бірақ Жекең өзінің кішілігінің, кісі­лі­гінің арқасында аз ғана уақыттың ішінде ақсақалдары­мыздың жүрегін жаулап, солардың ең әдемі серігі, көшін бас­таған серкесі бола алды. Сөйтіп, театр ол кісінің жолын ашты. Жиырма бес жыл басшылық қызметте болған кезеңде, соның 11 жылында министр міндетін атқарғанда қа­зақ мәдениетінің көшін жаңылмай басқара білді. Бү­гіндері Алашқа аты мәшһүр небір тарланбоздардың тұ­сауын кескен-ді. Қазіргі кезде арамызда жүрген Еңбек Ер­лері сол Жекеңнің ақ батасын алған кешегі шәкірттері еді.
Жексенбек Еркінбекұлы – классикалық және қазақ­тың ұлттың өнерінің арасына көпір бола білген дана жү­рек­ті, бала көңілді, таза, адал әрі әділ адам болатын. От­басына да, Отанына да адал, біреудің ала жібін атта­маған ағамыз сол таза қалпы, тоқсанның жалын сипаған күйі ойда-жоқта дүние салды. Бүгін қалың қазақ жұрты елін, жерін, өнерді, өмірді өлшеусіз сүйген үлкен жүректі азаматты жоғалтып отыр.
Жексенбек Еркінбекұлын танып, біліп, тығыз аралас­қанымызға, міне, жарты ғасырға жуық уақыт болыпты.
Қадірлі аға!
Сіз маған – аға, мен – сізге іні бола білдім! Сондағы Сізден үй­ренген ең басты қасиет –«халықты сүю – халыққа қыз­мет ету, өнерді сүю – өнерге қызмет ету!..». Аман болсақ, қазақ мәдениеті, қазақ өнері өз тұғырында мықтап тұра береріне сенім мол!.. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Рухыңыз пейіш төрінде шалқысын, адал, ақжүрек Жексенбек аға!..

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының
Басқарма төрағасы.


Жатқан жерің жарық болсын!..

Қазақ өнері қазаға ұшырады. Дүниеден Жексенбек Еркінбекұлы секілді асыл азамат өтті… Мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы Театр факультетінің актер мамандығына оқуға тапсырған кезімде, ол кісі А.В.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің директоры еді. Кейіндеу Қазақ КСР-і Мәдениет министрі боп сайланды. Ағамыздың көп жақсылығын көрдім. Бірқалыпты, салмақты, әркез қолдау көрсетіп, шабыттандырып жүретін ақкөңіл, адал кісі еді. Жексенбек Еркінбекұлы Ілияс Омаровтың ізін басқан, артынан ерген шәкірті болатын. Жекеңнің М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жасаған жақсылықтары аз емес. Жекең болашақта жарық көретін жинақтарға жағымды естеліктерімен енері сөзсіз. Ол кісі менің жүрегімде мәңгілікке қалады! Құрметті Жеке! Мен сені жақсы көремін, сыйлаймын! Бірақ қош айтысуға тура келіп тұр! Жатқан жерің жарық болсын! Топырағың торқа болсын, айналайын ағам!..

Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері.


«Жақсының аты өшпейді…»

Алматы қаласы әкімдігінің, қа­ла жұртшылығының атынан қа­зақ­­тың мәдениетінің, ел бас­қару­дың шебері Жексенбек Еркін­бе­кұ­лының­­ дүниеден озуына бай­­­­­­ланысты бар­шаңыздың қай­ғыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Әсіресе, отбасына оның соңын­да қалған барша ұр­пағына көңіл айтамыз. Ағамыздың өткен өмірі жөнінде көптеген жақ­сы сөздер айтылып жатыр. Шы­нында да, өз ісінің майталманы еді. Қа­зақ елінің тарихындағы Мә­де­ниет министрлерінің ішіндегі қа­зақ ұлтының өнері мен мәдениетіне ең­бек сіңіргендердің ішіндегі біре­гей тұлға болды. Сондықтан, бұл орны толмас қаза. Қазаның арты қайырлы болсын! «Жақсының аты өш­пейді, ғалымның хаты өшпейді», – деген сөз бар. Ағамыздың жасаған ең­бегі ең алдымен осы ұрпақтың, одан кейін мәдениет саласының маңайында жүрген азаматтардың бар­лығының жадында қалады деп се­неміз. Ағамыздың алды пейіш, ар­ты кеніш болсын!

Бауыржан Байбек,
Алматы қаласының әкімі.


Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады!..

Алматы облысының әкімдігі, Алматы облысы жұртшылығы атынан бел­гілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жексенбек Еркінбекұлының өмір­ден озуына байланысты туған-туыстары мен жақындарының қай­ғы­ларына ортақтасып, көңіл айтады. Ұлт мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып, кі­шілігін кісілікке ұластыра білген, тәрбиесі мен бай тәжірибесі, өнегелі өмір жолынан анық көрінген, талай тарлан таланттарға қамқор болған, өмірінің соңы­на дейін қазақ өнері мен мәдениетіне жанашыр болған Жексенбек Ер­кінбекұлының қазасы баршамызға ауыр тиді. Жексенбек Еркінбекұлының жар­қын бейнесі барша қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі сақталады.

Амандық БАТТАЛОВ,
Алматы облысының әкімі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір